Нұржауар Қабдоллақызы. Сарғалдақ сағыныштар гүл ашады

ӘДЕБИЕТ
1325

Қараша

Қараша...

Сен қиялдың қаласы ма ең,

Қағыстау қала берер нала-сүрен.

Ақша қар,

Қиқулы саз, кіреуке ауа,

Мендегі көңіл күйге талас рең.


Жанымның жайнағандай мың ошағы,

Қарашам –

Қамсыз күннің куашағы. 

Бұйыққан ар бұтада мамық бүрлеп,

Сарғалдақ сағыныштар гүл ашады.


Жетелеп бірде шаттық, бірде арман,

Адамдар әр мезгілден үлес алған.

Қараша – тентек сәби ұл сияқты,

Томсарып тұрып-тұрып, күле салған.


Көп қылығы ұнайды, 

анам сынды,

Кей қылығы ұнайды, 

ағам сынды...

Бұлаң қаққан буалдыр ерке мұнар,

Балалығым секілді балауса үнді.


Болмысымен көп сурет қиысып әр,

Жылы сезім жүрекке жиі ұшырар.

Сені қатты ұнатам қараша айым,

Әр деміңде әжемнің иісі бар. 

 Жеңге 

Жеңге-ау! 

Өмірдің аумаған сынақтары,

Менің де басыма кеп түнеп қалды.

Тағдырымен алмағайып тіресем деп,

Қайтейін!

Жүрек солды,

Білек талды...


Аңғал-саңғал, ашық жүз,

Ісік кейпің,

Мендік сұлу әлемді мүсіндейтін.

Кездерім де көп еді жақтырмайтын,

Күлегеш мінезіңді түсінбейтін.


Қандай күш бар басатын іштегі үнді,

Көп кіретін боп журсің түске мұңлы.

Енді сездім женгетай,

сол күндерді,

Күліп жүріп көз жасыңды ішкеніңді.


Шарасыз сол көзіңді мөлдіреген,

Тайдырып кет жеңеше енді менен.

Бүгін де сезім деген сұйылып тұр,

Сенің құлаң шашыңдай селдіреген.


Сенім бе, оны айтып жоқ керегі,

Жоқты сұрап, қинама текке мені.

Шылым сұраған ернің сияқтанған, 

Жалғаннан жаным әлі сескенеді…

 Көктем келді 

«Сен жақтан көктем келді» деген едің,

Көктем келді, жеткізсін тек өлеңім.

Жаңарып бара жатыр күллі жаһан

Ал мен ше?

Барған сайын көнеремін. 


Дүние аударылды теңге құсап,

Ақ қардың тамтығы ұшты желмен ұсап.

Шарпылтып мұз жүректі сиқыр лепке,

Ұмыта тұрайыншы өнгені сәт.


Есіме бір түсер деп жарқын шағым,

Көңілге кіреукелі ой тартылса мұң...

Қыр ғұмыр бара жатыр ақ бу атып,

Лақтырып сайға өткен күн сарқын шағым.


Бозторғай шырылдап жур көкті айналып,

Тірлікке жыры-сыры жетпей налып. 

Табиғат жанды едім ғой, уыз жырды,

Бұл көңіл тосырқайды төкпей нағып?!


Торғайлар қунаң қақты пыр-пыр ұшып,

Ешкішек түн бұзып жұр күлкі қысып.

Төл исін жұтады сызды ауадан,

 Інінің ауызына түлкі құсып.


«Сен жақтан көктем келеді» деген едің,

Мезгіл айтар барлығын, не керегім?!

Маған салса ойланбай уақытты, 

Қалаған сәттеріме шегеремін.

* * *

Жолдарым тым жадағай,

Тірлік те тым ескі.

Көргеннен жазбайтын көзсіздік...

Екеуіміз қуалап елесті,

Өртеңге 

Көл сыздық...


Шатысқан реңмен көз қарыған,

Әлемнен сыртайды сыз көңіл.

