«Ана тілі» газетінің бас редакторы Қали Сәрсенбай Президент Жолдауына қатысты пікір білд...
Жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан азамат видеоүндеу жолдады
Әлеуметтік желілерде жедел жәрдем көлігі жүргізушісін соққыға жыққаны үшін ұсталған Нұрболат Дәкебаевтың кешірім сұраған видеосы тарап жатыр. Роликті бірінші болып зардап шегушінің досы жариялады. Бұл туралы madeniportal.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеода күдікті қазақстандықтар мен медицина қызметкерлерінен кешірім сұраған. Ол жасаған қылмысы өзіне маза бермей жатқанын айтты.
"Құрметті қазақстандықтар, 2024 жылғы 1 ақпанда өзім барып берілемін. Себебі жасаған қиянатым маза бермей жатыр, анамды да қатты алаңдаттым. Бәрінен және медицина қызметкерлерінен кешірім сұраймын. Ешкімге зиянымды тигізгім келмеді. Менен жәбір көрген бауырымнан, мұсылман-бауырлардан кешірім сұраймын. Мен өз қателігімді түсіндім. Алла разылығы үшін кешіріңіздер", – деді Дәкебаев видеода.
Видео ұсталғанға дейін түсірілген тәрізді. Оны әлеуметтік желілерге қамауға алынған азаматтың жақындары таратып жатыр.
Дегенмен Қарағанды облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі Дәкебаев өз еркімен полицияға берілді деген ақпаратты жоққа шығарды.
Зардап шеккен жедел жәрдем көлігінің жүргізушісі Төреғали Берікқалиұлы қазір ауруханада. Оның айтуынша, мұрнына екінші ота жасалуы қажет. Ол пікір білдіруден бас тартты.
Еске салайық, бұған дейін Қарағандыда жедел жәрдем жүргізушісін соққыға жыққан күдікті Нұрболат Дәкебаевтың ұсталғаны туралы хабарлаған едік.
"Қазіргі уақытта Дәкебаев уақытша ұстау изоляторына қамалды, оған жасаған қылмысы үшін берілетін ең жоғары жаза – үш жылға дейін бас бостандығынан айыру", – делінген хабарламада.