Маған оқырмандар көп-көп сұрақ қояды.«Өлең қалай туады?»«Жазушы лабораториясы&raqu...
Азамат Серікұлы. Балкондағы жалғыздық
(Қарлығаш Қабай поэзиясындағы иірім)
Қарлығаш Қабай – оның өлеңдерін оқыған сәтте: есіме жалғыздық, сосын жалғыздық оралды. Бүгін мен кеше, өткен мен кеше, кеше мен бүгін оралды.
Болмыстың танымы бәлкім, өлеңнің өн-бойында тұрған картина. Адам жанының картинасы, адам рухының болмысқа айналуы.
Тұтанған шылымның жанып-өшкеніне дейінгі ойлардың миыңның әлдебір қыртыстарынан қылаң беріп, қаланың у-шуымен ғайыпқа кеткен пенденің дертін кім түсінеді? Қоғам ба, өлең бе?!
Күнделікті қарапайым тіршіліктен жалыққан самарқау жүзіңдегі мұңның қаламұшыңда би билеуі поэтикалық заңдылық. Әрине, адам жаны нәзік. Ол да нәзік, өлеңдері де. Бірақ, жаралы, бәлкім, жаралы емес. Поэзияның үнсіздік атаулы сарыны жүрек түкпіріндегі иірімдерге сүңгітіп, жалғыз қалғандағы дертіңді меңдететін тұсы аяулы-ақ, шіркін! Сол жалғыздықты Қарлығаш айтсын:
Ақын Қарлығаш Қабай
Ол..
Саусағымен достарын санау арқылы
саусағымен жалғыздығын санап отырған құрбың секілді аңғал,
Қасіретке қойылған біздің ескерткіштердей ұмытшақ,
кітап толы үстелдің сезінген сезімдеріндей масаң,
немесе
жазғы кештерді еске алу секілді ересек.
Естеліктер – өткен ғұмырдың моласы.
Онымен елес кейіпке ену – өзіңнен ақын жасап шығару шығар, мүмкін?! Жоқ, ол өзін модернист дейді, минималиспін дейді!
Теңізде өлгендер үшін оқылған дұғалардай
қажетсіз…
немесе
қираған қораның артында қалған махаббат жайлы әңгімелер сынды ескі…
Иә, біз дұға оқимыз, бірақ ол қандай дұға, өлең бе?!
Өлең!
Адамның оралуға тиісті бастаулары – өлең! Сол өлең бізді сезімнің іңкәрлігіне тұншықтырып, көңіл-күй темпераментіне телиді, сонсоң оны Қарлығаш Қабайдың поэзиясы сезеді. Махаббат жайлы әңгімелер қасіретті, қайғылы. Сосын, ол өлең жайлы Өлең жазған! Бодлердің өмірінің соңғы сәттеріндегі сыздауық жарасы секілді.
Өлең
Бидай секілді мейірімді, жомарт,
кедей және кінәсіз,-
алғашқы қылмысымыздың өлеңдері бұлар...
Өлең – ол, жанымыздың мұңы, дерті. Онынмен естеліктерге шомылудың өзі – қасірет.
Қарлығаштың поэзиясы – эстетикалық стиль! Оның сапарларда жазған жырларын сапарларға шыққанда мың қайталап оқу, мұң құшу да уақыттар қақтығысындағы образ. Ақын жүрегіндегі алғаусыз сезімдер, кіршіксіз көңіл, үнсіздік және кермек ойлар, бәрі, бәрі өлең боп сөйлейді, картина боп көз алдыңда тұрады, әуен боп естіледі. Оянған шақ пен ұйықтар алдындағы тіршілік атаулыны сәтке де болсын ұмытып, бір уақыт жазу үстеліне отырған бикештің арманы мен аңсары, қуанышы мен қайғысы ақ парақтарға айтылған сырдай мөлдірлік эстетикасына тұнады. Кейде, жалғыз қалудың өзі – көркем өнер шығар?!
Заттарын жинап алып, кетіп барады құстар.
Үнемі кететін, ешқашан оралып көрмеген құстар..
ешкімге, ешқашан «сау болғайсың», «көріскенше»
деп айтып көрмеген құстар...
Құстарын шығарып салып, қимай қарап тұрған жанның бейнесі, үмітсіздік хәлі. Иә, оның өлеңдеріндегі минимализм, бәлкім, дәл осы кейіпке еніп, құстармен бірге бөтен елге, бөтен көлге барып қонады. Сол өлкеде мекендеген жалғыздықпен бетпе-бет келеді. Бірде бар, бірде жоқ өлең атаулы ұғым қадым замандардан бері неше күйге, неше түрге еніп, осы заманға жетті. Дәлірек айтсақ, Қарлығаш Қабайға қонған бақыт, құсқанат ғұмыр!
Ал, өлеңмен өмір сүру, өлеңмен емделу, сағынышыңды өлеңге ғана бағыштау ақын сертіндегі сөздердей бейнелі. Ғазалнамасымен балконда жалғыздығын құшақтаған автордың минималист өлеңдері жайлы бірер ауыз сөзіміз осы!
Мәдениет порталы