Сұраған Рахметұлы. Жеті сері

ӘДЕБИЕТ
945


Бір апам алты қыз тапқан екен... Күйеуі күбірлей береді, «ұл таппадың» деп!? Тәңірі қалау елеп жетіншісі ұл болған. Дуалы ауызды бір кейуәнә оған «Жетібас» деп есім берген. 

Құрдастары оны «жетімбас» деп лақаптап еді. 

Ол кісі жетпісінші жылдары «Жеті аға» болып өзгерген. Жеті саны осындай, қиғылықты,күрделі киелі!

Сол секілді алтырақ Дэлүүнге едел-жедел жеті ағам жеткен-ді. Бессалада өскен желкен, жекендер.

Жеті бас! Бұлар келген әр маусым, нәр көктемде ескі Дэлүүн, ескі көлепке (клуб)-үн, ескі мектепке су жаңа тіл біткен. Дала дараның балауса иісін қаланың алаушаң иіссуымен алмастырып жеткен жеті жентельмен, жеті «Дон Жуан», Бессаланың көгінде сүт жолын керген жеті шоқ жұлдыз - «жеті қарақшы»!

Мінеки менің қолымда сол жетінің сарғыш сүгіреті. Олар жеткенде осы өлкенің жеті аруын бақытқа кенелтіп жетпіс арудың аққу жүзін мұңайтып, ақ жүрегін жаралы еткен жеті сері! 

Мінеки, бірінші қатарда сол жақтан: «Көксерке»,«Бұлтқа жұққан ой» секілді жалбыз жырларымен келген шаһир Жалғызағаштың жампозы, Әбілғазы Баһадүр Ханның (1603-1664) «Түрік шежіресін» (1665) моңғолшалаған Бодаухан Тоқанұлы; 

Жауынды Арасанның ақшуланы, шегірен көбелі тұма Шегіртайдың түлегі өрімді сөздің бүршігі жұққан, бесаспап талант қыршын кеткен Жауа мұғалім; 

Ағаш пен темірден түйін түйген шебер жаңашыл (ШБОС) қолөнері батыстағы ари текті алмандарға (Германия т с с.) өрістеп жеткен ұстаз Шәдет Әбілғазы; 

Өз кезегінде скрипкасын ысқыртып, контрабассын қорқылдатып, кларнетін кісінетіп, саксафонын сарынатып, бубенін шылдырлатып, барабанын тарсылдатып ескі көлепті ерек есіртер, баян үнімен барша жұртының жанын баураған тамаша талантты сазгер Бүркітбай Қырықбайұлы; Ал, артқы қатарда солдан; тарих, әлеуметтанудан дәріс беретін, әдебиетші, қара сөзді ақ өлеңдей аңыратқан таптауырын тарихтан гөрі Шекспирдің «Ромео, Жульета»~ға, «Гамлетке» бір түссе десбермейтін ұқыпты, уақапты ұстаз Депухан Ыбырайханұлы; 

Өзінің өзгеше үнімен «Жердегі жұлдыздар» жыр жинағын ұсынған ақын, Үндінің Таагөрін, орыстың Пушкинін, Мәскеудің серкелері жек көрмейтінТүріктің Назым Хикметін қазақтың Абайынан төмен жіктейтін әмбеші, әдебиет пен тіл таным дәріскері Құпыр Қабылқақұлы; 

Төл мамандығы орыс тілі пәнінен һәм шахматқа шеберлігі де ерен ұстаз Қабдеш Шүкірханұлы.Қабдеш мұғалім дүниені тек өз көзімен өлшейтін~ді. Әлемдегі ең биік шың Бүркіттің шыңы: оның қасында Эверест мен Гималай мынау «Жамсын төбе» ~ сияқты ғана деп бопырасын будақтата сөйлер еді! 

Осынау жеті серіге (жентельмен), жеті керім (мисс) бұйырған. Арудың алтауы – Бессаладан!

Бодаухан Тоқанұлы – Шәуен Кәріпханқызына, Жауа ағам – Дүрия Шәпешқызына, Шәдет Әбілғазыұлы – Мәрзия Сайындолдақызына, Бүркітбай Қырықбайұлы – Береке Жанатқызына, Депухан Ыбырайханұлы – Тоқан Көпбергенқызына, Құпыр Қабылқақұлы – Сайран Сақарияқызына, Қабдеш Шүкірханұлы – Уәзира Құрманбайқызына некелесіп, ұя құрды. 

Жеңгелерімнің керімсалдығы, шалғай өскен қазақы болашақ үшінгі ең нәзік еңбектері де өзалдына одағай әңгіме дүр. Әрине сүңгір жігітке – сүмбіл ару! Жеңгелерім жан махаббатының жеті ләззатын жеті қат жер үстіндегі жетіге арнады! 

«...Су сұрасам, сүт берген айран берген, қартайып қалыпсың-ау қайран жеңгем...» деуші ме еді!?

Әр қауымның бір бір айнасы болса – олар ұлттың саналы жас зиялылары болар~ды.Солар еді самалдатқан кезінде!

Бұлардың әр қимылы кейінгі көгенкөзді бір мүшел толқынға тірі үлгі, әлемге қарайтын тұнық терезесі іспетті еді. Беу, тіпті оларды азғынданудан да әжептәуір сақтап қалды дейік те... 

Осылар жүргенде шәкене Дэлүүндегі бар қауым – басынан бұлты жөңкіген асқара, бауыры байсын байтақ сары даладай күңіреніп жатар еді.

&.Сарғыш сүгіреттегі жеті кейіп, жеті кереметім! Жетпістің үстіне келген екен 

ғой! 

Күміс тұрманды тұлпардың ту сауырында туып, біріне жат бауыр болмай өскен, жарық жасын тінді жайсаңдарым! 

2021.01.05.

madeniportal

Спорт

2024 жылғы 7-12 қазан аралығында Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа әлемнің 30-дан...

Сұхбат

Instagram мен TikTok-та мұғалімдер мен оқушылар жайлы қызықты видеоларымен таныла бастаған ер мұғалі...