ШЕКСПИР АҚЫН БОЛМАҒАН

ӘДЕБИЕТ
1069

Шекспир деген ақын болмаған. Ол – жай ғана ортанқол әртістердің бірі. Тегіне қарап отырсаңыз, әке-шешесі сауатсыз бо­лыпты. Өзінің де оқығаны шамалы. «Король Лир», «Ромео мен Джульетта», «Гамлет», «Макбет» сынды жауһар туындыларды Шекспирдің дүниеге әкелуі мүмкін емес. Мұндай туындылар тудыру тек ақсүйектердің қо­лынан ғана келеді. Және Шекспир туын­дыларының бірде-бір қолжазбасы сақталмаған. Замандастарының естелік­тері де жоқ. Себеп: төңкеріс, соғыс. Ізім-ғайым жоғалып кеткен барлығы. Сонда, бұл туындылардың авторы кім? Оған үміткер бола алатын бірнеше есім бар. Оксфорд па? Әлде Дерби ме? Мүмкін, Марло шығар? Бәлкім, Фрэнсис Бэкон ба еді? Бәрі де болуы мүмкін.


Зерттеушілер түрлі болжам айтады. Ал, қазақтың айтулы ақыны Өтежан Нұрғалиев: «Шекспир туралы қанша кiтап оқысаң да, айтатындары бiр-бiрiне қарама-қайшы. Өйткенi, Шекспир ұлы, қай жағынан келiп қарасаң да, ұлы. Әйтпесе, тарихтағы шын Шекспир – әртiс болған адам. Өзi жазған пьесаларында өзi ойнаған. Ол – ұлы актер әрi ұлы драматург, үшiншi жағынан, үлкен патриот, ал, төртiншi жағынан, Шекспир деген адам жоқ. Ол – Фрэнсис Бэкон. Екеуiнiң суретiн салыстырсаң, түр-түсi, үстiндегi киген киiмiне дейiн ұқсайды. Неге олай? Себебi, оның дақпыртынан даңқы күштi болған», – деген екен бір сұхбатында. Өтежан сондай пікірде. Біз де Бэконға тоқтала кетуді жөн көріп, зерттеп көрдік. Шынымен, солай ма екен? Әрине, деректердің барлығы дерлік тұспал мен болжам ғана. Аңыз түбі – ақиқат. Ал, кеттік…


Шыны керек, Уильям Шекспир де, Фрэнсис Бэкон да – өмірде болған адам. Екеуі де бір ғасырда, бір кезеңде өмір сүрген. Шекспирдің айтарлықтай үлкен кітапханасы болмаған. Ол туралы өсиет те қалдырмады. Қалдырғаны – тек мүлік пен байлық. Дәулетті өмір сүрген ғой. «Глобус» атты театрдың иесі болған екен. Ал, Бэкон ше? 23 жасында парламентке сайланған. Лорд-канцлер, барон болған. Король сарайының мәдениетін жетік білген адам. Бір сөзбен айтқанда, ақсүйек. Тарихшы, философ. Бірақ, ол заманда Бэкон сияқтыларға ақын болу жарасымды дүние болмаса керек. Фрэнсис Бэконның Шекспирдің атынан жазуы логикаға сыйымды дүние деген ойдамыз. Қанша дегенмен, туындыларын жариялаудың бір жолын табу керек болды ғой. Дәлел ме? Бар, әрине. Мысалы, «Король Генрих ІV» бірінші бөлімінде «Фрэнсис» сөзі 33 рет қайталанған екен. Сәйкестік пе? Жарайды. Ал, мынаған қалай қарайсыз? Мына өлеңнің әрбір жолының алғашқы әріптерін қарап отырсаңыз, «Бэкон» деген сөз шығады (түпнұсқадан беріп отырмыз):
«Begin to tell me what I am, but stopt
And left me to bootelesse Inquisition,
Concluding, stay: not yet».
Яғни BACon (Бэкон). Шекспир мен Бэкон­ның танысқан-таныспағандығы туралы ешқандай мәлімет жоқ. Мұны да ескергеніміз жөн шығар. Мына қызық дерекке қараңыз: «шекспир» сөзі ағылшын тілінен аударғанда «найза сұғу» деген мағынаны білдіреді екен. Бұл Афина Палладаның образына келеді. Паллада – Бэконның оныншы музасы. Афинаның жауға қарсы найзасын кезеп тұрған сәті бар. Сонда, Шекспир бүркеншік есім болды ма? Тағы ойланатын дүние екен.
Марина Литвинова есімді ғалым былай дейді: «Бәрі білген Шекспирдің Бэкон екен­дігін. Бұл ешқандай жұмбақ та болмаған. Ешкім ол туралы хат жазбаған. Содан соң Англия алапат кезеңдерді басынан кешті. Жиырма жылға созылған азаматтық соғыс тұтанды. Театрлар жабылды. Мұрағаттарды өртеді. Сол кезеңде Шекспирдің кім екендігін білген замандастары ажал құшты. Барлығы жермен-жексен болды».
1598 жылы Фрэнсис Бэкон қарызын төлей алмағандықтан түрмеге қамалады. Ал, бұл кезеңде Шекспир шылқып байып отырған. «Сонда, неге Шекспир Бэконға көмектеспеген?» деген күмәнді сұрақ туындайды. Шынайы автор сол еді ғой. Мүмкін, Бэкон емес шығар. Кім болды екен сонда? Ал, 1867 жылы Бэконның қолжазбалары арасынан «Ричард ІІ», «Ричард ІІІ» пьесалары мен «Обесчещенная Лукреция» атты өлеңдер топтамасы табылды. Сонда, Бэкон Шекспирдің оқырманы болып шықты ғой. Қызық екен. Қарама-қайшы дүние көп. Тек болжам мен тұспал ғана. Сіз қалай ойлайсыз? Шекспир кім болды екен?

