Құлтөлеу Мұқаш. Жәдігер

ӘДЕБИЕТ
3274

Әңгіме

Күдіктенгеніндей-ақ, үй іші мұның «Көшербай бабамның атын шығарамын. Той жасап, ас беремін. Көкпар тартқызамын» деген талабын құптамады.

– Шырағым, ақылға құлақ ассаң, оныңды қоя тұр. Атаңның әруағын риза қылғың келсе, бір дөнен қойыңды сой да, үлкендерді шақырып, құран оқыт. Басқа не керек. Жұртқа күлкі болғаның аз ба еді алаңғасарлықтан. Шашылма бекер! – деді шешесі қатқыл үнмен.

Шам жарығына шағылысып, әйелінің де жанары жарқ-жұрқ етті. Танауы қусырылып, тістене қалыпты.

– Қайыр сұрататын мына заманда тыраштанып... Тойың не, байғұс-ау?! 

Бұрыштағы кереуетте қос қолын желкесіне қойып үнсіз жатқан Кәртай тапал үстел шетінде шай ішіп отырған енелі-келінді екі әйелге үлкен ала көздерін ажырайтып көп қарады. 

Өңі күреңітіп, атойлап келіп қалған ашуды әрең тежеп, шып-шып терлеген маңдайы мен тықыр басын ұзақ умаждады. «Осылар қызық-ей! Ел қатарлы жан-жағына қарап, қам жасайын, тырбаңдайын-ақ дейсің. Жоқ... Аяқ-қолды матап, кежегелері кері кетеді де отырады. Етектен тартады да отырады өстіп. Қайтіп адам болам, ей, а?!».

Бұлардың қарсылығанан алдын-ала сақтанғандықтан да өз әулеттері «батыр» атайтын үшінші аталарына үй тігіп, ат шаптыру туралы талайдан толғандырған ниетін алыстан орағыта келіп, сыздықтатып, сипалатып-ақ жеткізіп еді. «Е, жарайды. Қолыңнан кім қағады. Ата – сенікі. Жаса тойыңды, дүркірет!» деп елп ете түсе ме деген үміті жоқ емес-тін.

Астың есеп-қисабын ет жақындары мен жүз елу шаңырақтай ғана шағын ауылда аралас тұратын аталас ағайынның біріне білдірмей әлдеқашан жасап та қойған. Екі бүктеп керзі етігінің қоншына тығып жүретін көк дәптерде бәрі жазулы. Жұмсалатын малдың саны мен шақыратын кісінің де тізімін сүзгіден қайта-қайта өткізді. Бәрі дұрыс. Тек бұларға жиен болып келетін Ерденнің тұсында ғана жуан сұрақ белгісі тұр. Сол сұмырайды суқаны сүймейді. Бірақ ол арсыз шақырмасың да жетіп келеді ғой...

Кәртайдың басын көп қатырған сауалдың бірі осы еді. Енді, міне... Оның да жауабы өз-өзінен табылып қалған сияқты.

Адалы керек, бабасына бағыштап ас беру ойы сол Ерден өткізген тойдан соң туғаны рас. Ол туыстарына қосылып, нешінші аталары екенін кім білсін, «Өтеу батырдың 250 жылдығы» деп, дүрілдетіп ас берген. Меймандар аудан, облысты былай қойып, анау Алматының өзінен келді. Ағайындары кілең коммерсант... ғалым... жазушы... Тоқсандай үй тігіп, ат шаптырып, балуан күрестірді. Бас бәйге – шетелдік жеңіл машина мен «Урал» мотоциклі...

– Тәте-ау, – деді жастықтан басын жұлып алып. – Мына Нұрзия түсінбесе жарайды. Жасы «жетпейтін» шығар мұндайды ұғынуға. Сізге не жорық сонда?! Осы әулетке келін болып түскеніңізге жарты ғасырдан асты ғой. Мен той жасасам алдымен өзімнің емес, сол ата-тектің намысын жыртамын. Ана Ерденнен кеммін бе. Және мен ондай аста-төк думан құрғалы отырғам жоқ. Он-он бес үй тігілсе жетеді. Құдайға шүкір, бес-алты қара менде де бар. Шығыннан несіне қорқасыздар осы? «Екі есеп – бір қисап» – орны толмай ма дүниенің. Ел де әкелмей ме!

