Одақты үш көруім

ӘДЕБИЕТ
1554

Бақыт Кәрібаева. Жазушы, профессор, ф.ғ.д


І. Мәдениет министрі мәдениетсіздікке неге араша түсе алмады?

            Әсем Алматының Алатау жақ беткейіне өткен ғасырда (ХХ) тұрғызылған сәулет өнерінің інжуі – тарихи мұрағат есепті Опера және балет театрында ХХІ ғасырда өткен қазақ қаламгерлерінің XV-ші құрылтайы неге келелі кеңес емес, келекелі көрініс «қойылымын» көрсетті? Әуезов – Хамидидің «Абай трагедиясының» бір ғасырдан соңғы жалғасы ма?! Құрылтай телеэкран арқылы төрткүл дүниеге таратылды: «Айқай-шумен басталған жиынның қақ ортасына жайғасқан мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы бір-бірінің жағасын жыртқан – бейпіл мәдениетсіздікке араша тұра алмады» - деді, 31 арна дикторы Мақсат Толықбай (12.03.2018). Шатақтасу арқауы қоғамдық мәселелерден тыс – субъективтік кикілжің екенін қазақтілді басқа телеарналар жарыса жамырап Толықбайды толықтырумен болды. Сөйтіп, миллиондаған көрермен оқырманын қазіргі қазақ әдебиетінің, «әдебиет сөзі» емес, «Тамашаға» кеңелтті – театр заңынан тыс тұрпайылықпен Күләш бастаған сахна саңлақтарын мұндағы, жарысқа шақырып – рухтарын үркітуге келгеннен сау ма?! Бұл – менің ішкі монологым. Ал шындығында мемлекетіміздің ең жоғарғы атақ-дәрежесімен марапатталып келген «марқасқалардың» бұл бір-бірімен айқасулары – көне Рим гладиаторларынан бір елі кем емес еді. Бұл – «жүз жылда – қазан» дегенді білдіре ме?! Ғасыр бұрын әдебиеті мен өнері көкке өрлеген ел үрдісінде Тіл этика-эстетикасы әдебиет дамуының негізгі катализаторы еді: халық жазушылары халықтан қол үзіп, биліктің бұрын қол шоқпары болса енді «ойыншығына» айналып-ақ кеткені ме?! Жиында көрініс бергеніндей, «ауызында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар» - шындыққа шықты: жазушыларымыздың ат көтере алмайтын «атақтары» осыны айғақтады. Қызыл империя тұсындағы осы Одақтағы айтыс-тартыс Тілдің халықаралық дәрежедегі мәртебесін мұншалық төмендеткен жоқ еді. Неше дүркін лауреат – мәдениет қайраткері – мемлекеттік сыйлық иегерлерін көріп-естіп отырған жұртшылық – журналист қауымы: «жазушылар шын бет-бейнесін ашты» деп, шуласты экраннан: әлемге дабыл қақты. Совет тұсындағы мұндай өзара «соғыс» негізінен идеологиялық – саяси сауатсыздықтан «демагогия дауылын» тұрғызса, бүгін атағы жоқ жазушыны адам қатарынан шығарып тастау – «атақтылардың» диктатурасын орнату жолындағы жанкештілік – «сөзсоқтылықтан» діңкеледі. Нәтижесінде: 1. сөз бостандығы жетпіс жыл «тарихта» мұнша аяқасты етілген жоқ. 2. демократия принципі Одақ ішінде мұнша хаосқа айналмаған еді. Мәселен, Арыстанбек Мұхамедиұлы мәдениет министрі емес – шахмат тақтасының «пешкасы» - бақылаушысы – барлаушы миссиясын өтеуге мәжбүр. Ішкі әскер – ішкі саясаттың сауысқаннан сақ қызметкерлері – білеудей-білеудей жарау жігіттер сөз сұрап қалған жеке кісіні өрттей шапшандықпен жетелей жөнеледі: президиумға жақындатпайды. Мінберге тек шетелге есімдерін рәсімдеп алған, елімізде омырауы орден-медальдан көрінбейтін, атақ-лауазымнан кеуделеріне «нан піскен» алты алашқа сонысымен мәлім «тұлғалар» ғана көтерілуге тиіс. 