СІЗ БІЛМЕЙТІН ШЕКСПИР


Тағы  да  Шекспир  хақында.  Естеріңізде болса,  «Шекспир  ақын  болмаған» атты мақалада  «Уильям  Шекспир  кім?»  деген сұраққа жауап іздеген болатынбыз. «Гамлет», «Макбет», «Ромео мен Джульетта» сынды  жауһар  туындыларды  Шекспир  емес, Френсис  Бэкон  жазған  деген  болжам  айттық. Шекспир ортанқол әртістердің бірі болған деген тұжырымға келдік. Дегенмен, Шекспирге телитін бір­неше  тұлғаның  есімі  айтылған  болатын. Оксфорд, Дерби немесе Марло болуы мүмкін дедік. Тағы да бір нұсқасы бар. Өт­кенде Майкл Харттың 2000 жылы Мәскеу қала­сының «Вече» баспасынан шыққан «Сто великих людей» атты еңбегін  оқып  отырып,  Шекспирге  қатысты  бір қызық мәліметке тап болдық. «Юлий Цезарь», «Отелло», «Король Лир», 154 сонеттің авторы Бэкон емес, Оксфорд та емес, Дерби де емес, Эдуард де Вер екен. Қызық. Ал, Эдуард де Вер – Оксфордтың он жетінші графы болған адам. Майкл Харттың: «Шекспир – Эдуар де Вер болуы мүмкін», – деуінің басты себебі  –  пьесада  болған  оқиғаның  барлығы де Вердің өмірімен  байланысты. Ал, ақынның басты  кейіпкері  өзі  болатыны  бар­лығымызға аян.  Автордың  Эдуард  де  Верге  тоқталуы сондықтан. Дәлел ме? Даяр.
Эдуард  де  Вер 1550  жылы  ақсүйектердің отбасында дүниеге келген. Әкесі – Окс­фордтың он алтыншы графы. Ол бала кезінен лордқа тән барлық  өнерді  игерді. Атқа  міну, саятшылық, әскери өнер,  музыка  және  би. Сонымен қатар,  француз,  латын тілдерін жетік меңгерген. Енді, мынаған  қараңыз:  Эдуард  он екі жасында әкесінен айырылады. Анасы екінші рет тұрмысқа  шығады.  Сол  жылы  де Вер қызметкерлерінің  бірін  абай­сызда  өлтіріп алады. Ал,  дәл осындай жағдайлар «Гамлет» туындысында  кез­­­деседі. Шығарма желісі бойынша,  Гам­лет  әкесінен  айырылады. Әкесінің аруа­ғымен тілдесіп, оны кім өлтіргенін біледі. Тағы  бір  сюжетінде  Гамлет  Поло­нийді абайсызда өлтіріп алатыны бар емес пе?..Бұндай  ұқсастықтар  бірнеше  шығармада кездеседі. Мысалы, «Отелло», «Қысқы ертегі» шығармаларында  кінәсіз  әйелін  айыптаған күйеудің  бейнесі  көп  ұшырасады.  Эдуард де  Вердің  өміріне  қарап  отырсаңыз,  бұндай жағдай  басынан  өткен.  Эдуард  де  Вер  өзінің қамқоршысы  болған  Уильям  Сесилдің  қызы Аннаға үйленеді. Сегіз айдан кейін бала дүниеге келген. Аннаға күдіктенген күйеуі: «Маған адал бола алмадың», – деп кетіп қалады. Бірақ, бес жылдан кейін айыбын қайтып алады. Осы бес жыл аралығында Эдуард де Вер жай жүрмеген, әрине. Сарай ханымымен жақындығы болған  екен. Сарай  ханымы  де  Верден  жүкті болып  қалады.  Мұны  білген  Елизавета  І патшайым  қаһарланып, де  Верді  Тауэр түрмесіне  отырғызады.  Бірнеше  айдан  кейін оны абақтыдан босатады. Бірақ, әлгі ханымның досы  де  Верді  бас  салып,  жарақаттап  кетеді. Ал, бұл жағдай «Ромео мен Джульеттаның» сюжетіне ұқсас.
