Шымкенттіктердің жалақысы Астана мен Алматыдан әлдеқайда аз екен
Фото: kazinform.kz
Республикалық маңызы бар үш қаланың мәртебесі тең болғанымен Шымкентте табыс деңгейі төмен, деп хабарлайды madeniportal.kz kazinform.kz тілшісіне сілтеме жасап.
Ресми статистикаға сүйенер болсақ, Шымкентте жалақының жылдық өсімі 16,1 пайызды құраған. Дегенмен, халықтың нақты табысы Астана мен Алматыға қарағанда айтарлықтай төмен күйінде қалып отыр.
2024 жылдың үшінші тоқсанындағы орташа номиналды жалақы:
* Астанада — 504 212 теңге,
* Алматыда — 471 264 теңге,
* Шымкент қаласында — 309 733 теңге.
Жан басына шаққандағы ақшалай табысты салыстырған кезде де үшінші мегаполисте әлдейқайда алшақтық байқалады: Шымкентте ол бар болғаны 127 857 теңге.
Фото: Ұлттық статбюро
— Сондай-ақ «медианды», яғни орташа жалақы сияқты көрсеткіш бар, ол нақты жағдайды дәлірек көрсетеді. Себебі елдегі, аймақтағы немесе бизнестегі ағымдағы жалақы деректеріне негізделген кірісті айқындайды. Мәселен, 2024 жылы Шымкентте орташа жалақы 248 579 теңге болса, Астанада 327 598 теңге, Алматыда 325 649 теңге болды, — деп хабарлады Ұлттық статистика бюросының мамандары.
Ал, экономист Бекнұр Қисықов жалақыдағы айырмашылықты факторлардың жиынтығымен түсіндірді.
— Шымкент 2018 жылдың маусым айына дейін Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы болып, ауылшаруашылық аймағымен байланысты болып келді. Белгілі бір мағынада Шымкент — ауыл шаруашылығы саласының орталығы болды. Ал, Алматы мен Астана Қазақстанның негізгі ресурстары мен бюджеті шоғырланған қаржы-экономикалық және әкімшілік орталықтары болып қала береді. Сондықтан ондағы мамандар әдетте жоғары жалақы алады. Сондай-ақ, жалақы деңгейі өмір сүруге кететін қаражатқа тікелей байланысты екенін атап өткен жөн. Мысалы, Шымкентте өмір сүру Алматы мен Астанаға қарағанда арзанырақ. Екі мегаполисте тұрғын үй, көлік және қызмет көрсету құны бұрыннан қымбатырақ болып келеді, — дейді Еуразиялық франчайзинг қауымдастығының президенті Б. Қисықов.