– Аптықпа, қарағым! Шығыныңда нем бар. Ел той жасаса, халыққа еңбегі сіңіп, тарихта аты қалған бабаларының тойын жасайды. Сенің атаң жарықтық, қара жер хабар айтпасын, аңғалдау, әпербақандау адам десетін. «Батыр» дегені әншейін сөз сірәғысы ғой, шырағым. Бабаңның атынан өзге ештеңесін білмейсің, не деп бермексің асты, айналайын-оу?! Бас жоқ, аяқ жоқ, беталды әуреленіп... Ұят емес пе!

– Тү-у, тәте-ай! Әкем марқұм аузын толтырып «Көшербай ердің ұрпағымыз!» деп күнде айтып отырмаушы ма еді. Бекер дейсіз бе сол. Өмірінде тым құрыса бір батырлық жасаған шығар атам. Аты кітапқа кірмесе, кінәлі ма екен ол?! Той өтсе-ақ кіреді әлі... Жазғызамыз... Кем туып па Ерденнің атасынан!

– Кәртай, ей! – деді осы тұста булығып отырған Нұрзия кесесін тарс еткізіп, – Ерден, Ерден деп аузыңды неге көпірте бересің. Неге бақталасып қалдың со пәлемен?! Оның төрт бауыры төрт жерде отыр көк тіреп. Жетпейсің ғой Ерденге қанша тырмыссаң да. Сен сияқты жұмыссыз емес, осы Көкшоқыдағы айдарынан жел ескен екі фермердің бірі – сол. Балаларының бәрін оқытты. Бір ұл, бір қызы қалада. Кішісінің өзі, әне, осында дүкен ашып бүкіл жұртты қамтамасыз етіп отыр. Сенің жалғыз ұлың болса түскен оқуын да тастап, далақтап ауылда жүр. Токтың движогіне аяйтын бензиніңді жаман сары «Москвичке» құйып, көше кезгеннен басқа түк білмейді... Қағынған қаншықтарды тасып. Кімге арқа сүйемексің сонда, ағатай-ау?!

Кәртай Нұрзияға аңыра қарап, «жалғыздығым мен бүгінгі дәрменсіздігімді ақыр аяғы бұл да бетіме басты ма?!» деп таңырқаған. Содан соң: «Әй, қойшы! Тойы да, бәрі де құрысыншы!» деп қолын бір сілтеді де, отырған жеріне қисая кетіп, теріс қарап жатып қалды.

Сыртта айналаны азан-қазан қылып ит үрген. Әлдекім гүрс-гүрс еткізіп мылтық атты. Заман тарылғалы тау арасындағы бұйыққан мекенді түз тағысы мен адам сирақ бірдей басынып тұр еді. Қасқыр мен ұры шашау шыққан малды зар илетіп ауылдың қақ ортасынан әкетеді. Мұның ықтияттылығынан қорасы аман, әйтеуір.

Далаға шығып шарбақты бір айналып келсем бе деді де, айныды. – «Жесе, жесін әкесінің!... Анау ұл қайда жүр, ей?! Түннің ортасы ауды!».

Көп шығынданып оқуға түсірген баласының жыл өтпей-ақ көрінген сылтауды айтып қайтып келгені жанына қатты батқан. Мектепті жап-жақсы бітірген ұғымтал-ақ ұл еді, күрделі сабақтан қиналды ма, әлде мамандығын қомсынды ма – қазбалап сұраған жоқ. Істің мәніне жетіп оқуын қайта жалғаттыру да ойына келмепті. «Барым да осы, нарым да осы» деп мәпелеген баласының серейіп жанында жүргеніне қуаныпты. Ұлы да өзіндей еңсегей, биік болғанымен, бұл сияқты қарасұр емес, шешесіне тартқан аққұба жүзді, көрікті-ақ жігіт болып өскен. Мінезі де жайдары. Қашан көрсең тісі ақсиып күледі де жүреді.

Жалғыз баланы әскер алмайтын көрінеді, ол да медеу екен. Өзінің маңайынан күлім қаққан сүйкімді бір қыздарды көріп қалады, үйленетін шаққа жетіпті-ау. Қой, оны тоқтата тұратын шығар. Институтын бітіруі керек. Әйтпесе, тура өзіндей дүбірлі дүниеден тым жырақтағы жел гулеген екі таудың арасында Ердендей біреумен бос жағаласып, өмір өксітеді де. Әшейінде қойдан жуас Нұрзияның ащы тілі баласының бұлдыр болашағына көз жеткізе алмай, осындай ой қажағаннан шығады екен-ау. Е-е-е! Жөн-жөн...

Дөңбекшіп жатып бұдан гөрі сәл мағыналылау тірлікке ертерек талпынбағанына өкінді. Жалғызілік әке-шешеге де қарайлағаны рас. Дегенмен, дер шағында «нартәуекел» деп, жарқындау өмір көшіне тырмысып ілесе кеткенінде жағдайы басқаша болар ма еді бүгін...

Көз ашқалы қоңыртөбел шаруасын күйттеп мал соңында өткен әкесі жарықтықтай, көк трактордың рөлінен түспей жүре беріпті. Ферма тараған соң одан да айрылған. Осыдан отыз жыл бұрын өзді-өз болып жасаған жалғыз «ерлігі» – ауылға мұғалім болып келген бүлдіршіндей бір қызды келін қылып түсірді. Қомпылдап ірі сөйлеп, кесек қимылдауды ұнататын әкесі марқұм қуанғаннан жер-көкке сыймай, ұлан-асыр той жасап еді-ау. Жасы елуге жетпесе де жиырма бес жыл жұмыс істеген соң пенсияға шыққан сол әйелі – әне отыр. Қазір сары қарын бәйбіше. Баяғы ұяңдықты ұмытқан. Қит етсе шап етіп беттен алатын мінез шығарған.

Өз жатысы болса – мынау... Ұшарға қанат жоқ...

Ию-қию ойлардың иіріміне түсе келіп, «Қой! Балама ретін тауып өз кебімді кигізбеудің жайын ұқтырайын. Биыл қалайда астанасына қайта жөнелтейін!» деп түйді.

Ерденмен де жағаласуға құштар емес-тін. Қарап жүрмей ойынннан от шығарып, өшпенділікті өршіткен соның өзі. Жүзі жылмысқыланып, әр жерде жауапты қызмет атқаратын ағайындарынан өзге жұртты қор санап, бір тұтам бойына қарамай, «біз – батырдың ұрпағымыз. Байдың тұқымымыз!» дейтін кекірлігі жынын келтіретін. Шамасы келсе маңайындағылардың бәрін дереу өз ыңғайына жығып алуға ұмтылатын ол жас кезінен-ақ ісінің түсуіне қарай бірде кісімсіп сыздана қалып, бірде қолбала болып зыр жүгіре жөнелетін нағыз қуаяқ еді. Сасық кеудесін керіп, мұның да мойнына мініп алуға талай әрекеттенген. Бірақ сәті түспеді білем.

Екеуінің аңдысуы дәл қашан басталғаны да жадында жоқ. Сонау жылы ғой... Тракторы сынып, ол кезде ферманың электрмен дәнекерлеушісі болып істейтін Ерденге жеткені сол еді: 

– Мен босағанша түсіріп алмай мынаған ие бола тұр! – деп жарқылдатып пісіріп жатқан біліктің кесіндісін ұстата қойды. 

Бұл қапелімде не істерін білмей, шоғы алаулаған темірді қос қолымен кезек қақпақылап безектеді де қалды. Жұмыс қолғабын кигені абырой болған екен, сонда да екі алақаны күлдіреп, ойылып түсті. Қасында қарап тұрған жандайшаптары Ерденге қосылып қарқ-қарқ күледі. Сөйтсе, бұл безбүйрек иттің «нағашы» деп қалжыңдаған түрі көрінеді. Анығында – әдетіндегі басыну алдында жасаған «барлауы».

Есін жиған соң ғана көзі ежірейе тепсініп:

– Денің дұрыс па-ей, нақұрыс? Осындай да ойын бола ма екен?! Мынауың ауру ғой, ей, барып тұрған! – деп ашудан қылғынып қала жаздады.

Арада уақыт өтіп, жарасы жазылған соң «қалжаққа» қарымта қайтармаса болмайтынын білген. Соның ретін таппай отырса, албардың босағасынан үлкен бір сарыбас жылан тілін жалаңдатып, қылтиып тұр. Ырғып барып әлгіні құйрық жағынан шап беріп ұстай алды да, қабырғаға ұрып-ұрып жіберді. Содан соң өлген жыланды ерінбей апарып Ерденнің үзіліске шығарда шешіп, пісіру аппаратының үстіне жауып қоятын кенеп күртешесінің қалтасына салып кетті. Оның жыланнан өлердей қорқатынын білетін-ді.