Әрі  қарай.  Біз Эдуард  де Вердің  жас кезінде  пьеса және  өлең  жазғанын  білеміз. Пьесалары  жоғалып  кеткенмен,  өлеңдері сақталған  екен. Содан  бері  өз  атынан  ешбір шығармасын  жария­ламаған.  Және  ол  кезде ақсүйектер үшін шығармашылықпен айналысу өз-өзін төмендетумен бірдей болғанын айттық, алдыңғы  мақалада.  Ал,  Уильям  Шекспир алғашқы  шығармасын  («Тит  Андроник»)  1590 жылы  жазған.  Уильям  Шекспир  1564  жылы дүниеге  келген.  Демек,  26  жасында  жазған болды ғой. Егер, Френсис Бэкон десек, онда ол 29 жасында жазған болып шығады. Ал, Эдуард де Вер 1550 жылы дүниеге келсе, сонда ол 40 жасында  жазған.  Енді, бағамдай  беріңіз. Абай қырық  жасында  өлең  жаза  бастады  деген түсінік  бар  бізде.  Бірақ,  Абай  одан ертерек Көкбайдың  атынан  жазғанын  бірі  білсе, бірі біле бермейді. Шекспирдің жағдайы дәл солай болды ғой онда? Ол  1604  жылы  54 жасында (Абайдың жасында) дертке шалдығып, қайтыс болады.
Майкл  Харттың  пайымдауынша,  Уильям Шекспирдің Эдуард де Вер болуының бірнеше себебі бар: біріншіден, ол білімді адам болған. Екіншіден,  ақсүйек,  сарай  өмірі  мен  ол  жерде болған  барлық  оқиғаның  куәгері.  Үшіншіден, шығармашылықпен  айналысатын  уақыты жеткілікті болған.Өз  атын елден  жасырғандығының  тағы  да  бірнеше себебі  бар:  біріншісін  айттық.  Екіншісі,  де  Вер кейіпкерлерінің  барлығы  –  сарай  адамдары. Егер де, ол өз атынан жария ететін болса, онда сарай адамдары оны «жеп» қоймай ма? Міне, ол осыдан қашты.
Майкл Харттың  Шекспир  туралы  ой­лары осындай. Бірақ, мынадай  заңды  сұрақ туындайды.  Егер,  Эдуард  де Вер 1604  жылы қайтыс  болса,  «Король Лир»  пьесасын кім жазды? Өйткені, «Король Лир» пьесасы 1605  жылы  жазылған. Ал, 1606 жылы  туған «Макбет» пьесасын  кім  жазды? Автор  осыны ескермеген  екен. Майкл  Харт сонымен қатар Уильям  Шекспирдің  (ортанқол  әртіс) өмірбаянына  тоқтала  кетіп, оның 1612  жылы кенеттен  шығармашылықты  тастап  кеткенін айтады. Сонда, 1613-1914 жылдар аралығында жазылған  «Два знатных  родича»  комедиясын кім  жазды?  Барлығы  бұлыңғыр.  Ал,  Френсис Бэкон  1626  жылы  дүниеден  өткен. Пайымдап көріңіз.


Ерболат Қуатбек

 

author

Ерболат Қуатбек

АҚЫН

Қоғам

Павлодар облысының полицейлері ел азаматтарына алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын мәлімдеді, деп х...

Жаңалықтар

Шымкентте 10 оқушы спрейден уланып қалған, деп хабарлады madeniportal.kz Ұлысмедиаға сілтеме жасап....