«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...
Кинцуги – өнер һәм пәлсапа
Жапон халқының икигай ілімі (өмірлік мақсатыңды айқындау), ваби-саби ұғымы (әсемдікке ұмтылу) және тағы басқа философиясы туралы жиі естиміз. Жаһан жұрты жапондардың болмысын, өмір сүру салтын, мәдениетін тануға қашан да қызыққан. Бүгінде ерекше ынтамен зерттеп әлек. Күйзеліспен күн көретін қоғамға пайдалы болар тағы бір пәлсапа бар, ол – кинцуги.
Кинцуги тура мағынасында сынған бұйымды алтын ұнтақтың көмегімен желімдеу дегенге саяды. Аңыз-әпсаналарда кинцуги өнері Жапонияда XV ғасырда пайда болған делінеді. Муромати кезеңінде өмір сүрген Асикага династиясының сегізінші сёгуні Ёсимасенің шай ішетін кесесі сынып, оны жөндеуге бұйырады. Шеберлердің кесені қарапайым желімдей салғанына көңілі толмай, қайта жасауға тапсырма береді. Сол уақытта жапон шеберлері алтын ұнтақтың көмегімен кесеге жаңа кескін сыйлаған деседі. Бүгінде Жапонияда сынған керамика бұйымдарын алтын ұнтақ қосып лактау техникасы кең қолданысқа енген. Бұл халықта шай ішудің жақсы дәстүрі қалыптасқанын білеміз, сонда пайдаланатын ыдыс-аяқ сына қалса, оны қоқысқа тастамай, жаңа әрі көрнекті кескін сыйлап, кәдеге жарату салты да бар.
Кинцуги көнеден бері өнер, техника ғана емес, бүтін бір пәлсапа болып қалыптасты әрі түрлі мазмұнда тәпсірленіп келеді. Бұл концепция жапондардың болмысына, өмір сүру салтына, мәдениетіне дендеп енген. Әрі бүгінде кинцуги философиясына әлем елдері қызыға бастады. Бір қарағанда, кинцуги өнері фарфор немесе керамика ыдысының «тағдырындағы» драмалық сәті бейнеленеді. Бұйымның соққыға төтеп бере алмай, тас-талқан шыққан кезеңі енді мәңгілікке кетік болып қалуы керек еді. Бірақ алтын ұнтақ қосып желімдеу арқылы ыдыстың кемшілігі ерекшелігіне айналады. Жапон халқы адамның көңіліне түскен қаяу, жанына батқан қайғы-мұңды «алтын ұнтақтың» көмегімен ерекшелеуге және содан ләззат алуға болады деп есептейді. Яғни кез келген жанның өміріндегі ауыр соққының салдарын жаңа бейнеде ғұмыр кешуге берілген мүмкіндік деген ой насихаттайды. Тұлғаның бойындағы кемшілікті оның артықшылығына айналдырудың мәніне үңіледі. Бір ғана мысал, 2014 жылы Паоло Антонини есімді бразилиялық модель жол апатына ұшырап, дәрігерлер бір аяғын тізесінен төмен кесіп тастайды. Модель үшін адамның сыртқы бейнесі аса маңызды. Арбаға таңылған бойжеткен болашағынан күдер үзген сәтінде жапондардың осы философиясымен танысады. Паоло арбадан тұрып, протез аяқ салдырады әрі онысын артықшылығы деп қабылдап, бүгінде сән саласында модель болып жүр. Айта берсек, мұндай мысал көп.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, жер халқының 5 пайызға жуығы күйзеліске шалдыққан және әлемде жыл сайын 700 мыңнан астам адам соның салдарынан өзіне қол жұмсайды. Бұл – тек медициналық тіркеуге алынғандардың статистикасы. Әйтпесе, күйзеліспен күн көріп жүргендердің қарасы бес пайыздан көп болса керек. Осы дерттің ДСҰ-ның психикалық денсаулық саласындағы кемшіліктерді жою жөніндегі іс-шаралар бағдарламасының (mhGAP) басым бағытының бірі болғаны да бекер емес.
Мамандар бүгінде күйзеліске ұшыраудың көп себебін атады, соның ішінде ең жиі аталатыны – тұлға ретінде қалыптаса алмау, жеке басының кемшіліктерін қабылдамау, белгілі бір адамға не дүниеге тәуелділік, түрлі сәтсіздіктер және тағы басқа. Мәселен, ДСҰ-ның дерегінше, 15-29 жас аралығындағы жастардың өлім көрсеткішінде өз-өзіне қол салу төртінші орында тұр, ал бұл қадамға барғандардың 42 пайызының жеке басына көңілі толмаған, қате-кемшіліктерінен «ұялып», еңсесін тіктеуге қауқарсыз болған. Бүгінде психикалық бұзылыстарды емдеудің тиімді әрі аса танымал тәсілдері баршылық, десек те, ДСҰ мәліметінше, табысы төмен және орташа елдердің 75 пайыздан көп тұрғыны күйзелген жағдайда ешқандай ем қабылдамайды. Осы себептен ғалымдар адамзаттың күйзеліске бейім уақытында өмірлік тірек болатын қандай да бір пәлсапаға сенгені дұрыс деп санайды. Ол – Жаратушы, дін, тылсым, наным-сенім, ұлттық философия және тағы басқа. Кез келген рухани философияның миссиясы адам сынағының жүгін жеңілдету дейтін болсақ, түрлі қиындықтың салдарынан өзіне қол жұмсайтындардың қатары көбейген заманда кинцуги пәлсапасын ойға тоқып қою, артық етпес.