Жыланды жай сала салған жоқ, желке тұсынан терең қалтаның түбіне түйрегішпен мықтап қадап тастады.

«Сынақ нәтижесінің» хабары бірер сағатта-ақ жеткен. Түскі астан келіп асықпай киінгеннен кейін қасындағыларға көсемсіп, әлдененің жөнін үйретіп тұрған Ерден аяқ астынан баж етіп:

– О-о-оу-уа! Оу-а-а-лың... Алыңдаршы, ай! Алың... А-а-ай! – деп екі көзі тас төбесіне шығып ербелеңдепті де қалыпты. Жанындағы жігіт салақтаған жыланды жұлып алып лақтырып тастайын десе бас жағы сіресіп алынбайды, ол да «пәлекет қос тісті денесіне салып үлгерген екен-ау» деп, «ойбай, шақты, шақтылап» сужүрек бейшараның зәресін одан сайын ұшырса керек. Әйтеуір айнала жүгіріп дүрліккендердің ішінен ақылы жеткен біреу күрдекті сыпырып шешкенге ұқсайды. Анау көпке дейін өз-өзіне келе алмай, дір-дір етіп жүрегін ұстаған күйі үйіне қайтыпты.

Мұны естіген Кәртай зор міндетінен құтылғандай қыбы қанып, сол күні рахаттана ұйықтап еді.

Бірақ бұл масаттануы ұзаққа созылмады. Екі-үш күн өтпей-ақ Ерден қу үйдің бір сәт иесіз қалғанын пайдаланып, аулада күйсеп жатқан ала сиырды төр бөлмедегі Нұрзия шаң жуытпай күнара тазалайтын қалы кілемге жайғастырып, серванттың аяғына байлай қашыпты. Өрістен қайтқан тоқ малдың жатқан жеріне жапалап, ағызып-төгізіп, айналасын айран-ботқа қылғаны түсінікті, әрине.

– Қап! Мына делқұлды күйдірді-ау әбден! Қайтіп тоқтатамын-ей, мұны?! – деп кіжініп жүргенде жылмың қағып Ерденнің өзі келген. Біртоға Кәртайдың анда-санда жарылатын морт мінезінен сескенген сыңайлы. Келе құшақтап, «осылай бір-біріміздің еркелігімізді көтермесек ағайынгершілігіміз қайсы. Өмірдің мәні осы... Ата дәстүрдегі ойын-қалжың... анау-мынау» деп бірталай ділмәрсыды. «Ашу басарға» бір жартылық арақ ала келіпті.

– Емен-жарқын қауқылдаспағалы да көп болды. Мынадан аздап жұтып, шер тарқатайық. Көңілде кірбең қалмасын, – дейді.

Адам бірдеңенің амалын іздеп шын қиналса айлакер бола бастай ма, осы кезде Кәртайдың ойына бір қулық сап етті. «Қалжыңқой» сабазды тәубасына келтіруді көздеп, іштей қабаржып отырса да арада түк болмағандай түр танытқан.

– Е-е... Кірбіңді қойшы. Жиендігіңе қоса қатар туған итсің ғой сен. Көтереміз қай базынаңды да, – дей келіп, әкелген «сусынын» табиғатқа... таза ауаға шығып, ауылдан он бес-он алты шақырымдай жердегі Талдыбұлақтың басына барып ішуді ұсынған.

Ерденнің қалай келісе қалғаны белгісіз, «Е, мейлі, таяқ тастам жер ғой. Бабаларымыз су ішкен қасиетті тұмадан дәм татып қайтайық» деп көне кетті.

Бұлар Кәртайдың «Москвичімен» иірім-иірім тау өзегін қиялап Талдыбұлаққа жеткенше күн де еңкейген еді. Ешқашан ортақ мәмілеге келіп көрмеген екеудің әңгімесі жол үстінде де, далада да жараспады. Сонда да көкмайсаға жантая жатып шөлмек ортайғанша бірі «бас» десе, екіншісі «құлақ» деп әрненің басын шатып, әжептәуір бөгелді. Бір кезде өзінің сәл ішсе-ақ тез масайып, ес білмейтін «кеселге» ұшырап жүргенін жиі айта берген Кәртай кенет аса бір шұғыл шаруа ойына түскендей атып тұрып:

– Ой-бұй! Ұмытып кетіппін ғой! – деп, анадайда тұрған машинасына қарай тұра жүгірді.

Кәртайдың не діттегені аңырып қалған Ерденнің санасына сары «Москвич» дүр етіп, бағытты ауылға қарай бұрғанда ғана жетсе керек, ол да орнынан жанталаса көтеріліп, соңынан сүріне-қабына ұмтылған. Алақ-жұлақ, екі қолын ербеңдетіп, әлдене деп бажылдап келеді.

Жапан далада жаяу қалғанын сезінген сәтте Ерденнің не ойлағанын кім білсін, мезетте-ақ зулап, тау ішіне сіңіп кеткен Кәртай үш-төрт шақырым ұзаған соң «байғұстың осы үрейленгені де жетер, құла түзде ит-құсқа жем қылып масқараға ұшырамайын» деп райынан қайтуға оқталған. Көз ұшынан үзілмей, ауылға жеткенше діңкелетіп жүгіртіп қоюды да ойлап, Ерденнің манағы «таяқ тастам жер ғой» дегені есіне түскенде мырс етіп күлді.

– Көр енді «тәйек тәстемді». Ойнампаз немесің ғой – ойна! Бірақ ендігіде алды-артыңа қарап ойна! – деді де жылдамдықты үдетіп, не де болса қайырылмауға бекінді. 

Келесі күні Ерденнің үйіне аман-есен жеткенін Нұрзиядан білген. Дүкенге кетіп еді:

– Ағатай-ау, ана оңбағанды түн ортасында иен далаға тастап кеткенің не сұмдығың? Айтпады деме, түбі біреуің сотталып тынасың осы тайталасты қоймасаңдар! – деп бұлқан-талқан болып келді. 

Сөйтсе, бұны көшеде Ерденнің әйелі бас салыпты. Алдында айғайласып, одан жұлысуға кіріскен екеуін жөн білетін біреулер: «Қойыңдар, айналайындар! Екеуі – құрдас. Әрі нағашы-жиенді адамдар. Сендер араласпаңдар істеріне. Ер шекіспей, бекіспейді» деп әзер ажыратқан секілді.

Мұның бекісу емес, кетісу екені Кәртай мен Ерденге ғана белгілі-тін. Сол тартыс әлі жалғасып келеді. «Қалжақтың» ушыққаны соншалықты – бір-бірін токқа тартқызып, суға ағызып жібере жаздаған кездері де болды. Алма-кезек «итжығыс» түсіп жататын өзара егес – театры жоқ елге рахат. Сақ-сақ күлісіп, ендігі қарымта кімдікі екен деп тамашалайды да отырады.

Бір қызығы, екеуі ит пен мысықтай жауыққанмен ешқашан салғыласуға немесе жаға жыртысуға барған емес. Сырт көзге сыр бермей, кездескенде «күле» амандасып, сүріндіретін оңтайлы сәтті күтіп тымпиып жүре беруге айналған...

Әрнені қиялдап, кірпігін таңға жақын әрең айқастырып еді, күн көтерілгенше тұяқ серіппей қатып қалыпты. Оянса, үй ішіндегілер шүңкілдесіп шай ішіп отыр.

– Бүгін бір ұйқыны сілтедіңіз ғой, көке! – деп ұлы ыржыңдайды.

– Есепке не деген жүйріксің-ей! – деп әйелі күледі.

– «Екі есеп – бір қисапты» аузына Құдай салған шығар, – деп шешесі жымияды.

Үшеуінің репеті Кәртайды таңдандырды. – «Сонда не айтпақшы бұлар?!».

Сөз төркінін Нұрзияның алдындағы жұлма-жұлма көк дәптерді көрген соң түсінген. Жылы шырайларына қарағанда кешегі беттерінен қайтып, оң шешімге келген іспетті.

– Ана дәптерді қайдан тауып ала қойдың, оу?!

– Таптық та. Сонша тыққыштап... Жыртылып бітіпті әбден. Дегенмен, жарайсың. Тойдың кіріс-шығысында мін жоқ. Келе-келе адам болып кететін түрің бар. Ал, өзіңнің бір айдан кейін елуге келетінің есіңде ме?

– Е-е... О да бар екен-ау. Маусымның жетісі... Оны қойшы. Кім келмей жатыр елуге.

– Жо... Тура юбилейің. Апам да айтып отыр, туған күніңді аруағын аунатып атаның асына қоса атап жіберсең, сенен тапқыр адам болмайды бұл ауылда. Бабасы батыр емес кісінің де той жасауға қақы бар шығар.

