Елорда тұрғындары мен қонақтарын 11 сәуірде «Астана Операның» Үлкен залы сахнасында өтет...
Қазақстанда дүниеге келген музыка
Қазақстан композиторлар одағының ұйымдастыруымен Мұқан Төлебаевтың 110 жылдығына орайластырылған «Ұлы Мұқаңа мұрагерлерінен тағзым» концертінде отандық авторлардың вокалдық және симфониялық музыкасы шырқалады. 21 қарашада «Астана Опера» солистері, хоры және Симфониялық оркестрі ұлттық композиторлық мектеп классигінің туындыларымен қатар, дарынды заманауи авторлардың еш жерде шырқалмаған шығармаларын орындайды. Театр оркестріне Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдин мен «Құрмет» орденінің кавалері Руслан Баймурзин жетекшілік етеді.
Музыкалық кешке өз өнерлерімен театрдың жарқын солистері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Азамат Жылтыркөзов, Жанат Шыбықбаев, Мейір Байнеш, «Құрмет» орденінің кавалері Айзада Қапонова, халықаралық байқаулардың лауреаттары Гүлжанат Сапақова, Мәдина Исламова, Бейімбет Таңарықов, Рамзат Балакишиев, Ержан Саипов, Артур Габдиев, Алтынбек Әбілда, Айгерім Аманжолова, Нарұл Тойкенов, сондай-ақ шақырылған солистер – скрипкашы Еркебұлан Сапарбаев, вокалист Дильназ Омарханова және тағы басқалары көрік береді.
1939 жылы негізі қаланған Қазақстан композиторлар одағының бастауында ұлттық мәдениеттің кемеңгер қайраткерлері Ахмет Жұбанов, Латиф Хамиди, Евгений Брусиловский, Мұқан Төлебаев, Василий Великанов, Нұрғиса Тілендиев, Сыдық Мұхамеджанов тұрды. Ғазиза Жұбанова, Еркеғали Рахмадиев, Құддыс Қожамияров және тағы басқалары олардың ізбасарлары болды.
– Бүгінде Қазақстан композиторлар одағы – еліміздің дамуына, өскелең ұрпақ тәрбиесіне зор рухани, мәдени және музыкалық үлесін қосып келе жатқан алдыңғы қатарлы шығармашылық ұйымдардың бірі. Заманауи композиторлар жоғары кәсіби деңгейді сақтауға, композиторлық техниканың жаңа құралдарын меңгерген дарынды жас әріптестерін қолдауға тырысады, – деп атап өтті Қазақстан композиторлар одағының төрағасы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Серікжан Әбдінұров. – Бағдарламада қазақстандық композиторлық мектептің түрлі буын авторлары ұсынылды. Бұл келер жылы 85 жылдық мерейтойын атап өтетін кәсіби ұйымның пайда болуынан кейінгі эволюцияны бақылауға мүмкіндік береді.
«Ұлы Мұқаңа мұрагерлерінен тағзым» концерті аясында Мұқан Төлебаевтың «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» операсынан үзінділер, сондай-ақ автордың «Тос мені, тос», «Кестелі орамал» танымал романстары ұсынылады. А.Жұбанов пен Л.Хамидидің аттас операсынан Абайдың ариясы, Ә.Қазақбаевтың «Жамбыл жырау» операсынан Сүйінбайдың термесі, А.Жайымов пен А.Жайымның «Бейбарыс» операсынан Бейбарыстың ариясы, А.Мұхитдиннің «Әл-Фараби» операсынан «Гүлдер биі» шырқалады. Сондай-ақ В.Стригоцкий-Пактың «Кенесары» симфониялық поэмасы, Б.Қыдырбектің «Реквиемі», Б.Дәлденбайдың «Ел бақыты» вокалдық-симфониялық одасы орындалады.
Айта кету керек, отандық музыка жанкүйерлері бұл кеште бірден екі әлемдік премьераның куәгерлері атанады, себебі оларға алғаш рет Әліби Әбдінұровтың осынау шараға арнайы жазған Оркестр мен скрипкаға арналған концерті және Серікжан Әбдінұровтың «Фараб-Отырар» вокалдық-симфониялық дастаны таныстырылады.
– Өзім жақсы көретін автор Мұхтар Шахановтың «Отырардың күйреуі» поэмасын оқығаннан кейін «Фараб-Отырар» дастанын жазуға деген шабыт пайда болды. Бұл туынды мектеп кезімнен бастап қолымнан түсірмей оқыған кітабым еді, – деді композитор. – Дастан жазу туралы идеяның пайда болғанына біраз болды. Мен Оңтүстік Қазақстанның тумасы болғаннан кейін, осы өңірдің тарихы, Әл-Фараби, Қожа Ахмет Яссауидің қызметі маған өте жақын. Композитор әрі халқымның ұлы ретінде еліміздің аумағында болған оқиғалар туралы айтуды парызым деп білемін. Дастан XII ғасырға, қаланы толығымен жойған Шыңғысханның басқыншылығы болған кезеңдерге жетелейді. Туынды біздің ата-бабаларымыз, қазақ халқының өмірі, тұрмысы мен тарихы жайлы баяндайды.
Серікжан Әбдінұровтың айтуынша, Қазақстан композиторлар одағының өкілдері К.Байсейітова атындағы Камералық залдың сахнасында жылына екі рет өз концерттерін беру мүмкіндігі үшін «Астана Операға» риза. Биыл Мұқан Төлебаевтың мерейтойына байланысты «Ұлы Мұқаңа мұрагерлерінен тағзым» ауқымды вокалдық-симфониялық концерті театрдың Үлкен залында өтеді. Басталуы 19.00-де.