Бұлт сағақ жапырақ қозғалып,

Жылайды да жатады кұзгі өңір.


Көп жылап қабағы ісінген,

Жаныға қарайды күзгі орман.

Дұрыс қой 

Табиғат үшін де,

Адамда азырақ мұң болған.


Өртеңнен шыға алмай балдыр ой,

Үгіліп жататын кезеріп. 

Көп қарап көзімде талды ғой,

Ех, 

Қайда,

Сағныш өзенім?!


Тамшыға төсенген тасша жеп,

Жанымда барады қалмай мұң.

Көңіл деп,

Жүрек деп,

Басқа деп,

Өмірді суреттей алмаймын....


Бояусыз,

Аяусыз, 

Аялсыз,

Дәл түсер атаудан кенде өмір.

Гитарасыз 

Домбырасыз, 

Роялсыз, 

«Шіркін» деп әндетіп сенде бір...

Ай-й-й,

Қойшы, 

болды...


* * *


Сірә арманның болған ба қиыр-шегі,

Соған лайық бір бақыт буйрса еді!

Бұлт ішінен болымсыз сәуле қуып,

Көңілдің көбейді көп түйіншегі.


Жүректің тынышып, тынған күні бар ма, 

Боранды өмір бермейді ық тығыларға. 

Суық сорған көңілді жалытаралық,

Нағыз дос та табылмас сыр ұғарға.


Пышағындай жұқарған от басының,

Бұл көңілдің қарашы, тот басуын!

Өмір сүру не өзі,

Өзіңді алдап,

Сияқты ғой әлде бір жоққа асығу... 

* * *

Жүрегімде бір қыз жүр, 

бір қыз бала,

Айнала жарлауыт-шер, мұңды із ғана.

Тұрмыс тілген қолдарын отырады,

Байғұс қыз қиялында құндызға орап.


Жүрегімде бір қыз бар көзі мөлтек,

Мөлтек көзі, жазымыштың өзін өртеп.

Тәңірдейін табынған ол шындыққа,

Жалған бәрін жай ғана сезінер тек.


Бала ғой ол, ой түнық, қиялы пәк ,

Ертегідей арманды жиі ағытад.

Көңілінен кетпей жүр бір кірбеңдік, 

Өңіріне төгілген сия құсап. 


Кейде жасып, жабырқап жасқанады,

Мөлдір көзді моншақтап жас табады.

Анасының қайғысы ұрттағаны,

Анасының мұңдары жаттағаны ...


Көңілімде бір қыз жүр ай жамалды, 

Сол қалпында ол,

Жыл жылжып, 

Ай жаңарады.

Тағдырымның сан тарам талшықтарын, 

Жарқ еткен көз нұрымен байлап алды...


Кейде одан қаламын жасырынып, 

Жасып үміт, кейде ұшса тасып үміт.

Шалдығып кеп шарасыз көз тоқтатсам, 

Арманымды жүреді шашына іліп.


Сөкпейді ол, 

Үнсіздігі шым батардай,

Маған күш бітпей қойды,

Тіл қатардай.

Өзімнен көп адасып қалып жүрмін,

Жүректегі сол қызды жұбата алмай...

* * *

Жапырақ жанды самалға таратып әр күн,

Еліктеп ұштым бәріне қанаты бардың.

Тым сенгіш көңіл көлбірек, 

көлбірей келіп,

Абайсыз тағы жүректі қанатып алдым.


Жанымды бояп нұрына сағымды кештің,

Азабын алып тағдырға бағымды үлестім.

Санаспасаңдар да болады менімен енді,

Шаршадым түге,

тағы да,

…Бәріңді кештім.


Құландай босқан күндерім сездірді нені,

Өзегімді өртеп жесе де «сөздің» дүрмегі.

Балапан ойлар жанымды мекендеп алған,

«Күллі дүние ұлпа» деп сендірді мені.


«Сенім» дейтұғын үркектеу, көжек баланы,

Үміт пен күдік әлдилеп кезек бағады.

Көзімді бояп қоймайтын алданғыш жүрек,

«Бүкіл дүние аппақ» деп безек қағады.


Ғұмырың таза сезімді қорған етеді,

Жылуын достың сезінсең қолдан өтеді.

Өзінен өзге жауы жоқ мендей пендені,

Жайына қоя беріңдер,

Сол да жетеді...

* * *

Бәрі де ескі,

Жұрттар анау… көңірсіп,

Жүздер жадау, жүрек жамау, көңіл-шық.

Көше толы қиқу соғып өтеді,

Өмірсіп.


Жолға өскен гүл,

жел көтеріп етегін,

Тағы осылай басталады,

ертегің.

Шүперекті жандар шулап өтеді,

Серті – өлім.


Барған сайын, барған сайын биіктеп,

Жалынына жан өртеніп,

күйіп бет.

Тозаққа үйір, тағдыр толы бұл фәни,

Қай түрімен сүйікті ед!


Жылап-күлген,

жанған-өшкен пенделер,

Тағдыр атты тар көшеде сенделер.

Бір-біріне арқандалған жүректер,

Ондағы –сен, ал мысалы,

Сендегі – ел.


Ізін көмген түлкі уақыт көп алдап,

Жүздерден нұр, көңілден сыр жоғалмақ.

Керуен ғұмыр топан судай толқиды,

Түсіңде арбап өлі аруақ.


Есің жиып,

басыңды иіп,

дес құлап,

Ғұмырыңды есепте кеп,

бес күн-ақ.

Пенделіктен қашып кеткің келеді,

Кеш бырақ…

* * *

Айаз сіңген таған серпер қатқыл леп,

Суық көше бойы толы сап дүрмек.

Жанарым да тайғанайды тоңазып,

Суық жүздер ішінен нұр тапқым кеп.


Түрлі бейне жалыққыш һам тырысқақ,

Ертеңіне асығады жылыстап.

Жастығым да жалтақтайды о, ғажап!

Балалығым қашып кеткен бұрышқа.


Сүйкей өткен көңке сайын күрсініп,

Дір етеді талдың сүңгі бүршігі.

Әр аулаға жете бере жығылып,

Қайырылған қардың суық тұмсығы.


Қызыл-жасыл (маңдайшалық, дүкен, гұл…)

Шықырлайды құлақ түптен тікенді үн.

Уақытты өлтіріп жүр сабылып,

Өз кеудесін оттық қылған жұрт енді.


Бұлың-пұшпақ, жол қашады бұлтақтай,

Тар көшенің бас аяғын қымтатпай.

Сүлдерімді сүйреп қайтам сәлден сөң,

Бәрі де бар қан базардан түк таппай.

Ол

Қиялымен сәбидің құйындайтын,

Қайтқан құспен бір жылап сырын айтып.

Аңғал мінез біреу бар, бірақ, бірақ,

Бір мұздаса жүрегі жылмайтын.


Білесің ғой жанының мың қатпарын,

Жүрегіңмен алғансың тыңдап бәрін.

Естиді ол жапырақтың күрсінгенін,

Жаңа оянған бүршіктің тіл қатқанын.


Сондай таза пиғылмен жүріп тағы,

Пенделікке симай жүр қылқтары.

Шақырады өзіне еміс-еміс,

Балалықтың сарғайған жұрттары.


Адаса береді естен тағдыр десе,

Жанарында жазықсыз, балғын көше.

Жастығын ұры уақытқа бермес үшін,

Ғұмырдың шарпысында жанды ол неше.


Жеңілгенін сезеді, сыр бермейді,

Сан соқпақты қуады,

Үлгірмейді…

Жүрегінде жанады жалғыз арман,

Байырғы сол мінезі,

тілге ермейді.


Өкпек қысып өтсе де жел өтінен,

Жақысылықтың келерін сезетін ол.

Қас пен көздің арасын өлшей алмай,

Неге екен, 

шатаса беретіні?

Түсіне алмаймын …

Мәдениет порталы

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...