Аудармашы Шынар Әбілданың есімі әлеуметтік желі қолданушыларына жақсы таныс. Әлемге әйгілі ойшылдард...
Абай Мауқараұлы. Құран және Виктор Гюго
(пәлсапалық-эссе)
Қазақ оқырмандары француздың әйгілі жазушысы Виктор Гюгоның шығармаларынан төл тілімізде оқыды ма, жоқ па хабарым жоқ екен.
Ал, орысша аударылған «Человек, который смеется» деген романын көзқарақты қауымның көбі оқыған болар деп, ойлаймын. Әрі, осы кітаптың сюжеті бойынша түсірілген біршама көркем фильмдер де теледидардан қаншама көрсетілгендіктен «езуі тілінген бала Гуинплен, суқараңғы Дея қыз, оларға қамқор болған көкбөріні дос еткен жиһангез Урсус» жайлы хабардар шығар, бәлки.
Ал, өз басым бұл ғажап романды француз тілінен тіке аударылған «Инээмтгий хүн» (Аударған: Базарын Пүрэвбаатар, редактор: Гүрбазарын Амар. Улаанбаатар -1985 он) деп аталатын моңғолшасынан оқып едім. Әлденеше рет оқығандықтан жеті жүз беттен тұратын кірпіштей кітаптың түбі түсіп, іші әбден шимайланған екен.
Одан бері де қырық жылға таяу уақыт өткен. Бірақ, бір қызығы қазір Құран Кәрімді үнемі оқыған кезімде ондағы кейбір аяттардың мазмұны – осы кітаптың оқиғасы басталатын, бас кейіпкердің бүкіл құпиясы паш етілетін, теңізге қашқан «компрачикостар» деп аталатын қоғамдық қылмыскерлердің іс-әрекетімен де, олардың кемесі алапат толқынға тап болып, тесілген кемеде суға бататын оқиғалармен де дәлме дәл үйлесетініне таңданатын едім.
Міне, сол себептен де эссенің тақырыбы солай қойылды. Әрі, осы бір тылсым сырды оқырманмен бірге саралап көрсем деген ой да туған-ды. Өйткені, Құран Кәрім бүкіл адамзатқа арналып түскен ақырғы кітап екені анық. Әрі, адамзаттың ең ауқымды қауымдарына түскен алдыңғы үш киелі кітап саналатын Забур, Таурат, Инжилдің де сонымен қатар басқа пайғамбарларға түсірілген киелі парақтардың да бүкіл мән-мазмұны осы Құранда толық қамтылғаны көптеген сүрелерде баяндалады.
Кейіннен өздерін христиан санайтын еуропалық қауым Құранды ашық мойындамай, алдыңғы кітаптардың мазмұнынан құрастырылған Библияны өздерінің киелі кітабы санады. Бәлкім, менің айтып отырған Құрандағы аяттың мазмұны Библияның ішінде кезігетін болса таңғалудың жөні жоқ. Өйткені, Құран алдыңғы кітаптардың бүкіл мазмұнын қамтыған дедік қой.
Әрі, бұл романның жазылуы он тоғызыншы ғасырдың ортасы еді. Ол уақытта Құран Кәрімнің ағылшынша, французша аудармалары шығып қойған кез. Өйтсе, Виктор Гюгодай ғұлама жазушының Құран Кәрімнің тәржімасын оқығанына да күмән келтіре алмаймыз. Жазушының сол замандағы қатарласы саналатын немістің Гетесі, Орыстың Толстойы Исламға бас иіп, Мұхаммед пайғамбарды пір тұтқандығы әлдеқашан тарихта ашық-айқын болған жәйт. Алайда, бұл жазбадағы мақсат, мұны дәлелдеу емес, еді.
Осы «Ыржиған кісі» романындағы оқиғалардың әлгі айтылған аяттармен сәйкестігін таныстыру ғана болатын. Сондықтан, ең әуелі Гуинпленнің басынан кешкен қилы тағдырын өте қысқаша түрде баяндап шықсақ оқырманға бәрі де түсінікті болады.
Он үшінші ғасырдан он жетінші ғасырға дейін Еуропаның батысындағы елдерде, әсіресе Ұлыбританияда компрочикостар деп аталатын сол маңдағы әр түрлі ұлттардан құралған жеке топ жас балаларды ұрлап, немесе сатып алып, арнайы дайындықтан өткен хирургтер олардың табиғи бет пішінін өзгертіп, ойға келмейтін неше түрлі сиықсыздықпен күлкілі етіп шығарады екен.