            Одақ мәжілісінен – жалпы әдебиет кеңістіктен «көркемөнер – көркемөнер үшін» диалектикасына тыйым салынса, шен-шекпен бәсекесі етек алып, өзара шекісу – шекелесу көрігі қыза түсіп шығармашылық ұйым тұйық шаруашылыққа айналып Одақты хаос иектемекші. Съезде сөйлеген сөздің баршасын Мұрат Әуезов профанация деп бағалауы тегін емес. Ал негізгі «ойыншылар» сайысы тап-таза субъективизм. Кикілжің халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қабдеш Жұмадиловтың тұрақты тіркеске айналдырған: «Нұрлан Оразалин бір жиын үстінде 42 Алаш сыйлығын үйлестірді» атаулы сөйлемі отқа май құйып жібергендей «лау» ете түсті. Оразалиннің жүйкесі сыр берді: бір сөзді интернет – басқа да басқосуларда Қабекеңнің қайталай беруі – жанды жерді мүлт кетпей дәл көздеуі «жарылыс» жасады: «Айқалама! Айқалама!» лап, тым сыпайы – баяу сөйлеп тұрған Қабдешке акустикасы онсыз да күшейтілген опера театрын басына көтере Нұрлан өзі айқайға басты. Қабдеш қызбады: «Өліп кет! Өліп кет!» деп онан сайын сыбырлай сөйледі: «жеңісіне» жаны рахат кешті. Осы сәтте залдан әлдеқандай бір «жанашыр» табылып: «Байқандар, Нұрланның кеше жүрегі ауырып қалған!» деді. Зал құлаққа ұрған танадай тына қалды. Айсберг су бетінен белгі берді: Нұрлан ес жиді: «Ұлылық ауруымен аурғандар!» - деді, кімге – неге айтқаны белгісіз. Бұдан кейін сөз тиер-тимесіне сенімсіз кейіппен Шаханов жан жағына жалтақтай қарап президиумнан бейкүнә жалынышты үнмен: «Екі-ақ ауыз сөз айтам» деген Шаханов тұтанған өртті су сепкендей сөндірер деген үмітпен модератор Әлібек Асқаров демде оған микрофон ұсынды. «Мемлекеттік тіл» қоғамдық қозғалысы» республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы: «Нұрлан Оразалин биліктің туфлиін жалаған. Оразалин – Қоразалин да бола алмаған» деп, өзінің ежелгі «махамына» басты: Қабдешті қолдауға асығыпты. Бұл жолы Нұрлан қарап қалмады: кек қайтарды. Әлдеқандай бір орыс журналист әйелдің: «Шаханов – Шакалов» деген анықтама – «бағасын» алға тартты. 

            Жалпыхалықтық мәні зор бұл Одақ жиынын нешеме ақылы орынбасар – кеңесшілер ұстап отырған сенатор – Төраға жүргізуші – модераторға президент аппаратынан кітап мекемесі қызметкеріне төмендетілген білікті мемлекеттік қызметкер саналы жазушы Әлібек Асқаровты «жалға» алыпты. Жаңа төраға сайлау үстінде Одақ іші алауыздығы белгі берді: демократияға жол бермеу мақсатында алдын ала 80 кісі Басқарма сайлап, жаңа төраға сол тізімге тәуелді етілген. Осы тұста 700 жазушы өздерін өздері ұсынған хаос басталды. «Көптің» толқуынан сақтанған модератор 80 кісі тізімін 180 ұзартты. Бұл тізімнің ішінде мәдениет министрінің оң жанбасына жайғасқан Әбдіжәміл Нұрпейісов жоқ болып шықты. Оның орнына не пленум – не бүгінгі Құрылтайға келмеген – анығында келе алмаған академик Серік Қирабаев Басқарма тізімін бастап тұр. Академик атағы асырап жатыр: еңбектен қалса да ақылы жұмысы жүріп жатыр. Сондықтан Одақтың осы съезд алдындағы 7 жылдық атқарған жұмысының есебін беріп баяндама жасаған төрағаның бірінші орынбасары Ғалым Жайлыбай: «Әдебиет пен ғылымның абыз ақсақалы Серік Қирабаев ағамыздың 90 жасқа толған мерейтойы лайықты атап өтілді. Астанада С.Әшімбаев, Ә.Сығаев 70 жылдықтары өткенін жақсы білесіздер» деп, академиктің өзі ғана емес, «мектебінің» мерейін асырды. (Пленум. 12.02.2018). «Қазақ руханиятының жаңғыру» кезенінің шындығын паш етті. 

