Қазақстан Президенті Қ.К.Тоқаев өткен екі жылды қатарынан «Балалар кітабының жылы»...
Гүл Зарқұмар. Хат жазыңдар, хабарласып тұрыңдар...
* * *
Қырық бестің көктеміне өкпем жоқ,
Жүрегімді жүрегімен өпкен көк.
Қыр гүлі де тербеледі түсі мұң,
Естілді үні еркін дала құсының...
Жылы нұрмен аластады Елті-Күн,
Алтынкүрек аршып алды жер түгін.
Талдар анау бүрленуге ынталы,
Алатауды аппақ мұнар қымтады...
Көңіл деген алағызып тұрса шын,
Төгіледі сəулеленіп жыр-шамым.
Мынау есті дүниеден ес кеткен,
Алабұртқан ақыныңды кеш, Көктем!
* * *
Бекерге күндемеңдер,
Уақыт өзі анықтар.
Кім кемеңгер?!
Орынсыз сөз етпеңдер,
Өлеңім бар өсектен,
Өзекті емдер!
Негізсіз соттамаңдар!
Ту сыртымнан,
Мылтығын оқтағандар!
Себепсіз сынамаңдар!
Ақиқаттың шыңынан,
Құлағандар!
Жазықсыз жазғырмаңдар,
Өз көрімді өзіме,
Қаздырғандар!
* * *
Хат жазыңдар!
Хабарласып тұрыңдар!
Мен жазайын жақсы əсермен жырымды əр
Əр тілекте дұғасы бар тəңірдің,
Əр жүректе кісінеген құлын бар...
Хат жазыңдар!
Хат күтемін шынайы...
Бұл жалғанның алмасады күн-айы,
Қорға мені ақындардың аспаны,
Қорға мені,махаббаттың құдайы.
Хат жазыңдар!
Хатқа жауап жазамын...
Туған елім,Моңғолым мен Қазағым.
Алты алаштың ұранындай асқақпын,
Алтайымның бұлағындай тазамын.
Хат жазыңдар!
Хат жазыңдар адамдар,
Өтті-кетті небір уақыт, замандар...
Бар болғаны жақсы емес пе сен үшін,
Бауыр, досың, махаббатың алаңдар!
Хат жазыңдар!
Хат жазудан жалықпа!
Адам жаны талпынады жарыққа...
Тек пенденің ниетінде пейіш те,
Тек пенденің ниетінде тамұқ та.
Ұлы көш
Нені ұттым, нені күттім, не дейін,
Сезе алмаппын көкіректің кедейін.
Сезе алмаппын тарихтардың тынысын,
Із қалдырған Найман, Абақ Керейім....
Ұлы дүбір,тосын толқу, тосын мұң,
Қуанып та тұрдым бірақ... шошындым.
Атажұртым асықсам да өзіңе,
Белгісіз бір «биотоктан» тосылдым.
Өскен өлкем кете алмадым өзіңнен,
Бір тамшы жас ытқып кетті көзімнен.
Жылуыңды жұт жұтқандай жұпыны,
Күйге түсіп жауап күттім өзіңнен.
Ыстық маған қиыршық-құм, тастарың,
Күйремейтін иіні бар асқарың.
Өзің кешкен қуанышқа, қайғыға,
Куə мынау көк айдындай аспаның.
«Камаздарға» тиелген көп шаңырақ,
Кете барды тылсым мұңмен аңырап.
Уа жасаған,көз жасына көміліп,
Қала берді жылы ұялар қаңырап.
Маңғазданып, марғаусиды маң дала,
Сезе алмайды сергелдеңді тау ғана.
Туған жерді тулатып бір кетсең де,
Сағынышың сатылмайды саудаға.
* * *
Мен бақытсыз емес екем сезгенім,
Мұңаятын болғанменен кездерім.
Бояусыз да бола аламын сүйікті,
Сүйгендіктен тазалықты, биікті.
Көздерімнен көрінеді жан айнам,
Бар болмысым өзгеше бір қалайды əн.
Мен өзгенің бақытына сəлем деп,
Өмір сүрем ,жақсылықтан өлем тек.
Жаратқанның қиған маған бағы бар,
Маңдайымда жарқырап бір жағылар.
Күншілдердің күңкілін де кештім мен,
Бақыт сұрап алмасам да ешкімнен.
Қиянаттан бас сауғалап қашқанда,
Ай телітіп қойды мені аспанға.
Жұлдыздардан көргендей бір жылылық
Жаурағанда аламын шын жылынып.
Қара түннің қабағы мұң секілді,
Бір жəй оты көк көзінен секірді.
Туғаным да ту сыртымнан қаралап,
Жүрегімді жүргенімен жаралап.
Мен өзімнің биігімнен төмендеп,
Түспесім хаһ,өлсем өрде өлем тек.
* * *
Кофе ішіп отырмын оңашада,
Кофтамдағы гүлдерге жан бітіріп.
Қанша уақыт жастықты тонаса да,
Қарсы алармын тағы да таңды күліп.
Кофе ішіп отырмын ойым дара,
Кофтамдағы гүлдерден көрінді мұң.
О, жүрегім... уақытты мойындама,
Ойнағысы келсе де өлім бүгін.
