Теңіз көкжалы – «Жирен сақал» Барбаросса

Жаңалықтар
5522

Теңіз қарақшыларының ішінде атышулы қолбасшылар, қанқұйлы капитандар, жарты әлемді шулатқан қанішер баскесерлер баршылық. Бартолемью Робертс, «Қара сақал» Эдвард Тич секілді «теңіз қасқырлары» солардың бірі.


Алайда, жерорта теңізін ашса – алақанында, жұмса – жұдырығында ұстаған, күллі Еуропа билеушілерінің түн ұйқысын бұзған бір көкжал болған. «Жирен сақал» Барбаросса деген!

Барбаросса – мұсылман еді. Ұлты албан, діні Ислам.

Оның азан шақырып қойған шын есімі - Хызыр болатын. Кейін ол өзіне Хайыр ад-Дин Барбаросса деген лақап атты таңдап алды.

Лесбос аралында тұратын православ дініндегі Яков есімді ұстаның отбасында дүниеге келген 4 ұлдың бірі. Ислам дінін қабылдаған соң, көп ұзамай Хызыр ағаларына еріп теңізші болуға тәуекел етеді.

Хызыр «Барбаросса» деген лақап атты өзінің үлкен ағасы, теңіз қарақшысы «Жирен сақал» Аруджаның өлімінен кейін иемденген. Барбаросса деген итальян тілінде barba (сақал) rossa (жирен) деген сөздердің қосындысы.

Ағалы-інілі қарақшылар әуелі Тунис әмірін мойындатып, Джерба аралын өз тұрағына айналдырады да, 1516 жылы Алжирді басып алады. Аруджа екі жыл ол жерде «І Барбаросса билеуші» деген атпен хандық құрады. Оның өлімінен кейін, Алжир билігі Хайыр ад-Дин (Хызыр) Барбароссаға өтеді.

Ақылды әрі сақ қарақшы Хайыр әд-Диннің кемелерінде құл болмаған. «Құл - қару ұстай алмайды» деген ұстанымдағы ол, өзі тұтқындаған құлдарының бәріне азаттық беріп, нағыз теңіз қасқырларын тәрбиелеп шығарған.

Жерорта теңізіне толық билік жүргізген көкжал «Жирен сақалмен» түрік сұлтандары етене дос болып, тіпті, оған өздеріне тиесілі жерлерде еркін жүруіне ұлықсат етеді. Хайыр әд-Дин Барбаросса мен Таңғажайып Сүлеймен сұлтан мықты одақтас әрі жақын дос болған.

Көк теңізде жеңіліс көрмеген Барбароссаға түрік сұлтаны «Билердің биі» яғни, «Бейлерби» деген атақ береді.

Хайыр әд-Диннің қарамағында оған адал берілген жаужүрек серіктері көп болған. Мәселен, қолсадақтың нысанасынан сығалап отырып күннің биіктігін дәл анықтайтын жебірей Синан, Ібілістің өзімен жекпе-жек шығудан тайынбайтын Какка-Диабола («Ібіліс сабағыш»), ажалдан қорықпайтын араб Салих Раис, әйгілі жиһангер Сиди Али және ақылды һәм қу хорват Пьяли секілді кіл сойқандар «Жирен сақалмен» өле-өлгенше бірге жүрген.

1538 жылы Барбаросаны біржола құрту үшін бірнеше мемлекеттің ең мықты теңіз әскері бірігіп, басында әйгілі теңіз қолбасшысы Андреа Дория деген теңіз генералы екі жүзден аса кемемен Барбароссаның отыз шақты кемесіне тұтқиылдан тап береді. Алайда Дория бүкіл теңіз соғысы тарихындағы ең сойқан жеңіліске тап болады...

Андреадаға жел оңынан туып тұрды, қарауында ең мықты теңіз қарулы күштері болды, бірнеше мемлекет қаржыны судай құйды, сосын.., сосын, ол Барбароссаны теңіздің ең ыңғайсыз қолтығында сығылысып тұрған мезетте алып күшпен тап берді!

...Бірақ, ең мықты жарақтанған екі жүз кеме «Жирен сақалдың» жиырма шақты кемесінен ойсырай ұтылып, үлкен шығыннан бөлек, бірнеше кемесін тұтқынға тастап... Андреа Дория өз басын аман алып шығуға мәжбүр болды...

Рим императоры қисапсыз қаржы төлеп, Жирен сақалды түрік сұлтанынан сатып та алмақ болған. Бейлербей Хызыр келіспейді. 1544 жылы Франция королі І Франциск еліне жау шауып өзіне тиесілі Неаполь аралын испан билеушісі алып қойған кезде, осы Жирен сақалға жүгінеді. Жерорта теңізін қаталдығымен қатар әділдігімен де билеп тұрған Хызыр бей аталмыш аралды испандардан тартып алып, Францискке қайтарып береді.

Голливуд киногерлері тамсанып, Еуропа тарихшылары иемденгісі кеп жүрген әйгілі Хайыр ад-Дин Барбаросса жайлы әпсана мен аңыз өте көп. Оның су бетіндегі таңғажайып ерлік істерін бұрын-соңды бірде-бір теңізші жасай алмаған.

1545 жылы Алжирге өз ұлы Хасан-Пашаны патша ғып қалдырып, Жирен сақал Барбаросса мәңгі тұрақтау үшін Ыстамбұлға қоныс аударады.

Ол өмірінің соңғы сәтіне шейін Босфор теңізіне терезеден тамсана қарап отырып, естелік жазумен айналысыпты.

1546 жылы марқұмның денесі Түрік жерінде, бір кездері өзі тұрғызған мешіт ауласында жерленген.

Қанат Ескендірдің «Кигіз кітабынан»

Жаңалықтар

Орталық референдум комиссиясы сағат 14.00-дегі жағдай бойынша учаскелерге келіп, дауыс берген қазақс...

Жаңалықтар

Мәжілістің бұрынғы депутаты, кейін оппозициялық саясаткер болған Төлен Тоқтасынов қайтыс болды, деп...