Ғылыми құндылығы зор үш кітаптың тұсаукесері өтті

Жаңалықтар
827

Рухани құндылықтың бастауында ұлттық фольклорлық мұралар мен Абай шығармалары тұрғанын білеміз. Осы уақытқа дейін Абай еңбектері түрлі қырынан зерттеліп, бұл тақырыпта талай ғылыми еңбектер жарық көрді. Десек те, Абай шығармаларына психоаналитикалық талдау жасап, автордың шығармашылық тұлғасындағы архетиптік негіз, архетиптік мотив тұрғысынан зерттеген  еңбек болмағанын айтып өтпеске болмас. Абай шығармаларын жаңа тұрғыда зерттеп, шетел жазушыларымен, ақындарымен салыстыру біршама уақытты, талапты қажет етеді. Абай әлеміне үңілуге қорықпай, оның шығармаларын ғылыми негізде талдап, зерттеу жүргізген үш ғалымның еңбегі үш кітапқа айналды.


23 желтоқсан күні Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде "Абай шығармаларындағы әлемдік және ұлттық мәдени архетиптер» ғылыми жоба аясында «Абай шығармаларындағы әлемдік және ұлттық мәдени архетиптер» монографиясы, «Қазақ ақындарындағы Абай архетипі» монографиясы мен «Абай архетиптерінің қазақ ақындарында жалғастығы» атты антологиялық жинақтардың тұсаукесері өтті. 

«Абай шығармаларындағы әлемдік және ұлттық мәдени архетиптер» атты ғылыми жобаның жетекшісі филология ғылымдарының докторы, профессор Мақпал Социалқызы Оразбектің басшылығымен жарық көріп жатқан жинақтардың авторлары Амангелді Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институты қазақ және орыс филологиясы кафедрасының доценті, философия докторы (PhD) Мөлдір Аманғазықызы мен Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының докторанты Ләйлә Демесінова.

Ұлттық санаға қозғау салып, түпкі тамырымызды тануға алып келетін ұлттық архетип, символдар мен мифологиялық кескін, көркем шығармадағы интерпретация тәрізді мәселелер осы кітаптардың зерттеу нәтижесі ретінде көрініс тапқанын аңғаруымызға болады.

Кітап таныстырылымына Татарстан Республикасынан белгілі ғалым, Қазан федералды университетінің татар әдебиеті кафедрасының меңгерушісі Флера Сайфуллина, Семейден профессор, белгілі ғалым Арап Еспенбетов, профессор Айман Омарханқызы, Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінің доценті Гүлден Қажыбаева, С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің профессоры Айжан Қартаева, Астанадағы Ы. Алтынсарин атындағы Білім Академиясының профессоры Айман Ақтанова және белгілі ақын, мемлекеттік сыйлықтың иегері Ғалым Жайлыбай мен жазушы Толымбек Әбдірайым, Абай әндерін орындаудың шебері, мемлекеттік сыйлықтың иегері осы тұсаукесерде Абай әнін шырқаған Кенжеғали Мыржықпай, А.Құсайынов атындағы Еуразия гуманитарлық институттың профессоры Лаура Дәуренбекова мен PhD доктор Асылан Есімханов және елімізге танымал ғалымдар Серік Негимов пен Рақымжан Тұрысбек, кафедра меңгерушісі, осы кештің модераторы Қайырбек Кемеңгер және филология факультетінің деканы Ардақ Бейсенбай тәрізді белгілі ғалымдар мен ақын-жазушылар қатысты. Оған қоса бұл жиынға әдебиеттанушы ғалымдар, докторанттар, магистранттар мен студенттер де келді.

Тұңғыш рет Еуразия бойынша символдық ұғымдардың, тотемдердін, әр түрлі кескіндердің архетипі мен кейінгі әдебиеттегі реминисценциясына кеңінен ғылыми-зерттеу жасалып, ұлттық код, символ, мотив ұғымдарына жан-жақты талдау жасалған бұл еңбек гуманитарлық ғылым салаларын оқытуда, Абай шығармаларына психоаналитикалық талдау жасауда таптырмас кітап болары анық.

Міне, осылайша Елорда төріндегі ғылым мен білімнің  қара шаңырағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде үш бірдей кітаптың тұсаукесер рәсімі мағыналы да мазмұнды леппен өтті.


Балнұр Қызырбекқызы

Жаңалықтар

Биыл 15 қазаннан бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында ақылы автотұрақ қымбаттайды, деп...

Спорт

2024 жылғы 7-12 қазан аралығында Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа әлемнің 30-дан...