Қазақстандық танымал әнші Димаш Құдайберген Испаниядағы "Любовь уставших лебедей" әніне тү...
Сенат Төрағасы: Оқушылардың оқу сауаты төмендеп барады
Қазақстанда оқушылардың оқырмандық сауаты төмендеп барады. Бұл жағдай жастардың білікті маман болып қалыптасуына айтарлықтай қауіп төндіреді. Осы жағдайдағы тиімді шешімнің бірі – көшбасшы елдердің тәжірибесі бойынша Ұлттық бағдарлама әзірлеу.
Бүгін білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері туралы заңды талқылау барысында Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев оқу-ағарту министрінің бірінші орынбасары Наталья Жұмаділдаеваның халықаралық рейтинг жөніндегі сөйлеген сөзіне орай осындай пікір білдірді, деп хабарлайды ҚР Парламенті Сенатының баспасөз қызметі.
Палата Спикері атап өткендей, қазақстандық оқушылардың оқырмандық сауаты төмендеп барады. Соңғы жылдары ЭЫДҰ PISA-ның халықаралық білім беру сапасын бағалау рейтингі ЭЫДҰ елдеріндегі қатарластарынан үлгерім жағынан айтарлықтай артта қалғанын көрсетіп отыр. Мәулен Әшімбаевтың айтуынша, әлеуметтік желілерге шектен тыс белең алған бүгінгі жағдайда бұл мәселе өмір сүру, кәсіби біліктілікті қалыптастыру бағытындағы негізгі қарым-қабілетті жойып жіберу қаупін төндіреді.
«2023 жылдың желтоқсанында біз ЭЫДҰ PISA-2022 білім сапасын халықаралық бағалаудың жаңа нәтижесін алдық. Біздің мектеп оқушыларының нәтижелері бойынша өсу динамикасының болмауы көңілге кірбің ұялатады. Кейбір көрсеткіштер бойынша жағдайдың нашарлап бара жатқаны анықталды. Атап айтқанда, оқырмандық сауаттың төмендеуі ерекше алаңдатып отыр. Біздің оқушылар өзге елдердегі қатарластарынан 3 жылға қалып барады. Жалпы, оқу сауатының төмендеуі жүйелі мәселелерді көрсетеді. Ол бүгінде балалардың әлеуметтік желілерге тым әуес екенін білдіреді», – деді Палата Төрағасы.
Мәулен Әшімбаев осыған байланысты оқу сауатын арттыру жөнінде арнайы бағдарлама қабылдау қажеттігін атап өтті. Ол, сондай-ақ, зерттеу нәтижесі тек статистика емес, шешім қабылдау құралы және мәселені шешу үшін одан әрі тиімді әрекет ету жөніндегі нұсқаулық екенін де тілге тиек етті.
«Біріншіден, Оқу-ағарту министрлігі аясында оқу сауаттылығын арттыру жөнінде арнайы бағдарлама қажет. Екіншіден, нәтиже белгілі болғаннан кейін (шамамен - PISA нәтижесі бойынша) оны жылы жауып қоюға болмайды. Одан қорытынды шығару керек. Соған сәйкес іс-қимыл жоспарын жасап, қалыптасқан жағдайды өзгерту қажет. Сондықтан Сенаттың тиісті комитетімен бірлесе отырып, алдағы шаралар талқыланып, іске асырылады деп күтеміз. Жалпы, мұндай халықаралық зерттеулердің нәтижелеріне өте байыпты қарау керек. Көшбасшы елдердің тәжірибесі бойынша оқырмандық сауаттылықты дамыту жөніндегі Ұлттық бағдарлама әзірлесе де артық емес», – деді Сенат Төрағасы Палата отырысында.