Джихат Бурак. Ақын өлімі. 1967 жылӨМІРБАЯН1902 жылы туыппын,Қайда тудым – соққаным жоқ мен қай...
Құлтөлеу Мұқаш. Жан дауасы – жылы сөз
Чернего Романның қолтумасы – «Комплимент»
– О-о-о! Қалай құлпырып кеткенсің! Жаңа бөркің де құйып қойғандай жараса қалыпты...
– Бұл өлеңің ғажап! Түбінде сенен үлкен ақын шығады.
– Мен сізге қарыздармын, аға. Көбімізді адам қылып шығарған сізсіз...
– Ал-ло-о! Ерекең ба екен? Кеше теледидардан сондай тартымды сөйледіңіз ғой. Халыққа бәріміздің көңіліміздегі ойды керемет жеткіздіңіз...
(Әр жерде естіген диалогтардан).
БІР ҚАРАСАҢЫЗ, осынау үзінділерде бәлендей мағына жоқ секілденеді. Ал шындығында солай ма?
...Досыммен көрші тұратын бір әжеймен отқта-текте әңгімелесіп кайтатын сәттерім болады. Ол кісімен алғаш жүздескенде көзіме әлдеқашан о дүниелік болып кеткен үлкен шешем елестеген. Бір ғажабы – екеуі сонша ұқсас еді. Содан да шығар, осы адамды көріп қайтуға ылғи аңсарым ауады да жүреді.
Өзінің жасы биыл жетпіс беске қарапты. Қырық жыл бойы Қарағанды облыстық драма театрында қызмет еткенін, ұядай ғана екі бөлмелі пәтеріне немере қызының отбасын кіргізіп алғанын, күйеу баласының студент екенін айтқан.
«Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді» деген ғой, қартайса да талғаммен киініп, жүзінен нұр төгіліп жүретін осы жанды, шынында, әже деуге қимайсың. Өйтсең бір кездегі өнер адамын жәбірлеп алатындай да көресің. Бұ кісіге «апай», «тәте» десең ғана жарасатын сияқтанады.
Әжеймен анда-санда кездейсоқ ұшырасып қалып жүрдік те, кейін жақын араласып кеттік. Бізді тіл табыстырып жіберген бірер-ақ ауыз сөз-тін. Бір кездескенде:
– Менің апам да сіз секілді сондай әдемі, ақылды адам еді, – дегенмін.
Апай шырайлана жымиған. Нұрлы жанарынан көл-көсір мейірім шуағы асып- төгіліп тұрды. Содан сон:
– Е, балам-ай! Бізде қайбір кескін-келбет қалды дейсің. Сендердікі әшейін көңіл жұбату ғой. Рахмет, айналайын! – деді ақырын күрсініп.
Сөйтті де бүгінті жастардын біртүрлі дөрекілене бастағанына, көпшілігінің үлкендерді сыйлайтынына ренжіген.
– Біздің жұмысымыз талмай ізденуді, үйренуді, көп оқуды талап етті. Әдебиеттің озық үлгілерімен ұдайы танысып отырдық. Гастрольдермен жер-жерді жиі араладық. Көргеніміз де, көңілге түйгеніміз де көп. Бірақ демалысқа шыққаннан кейін қоғамнан қол үзіп қалғандай болдым. Қаланың тірлік үрдісі де көрші-қолаңмен араласып отыруга мүмкіндік бере қоймайды. Өз қатарларымыз кәдімгідей сиреді. Кейде бұрынғыдай әлдебіреулермен өмір жайында, жалпы өнер, әдебиет туралы әңгімелескің келеді, кәделеріне жарай ма деп білгеніңді балаларыңа айтсам ба дейсің. Бірде теледидардан спектакль көріп болып, немере қызыма режиссердің жетістігі сырын түсіндіре бастап едім, күйеу баламның:
– Тү-у-у, әже, түк білмесеңіз де білгішсуден бір жалықпайды екенсіз осы! Алжыған адамдай беталды сөйлегенді қашан қоясыз?! – дегені ғой.
Біреу тас төбемнен қойып қалғандай, есеңгіреп қалдым. Бұрын көз алдымда қыздай сызылып жүретін жігіттің осынша тоғышар, қатігез екенін білсемші. Сұмдық қорландым. Мен бастан кешкен өмірдің ширегін де көрген жоқ қой ол. Басқаны айтпағанда, Мұхтар Әуезов, Ғабит Мүсірепов сынды заңғар парасат иелерімен де талай дәмдес болдық. Біреуі бетімнен қақпаушы еді. Содан соң қан қысымым көтеріліп, бір аяқ, бір қолымнан жан кетіп, қатты сырқаттанып қалдым, шырағым. Жағдайымды сұрап бір адам келмеді-ау сонда. Түсінем де ғой, қазіргі қатшылық заман, жанбағыс үшін зыр жүгіртіп қойған қу тірлік бір-бірімізге қарауға мұрша беріп жатыр ма. Сонда да, қиналған шағыңда әлдекімдердің жанға медеу боларлық бір ауыз жылы лебізін аңсайды екенсің. Дүниенің төрт бұрышын түгел аралап, желдей есіп жүргенімде дәл әлгіндей сорлаймын деп ойлаппын ба? Несін айтасың, қарағым! – дегенде қарт шеше кемсеңдеп кетті.
