Гүлшен Фұнда. Фелгу (әңгіме)

ӘДЕБИЕТ
2097

Фүлшен Фұндa

Түрiк әдебиетiнiң жaс дaрындaрының бiреуi – Гүлшен Фұндa 1998 жылы Түркияның Кыршеxiр облысынa қaрaсты Чiчекдaғы aудaнындa дүниеге келдi. Ыстaмбұл униерситетiнiң түрiк тiлi мұғaлiмдiгi бөлiмi мен қaтaр қaзiргi түркi тiлдерi мен әдебиеттерi бөлiмiн бiтiрдi. Гүлшен Фұндaның әңгiмелерi “Mahalle Mektebi”, “Post Öykü”, “Türk Edebiyatı” сияқты жорнaлдaрдa жaриялaнды. 2020 жылы жарық көрген “Felgu” (ФЕЛГУ) aтты aлғaшқы кiтaбынa он әңгiме ендi. “Felgu” 2021 жылы екiншi рет бaсылды. Aл, 2023 жылы “Yol Deriz Ona” (Жол деймiз оны) aтты кiтaбы жaрық көрдi.  Жaзушының бұнaн бaсқa “Kâşiler ve Seyyahlar Kitabı” aтты aтты ұжымдық жинaққa “Kovuk” (Қуыс) деген әңгiмесi, Kortkut Ata Ne Söyledi aтты ұжымдық жинaққa “Hikâye Deriz Yalnız” (Әңгiме деймiз тек қaнa) деген әңгiмесi ендi. 

Фүлшен Фұндa қaзiргi тaңдa мектепте мұғaлiм, “KETEBE” пaспaсы мен “Post Öykü” жорнaлындa сaрaшы болып iстейдi. 




 «Шығарыңдар мені аулаға». Қолдарымнан ұстап аулаға шығарды. Аяқтарымда жан жоқ. Топырақ көзжасының иісі, таулы ормандардың сар-самалы келді мұрныма. Олар екі адымдық баспалдақтан төмен түсірді. Тынысым тарылды, демім деміме жетпеді, алқымым күйіп барады. Аспанға, жерге, тау ормандарына соңғы рет көз салдым. Өлім жақындап қалған кез-тін. Көзімнің алдында шалғайдағы өзендер сарқырап ағып жатты. Мен ауылымның иісін сезіндім. Өртенген Арад ауылы.

Арад ауылынанмын. Ол жақтан жалғыз өзімді ғана танимын. Келген жерімді сосын. Қалғанын еске түсірудің қажеті жоқ. Анам бала кезімде жүзіме ай түскенін айтатын. Мұны айдың соққысы деп атайды. Он төртінде жап-жарық нұрға бөленген ай. Ал бұған бала шыдай алмай ауырып қалады-мыс. Маңдайымда түсетіндей етіп шашыма күміс теңге байлап қояды екен. — Сенің атың Айкүн болсын - деді әкем. «Ай жолыңды нұрландырсын, түніңді күндіз етсін». Жылдар бойы науқасымды есімімде тасып жүрдім. Тағдырымды маңдайымда тасығаным секілді. Емдей алдым ба, білмеймін. Бірақ онымен үнемі бірге болдым. Тауға, киікке толы лагерьлерге, ағаш ойпаңдарына, суға да барсам, өзіммен бірге алып жүрдім.

Көшпелі едік. Арад ауылына да тоқтамадық. Меніңше, үйіміз жоқ болатын. Бір жерде екі ай тұра алмайтынбыз. Таулар мен ормандар қорегімізді тауып беретін. Өзендер кірді тазартып,, топырақ денемізді жылытатын. Кекіліктерді аулайтынбыз, бірақ жеуге жүрегіміз дауаламайтын. Адамдардан алыс өмір сүрдік. Кейде ауылдарды аралайтынбыз. Орманнан әкелгенімізді сол жердегілерде сататынбыз. Ештеңе болмаса, қолымызды созып нан сұрайтынбыз. Бірақ әкем тіленбейтін, тек тауға қарайтын. Біз де жол жүретінімізді дереу ұғатын едік. Тіленбейтінімізді де. Көп жол жүретінбіз, үйге қалай жетуге болатынын білетінбіз бірақ. Үйіміз Арад еді. Өртенген Арад ауылы.