Сонсоң, осыларды елді мекендерді аралап шоу-мереке ұйымдастыратын тағы сондай топтар сатып алатын болған. Яғни, бұл сол замандағы байлық пен билікке мастанған ақ сүйек қауымның күліп мәз болу үшінгі ермегі болса, былайғы сорлы тобырдың да бір ауық көңіл көтеретін қызығының бір түрі болса керек.
Бірақ, сол елді күлкіге қарық қылып жүргендердің артында адамдардың аянышты тағдыры жатыр дегенді жоғарғы, төменгі әуейі тобыр тіпті де ескермейтін әдепкі көрініске айналғаны сонша, ол уақыта да дәл қазіргі күніміздегі мән-мазмұнсыз сахна сайқымазақтарындай қоғамның бір рухани дерті меңдеген кез секілді.
Міне, осы ғасырлардағы билеуші болғандардың бірі Екінші Иаков деген бұл компрачикостарды өз саяси пайдасына қолданған, оларға заң бойынша тиіспеген. Қайта, өз билігіне қауіп төндіруі мүмкін дейтін үстем бақталастарын «бүлік шығарушы» деген сылтаумен бүкіл отбастарымен ұстап, тас-талқан еткен. Ал, олардың бала-шағасынан осындай бет-ауызы танылмастай өзгерген «жанды маскаларды» жасайтын әрекеттерге көзжұма қараған. Мұндай жағдайда төменгі қара тобырдың бала-шағасының компрачикостар арқылы ұрлануы деген әншейін көрініс болған шығар.
Содан да болар, ол кезде осы сұмдықты білетін еуропалық елдің аналары балаларын «Жылама, кәне! Компрачикостар келе жатыр!» деп, қорықтады екен.
Әйтсе де, жоғарғы биліктер ауысып, дүние төңкеріліп, қайта ауып жататын қоғамның заңы бойынша, Иаков секілді жауыз басқарушылардың өзі жазаланып, жер аударлып, орнына келген жаңа билеушілер, енді компрачикостардың соңына шам алып түсетін қатал заң шығарған. Оларды ұстаған жерде дарға асып, айдалада темір бұғауға салбыратып іліп қоятын болған.
Сондай билеушінің бірі Үшінші Вильгельм кезеңінде компрачикостар Ұлыбритания маңынан Испанияға қарай із жасырып қашып-пысу басталған. Міне, Гуинплен де сондайлардың қолына түсіп, мазаққа ұшыраған бала.
Романның алғашқы тарауы «Портленд мүйісінде» деген атпен басталады. Дәл он жетінші ғасырдың соңғы жылдары болса керек, осы өңірден алты-жеті компрачикостар Испаниядан жасырын келген шағын кемемен қар бұрқап, теңізден дауыл соғып тұрған қыстың күні ешкім көрмейтіндей теңіздің жартасты қойнауында тығылып тұрып, ашық теңізге шығып қашады.
Шағын желкенді кеменің каптитаны мен екі ғана матросы бар, олар да баяғыдан осыларға қызмет етіп жүргендерге ұқсайды. Ал, бұлар өздерімен бірге ертіп жүрген он жастан енді ғана асқан ұл баланы дәл кетер сәтте, кемеге кіргізбей иен жағалауға қалдырып кете барады.
Түкке түсінбеген бишара бала, үстінде жыртық күрдеден өзге түгі жоқ, жалаңаяқ қалпы қарды бұрқақтан ықтай теңізден алыстап құрлыққа қарай басы ауған жаққа жүре береді.
Кемеден қалған кезі күн жаңа батқан кешкі уақыт еді. Әбден қараңғы үйірілген дүлей түнекте келе жатып әлгі ұл, жылаған баланың дауысын естиді. Жалғыздығына дем бергендей әлсіз үнге құлақ түріп қай жақтан шыққанын шамалайды, дыбыс бірде шығып бірде үзіліп кеткен сайын тоқтай қалып байқаса, дәл алдындағы қарауытқан сұлбадан естіліп жатқанын көреді.
Барса, қимылсыз жатқан әйелдің құшағындағы ораулы сәби екен. Гуинплен қорықпай оны қолына алып, үстіндегі күртесін шешіп олжасын орап алады. Өзі жалаңаш қалса да дірдектей жүріп, түн ортасында бір елдімекенге әзер жетеді. Содан жағалай жүріп есік қағады, бір де бір адам үйінің есігін ашпайды. Сөйтіп, әбден үсуге таяғанда селен шетінде қарауытып тұрған күйме-арбаның астынан қасқыр ырылдайды. Осы дыбыспен күймеден шыққан адам, қаңғып келген баланы жатағына кіргізіп пана болады.