«Бабасы батыр емес» дегенді естігенде Кәртайдың намысы қозып, «осы сендер-ақ мойындамай қойдыңдар-ау атамның батырлығын!» деп қитыға жаздады да, беті бері қараған істі бүлдіріп алмауды ойлап, тілін тістей қойды. Нұрзияның қысылтаяңдағы жол тапқыштығына іштей риза болушы еді, бұл сапар да оның екі тойды қатар атқару туралы ақылына «ай, оқығанның аты оқыған-ау!» деп сүйсініп қалды.

Ас беру ұйғарымына бәрінен бұрын баласы қуанған. Арсалаңдап:

– Алдымен атамның жақсы портретін жасату керек, – деп шығып кетіп еді, лезде-ақ қолды-аяққа тұрғызбай өзі құралпылас бір жігітті ертіп келді. Суретші көрінеді. Бұл да әпенділеу сабаз екен, ұлы мән-жайды жолшыбай шала түсіндірген бе, келе Кәртайдан Көшекеңнің суретін сұрады.

– Атаның фотосы бар ма, аға?! – дейді.

– Оу, қызықсың ба сен, бұдан жүз жыл бұрын өліп қалған адамның фотосы қайдан болады бұл үйде! Оны қойып, менің суретім бар ма десеңші осында.

– Аға-ау, ойдан салу... Қалай енді?..

– Ойдан неге саласың? Мына мен отырмын. Балам тұр. Шығар екеуміздің түрімізден. Екеуміз де батыр бабамызға аумай тартқанбыз!

Жамырай күлген жігіттерге қулана қарап бұл да ыржиды. Ұлы мен өзінің күн мен түндей түрлерін айна-қатесіз ұқсастыққа телу, шынында да, күлкілі-тін.

– Ал енді суретіңнің астына не жазатыныңды білесің бе? «Көшербай батыр – 150 жыл» дейсің. Үлкен етіп!

– «Батыр» деп жалаулатпай-ақ «баба» десе де жетпей ме? – Тағы да Нұрзия қиылған.

– Е, мейлі. Болмадыңдар ғой. «Көшербай баба» де ендеше. Батырлығы бәрібір белгілі!

Атасының орта жасын алдын ала есептеп шығарып қойған-ды. Елу мен жүз елудің әдейі ойластырылғандай сәйкесе қалғанын енді ғана аңғарып, көңілденіп кетті.

– Портрет көрнекті шықса бір семіз қойыңды қолма-қол әкетесің!

Сол күні тойдың мерзімін белгілеп, алыс-жақындағы ағайынға хабар тарату үшін маңайдағы туыстары мен көңіл жетер дос-жаранды ақылдасуға шақырды. Пікірлесе келсе, күнібұрын болжағанындай, он алты-он жеті үй тігуге мүмкіндік молынан көрінеді. Бірақ көкпар да, бәйге де болмайтын болды. Көкшоқыда оған шығаратын сайлы ат та жоқ, балалардың тай жарысын жасап, ауыл жігіттерінің күресін қызықтаса да ешкімнің сөкпейтіні анықталды. Мұныкі сонша үлкен ас емес, бас жүлделеріне бір-бір жабағы тіксе де тақияға тар келмейтініне көз жетті. Оған қоса мектеп оқушылары мен жастардың концертін ұйымдастыру ұйғарылды.

Қалаға арнайы барып, екі-үш күн ет сатып, ішім-жемді бір-ақ әкелетін адамдар да белгіленген. Асқа атаған малының есебінен-ақ шығынның көбін осы жамағайынның өзі-ақ көтеретіні де айқындалып қалды.

Жекжат-жұраттың бұл ықыласы мен той дайындығын естіп, қояр да қоймай, қораларына тоқты-торымдарын кіргізіп кеткен көрші-қолаңның пейілі талайдан еңселері түскен Нұрзия мен Кәртайдың мерейлерін тасытқан. Бір мезгіл жұрт алдындағы қадірлерін сезініп, отбасына шырайлы шуақ енген.

Әне-міне дегенше той күні де жетті. Кәртай жер шалғайлығын сылтауратып келмей қала ма деп қауіптенген алыстағы ағайындары түгелге жуық жиналып, мәз болып қалды. Қарағандыда тұратын немере ағасы газет тілшісін де ерте келіпті. Бұл да марқайтып тастады. Кішкене тойыңның дүмпуі бүкіл облысқа естіліп жатса жаман ба!