Үйден көңілсіз шыққанмын. «Жан дауасы – жылы сөз» деген тіркес тіліме сонда оралып еді.
АДАМ – ӘЛЕУМЕТТІК ҚҰБЫЛЫС. Ол қашан да болсын, әсіресе, мынандай таршылық мезгілде, «өтпелі кезең» аталып жүрген қиын уақытта маңайдағылардың ыстық ілтипатына, түзу сәлеміне, көңілге қуат берерлік ақ пейіліне зәру.
Біреулерді мақтанқұмар деп жазғырып жатамыз. Шынында сол үлкен айып па екен? Кез келген жұмыр басты пенде дер шағында өмірдегі жетістіктерінің лайықты бағасын естігісі келеді. Қай-қайсымызға да өрлеуге бастап отьіратын, сенімге қанат бітіретін рухани демеу қажет.
Тағдыры тұйыққа тіреліп, дағдарысқа ұшырап жүрген жолдасыңыздың жан дүниесіне үңіліп көрдіңіз бе? Сондай сәттердегі сіздің көңіл жұбатарлық бір ауыз достық ниетіңіз, азғантай қамқорлығыңыз оған кез келген сыйлықтан артық болар еді.
Поэзиямыздың асқар таулары – Төлеген, Мұқағали, Жұмекен... Жұматай... кешегі жас Бауыржан Үсеновтерден мезгілсіз айрылып қалған соң барып санымызды соқтық. Соларға кезінде тұрмыс пен қызметтен қысастық жасаған әлдекімдерге кіжіндік. Сонша қысамай, еркелетіп ұстап, қамқорлық жасай білсек сол арыстар өмірден ерте кетпес еді-ау деп те ойлайсың.
Осындайда бүгіндері бар еңбегін өзіміз оңды-солды жоққа шығарып жатқан материалист Маркстің ақынжанды адамдардың көзқарасы олардың мінездері мен көңіл-күйлеріне тікелей байланысты болады деп білгендігі еске түседі. Ол өнер адамдарының әлсіздіктері мен қателіктеріне кешіріммен қарау қажеттігін жиі ескертіпті. Ірі философтың өзі де жазушылар мен суретшілердің, музыканттар мен сәулетшілердің мақтансүйгіштік қасиетімен, олардың творчестволық сезімімен үнемі санасып отырыпты. Мәселен, Нью-Йоркте шығатын журналдардың бірінде редактор болып отырған досы И.Вейдемайрға жазған хатында: «Фрейлигарттың өлеңдеріне алғысөзді жақсылап бер. Мақтау сөзді аяма. Ақындарға мадақтаудың аса қажет екенін білесің ғой. Оларды қанаттандыру үшін аялай білген жөн. Одан ұтылмайсың!» – депті.
Яғни, ол жылы сөздің адам өміріндегі роліне терең мән берген.
Бұл орайда, әрине, ыстық лебіз бен рухани қамқорлықтың бәрі тек өнер адамдарына арналса деген ой тумаса керек. Біле білсек, кеудесінде өмірге деген ынтызарлығы бар кез келген адам азды-көпті ақын. Бәріміздің де жүрегімізді тербеген аяулы мұңымыз бен сырымыз бар. Адам жаны аса нәзік те күрделі құбылыс. Ендеше, замандас, мынау аласапыран шақтың өзінде мәндірек, сәндірек өмір сүру үшін үйде де, түзде де бір-бірімізге жәрдемдескеніміз жөн шығар. Айналадағылардың жан дүниесін надандықты қару еткен әлдебіреулерше жаралай беруге құштарланбасақ керек қой.
Дүниедегі ең ауыр жұт – көңіл жұты болар.
Демек, әдемі киінген әріптесіңізге, шашын қидырған құрбыңызға, табысқа жеткен досыңызға жылы лебізіңізді аямаңыз. Өзара ыстық ілтипатқа сарандық жасамаңыз.
Шіркін, осынау сұрапыл толқын іспеттес қым-қуыт тірлікте адамдардың бір-бірін аялай білгеніне не жетсін!
«Жас алаш». 23.01.1992.