Бұл адам осы романның бас кейіпкерінің біреуі, сан-салалы білімді, жалғыз басты адам Урсус еді, ал ырылдаған қасқыр осы иесінің сенімді досы Гома болатын.
Ал, Гуинпленнің қар астынан тауып алған сәби бала болса, осы кітаптың пәлсапалық ғажайып әуені іспетті суқараңғы қыз Дея еді. Урсус баладан жағдайды біле сала қар астындағы әйелге түн ішінде көмекке жөнеледі, баланың ізін қуалай жүріп оны тапса да ақырғы қуатын сәбиіне арнап өзі үсіп өлген панасыз кедей әйел екенін біліп қайтады.
Осы аз ғана оқиғаның өзінен қоғамның да, адамдардың да қатігездігін байқау қиын емес, бірақ жылы жүректі адамдардың да бар екенін, осындай суық қоғамды жылтып тұрғанына да еріксіз иланасың.
Сөйтіп, Урсус өзінің талғажау етіп отырған пісірулі аз-мұз картобын Гуинпленге беріп, бір ұртам сүтін сәбиге емізеді. Таңертең бітеу пәуескесінің терезесінен түскен күннен ұлдың езуі тілінген ыржиған түрін көріп аһ ұрса, түскен сәулеге міз бақпай қатып қалған сәби қыздың жансыз көзін көріп басына келген тағдырға және қайран қалады. Бірақ, осы панасыз балалармен бірге Урсусқа берекет те қоса келгені, Құдайдың бәрін бақылаушы, өзі қалаған құлына жақсылық жасаушы екенін жазушы тылсым астармен оқырман қауымға аңтатқандай.
Енді, жазбамыздың негізгі тақырыбы саналған әлгі қашқын компрачикостарға оралайық. Олар, өз бастарына пәле болып жабысатын, өз қолдарымен жасаған қиянаттары дәлел болатын ұл баланы әдейі иен жағаға қаңғытып кетеді. Бұл әрекеттері баланы өлсе өлсін, дегендері екені айдан-анық. Өз жандары сонша қымбат болғанда баланың жаны оларға ештеңе еместігі, олардың адам пішінді құбыжық екенін паш еткендей.
Бірақ, Құдай ешбір оқиғаны қалт жібермейтіні секілді, адамдардың бұл әрекетін де әділдікпен шешкені аян болды. Бүкіл пәле құрлықта деп зәрелері ұшып, енді ашық теңізге шығып, көңілі жайланған қылмысты топтың қуанышы ұзаққа бармайды.
Алай-дүлей дауыл оларды діттеген бағытынан бұра жөнеледі. Яғни, шоғыр жартастары теңіз бетіне шығып жататын қиғаш мүйіске қарай айдайды. Қаңбақтай ұшқан кемені жартастардың арасынан ары-бері бұрумен әрең-әрең еңсеріп, енді аман құтыламыз ба дегенде ең шеткі жартасты кеме шала соғып жанап өтеді. Жартастар артта қалады. Дәл осы кезге дейін оңдырмай соққан дауыл да пышақпен кескендей кілт тиылады.
Дауылдан қаңғалақтай ұшып тоқтамай келе жатқан кеме де қайранға түскендей бір орында тапжылмай айналшықтап тоқтайды. Кемедегілер алғашында бұған қуанды. Дауыл тоқтады, ес жиып етек жауып аламыз, деп. Сөйтсе, каютадан жүгіріп шыққан матрос кеменің бір жағы жартасқа соғылғанда тесіліп кеткенін, содан судың тоқтаусыз ішке ене бастағанын хабарлайды. Бұл кеменің суға бату қатері басталды, деген сөз еді.
Дәл осы сәтте, жаңа ғана у-шу боп сөз естіртпей ұлып тұрған теңіз де құлаққа ұрған танадай тым-тырыс болып, аспандағы жұлқына ұшқан бұлттардың ілегі енді, моп-момақан аппақ мақтадай қол созым төбеге төніп келіп, қапалақтап қар жауа бастайды.
Жаңа ғана дауыл мен дүлей толқыннан үрейі ұшып жанталасқан капитан енді, мына тыныштықтан тіпті шошып, жанын қоярға жер таппай арпалысады.
