«Қайырымды қаладағы қарлығаштар» атты драма Астана қаласынның Оқушылар сарайында сахнала...
Әйел – көктемнің нышаны!
Халықаралық әйелдер күні қарсаңында «Астана Опера» театры мерекелік музыкалық бағдарлама әзірледі. 7 наурызда К.Байсейітова атындағы Камералық зал сахнасында опера солистері, хор әртістері мен аспапшылардың қатысуымен «Көктем ару» концерті өтеді, онда нәзік жандылардың құрметіне жарқын, көңілді әрі көпшілік ұнататын туындылар орындалады.
– Күнтізбеміздегі ең жарқын, әдемі әрі тамаша мерекелердің бірі – 8 Наурыз – Халықаралық әйелдер күні жақындап қалды. Көктем – жанданудың, сұлулық пен нәзіктіктің мерекесі. Әйел мен көктем – бұлар ертеден-ақ жаңа өмір бастауының нышаны саналады. Мына әлемді әйелдердің мейірімінсіз, қамқорлығы мен әсемдігінсіз көз алдыңа елестету мүмкін емес. Көктем нәзік аруларға сәттілік, бақыт, отбасында тыныштық пен амандық, сондай-ақ зор шабыт әкелсін, – деп атап өтті Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Астана Опера» директоры Ғалым Ахмедьяров.
Бұл кеште көрермендер аудиториясы «Астана Опера» солистері Салтанат Мұратбекова, Гүлжанат Сапақова, Елена Ганжа, Мәдина Исламова, Әсем Сембина, Назым Сағынтай және Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Ғалия Байғазинованың музыкалық дарынына баға бере алады. Бұдан бөлек, мерекелік бағдарламада ASTANA OPERA Халықаралық опера академиясының шәкірттері, бірқатар халықаралық байқаулардың лауреаттары Валерий Селиванов, Ораз Мұхамедьяр, Нұрқанат Тәпиев және шақырылған әртістер – солист, контратенор Батыржан Смақов, әнші-сопрано Әсел Ерғалина мен концертмейстер Ләйлә Сейітова өнер көрсетеді.
– Көктем махаббат сөзімен, жаңашылдықпен, жылулықпен мағыналас естілетін, адамзат асыға күтетін мезгілдердің бірі. Осы ретте Халықаралық әйелдер күнінің көктеммен қатарлас келуі осы жыл мезгілін одан сайын әрлендіріп жібереді. Көбімізге көктем мен әйелдің – егіз ұғым секілді көрінетіні бекер емес. Өйткені әйелдің жан дүниесінде өз көктемі бар, онда ең әдемі гүлдер жайқалып, ең нәзік сезімдер лаулайды. Алда болатын концертте мен Эрнесто де Куртистің «Non ti scordar di me» шығармасын Нұрқанат Тәпиевпен бірге дуэтте, сондай-ақ татар композиторы Рүстем Яхиннің «Ұмыту қолымнан келмейді» әнін орындаймын. Вокалдық өнерді ұнататын барлық жандарды осынау мерекені бізбен бірге өткізуге шақырамын, – деді «Астана Опера» солисі, сопрано Назым Сағынтай.
Театрдың музыкалық кеңесшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Раушан Бескембирова әзірлеген концерт бағдарламасына отандық және шетел композиторларының керемет махаббат сезіміне арнап жазған шығармалары мен халық әндері енгенін айта кеткеніміз жөн. Концертте флейташы Балжан Сапарова мен альтшы Олеся Морозова өнер көрсетеді деп күтілуде.
Сонымен қатар, Халықаралық әйелдер күнінде «Астана Опера» афишасына Үлкен зал сахнасында өтетін балеттік қойылымдар да көрік береді. Сонымен, 5 наурызда көрермендерді керемет Балет кеші күтеді, онда классикалық және заманауи хореографиядағы үздік нөмірлер, сондай-ақ немістің тамаша балетмейстері Раймондо Ребектің How long is Now? («Қазіргі сәт қанша уақытқа созылады?») бір актілі спектаклі орындалады. Ал 8-9 наурызда асқақ өнер жанкүйерлерінің әлемдік балет жауһары – М.Жаррдың музыкасына Р.Петидің «Париж Құдай анасының соборы» балетімен танысуға мүмкіндігі болады.