Арамейліктер оны «фелгу» деп атайды. Анамды ауруға шалдықты. Қақаған қыстың ортасында ауруға шалдықты. Қасқыр қырылып, киік тоңған қақаған қыста. Төбемнен көздері кеп төнді. Көздерін мен алып қалдым сосын. Төбемнен төнген көздерін: таудан хабар беретін көздерін, жер аударылып, көшкен көшті ұқтырған көздерін. Ең көп топырақты сағынды, мен онымен үнемі бір уыс топырақ алып жүретінмін. Ұзақ-ұзақ иіскейтін. Қорадағы малды тауға айдап әкелген де, шөл мен жерді білетін де анам. Үй еді жердің барлығы оған. Өртенген жерлердің барлығы. Үйге қайтып оралатынымызды жақсы білетін. Бірақ анамды науқастанғаннан кейін ол тауға қайыра бармадық. Зілдей ауыр еді анам. Бір жерге ұзақ қарайтын. Демі үзіліп шығатын. Анамның қасында ұзақ-ұзақ қала алмайтын әкем. Қасына барып сөйлесетін. Бірақ сөйлесер-сөйлеспестен шығып кететін. Кейбір түнде әкем үйге мүлдем келмейтін. Кейде тек аяқ дыбысын ғана еститінбіз. Есік алдында айналып жүріп алатын. Анам енді науқас. Жалғыз құлшылығы – сөз оразасы болатын. Иесіз қалған қалалар секілді үнсіз. «Емі жоқ» — деді емшілер. «Үйге апарыңдар». Сол кеште анамның жаны аузына ұялады. Сосын үн-түнсіз шығып кетті. Жер де емі жоқ өмірді көтеруді қойды. 

Біз тағы да тауға шықтық. Тағы да жер араладық. Бұл жолы ешқандай қорқыныш болған жоқ. Көктем бізді тазартқан-тын. Уақытқа байланған аяғымыздың күрмеуін шешті. Мен анам көрмеген бұлақты көрдім. Сол көктемде, біз тауға шыққанда көрдім, өртенген Арад ауылын, бітпестен болған қысты артқа тастап. Тоқтаусыз жүрумен болдық.  оны көрген едім: аяғы жердің тамыры, қолдары құстардың аялдамасы, көздері ақшамның алауы. Әкем шатырды олардың шатырына жақын етіп тікті. Бірақ ол басын бері бұрмады, адамдарға қарамады. Тек қана ағаштардың түбінде жатып, бұтақтарда ұйықтайтын. Кейде екі түн қатарынан шатырға келмейтін. Бірақ әрқашан қанжығасы майлы оралатын. Жарақатсыз оралатын ол. Көшпенділерден, жерді көпір деп көретіндерден, оралмайтындардан алыс болуды армандады. Өзі де бір жерде тұрмайтын. Соңынан ерейін десем, қуып жете алмас едім. Әлі баламын. Мені ұнатпайтынын білем. Алысты армандайтынын да білем. Кешке әкем көбіне олардың шаңырақтарында болатын. Кейде мен қырсығып бармай қалатынмын. Жоқ, көргім келетін. Бірақ күннің жанындағы ай сияқты едім. Нұры өртеп жіберетін. Бір күні маған келді. «Олар мені жалғыз жібермейді» деді. «Маған әйел керек». Ол менің онымен бірге жол жүргенімді қалады. Басын бұрған жаққа. «Мұнда басқа әйелдер де бар» дедім. «Айкүн» деді ол, маған бетін бұрып. «Айдың нұры, сенің атың бізге жол көрсетеді».

Анамның көзі қайтқаннан кейін, әкем жалғыз қалды. Оны жалғыз қалдырғым келмейтін. Бірақ таулар біздікі, жер де біздікі еді. Әкемді іздеген уақытта қалайда табатын едім. Қоштастым. Әкем құшақтасуды ұнатпайтын. Бұл жолы құшақтадым. Анамнан қалған екі сырғанықолына ұстатты. «Бұлар енді сенікі» деді. «Абай бол». Әкемнің артынан жүргенім жететін еді. Ендігі жолым Алаздың қадамдарынан басталады.

Алаз Гермисара ауылынан. Отбасылары мен нағашылары ел аралайтын. Ешқашан отбасысы, анасын, әкесі жайлы айтқан емес. Бір үндемей қалса, тас сынды мәңгілік үнсіз қалатын. Уәдесімен қыс әкеліп, от жаға алатын бірақ. Уақыты келгенде жолға шықтық; қасында жүрдім, үнсіз соңынан ердім. Шаршамадым. Кейде өте көңілді болатын; тауларды, тастарды мың бір рет өткен жолдарды айтып отыратын. Киік соқпақтарын, сұлу суларды сөз ететін. Тау ормандары Алазды қоршап алғандай күй сыйлайтын. Жермен біте қайнасып кеткендей. Тоқтаусыз жүре беретін бірақ. Баратын жері бар сияқты, соған қарай бір қалыпты қадам басатын. Маған ол ешқашан жақындаған емес. Жолдың соңында жететін әйелі бар сияқты. Соны ғана армандайтын сынды. Анам үнемі айтып отыратын: «Күн айды сүймейді». «Табиғаты сондай». «Толған айды да, туған айды да сүймейтін». Кейде Алаз мүлде сөйлемей қоятын. Үнсіз бірнеше күн өтетін. Жұмған аузын ашпайтын. Тіпті маған да қарайтын. Сонда да қасында жүре беретінмін: нан бөлісіп, көйлегін жуып, қасында ұйықтайтынмын.