Неге? Өйткені, әлгінде ғана қорқынышты қатты қозғалыс бұларға қауіп төндірсе, енді, мына үнсіз тыныштық одан да қауіпті болып шықты. Өйткені, үп еткен жел жоқ. Кемені қарға адым жерге де апартын ешбір күш жоқ! Егер, сәл жел болғанда ғой, желкендерді олай-бұлай бұрып жақын тұрған жағаға жетіп барар еді, сөйтіп аман қалар еді. Әттең!
Енді, ешбір қайран жоқ, ештеңе де істей алмай аз уақыттан кейін теңіз тұңғиығына кете бару ғана қалған.
Әйтседе, жан тәтті, олар аз уақыт болса да тіршіліктің балағына жабыса тұру үшін бағана кемеге өздері салған бүкіл қажет бұйымдарын түгел теңізге лақтырады, ештеңе де қалдырмайды. Капитан енді, не қалды деп айқайлайды. Сонда, компрочикостардың басшысы доктор: «Енді, теңізге біздің жасаған қылмысымызды лақтыру ғана қалды!» дейді. Сол сәтте бәрі осы сөзден селк етіп шошып, Құдай тәубалары есіне түсендей тынып қалады. Доктор тағы да:
«Кәне, бәрің теңізге күнәларыңды лақтырыңдар! Күнәнің бәрі біздің көкірегіміздің тереңінде жатыр! Кемені суға батырған дауыл емес, біздің сол күнәміз! Енді, денеңді құтқару адыра қалды, көңіліңді ғана тазартып құтқаратындай сәл уақыт бар!» дейді. Бәрі осы сөзге ұйып, ашық палубаның үстіне тізе бүгеді.
Доктор, бүкіл қылмыстарын соның ішінде Гуинплен атты баланың кімнің баласы екенін, оны қашан, қалай ұрлап, қайтіп түр-пішінін өзгерткенін сәл бұрын өзі жазған қағазынан түгел оқиды. Енді, мына отырғандардың бәріне, осы хатқа қолдарын қоюды бұйырады. Осылай, ғана қылмыстарын мойындап, түнек теңіздің түбіне кетіп тұншығып өлу жазасы күтіп тұрғанын айтады.
Қанды қол қылмыскерлер ешқайда қашып құтыла алмайтын ақиқаттың дәл алдында қылмыстарын мойындап, пергамент қағазға өз-өз қолдарын қоюға мәжбүр болады.
Сөйтіп, ол қағазды қатерге ұшырағандардың сол кездегі тәсілі бойынша, суға батпайтын, дымқылдық кірмейтіндей құтыға салып теңізге лақтырады. Өздері де, түнек түннің астында тұңғиыққа батқан кемемен бірге қар деген ақ кебінге оранғандай, теңіздің қап-қара тымық айдынында бастары соңғы рет қылт етіп мәңгіге жоғалады.
Иә, романда ұзақ суреттелген осы көріністер, Құрандағы аяттардың түсіндірме мағынасында қалай баяндалғынын айтудың сәті енді, ғана келді:
«Шұғара сүресі, 30-аят: Бастарыңа келген пәле-жала өз қолдарыңмен істегендеріңнің кесірінен. Бірақ, Алла оның көбін кешіреді.
32-аят: Теңізде таудай кемелердің жүзуі де Алланың құдіретін көрсетеді.
33-аят: Егер, Алла қаласа, желді тоқтатады да, кемелер теңіз үстінде тұрып қалады. Міне, осының өзінде әрбір сабыр сақтаушы, шүкір қылушы үшін көп ғибрат бар екені анық.
34-аят: Немесе, олардың қылмыстары салдарынан кемедегілерді суға батырып жазалайды, не көбінің күнәсін да кешіреді.»
Міне, Құранның кемел тілі, соның өзінде басқа тілдегі тәржімасының өзі адамзаттың бүкіл әрекетін аз сөзбен аңдатып тұрғанын байқау қиын емес.
Романның оқиға өрбуі Урсус асырап алған екі баланың ержетіп өзіне көмекші болғанымен, Урсустың өзі ойлап тапқан скетч-көріністерін енді ат жегіп жүретіндей етіп үлкейтіп алған күймесінде көшпенді сахна етіп ойнағанда Гуинплен мен Дея да әртіс боп қалың көрерменді тәнті етуімен жалғасады.
Әрі, езуі тілінген Гуинпленді кім көрсе болды күлкіге қарық болардай ыржиған түрін мазақ қылса да, ал онымен бірге өскен суқараңғы Дея Гуинпленді ыстық жүрегімен жақсы көретіндігін жазушы жан тебірентер талай эпизоттармен жеріне жеткізе суреттеген. Бұл шақта Урсус, Гуиплен, Дея үшеуі шын бақытты еді.
