Тіленіш Еркебұлан: Қарашықтарым айдың нұрына малынар

ӘДЕБИЕТ
17208
Тіленіш Еркебұлан
Тіленіш Еркебұлан – 2008 жылы 3-ші ақпанда Павлодар облысы, Шарбақты ауданы, Шегірен ауылында дүниеге келген. 5 сыныпқа дейін Шегірен орта мектебінде білім алған. Бүгінгі таңда Павлодар облысы, Ақсу қаласы, Евгеньевка ауылының Ю. Гагарин атындағы мектебінің оқушысы. 

Аққанат арман

Толқыны жұлқып, асау Ертістің жағаны,
Бағы мен сорын сол мінезінен табады.
Дертіңді емдер дария жақтан ескенде,
Салқам сәуірдің самалы.

Меңіреу дала төңкерген қара аспанды,
Жусанның исі торғын белдерді жастанды.
Аққанат менің арманым самғап биікке,
Бағындырады асқарды.

Мамыр

Мамырдың күні самалдың исі бұрқырап, 
Қарашығымда еркелеп барып мұң тұнад(ы).
Көктемнің кешін құстардың үні итеріп, 
Бұлбұл жанардан жыр құлап!

Қызыл іңірден
ақ бұлттар көшіп, күн жылжып,
Ғасыр даламда тарихым жатыр мың жылдық.
Көктемнің жылы өлкеге төккен тынысы,
Үзуде қыстың қатал қабағын шынжыр қып!

*** 

Тереземнің саңлауында 
қаңтар желі гуілдеп. 
Ақ аюдай аппақ күннің 
ақтық демі бу үрлеп, 
Аялдама тасасына 
мұңын шерткен тағдырдың
Күңіренген көлеңкесі дірілдеп. 

Ала аязың сипағанда
тіліп түсер қанжардай, 
Сүйегімді қалтыратып, 
жанарымда жыл жанбай
Тар тағдырлар тарам–тарам
мұз бетіне тайғанап
Үміттері үн соңынан жалғанбай. 

Түн бетіне үңіледі
таңырқаған таңдарым. 
Жырға толы, мұңға толы
қыстан тоңған жан жағым, 
Мына сенің жанарыңа 
қимастықпен қарайлап
Шарасыз боп жылды өткізе алмадым. 

Аяз түсіп, қырау жұққан
кірпігіне даламның, 
О, қара қыс кімдер үшін 
қатал болып жаралдың, 
Сол арудың кербез жүзін 
жүрегімде аңсаумен
Қорқау қыстың түнегінде қалармын.

***

Сайлардың қалың шұбар жалында тай қаптап, 
Қарашықтарда тербеліп аспан, ұлып жел.
Төбемде менің күмістен құйған – Ай қалпақ,
Таң атып келед, көкжиек баяу түріп жең.

Төгіліп дүзге шегірткелердің шер үні, 
Құлағы күннің көрінген кезде шығыстан
дүркірей қашқан көлеңкелердің шеруі,
Жеңіліп қалып, шегінген жаудай ұрыстан.

***

Білесің бе? 
Бұл қоғамның пернесі мұң шертеді, 
Сенен есед пейіштік үндер лебі.
Шарасыздау жанарым тар тағдырға,
Жара болып тұншыққан түнді өртеді.

Білесің бе? 
Құстар жаққан махаббат жыр алауын,
Көкжиекке жұлдыздың құлағанын.
Білесің бе аязды желтоқсанның,
Ақ көрпеге оранып жылағанын. 

Білесің бе? 
Ақ боранның ақ күнде жар ұрғанын, 
Солған күнде санамның тарылғанын. 
Білесің бе көктемнің күндері де,
Мен секілді өзіңді сағынғанын.

***

Құсалы қыс,
Мұз боп қатқан мұң жолдары көшенің,
Айғыздалған... айға жанар төседің, 
Қаңтар желі шоқтай қарып музаны,
Шамырқанған шабытымды көседің. 

Құсалы қыс, 
Қарлықтырып қапаланған үніңді,
Тарылтады тұншықтырып түніңді, 
Ғасыр тыңдап әуезіңді мұңылы,
Ғазал жыр боп ғұмырыңа үңілді. 

Құсалы қыс 
Құс тағдырлар, шатырдағы жылылық, 
Қасқыр жылдар қаламымда тағы ұлып, 
шабыт берген мына қыстың келбеті
Өлеңімді жамылып.

***

Күз

Бұл күзді менің өлеңім ғана сағынар, 
Қарашықтарым айдың нұрына малынар. 
Қос ғашық жүрек қайың түбіне жантайып,
Албырт жүректер жырымды оқып жабығар. 

О, кербез уақыт өткенге сәлем айтқайсың, 
Сағынғанменен сол күнім артқа қайтпайсың, 
Қызарып жанып, даланы жауып сары күз
Қаздардың үнін тұмар қып тағып сақтайсың.

Үнсізсің қалай, неліктен маған жұмбақсың, 
Біз үшін ертең жаңадан туған жыл да атсын, 
Жылулық іздеп күнгейге ұшқан аққулар
Махаббат жырын екеуімізге тыңдатсын!

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК 9 желтоқсанға арналған ауа райы болжамын ұсынды. Синоптиктер күн райының нашарлауы...

Жаңалықтар

Дамаскіде мемлекеттік мекемелер мен жеке үйлер тоналып жатқаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды...