Париж Олимпиадасында 3000 метрге кедергілер арқылы жүгіруден әйелдер арасындағы финал аяқталды, деп...
Ұлттық архивте «Әлкей Марғұланның әлемі» атты көрменің ашылу салтанаты өтті
ҚР Ұлттық архиві
Ұлттық архивте Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, археолог, тарихшы, этнограф, шығыстанушы, өнертанушы, мәдениеттанушы, тілші, шоқантанушы, эпостанушы Әлкей Марғұланның 120 жылдығына орай «Әлкей Марғұланның әлемі» атты құжаттық көрме ашылды. Көрменің басты мақсаты ғалым мұрасын насихаттау, жас ұрпаққа құжаттық көрменің маңыздылығын дәріптеу.
Салтанатты іс-шараға Әлкей Марғұланның қызы Данель Марғұлан, Мәдениет және ақпарат вице-министрі Ербол Әліқұлов, Парламент Сенатының депутаты Алтынбек Нұхұлы, мемлекет және қоғам қайраткері Дархан Мыңбай, айтыс ақыны Баянғали Әлімжан, филология ғылымдарының докторы, профессор Серік Негимов пен Тұрсын Жұртбай, басқа да зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Әлкей Хақанұлының аударған хаттары, мақалалары, қазақ даласынан тапқан ерекше суреттері, оқу орындарында жазған еңбектері бүгінгі ғылыми айналымның сүбелі материалдарының қатарына кіреді. Әлкей Хақанұлы көп ашыла бермеген көне дәуірлерге саяхат жасап, біздің байырғы мәдениетімізді ақ қағазға алтын әріптермен жазған ғалым. Әлкей Марғұланның 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО шеңберінде аталып өтті. 2003 жылы С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің алдында және 2007 жылы Алматыдағы Ұлттық ғылым академиясының жанында қоладан бюст-ескерткіш орнатылды. Сондай-ақ Баянауыл ауданының Құндыкөл аулындағы жалпы орта білім беру мектебі мен Баянауыл орталығында орналасқан көшеге есімі берілді. Биыл 120 жылдық мерейтойының аясында еліміздің әр аймағында түрлі мәдени іс-шаралар өтпек. Тектілікке тән жасампаздық туын өмірінің асқақ тұғыры деп білген ұлт зиялылары елге қызмет етуде рухани жарасымдықты көрсете білді. Қазақ руханиятында сондай кемел қасиетке ие дара тұлғалардың бірегейі Әлкей Марғұлан. Ол ешқашан ұлт жадынан өшпейді», деп атап өтті вице-министр Ербол Әліқұлов.
Ғалымның қызы Данель Марғұлан әке есімін ардақтаған ауқымды іс-шара үшін алғыс айтып, ескірмес естеліктерімен бөлісті.
«Әкемнің ұлы ғалым екенін кеш түсіндім. Тірі кезінде ел қатарлы жұмыс істеп жүр деп қана ойладым. Кейіннен том-том кітаптарын шығарған кезімде ол кісінің қалай жұмыс істегенін сезіндім. Оның монографияларын оқып отырып қазақ мәдениетіне қаншалықты үлес қосқанын білдім», - дейді қызы.
Әкесінің бүкіл еңбегін жинап, 14 том етіп баспадан шығуына барын салған қызына қандай құрмет көрсетілсе де лайық шығар. Ұлттық архив басшылығы Дәнел Әлкейқызының иығына шапан жауып, сый-сыяпат көрсетті.
«Ұлттық архивте Әлкей Марғұланның 2012 жылы ашылған жеке тек қорының құжаттары бар. Бұл өте бай қор, құнды жәдігерлер, қолжазбалар. Әрине бұл қор толықтырылуда. Ол кісінің жеке қорындағы құжаттар өте көп. 182 іс бар. Оның ішінде ең маңызды құжаттары, сызбалары, сонау Күлтегін-Тоныкөк кезіндегі тастарды зерттеулері бар. Ұлытау өңірінің өзінен жүзден аса тасты зерттеген. Қазір соның жартысы жоқ. Бірақ Әлкей Марғұланның зерттеуінің арқасында бізде – Ұлттық архивте сол кездегі жазбалардың, тастардың зерттеу жазбалары бар», - деп атап өтті ҚР Ұлттық архивінің директоры Сағила Нұрланова.
Айта кету керек, Әлкей Марғұланның құжаттары мен археологиялық зерттеулерін қызы Дәнел Әлкейқызы 2012 жылдың мамыр айында Ұлттық архивке тапсырған екен. Осы жылдың тамыз айында Дәнел Әлкейқызының өтінішімен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетіндегі жеке архиві әкелініп, хаттарына ғылыми техникалық өңдеу жүргізіліп, 150 сақтау мәтінін құрайтын құнды құжаттар Ұлттық архивке тұрақты сақтауға қабылданыпты. Оның барлығы қазіргі уақытта №195 қорда сақталуда.
Көрмеге Әлкей Марғұланның өмірінен сыр шертетін 90-нан аса құнды құжат қойылды. Атап айтсақ, «Шоқан Уәлихановтың көркем мұрасы» мақаласы, «Қазан университетінен алынған қолжазбалар», «Қола дәуірі қорымдары» мақаласы, сондай-ақ Жошы хан кесенесі мен Айша бибі мазарының сызбасы, Маңғыстау өлкесінің этнографиялық жазбалары, ру таңбалары, архитектуралық құрылыс материалдарының сызбалары мен суреттері таныстырылды.