Нұрпейісовтен кейінгі «жазушы» Бексұлтан Нұржеке де бұл «тізімнен» табылмағанына шыдамы түгесіліп: «Бұл тізім өзі жоғарғы жақтан жасалып келген бе?!» деп, Құрылтай есігін тарс жапты: қарсылығын жасырмады. Сонда барып есі кірген Нұрлан Оразалин: «Бексұлтан Нұржеке, Жанарбек Әшімжан кірмеген бұл тізімге кімдер еніп кеткен?!» деп жан-жағына таңдана қарады. Ешкімнен жауап ести алмады. Күні кеше Евразия – Түркия аумағына атын жайып үлгерген, қазақ әдебиеті тағдырын шешкен «тұлғаның» бұл тосылуы – бір бұл емес. Сенат мінберінен есеп беріп тұрған министр Ерболат Досаевқа сенатор төраға: «Әдебиетке қалай қарайсыз?» деп қисынсыз сауал қойғанда – сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Бұған кім жауап береді?» деп қатаң дауыс көтеріп тиып тастағанда: «Кешіріңіз, менің төрімде Абай тұр» деді, түсінген кісіге Абай түгілі өз атын жаза алмайтын «топ жазушы» төрағасына сес көрсете сонда Ерболат Досаев. Енді міне кеше өзіне қызмет еткен Ұлықбектің бүгін өзінің креслосына қалай отырып қалғанын түсіне алмай дал болып отыр. Рас, ол кеше «мықты» еді – өз ісіне мығым еді. Үйткені, жуырда ғана 70 жылдығын мемлекеттік деңгейдегі «элита» дәл осы опера театрында тойлаған. Тарту – таралғымен қоса: «Нұрлан қазақ әдебиетінің серкесі» атағын президенттің оң көзі – мәжілістің тұрақты депутаты Куаныш Сұлтановтың өзі әйгілеген. Сөйтіп оның келешек «сайлануын» да қамтамасыз еткендей еді: «Ол жәй серке емес, төл бастаған серке» деп мығымдаған. Әттен! «Тіл тарланы», мемлекет және қоғам қайраткері қазақ тілін халықаралық тілмен айтқанда, дискриминациялады – серке төл бастамайды, қой бастайды – ғасырлар бойы қалыптасқан «афоризмді» ревизиялады. («Ақ қошқар қой бастаған ай мүйізді» - өлеңін қызыл галстук байлаған пионер күнімізден айттық емес пе).

Нұрлан ақындығын «Нұрлан Оразалиннің көкежасық жазбаларын шектен тыс асыра мақтаған Серік Қирабаев «дүние диалектикалық тұрғыда қарайды» деп бастап аспанға шығарып асқақтатқан мақаласын дәл жазушылар Одағының құрылтайы қарсанында «Егеменді Қазақстан» 19.09.2012 күні, айқарма бетіне «Рух тәуелсіздігінің ақыны» деп айқайлатуы қалай? – қоғамдық пікірге («Дат» 18.04.2013): «Нұрлан нашар ақын» деген бос сөз. Ол біздің қазіргі дәуірдегі ең күшті ақындарымыздың бірі. Ол елмен тіл табыса біледі – қазіргі тұрақсыз тіршілікте Одақты сақтап қалу – басты мәселе» - академик Серік Қирабаев» (DAҚазақстан 3(24) 2012). «Айттым – бітті, кестім үзілді» жауап естідік. 

... Ұлықбек триумфпен сайланды – «ақ түйенің қарны жарылды». 

ХV құрылтай үстінде 22 жыл еткен «еңбегі» түкке тұрғысыз етіліп, «Қоразалин» атағын жамылған Нұрлан өз «құрамымен» Қарағандыға аттанды: құрылтай жалғасын тапты: Арқада ардакүрең ақын тойы – Ғалым Жайлыбай – 60. «Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов ҚР премьер министрі Бақытжан Сағынтаевтың алғыс хатын тапсырды. Облыс басшысы өзінің құттықтау сөзінде: «Біз поэзия жүрек сөзі дейміз. Ал Ғалекең «поэзия рухтың көзі» дейді. Мен осы сөзге қосыламын. Үйткені сіз қазақ поэзиясының өзге тілге ең көп аударылған ақыны екенсіз. Сондықтан сізге алғыс айтамыз. Қазақ өлеңін жат жұртқа танытқаныңыз үшін. Халықаралық деңгейде өтіп жатқан бүгінгі кеш сіз ғана емес, қазақ жырына берілген үлкен баға» («Қазақ әдебиеті» 25.05.2018). 

Одақты сонау жылдар «сорақы» сүрлеуіне орда етіп классиктер өнегесін – шығармашылық бұтағын бұтарлап тастамақпыз ба?!


(Жалғасы бар)      

author

Бақыт Кәрібаева

ҒАЛЫМ

Жаңалықтар

Танымал тұлғалар мен блогерлер Талғарда болған оқиғаға қатысты пікір білдіріп, ойларымен бөлісе баст...

Жаңалықтар

Ресей Федерациясының президенті Владимир Путин Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен...