Ләззат Қайратқызы. Жолда...

ӘДЕБИЕТ
775


ТАуға апарар жол. Финляндия. 

Автор: Мовсисян Тигран

Көзім ілініп кеткен екен. Бағанағыдай емес, көлік ішіндегі көңіл күй жақсарып қалыпты. Оның үстіне күн енді шығып, жылуын шаша бастады. Өзінің де, жолаушылардың да көңілін көтергісі келгендей Гауһар көңілді ән қосып қойған. Менің де жаным жай тапты. Терезенің қасынан орын тигені қандай дұрыс болған. Ерекше бір сезіммен Алматының табиғатын тамашалап, терең ойға батып кету төрт қабырғада отырып ойлағаннан екі есе жақсы. 

Жолда жүргенді жақсы көремін. Себебі сапар жан жадыратар ойлар мен жақсы күндерге деген сенімді көңілге ұялатады. Қанша уақыттан бері маза бермей қойған сезімдер алғаш рет саябырлағандай. Оның үстіне бұрын-соңды көрмеген Көлсай мен Қайыңдыға бара жатқаным одан сайын көңілімді көтергендей. Табиғаттың ерекше жаратылысы тауға қаршадайымнан ынтықпын. Онда тылсым әлем бар. Ол көпті көрген. Көп сырлар сақтаған. Алыстан мен мұндалап шақырған тауға жетуге асығып отырмын. 

Көліктің іші жанға толған соң, Гауһар: «Екеуміз алдыға отырайық», – деді. Алайда, алдында тек бір орын бар екен, жүргізуші мен оң жақтағы орындықтың ортасында тақыр тақтайша ғана жатыр. Дәл осы жерде әншейінде үндемейтін мен, Гауһарға: «Мен шетке отырайыншы, белім ауыратын еді», – дедім. Ол да мейлі дегендей бас изеді. Жай күндері ондайға мән бермейтінмін, бірақ біреуді әрдайым ойлайтын «мейірімдігімнен» төсектен тұра алмай жатып қалған күндерім қаншама. Ал, мынау – жолаушының дегбірін қашыратын, темір тұлпарлармен сан ғасыр тайталасып келе жатқан тас жолдар. Белімді зақым келу қаупінен құтқарып қалғаныма қуанып отырғанда, көліктің құрық тимеген асаудай жұлқып ала жөнелгені. Көлденең тақтайға жайғасқан Гаухардың оң қолы лезде менің оң жағымдағы терезене тұтқасына жармасты. Өзінің жаны тәтті екен. Сәл салғырттау да секілді?!. Сол қолының кірлеп қалғанын да байқамапты. Жаңа сырттан бір заттар көтеріп, көлікке мінгенде былғап алған болар. Уазиктің терезесінен тауды тасалай жайылған отар қойларға қарап, Сервантестің Дон Кихотындағы оқилары көз алдыма келіп, күліп қоямын.

Межелі жерге жеткенде ары қарай жаяу, болмаса, арнайы жалданатын аттарға мініп баруға болатынын білдім. Ақшаның көзін тапқандардың әрекетіне қарсылығымды көрсеткендей тауға өзім көтерілуге бекіндім. Күннің ыстығы мен жолдың алыстығын енді түйсініп, атқа отыра салуым керек пе еді деп ойлап қоямын. Ораза ұстап шыққаным тағы бар. Әйтеуір, жеттім-ау. 

Үшеуміздің әңгімеміз жарасты. Таңертеңгі ортамызда болған түсініспеушілік жойылған.

– Кейде мен көшіп кеткім келеді. Жағдайымды жақсартып, күн көріп емес, шынайы шалқып өмір сүргім келеді. Көп жерді көріп, аралағым келеді. Бірақ бар ғой, қайда барсаң да, қайтадан еліме қайтқым кеп тұрады, – дейді Айнұр. Ал, Гауһар:

– Менде өз елімді жақсы көремін. Көп жерді араладым. Тіпті жұмыс істедім сол жақта. Алайда, ол жақта біздің халықта жоқ жақсы бір қасиет бар.

– Қандай?.

– Ол жақта сенің кім екенің, қандай екенің маңызды емес. Мен үш жасымда сол қолымнан айырылдым. Апам онымды ешқашан кемістік деп қабылдама деп үйретті. Ал, өсе келе адамдардың шұқып көрсететініне, әсіресе оқуға түсіп, жұмыс іздегенімде көбісінің аяп, мүгедек деп шұқшия қарайтындарынан амалсыз ұяласың, сені кемсіткеніне қынжыласың. Тіпті туыстардың көзқарасы сенің деміңді тарылтқандай болады. Ал, шетелде олай емес, - деді де алдыға қарай, адамдарды түгендеуге асығып кетті. 

Ал, мен таңертең жолға шығар алдында кішкентай ғана маршрутканы көріп таңырқап қалғанымда телефонмен сөйлесіп келіскен, Гауһар есімді қыз күлімдеп, қолын көтеріп, бізді шақырып тұрғанында, жылы қарсы алып, орнымызға жайғастырғанында, Тар көліктің ішінде қыстырылысып отырғалы жатып: «Осымен барамыз ба?» – деп ұнатпағанын жасырмаған Айнұрға: «Иә», – деп жылы күлімсіреп,  бәрін орналастырып, өзі бұрыннан таныс жүргізушінің қасына отырып, жолаушының жақтырмағанын біліп тұрса да, көңіліне алмауға тырысқанында (Ондай жолаушылармен көп кездескені көрініп тұр), қаладан шыға берісте тоқтағанымызда: «Осы жерден қажеттеріңізді алып алыңыздар. Алдыда бұдан басқа дүкен жоқ», – деп жұмсақ сөйлегенінде, арт жақтан әрең дегенде қыстырылып шыққан Айнұрдың: «Алдын ала келіскенде, көлік кішкентай болады деп айту керек еді. Бұларың дұрыс емес. Біз деген демалып қайтуға бара жатырмыз. Кеңінен отыратын көліктен бас тартып, сіздерге келістім. Тым болмағанда жағдай жасау керек қой. Аз ақша төлеп отырған жоқпыз», - деп бұлқан-талқан болғанында сыр бермеген Гаухардың сол қолының салынбалы екенін байқамағаныма қынжылдым. Уазикке қайта отырғалы жатқанда, менің орнымды ұсынып ем, бас тартты. Тек ойлы-қырлы жерлерде теңселіп отырған Гауһарды демеп отыруға тырысып едім: «Жоқ, өзіме ғана сенемін», – деп әзілдеді. Сол сәтте бағана өзі ұнатпайтын адамдардың қатарына өзімнің де кіріп кетіп, аяушылықты тек қолының жоқ екенін білгенде ғана жасағанымды ұғындым. Ол үнсіз ұғындырды. 

Жолда Гауһардың ауылына соққан едік. Өзі табиғаты керемет жерде тұрған соң, тур ашыпты. Жасы жиырма сегізде. Осы жылы тұрмысқа шығам деп қуанып қояды. 

Менімен тете қыздың басына түскен қиыншылығына мойымай, өмірсүйгіштікті өлтірмей, қоғамның мүсіркеуін қабылдамай, жай ғана адамдық бақыт үшін күресіп жүрген қарапайым адамдығына қайран қалдым. Қайтарда ауыз ашып отырып, сол қыздың мына жалған дүниеде бақытты күндерінің көп болғанын тіледім. Оны еске алсам, көз алдыма томпиған келбеті мен қуанышқа, мейірімге толы жанары келеді. 

Сол жолы сен өз адамыңды кезіктіріп, өзің қалаған жасауыңа қол жеткізіп, керемет той өткіздің деп сенем. Асылы, солай болуы керек. 


Қоғам

Павлодар облысының полицейлері ел азаматтарына алаяқтықтың жаңа түрі пайда болғанын мәлімдеді, деп х...

Жаңалықтар

Шымкентте 10 оқушы спрейден уланып қалған, деп хабарлады madeniportal.kz Ұлысмедиаға сілтеме жасап....