Акутагава және Лу Шүн

ӘДЕБИЕТ
693

Салыстырмалы әдебиетті зерттеудің үш түрлі үлгісі бар: алғашқысы уақыт пен кеңістіктің алқымынан аттап өтіп зерттеу. Мәселен, қытайдың көне классикалық шығармасы «жырнама» мен көне грек әдебиетін салыстыру. Екеуінде ешқандай байланыс жоқ, бірақ әдеби құрылымдық жағынан ұқсастықтары бар.

Екінші, оқыған кітаптардың әсері арқылы ықпалға ұшырағандар. Мәселен, Хәруки Муракамидің кітаптары бір мезет Қытайда жақсы оқылды, оның кітаптары қытай тіліне аударылып, Қытайда шыққан соң оған еліктеген бір топ жазушы пайда болды. Ал Ру Уи Хұй, Тян Юан, Ән Ни, Бау Би қатарлы жазушылардың туындылары жапон тіліне аударылды. Жапон жастары осы бір шоғыр «Муракамидың шапанынан шыққандарды» сүйіп оқиды. Бәлкім, он-жиырма жылдан соң Жапонияда «Мураками өрендерінің» ізбасарлары пайда болуы да ықтимал. Дәл осылай аударма, баспа ісі арқылы да жазушылар жарыққа шығады.

Лу Шүн (1881.9.25~1936.10.19ж.ж)

Үшінші түрі, шетелге білім алу үшін иә қоныс аударып бару арқылы зерделеу. Мәселен, Лу Шүн мырза 1902 жылдан 1909 жылға дейін Жапонияда оқыды. Бұл жылдары оның алған білімі мен оқыған кітаптары оның әдеби жасампаздығына сөзсіз ықпал етті. «Фужино мырза» секілді маңызды туындылары жазушының шетелде оқыған кезінде жазылған. Керісінше айтсақ, Акутагава да Қытайға келген, үш ай сапарда болған. Оның өмірінің соңғы кезіндегі «Хунан жанкүйері» яғни Хунанның Чаңшасына келген кездегі сезімдерінен туған дүние. Сондықтан Жапония, Қытай, Корея, Европа, Америка елдерінің таяу 200 жылдық әдебиеті, тіпті жалпы әлем әдебиеті де осы екінші немесе үшінші түрдегі салыстырмалы әдебиет теориясына сәйкес келеді. Ешқандай елдің, жазушының, әдебиеттің ықпалына ұшырамай жасампаздықпен айналысқан қаламгер болмайды.

Рюносуке Акутагауа Сужоу қаласындағы 

Шиху көлінің жағасында түстеніп отыр, 1921 жыл

Тайшо дәуірі мен Жұң Хуа Мингө екеуі де 1912 жылы басталды. Бірақ Тайшо дәуірі қысқалау болды. Жапония жөнінен алғанда, Тайшо дәуірі – қала әдебиеті, халықтық әдебиет, халықаралық сипаттағы әдебиет туа бастаған жаңа дәуір. Жұң Хуа Мингө жөнінен айтқанда «4-май әдебиеті» Қытай таяу заман әдебиетінің негізі. Бұл жөнінде «ХХ ғасыр қытай әдебиеті» кітабында азырақ жазылғанын автор айтып өткен болатын.