Бір күні «тоқта» деді. Кеш болатын. «Шатырға кірме. Менімен жүр.» Бағыты белгісіз жолмен жүре бастадық. Біраз уақыттан кейін судың дауысын естідім. Төменде ағып жатқан судың дауысы. Жерде отырдық. «Бүгін түн – бұл айдың соңғы күні» деді. «Аспанда үш күн күн болмайды». Төртінші күні ғана қайта тіріледі. «Мен де кетіп барамын, Айгүн. Үш күннен кейін қайтып келмесем, Арадқа қайт», – деді. Түсіне алмадым. Қайда? Неге? Кімге кетіп барасың? –  дедім. Ешқайсысына жауап бермеді. Түн. Айдың соңғы жарығы. Алаз маған бірінші рет бетін бұрып қарады. Қолдары мен іздеп алғаш рет осы түні тапты. Иығына басымды қойдым. Шашы тал, бұтақтарын араладым. Қолдары акациядан жасалған-тын, ешқашан жіберместей болдым. Көзімді жұмған да, ашпадым, ешқашан ашпадым. Оянғанымда жоқ болып шықты. Кеткені рас еді. Үш түн неткен ұзақ. Үш түн түннен де қараңғы болды. Шатырдан еш шықпадым. Күнді де еш көрмедім. Тек су іштім. Оның бөліп берген нанына қараумен болдым. Қолымның ұшы да тиген жоқ бірақ. Қасқырлар ұзақ ұзақ ұлыды. От жақтым, шатырды пәтерге алып бардым. Күттім. Күттім. Күте күте анама айналдым, әкемді күттім. Келді, үш күннен кейін келді, бірақ өзімен бірге жарасын алып келді. Иығынан кеудесіне дейін созылған қызыл жол. Жазылмаған, дүние тоқтағанша жазылмайтын жарамен. Не берсе де, жол берді маған. Нені алса да, жол алды менен. Алазды Арадқа апара алмадым. Оған өзеннің шуы естілетін жер таңдадым. Оны уыс уыс әдемі топырақпен көмдім. Сосын Арадқа, өртенген Арад ауылына қайттым. Қайыра тауға шықпайтын, шатыр тікпейтін жерге. Өмір сүрдім, осында өмір сүретін күндерім болды. Арамейліктер оны «фелгу» деп атайды. Анамның қақаған қыстың ортасында науқас болғаны секілді. Мен де енді науқасқа айналдым, барлық маусым қыста қалды. 

Өмірді көргенім жетеді. Аула не беру керек болса берді, не көру керек болса көрсетті. Өмірден алатынымды алдым, беретінін берген-тін: жүрегімдегі ып-ыстық Алазды да, өртенген Арад ауылын да, мына қартайған қолдарым мен мына отынның иісін де. Жер анам болды: алғаннан бергені көп анам.  Тау ормандарының сар-самалы әкем-тін.  Күртешесін алып желмен жарысқан әкем. Бұл дүние үйім-тін, аспан да үйімнің төбесі. Үйге қайта апарыпды мені. Басыма бір стакан су қойды. Бөлмеде басқа ештеңе болған жоқ. Қабырғалар және мен ғана. Өлім барлығын бір етеді.  Жермен жексен етеді өлім. Құлағыма шалғайдағы өзеннің дауысы естіледі. Көздерімді жұмдым. Аспанды көріп жаттым бірақ: жап-жарық нұрға малынған түн қонақтаған аспан. Жерде демімнің үзіліп бара жатқанын көріп тұрмын, көріп тұрмын ай болып көкте тірілгенімді.


Түрiк тiлiнен aудaрғaн: Фaйзуллa Төлтaй

author

Файзулла Төлтай

АҚЫН

Жаңалықтар

Абай облысында әскери қызметкерді өлтіру ісі бойынша сот үкімі шықты. Үржар аудандық қорғаныс істері...

Жаңалықтар

Биліктегі «Грузин арманы – демократиялық Грузия» партиясының кандидаты, парламен...