Ақ шаңқандай жиырмаға тарта киіз үй тым аулаққа ұзатылмай, сондайдан менмұндалап, ауыл іргесінен жүз-ақ қадам тұрған биік тау етегіне қатарластыра тігілді. Үйлердің орта тұсынан сәнді сахна жасалды. Саңқылдаған даусы қозы көш жерден естілетін репредуктордан тамылжыған күй төгіліп тұрды. Бұл безендірудің бәріне бас-көз болған – баласы.

Күн қыза тайлы-таяғымен осында қарай ағылған ел назарын ең алдымен анадайдан көз тартып, Көшекеңің үлкен суреті аударған. Көкшоқылықтар қыран жанарын қияға тіге қалған осынау еңселі, жүзтаныс бейнені қайдан көргендерін естеріне түсіре алмай жалтақтай берді. Оның құпиясын суретші мен той иелері ғана білетін. Қонақтарын қарсы алып жүрген Кәртай да портретке қайта-қайта қарағыштап, өзі мен ұлының қоспасынан осынша тартымды кескін туғызған суретші шеберлігіне таңдай қағып, тамсанумен болды. Тілші де суретті төңіректеп фотоаппаратын ыңғайлап жүр екен, көзіне етектей болып газетке шығатын мақала елестеп, жымиып қойды.

Сәлден соң-ақ қарағандылық ағасы той тізгінін өз қолына алып, астың ашылу салтанатын бастап та жіберді. Көп жыл ұстаздық еткен білімдар кісі еді, әсерлі әңгімені күңгірлеген қоңыр үнімен қазақтың бүкіл тарихы осы аз ауыл Көкшоқыдан басталғандай, оған Көшербай бабалары бірден-бір тіреу болғандай төндіре келіп, жиналған қауымды айрандай ұйытты. Аң-таң болған көпшілік бұрын мұның бәрін қалайша сезбегенбіз дегендей Кәртай жаққа жаутаң-жаутаң қараған. Сөз алған өзге де адамдар атасының тура мерейтойы тұсында ер жасы елуге толған Кәртайдың да мақтауын асырып, әкелген заттай, ақшалай сыйлықтарын жүзін бал-бұл жайнатып Нұрзияға ұстатып жатты.

Елді елеңдеткен ерекше көріністердің және бірі – сахнаға Ерденнің көтерілуі еді. Ол қолтығында жалтылдақ қағазға орап, қызыл-жасыл лентамен буған добалдай бірдеңесі бар, шаршы топтың алдына домалана ытқып шаққан бойы микрофонға шап беріп, жөткірініп алды да, бүкіл Көшербай әулетін айтулы мерекелерімен құттықтады. Өзінің басқалардай батыр асына мал да, қаржы да емес, бағасы ешбір дүние-мүлікпен өлшенбейтін құнды жәдігер әкелгенін, оны осынау салтанат үстінде Көшекең ұрпақтарына тапсыруды перзенттік парызы санайтынын айтты. Мұның кәрі әжесі Көшербай батырдың жаугершілікке киген тері шалбарын ұзақ жылдар сандық түбіне салып, сары майдай сақтап жүріпті.

– Ұрпақтан ұрпаққа өтетін бұл қасиетті жәдігердің ендігі иесі – Кәртай. Ол мұны мұражайға тапсыра ма, үйінде сақтай ма, жоқ, қидалап, туған-туыстарына тәбәрік етіп таратып бере ме – өзі біледі.

Сөзін осылайша жалындата аяқтаған Ерден киімнің орауын жазып, ышқырынан желбірете ұстап тұрған сәтте жұрт у-ду қол соғып, шуласа жөнелді.

– Көшекең шағын денелі адам екен-ау, ә?! 

– Жоға, талай жылғы нәрсе су тиіп қуырылмай ма?!

– Тәбәрік қылып кесіп-кесіп алып, бойтұмар жасатып алайық!

– Асықпаңдар-ей! Иесі айтады ғой оны!..

Той басталмай жатып-ақ қызып үлгерген екі-үш жігіт жалбыраған шалбар балағының шетінен әскердің туын өпкен сарбаздардай бір тізерлеп отыра қалып: «Аруағыңмен жебей жүр, батыр баба!» деп шөп-шөп сүйді.

Кәртаймен ара-қатынасын жақсы білетіндіктен Ерденнің бұл әрекетін ымыраласу нышанына жорып:

– Ай, азаматым-ақ екенсің! – деп жатқандар да бар.

