58 мың жапон тұтқынының қабірін тапқан ғалым

Жаңалықтар
12667

1992 жылы Қазақстанға қонаққа келген жапон принці Такемура Президент Нұрсұлтан Назарбаевтан жапон тұтқындарының Қазақ даласында қалған қабірлері туралы деректерді сұрайды. Әне сол кезде әскери тарихшы Асқанбек Сапарұлын кездесуге шақырады. Тарихшы Жапон елінің Қазақ топырағындағы әскери тұтқындарының қабірін іздестіріп, тауып беруге сөз береді. Қазақ соғыс ардагері, әскери тарихшы Асқанбек Сапарұлы «Қазақ жеріндегі жапон бейіттері» атты кітап жазып, жапон елінің зиялылары мен туыс-туғандарының басын іздеп әлекке түскен жапондықтарға үміт отын сыйлап еді.

 

Сұм соғыстан зардап шеккен туыстарынан әлде бір деректер табылып қалар ма деп елеңдеген жапондықтар осы бір кітапқа енген материалдар туралы білгісі келіп, тағатсызданады. Біз бас сұққан Алматы қаласының Мемлекеттік архивінің жеке қорлар және құжаттық топтамалар бөліміндегі 419 қор тізімінде әскери тарихшы Алданазаров Асқанбек Сапарұлының архивке тапсырған материалдары сақтаулы тұр. Ол Орта Азияда «Алтын сәулелі күншығыс елінің орденімен» марапатталған тұңғыш адам. 

Жер-жиһанға уытын жайған сұрапыл соғыс Асқанбек Алназаровты да айналып өткен жоқ. 1942 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталарда Асқанбек Сапарұлының 6 жылдық білімі бар еді. Ол соғыс жолдарын Сталинградтан Потсдамға дейінгі аралықта өткізіп, денесінің 11 жерінен жарақат алды. Соғыс аяқталған соң ол Ленинград университетінің тарих факультетінде жоғары білім алады. Одан соң Жоғарғы офицерлік мектебін әскери мамандығы бойынша бітіріп, зымырандар бөлімінде әскери қызметте болып, зымырандар бригадасының командирі қызметін атқарады.

1968 жылы денсаулығына байланысты запасқа шығып, Мемлекеттік медицина институтында мұғалімдік қызметімен қатар Қазақ мемлекеттік университетінің сырттай бөлімінің тарих факультетінің деканы қызметін атқарады. А.Алданазаров қызметінің елеулі бөлігін жапон мазарларын зерттеуге арнады. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін Кеңес Одағының тұтқынында болған 600 мың жапонның 58 мың 900-і Қазақстан аумағына жіберіліпті. Сол күншығыс елі тұтқындарының қай жерде, қай мекенде, қалай жерленгенін зерттеген бірден-бір ғалым, тарихшы, біздің кейіпкеріміз - Асқанбек Алданазаров. 

1994 жылы сәуір айында Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға сапарлай барғанда Асқанбек Сапарұлының кітабын сол кездегі премьер-министр Косокаваға сыйға тартады. Дәм-тұзы қазақ даласында таусылып, осында жерленген жапон әскери тұтқындарының зираты олардың туыс-туғандары мен бауырластары үшін құнды дерек көзіне айналады. Күн-түн демей зерттеудің арқасында Қазақстанның 11 облысынан Жапон тұтқындарының 58900 қабірі табылды. Тұтқындардың ең шоғырлы жерленген өңірі - Қарағанды облысының Спасск қаласы екен. Ол жақта 245 жапондық тұтқынның сүйегі жатыр. Қабірдегі адамдар үш қабат бойынша жерленіпті. Ең астында ату жазасына кесілген бай-кулактар, оның үстінде халық жаулары, жоғары қабатта әскери тұтқындар. Зерттеу барысында аты-жөндерін қалпына келтіріп, анықтау үшін Асқанбек Сапарұлы Мәскеудің Президенттік мұрағатында арнаулы зерттеу жүргізеді. 

Осындай ыждағаттылықтың арқасында Асқанбек Сапарұлы берген уағдасын орындап, өз міндетін адал атқарады. Оның «Естелік кітабы» жапондықтардың қолына тиісімен ондағы жұрт бірі атасының, енді бірі әкесінің, ағасының мүрдесін қазақ даласынан іздеп, сұрау сала бастайды. Осылардың бәріне жөн сілтеп, жол көрсеткен де Асқанбек Алданазаровтың өзі болды. Ол сол кездегі жапон императорының жарлығы бойынша «Күн шығыс» орденімен марапатталады. Төккен терді текке кетпегені осы шығар.

Сонымен қатар ол Қазақстан территориясындағы поляк әскерлерінің жерленген орындарын анықтап, Польша елінде жерленген 133 қазақстандық жауынгердің қабірін де табады. Бұл да Асқанбек Сапарұлының әскери тарихшы ретінде еліне қосқан үлесінің бір парасы. Соғыс кімдердің жүрегіне жара салмады дейсіз. Ал алыста, айдалада, жат жерде сүйегі қалған боздақтардың басын іздеп, қабірін тапқан кісіге көрсетілген құрмет те шексіз болса керек.

Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН

author

Дүйсенәлі Әлімақын

Жаңалықтар

Мәжілістің бұрынғы депутаты, кейін оппозициялық саясаткер болған Төлен Тоқтасынов қайтыс болды, деп...

Жаңалықтар

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев АЭС референдумынан кейін Үкімет құрамының ауысуы мүмкін бе деге...