Акутагава Токио университетінің музыка факультетін бітірген соң, Жапония теңіз армиясы орган мектебінің музыка мұғалімі болып бірнеше жыл қызмет атқарады. Бұдан кейін ұсыныспен Жапония «Күнделікті хабар» газетінің жазушысы болады (сол кезде Жапонияда төрт үлкен газет бар еді: «Юмюри» газетінің әр күнгі тиражы 10 миллион, «Корей-Жапон жаңалықтары» газетінің тиражы 8 миллион, «Жапоня экономика ақпараты» газетінің тиражы 3 миллион, «Күнделікті хабар» газетінің тиражы 4 миллион). 1920 жылдары «Күнделікті хабар» газеті ерекше үлкен газет баспасы болған. Олар Акутагаваға газеттің тілшісі әрі жазушысы болуға ерекше ұсыныс білдіреді. Акутагава келіскен соң жас жазушыны Қытайға үш айға саяхатқа жіберіп (Акутагава ол кезде жиырмадан жаңа асқан болатын), жолсапар жазуды тапсырады. 1921 жылы 31 наурызда «Күнделікті хабар» газеті «Чинаның әсері» туралы» атты қысқа хабарламада: «Қытай – дүниенің құпиясы. Көне Қытай мен жаңа Қытай өзара астасып жатыр. Акутагава қазіргі әдебиет мінбесінің бірінші жазушысы, жаңадан гүлдеген әдебиет-көркемөнеріміздің уәкілдік жазушысы, әрі Қытайға әуестік білдіруші. Сондықтан біз Акутагава мырзаның мәліметін асыға күтеміз», – деп жазды. «Чинә»(しな)сөзі Қытайша «әсемдік» мағынасында қолданылады. Сондықтан Лу Шүн мырза өткен ғасырдың басында Жапонияда оқып жүрген кезінде, «Мен Чиң елінің адамы емеспін, мен Чинаның адамымын», – деген болатын. Өйткені Лу Шүн Чиң империясына қарсы болып, төңкеріске қатысқан. Бірақ, 1937 жылы Қытай-Жапон соғысы басталған соң, «Чина» сөзі Жапондықтар үшін жақсы мағынада болмай қалды. Қазір де чина демейді, жүңгө (қытай) дейді. 1921 жылы Акутагава Қытайға келгенде «чина» сөзі сол бұрынғы мағынада еді. Сол жылы 19 наурызда Акутагава Токиодан шығып, Кюсю арқылы 30 наурызда Шаңхайға жетеді. Үш апта емханада жатып, 2-14 май аралығында Хаңжоу, Сужоу, Жінжяң, Яңжоу, Нәнжиің содан кейін Ханкоу, Чаңша (26 майдан 6 маусымға дейін), кейін Бейжіңге келеді (14 маусым). Тянжин арқылы (12 шілде) Жапонияға қайта оралады (20 шілде шамасында).

Рюносуке Акутагауа, Шаңхай қаласында,1921 жыл 

(солдан екінші тұрған адам)

Акутагава бұл сапарында, 4-май қозғалысының Хушы (ақын, жазушы, тарихшы) секілді уәкілдік адамдарын жолықтырады. Олардың жас мөлшері қарайлас, ағылшынша сөйлеулері де жақсы. Кездескенде ағылшын тілі арқылы сөйлескен. Хушының естелігінде айтылғандай, Акутагава өзі жазған патшаның қасиетті ұлы бас кейіпкер болатын шығармасы «Су Изұнның»  Жапонияда шектеліп, ал Бейжіңде шектеусіз таралып жатқандығын, яғни «Бейжиңнің сөз бостандығына» қызығатынын айтқан. Ол кезде басылымға шектеу салатын заң болмаған, мұндағы әскери үкіметтің әкімшілігі де кемшіл жағдайда еді. Акутагава Шаңхайда кездескен Жаң Биңлинге (ойшыл, демократ, революционер) «Чинада (қытай) социолистік қоғам орнауы мүмкін емес» дейді.

Акутагава мен Лу Шүн кездеспеген. Бірақ бірін-бірі үнемі назарда ұстаған. Он жас үлкендігі бар Лу Шүн Акутагаваның әңгімелерін сүйсініп оқыған. Жасы кіші болса да жазушы ретінде Акутагава бірнеше жыл бұрын танылады. Сондықтан Лу Шүн оның туындыларын үзбей сатып алатын.

Акутагаваның «Чина сапар естеліктерінде» айрықша мән бар. Оның очерк, әңгімелерінде сықақ-әжуа айқын көрінеді. Жапондар мен қытайларды, еуропалықтар мен америкалықтарды сынап, шенеп жазған. Бұл оның ертеректегі туындыларында бар оқырманды баурайтын қасиеті еді. Лу Шүн: «Акутагава қытайлықтардың досы екен, өйткені ол қытайды терең түсінгендіктен сынап отыр», – деп ерекше қуанады. Ал Бажин (бұл да қытайдың атақты жазушысы) «сапарнаманы» оқып қатты ашуланады. Акутагава қытайды кемсітті деп білген. 1921 жылы Акутагава Бейжіңге келген тұста, Лу Шүн оның «Расемон қақпасы» мен «Мұрынды»  әңгімелерін аударып, «Таңғы газетке» әлдеқашан жариялап қойған кезі еді. Лу Шүннің аудармасын Акутагава Бейжіңге келгенде көреді. Акутагава Тиәнжин қаласынан шығатын жапон тіліндегі журналға берген сұхбатында: «Лу Шүн аудармасы менің рухымды өте айқын бейнелепті, мен бұған біраз қуанып, әрі таң қалып отырмын», – дейді.

Акутагава елге қайтқан соң «Жапон әңгімелерінің қытайдағы аудармасы» атты очеркінде: «Лу Шүннің аудармасы Жапонияның қазіргі ағымдағы аудармаларымен ұқсас. Парықты, өресі өте жоғары», – деп бағалады.

Олардың шығармаларындағы ықпалдастық та күшті болған. Акутагава жазған «патша әулеттерінің шежіресі» делінетін бірсыпыра әңгімелерде (Хейән дәуіріндегі жапон ақсүйектеры мен бұқарасы) ұқсастық көп. Мәселен, «Расемон қақпасы» мен Лу Шүннің «Жаңа құрастырылған әңгімелері». Акутагаваның «Мандарин» атты шағын әңгімесінде қыстақтан келген кедей диқан қызының Токиоға барып жұмыс істегені баяндалған. «Мандариннің» Лу Шүннің «Айғай» жинағындағы «Кішкентай оқиға» әңгімесіне әсер ықпалы бар, яки зиялылар мен қарапайым халық психологиясының тоғысуы бейнеленеді.

1921 жылы, маусым айы, Бейжиң.

Сол жақта Рюносуке Акутагауа

Лу Шүннің уәкілдік туындысы «Есалаңның естелігі» емес, меніңше, «Күң Ижи». Енді «Күң ижи» мен Акутагаваның арасындағы әсер-ықпалды таныстырайық. «Күң Ижи» жарияланғаннан кейін көп адам шығармаға пікір беріп, жоғары бағалаған. 1930 жылы Лу Шүн әңгімелері туралы алғаш рет сын-пікір жазған Ли Жаңжы өзінің «Лу Шүнге сын» жазбасында «Күң Ижи» әңгімесін айырықша бағалайды. Меніңше «Есалаңның естелігі» толық піспеген, машықты тәсілмен жазылған туынды. «Есалаңның естелігі» «Күң Ижиден» он ай бұрын жазылған. Меніңше, осы он айда «Есалаңның естелігі» сынды шикі шығармадан «Күң Ижи» сынды біршама өрелі әңгіме жазу үшін Лу Шүн мырза қалай жазуды жақсылап үйренген тәрізді. Он ай ішінде Лу Шүнге ықпал еткен маңызды туынды меніңше Акутагаваның «Мори мұғалімі».

«Мори мұғалімде» 1908 жылдары Токионың бір аймақтық мектебінде ағылшын тілінен сабақ берген қарапайым бір мұғалім әңгімеленеді. Акутагава ол жылдары аймақтық мектептің үшінші сынып оқушысы болатын. Сондықтан Мори мырзаның әңгімесінде Акутагаваның өз басынан өткен оқиғаларының әсері бар еді.

«Мори мұғалім» мен «Күң Ижиді» салыстырар болсақ, олардың көнетоз шапаны, қызықты сөйлеу мәнері т.б. ұқсас образдар көрінеді. Мори мырза оқушыларын өте жақсы көрсе, күң Ижи де балажан. Екі әңгімедегі балалардың да Мори мұғалім мен күң Ижиге деген қарым-қатынастары ұқсас. Мори жастарға Америка ақыны Хенридің (Henry Wadsworth Longfellow) «Өмірге мадақ» өлеңінің терең мән-мағынасын талдап түсіндіреді. Бірақ оқушылар оның ойын қате түсініп, оны мазақ қылады. Күң Ижи шарапханадағы «баладан» Хуи Шяң бұршағындағы «Хуи» иероглифінің төрт түрлі жазылу тәсілін сұрайды. «Бала» жауап бермей, күң Ижидің жақсы ниетін елемейді. Екі әңгіменің осы тұстарында да ортақтық бар. Алайда, екі шығарма екі түрлі аяқталады. Мори мұғалім жеті-сегіз жылдан кейін зейнетке шығады. Әрине, тұрмысы төмендеу болғанымен, азын-аулақ тиін-тебенін алып, кафеге барып, кофе ішіп, ондағы даяшыларға сабақ үйретсе, күң Ижиде мұндай жақсы күндер болмайды. Күң Ижи ұрлық үстінде тяқ жеп, аяғын сындырып алады. Сөйтіп көпке дейін шарапханадан көрінбей кетеді. Күздің бір күні құйрығымен сырғанап шарапханаға келген күң Ижи осы оқиғаны баяндаушы «баламен» соңғы рет аянышты жағдайда жүздеседі.

Екі әңгіменің құрылымы өте ұқсас. Бірақ соңғы көріністері мүлде басқаша. Акутагаваның «Мори мұғалімі» Токио жаңа дәуір баспасының «Жаңа дәуір» әдеби журналына 1919 жылы қаңтарда жарияланған еді. Сондай-ақ сол жылы сол айда сол баспадан шыққан «Акутагаваның үшінші әңгімелер жинағындағы» «Қуыршақтар ойынына» кірген болатын. Жинақты Лу Шүн сол сәтінде-ақ сатып алған. Жу Зорынның (Лу Шүннің туған інісі, прозашы) күнделігінде «Қуыршақтар ойыны» шыққаннан кейін екі айдан соң, 19-наурызда мұның да ағасы баспаға әңгімелер жинағын тапсырған. Демек менің жобалауымша, Лу Шүн «Мори мұғалімді» оқыған соң «Күң Ижиді» жазған болуы әбден мүмкін. Сондықтан, Лу Шүн «Күң Ижиді» қай кезде жазғаны туралы дәлел өте маңызды. Бұдан өзге «Мори мұғалім» мен «Күң Ижидің» баяндау тәсіліндегі ұқсастық пен өзгешелік, құрылымындағы күрделілік пен даралық та маңызды. «Мори мұғалім» «Күң Ижиден» әлденеше есе көлемді. «Күң Ижи» бас-аяғы жұп-жұмыр, ұзынды-қысқалы 13 азат жолға құрылған. Әрине, екеуі де шағын әңгіме, бірақ «Мори мұғалім» біршама күрделі де, «Күң Ижи» әңгімесінің құрылымы өте қарапайым. «Мори мұғалім» мен «Күң Ижидің» арасында негізінен ұқсайтын және ұқсамайтын тұстары да бар. Лу Шүн әңгімені бірінші жақтан баяндаған. Орта жастағы ер адамға тілектес болған жасөспірімнің психологиялық ахуалы айтылатын мұндай әңгіменің негізгі құрылымында «Мори мұғалімге» еліктеу бар. Автор Тайшо дәуіріндегі Токиолық Мори мырзамен арада уақыт және кеңістік тұрғысынан орасан алшақтық жатқан Чиң дәуірінің (қытай) соңғы кезінде шағын қалашықта өмір сүрген күң Ижи бейнесін сомдап шығарды. Мори мырза мұғалімдік қызметінен зейнетке шыққаннан кейін, Хенридің өлеңіндегідей өмір кешті. Хенри өміріңның соңына дейін үздіксіз үйрен, еңбек ет, сөйтіп ең соңында ұжмаққа баратын күнді күт дер еді. Ал Күң Ижи Кыжұйдың (қытайдың патшалық дәуірлерден жалғасып келе жатқан сынақ, емтихан түзімі) алғашқы сынағынан да өтпей қалады. Чиң дәуірінің соңы, Мингө жылдарының басқы шеніндегі төңкеріс кезінде өмір сүрген күң Ижи баяндаушы «баланың» қамқорлық жасауға шарасыздық жағдайында, аянышты халде өмірден өтеді. Лу Шүн осы зор айырмашылықтарды жүйелей біріктіріп, реформа тұсында «Күң Ижи» атты пессимистік әңгіме жазды. «Мори мұғалімнен» қысқартып алынған «Күң Ижи» төңкеріс жылдарындағы үміт пен шарасыздықты суреттей отырып, әлем әдебиеті тарихында ізі қалған типтік образды сомдады. «Мори мұғалім» әрине жақсы әңгіме, бірақ оны қазір жапондардың өздері де ұмыта бастады. Ал «Күң Ижи» Қытайда ғана емес, Корея, АҚШ баспаларынан шыққан Лу Шүн шығармаларына түгел кірген. Әрине, «Мори мұғалімнің» «Күң Ижиге» әсер-ықпалы бар, бірақ «Күң Ижи» әлем әдебиетіндегі үздік шығармалардың біріне айналып, уақыт озған сайын биіктеп келеді. Меніңше, осындай әдеби туындыларды салыстыру арқылы біз Жапон мен Қытайдың қазіргі тарихы, қазіргі қоғамдық өзгерістерін түсіне аламыз.

2010 жыл 15 наурыз

Авторы Шузо Фужи (Жапония)

Қытай тілінен аударған Ерзат Еркін

Шоу-бизнес

Бір кездері өнер әлемінде жарқ еткен, алайда кейін көрінбей кеткен әнші Сырым Исабаев "1001 түн" бағ...

Спорт

Қазақстандық зілтемірші Артем Антропов ауыр атлетикадан Бахрейннің Манама қаласында өтіп жатқан әлем...