Осындай қуанышқа толы күндерінің бірінде ақсүйек лордтардың біреуінің сылқым қалыңдығы бұлардың ойынын көріп Гуинпленге көз тігеді. Оны өзіне ермек қылып көңіл көтергісі келеді. Сөйтіп, оқиға шинеліседі. Гуинпленнен сәл сәт ажыраса жаны қоса кеткендей қиналатын Деяға да қатер төнеді.
Міне, осы қарсаңда баяғыдағы теңізге батып кеткен компрачикостардың жолдаған құмырасы теңіз жиегінен табылған еді. Оны сол кездегі арнайы үкіметтік қызметкерлер оқып, танысуға тиіс екен. Сөйтсе, талай жылғы іздеудегі әлдеқандай ақсүйек лордтың баласының дерегі әлгі құмырадан шығады. Және осыған қатысты бір күдіктіні ұстап, түрмеде ауыр азаппен қылмысын мойындатады. Сөйтіп, арнайы қызметшілер көп қиналмай-ақ, оның көшеде көрініс жасайтын «ыржиған жігіт» Гуинплен екенін анықтайды.
Сонымен, жоғарғы билік аз уақытта-ақ, Гуинпленнің бүкіл құқын өзіне қайтарып, көшедегі жалаңаяқ жарлы, аяқастынан салтанатты сарайдың иесі, ұланғайыр жердің қожайыны әрі елдегі билікті жүргізіп отырған лордтар қауымының тең дәрежелі мүшесі боп шыға келеді.
Ақсүйектердің арнайы киіміне малынған Гуинплен лордтар сарайында таныстырылып басынан кешкендері мен өз сөзін айтуға тиісті болады. Бірақ, Гуинплен өмірдегі, айналадағы өзі куә болған ащы шындықтарды сөйлегенде, мұндайды естіп көрмеген тоғышар лордтар қарқылдап күле бастайды, оны ақымақ санап мазаққа айналдырады.
Бұл кезде үкімет қызметшілері даңқты лорд Гуинпленнің атына кір келтіреді, деп Урсус пен Деяны қаладан қуып та жіберген еді. Жүргелі тұрған кемеге отырғызып алыс бір жаққа кетуге бұйырады. Гуинпленнен айырылған Дея болса, жайнап тұрған гүлдің ілезде қурағанындай сылқ түседі. Жүрегі әлсіреп есінен танады.
Жоғарғы қауымның мынандай мазағына тап болған Гуинплен үстіндегі қымбат киімдерін жан-жаққа лақтырып тастап, өзінің сүйіктілерін іздеп келсе олардың бұл жерден жоқ болғанын естиді.
Егер, олар болмаса, Гуинпленнің де енді, өмір сүруінің еш құны қалмаған еді. Ол көпірге шығып, төмендегі өзенге құлауға қамданып тұрған кезде, бірдеңе сыбырсыз келіп қолын иіскейді, қараса көкбөрі Гомо!
Ол өз иелерінен қалып Гуинпленді аңдып жүрген боп шықты. Жаңа ғана өмірден күдер үзіп тұрған Гуинплен қуаныштан жүрегі жарылардай болады. Гомоның артынан ере жүгіреді. Енді, болмаса, зәкірін ағытып кетуге шақ қалған кемеге Гуинплен де жетіп үлгереді.
Гуинпленді көрген Урсус екі көзінен жасы парлап қуаныштан сілейіп тұрады. Гуинпленнің сәл тықырынан да айнымай таныйтын өлім халіндегі Дея кенет көзін ашады. Өмір қайта оралды! Айтып сөз жеткісіз шаттықтың шуағы төңіректі нұрға бөлегендей ғажайып мезет орнаған еді.
Түк көрмесе де Деяның айнадай жайнаған қос жанары жарқырап, ақ гүлдей үлбіреген нәзік денелі сұлу Дея, әдемі екі қолын алға созады. Бір сәт қуаныштан дауысы саңқ ете түседі: «Гуинплен!!! Мен сені көріп тұрмын! Жарықты көріп тұрмын! Мен бәрін көріп тұрмын!!! Қандай ғажап, мен бақыттымын!» деп.
Иә, бір сәтте бәрі бақыт құшағына қайта оралған-ды.
Сол-ақ екен, Дея шалқалай құлап жығылады да, әсем еріндері бозарып, сүйкімді мұрыны соңғы тынысын тоқтатады.
Енді, Урсус та, Гуинплен де бұл дүниеде жүрудің мәні қалмаған еді.
30.11.2022
madeniportal.kz