Кофе ішіп отырмын оңаша тым,
Кофтамдағы гүлдер де сырға бөккен.
Махаббатқа маздаған жол ашатын,
Маған өмір бір əнін құрбан еткен.
Кофе ішіп отырмын құшып арман,
Кофтамдағы гүл біткен ашылды бір.
Сені қашан пенделер түсіне алған,
Сезімдері сембейтін асыл ғұмыр?!
* * *
Менің неден түңілгенім-
Маңызды!
Сенің неден үгілгенің-
Аңыз-ды...
Екеуімізді,
Өр еткен сол Өр Алтай.
Екеуімізді,
Өкпелеткен тəрізді.
Менің неден жылағаным-
Шын еді!
Сенің неден құлағаның-
Сын еді..
Кең кеудесі,
Бейіш болған Алтайдың,
Керек болса,
Біз деп соғар жүрегі...
Менің неден қамыққаным-
Анық-ты!
Сенің неден жалыққаның-
Қалыпты...
Ешкім ұқпас,
Жалғыз ғана шындық бар-
Екеуімізді,
Аңсады, Алтай зарықты.
* * *
Ақсұңқар құсым, армысың,
Арман көгіңде бармысың?!
Аласарды ма аспаның,
Алыстады ма қарлы шың?!
Ақсұңқар құсым аяулым,
Қамады ма қаяу мұң?!
Адастырды ма арманың,
Арбады ма жаяу кім?!
Ақсұңқар құсым асылым,
Тағдырдың көрдің тасырын.
Алмаймын саған теңгере,
Басқаның бапты лашынын.
* * *
Қызылқайың – қыдыр дарып, бақ қонған,
Қызылқайың – Шерушіге тақ болған...
Қызылқайың – текті жұрттың мекені,
Қызылқайың – Баянтаудың етегі...
Ғасырлардан ғасырларға көшкен жұрт,
Ат жалында,түйе қомында өскен жұрт...
Ұрпағының тағдыры үшін күресіп,
Ұлы мұрат жолында бақ тілесіп...
Аналардың ақ сүтіндей өтелген:
Көбеген боп көк тасты да көтерген.
Ақтай болып аюменен алысқан,
Зайсанов боп аспанменен табысқан...
Бұл өлкенің шежіресі күй сынды,
Бозінгендей боздап жырдан исінді...
Имашхан мен Мұрат туған құт мекен,
Жусан исті топырағың құтты екен!
Абыройлы ерлер туған өлкесің,
Небір әнші, күйші елдің еркесін...
Шерікбайдай күміс көмей, жезтаңдай,
Салған әнін сағынатын ел қандай?!
Сен аталар аманатын сақтадың,
Талай жүйрік, су жорғаны баптадың...
Бестүліктің берекелі жері едің,
Молшылық пен несібенің кені едің.
Алабота, аршасы мен изені,
Қарағайы мөлдіреген түймелі.
Қоңыр кештің қойнауында қойлы ауыл,
Таратады бойға уыз, ойға нұр...
Асқар биік тауларың да өр екен,
Сенің асыл босағаң да төр екен...
Өзен-көлің өлшемі екен тұнықтың,
Ерменіңде еркіндік бар, шын ұқтым...
Шаңырағы шайқалмаған ырыс-бақ,
Сенің екі босағаңды тұр ұстап...
Қызылқайың – қыдыр дарып,бақ қонған,
Қызылқайың – Шерушіге тақ болған...
Қызылқайың – текті жұрттың мекені,
Қызылқайың – Баянтаудың етегі...
* * *
Қырат-қырат асулардың артында,
Тұнып аққан тұнық бұлақ, бар тұма.
Сағыныштың көздеріне мұң құйып,
Буянтының өзені де тұңғиық.
Қына түске көмкерілген тауларын,
Көрген кезде келіп кетті аунағым.
Əкем кеше осы жерден аттанған,
Осы жерде атажұртым сақталған.
Аспанында жарқылы бар жасынның,
Тастарында тарихы бар ғасырдың.
Суың зəмзəм, топырағың торғын ба?
Алысын-ай саған барар жолдың да...
Мені саған жеткізбеген жылдардың...
Есесіне... енді сені жырлармын...
Көшкен бұлттың көлеңкесін жастанып,
Жолдар,жолдар белес-белді асты анық.
Қара мекен, қасиеттім, қастерлім,
Əкемдей боп құшағыңа бас, келдім...
Бақытгүл Баймолдақызы (Гүл Зарқұмар)1974 жылы 15 қыркүйекте Монғолияның Улаанбаатар қаласында дүниеге келген. Монғолия қазақ ақындары арасында өткен Алтын жебе жыр мүшәйрасының (1992ж), Ақтан Бабиұлының 100 жылдығына арналған мүшәйраның (1997ж) бас жүлдегері. Монғолия Жастар одағының алтын медалінің иегері, ақын. 2012 жылы Жалын баспасынан «Жүректегі жүзік» атты кітабы жарық көрді. Өлеңді монғол тілінде де жазды.
2022 жылы қыркүйек айының бесінші жұлдызында, қырық сегі жасқа қараған шағында, қазақтың аяулы ақын қызы кенеттен өмірден озған еді.
Мәдениет порталы