Ерденнің қимылына Кәртайдың да іші жылып:

– Әй, зәндемі-ай, таппайтының жоқ-ау!– деп, оның барлық иттігін кешіруге бейілденген.

Той дүбірі қас қарайғанша басылған жоқ. Би қызығына еліккен жастар жағы, тіпті, көз байлана әрең тарқады. Іркес-тіркес, топ-топ болып үйді-үйіне беттеген жұрт аузында астың дастархан, жарыс, күрес, ән-күй әсерінен бұрын «жәдігер, жәдігер...» деген сөз кетті.

Ертеңіне түнге қарай елдің киіз үйлері мен аяқ-табақтарын таратып бітіп, сырттан келген меймандарын разы қылып аттандырып салған соң ғана «уһ» деп оңаша қалған сәттерінде, шешесінің де ойынан шықпаған болу керек, Ерден сыйлаған шалбарды сұратты.

Нұрзия оны жылтыр қорабына мұқият қайта қаттап, шифоньердің үстіне шығарып та қойған екен, лып еткізіп тез әкелді.

Шешесі шалбарды шам жарығына тосып, шалқая да еңкейе қарап, өңінің тігісін айналдырып көріп, ұзақ шұқиған. Әлден уақытта:

– Адыра қалғыр. Мынау ана жылы қойдың күзетіне мен тігіп берген нәрсе ғой Ерденнің әкесіне. Жуан болған соң қызыл жіппен жүргізіп едім. Со беті тұр! – деп серпіп тастады.

Бұл сөз бәрінің үлкен шаруаны ойдағыдай атқарып болып, аз уақыт өрекпи шалқыған көңілдерін су сепкендей суытты. Жаңа ғана жарқырап тұрған үй іші де күңгірт тартып сала берді. Кәртай кіршіксіз пейіліне әлдебір хайуан былш еткізіп қақырып жібергендей қорланған. Бірақ істің дәл осылай аяқталарын баяғыдан білгендей жақ ашпастан сазарып отырып қалды. Нұрзия да тіл-ауыздан айрылған адамдай сұп-сұр болып, кереует арқалығын екі қолымен сығымдай ұстаған күйі селтиіп тұр. Тек көзінен от шашқан ұлы ғана шеке тамыры білеуленіп:

– Қай мазағы бұл?!– деп түтіге тістенді. Тап қазір қолына түссе Ерденді қылқындырып өлтіруден тайынбағандай екен.

Көн шалбарды үн-түнсіз іліп алып далаға беттегенінде әйелі мен ұлы ілесе шықты. Баласына жарты шелек бензин әкелтіп, ауладан алыстау апарып шалбарға шашып жіберді де лап еткізіп от қойды. Шашырай тұтанған жалын бет шарпып, лезде-ақ үй жұртындай шеңберді аппақ қылды.

Шапанын желбегей жамылған Нұрзия жанарын жас жуып, маздаған отқа тесіле қалыпты. Төбесіндегі жаулығының шетінен ақ кірген шашы желбіреп, демде сонша қартайып кеткендей көрінді. Бәлкім, жанбай өшкен көп арманын елестеткен шығар.

Қолын қусырынып алауға одырая қарап тұрған ұлы кенет ойына бірдеңе түскендей серпіліп:

– Көке, осы, маған кету керек шығар... Оқуды жалғастыруым керек қой! – деді бір кезде. Осынау тосын жағдайдан кейін айналадағы зұлымдықты біліммен, өнермен жеңуге бекінді ме екен, кім білсін.

Кәртай өзін енді ғана ес кіріп, бірден жүз жасқа есейіп кеткендей сезінді. Ол баласының түріне көз қиығымен ұрлана қарап, жан-жүрегімен қалған үмітінің осы жалғыз перзентінде екенін... Нағыз жәдігердің боқ дүние емес, жігерлі ұрпақ екенін түйсінген.

Өз ойларымен өздері болған үшеу балқи жанған тері шоғына жағалай телміріп көп отырды.

199ә ж.

(МҰҚАШ Қ. Боз жауын. Әңгімелер жинағы. – Астана: Профи Медиа, 2011. – 210-217 б.б.).

author

Құлтөлеу Мұқаш

ЖАЗУШЫ

Спорт

2024 жылғы 7-12 қазан аралығында Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа әлемнің 30-дан...

Сұхбат

Instagram мен TikTok-та мұғалімдер мен оқушылар жайлы қызықты видеоларымен таныла бастаған ер мұғалі...