Мемлекет басшысы теміржол саласының ардагерлерімен жүздесті

Жаңалықтар
304

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының инновациялық бастамаларымен танысқаннан кейін, теміржол саласының ардагерлерімен жүздесті, деп хабарлайды madeniportal.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Олардың қатарында Қалтай Сәмбетов, Борис Есенаманов, Марат Хамзин, Болатбек Дүйсемәлиев, Қуаныш Котырев, Ескендір Рахметжанов, Оразғали Ахметбаев сияқты құрметті теміржолшылар болды.

Мемлекет басшысы аталған салада ұзақ жыл еңбек еткен тәжірибелі мамандармен теміржолдың даму перспективасы жөнінде пікір алмасты.

Жол – тіршілік көзі. Теміржол болмаса, экономика дамымайды. Мен теміржол саласын өркендетуге баса мән беремін. Бүгін Сиань қаласында жаңа құрғақ порттың ашылуына байланысты маңызды шара өтті. Шын мәнінде, көлік-логистика саласы – басымдыққа ие бағыт. Қазір мемлекеттер көлік-логистика мүмкіндіктеріне ие болу үшін бәсекеге түсіп жатыр. Қазір, ең басты әлеует – табиғи ресурстар емес, тауар тасымалдау, логистикалық тізбектерді жолға қою. Еңбектеріңізді бағалаймын. Ең бастысы, сіздердің қызметтеріңізді қоғам айрықша құрметтейді. Сіздер мол тәжірибелеріңізге сүйене отырып, тиісті министрлік пен теміржол басшыларына ұсыныстар мен құнды кеңес бересіздер деп сенемін. Сондықтан бірге жұмыс істеуіміз керек, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Өз кезегінде ардагерлер теміржол саласында кадр мәселесі көп нәрсені шешетінін айтты. Олардың пікірінше, темірдей тәртіп, еңбекқорлық, берілген тапсырманы бұлжытпай орындайтын кәсібиліктің арқасында теміржолшылар өздеріне жүктелген міндетті орындап келе жатыр.

Сонымен қатар олар көлік саласы ел экономикасында жетекші рөл атқаратынын атап өтіп, соңғы жылдары жүк тасымалының көлемі ұлғая түскенін, арнайы Көлік министрлігін құру нәтижесінде саланы дамытуға ерекше көңіл бөлініп жатқанын жеткізді.  

Ардагерлер биыл негізі қаланғанына 120 жыл толған, ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол тоқтаусыз жүре берсін деген тілекпен Мемлекет басшысына шойынжол қызметкерінің қолшамын тарту етті.


Жаңалықтар

Биыл 15 қазаннан бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында ақылы автотұрақ қымбаттайды, деп...

Спорт

2024 жылғы 7-12 қазан аралығында Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа әлемнің 30-дан...