Ақмола облысы Бұланды ауданының Капитоновка, Иванковка, Журавлевка және Вознесенка ауылдарында су та...
Сәтжан Қасымжанұлы. Өскеменге Тәуелсіздік орала ма?
Күні кеше Шығыс өңірдің орталығы Өскемен қаласында ескірген көше атауларын ауыстыру жөнінде қоғамдық тыңдау өтті. Ақпарат көздерінің мәлімдеуінше, алдағы жылы жаңа Қазақстанның идеологиялық ұғымына сай келмейтін көше атауларынан құтылу жайы біртіндеп жүзеге асатыны анық.
Altaynews.kz хабарлауынша, Облыс орталығындағы 714 көше бар. Оның 566-сы орысша атауларымен белгілі болса, қазақ тіліндегісі 148 көше ғана. Сонау кеңестік дәуірден бері тарих қойнауына кетуі кейінге қалып келе жатқан Колхозная, Пионерская сынды 81 көшенің менмұндалап тұрғанына не дерсіз?!... Қуанарлығы сол мемлекеттің дамуына үлес қосқан айтулы тұлғалардың есімін беру мақсатында өткен қоғамдық тыңдаудың жәнен депутаттардың қолдауы нәтижесінде 23 көше атауы жаңартылмақ.
«Атап айтқанда:
Калинин көшесі – Әбілхан Қастеев
Кутузов көшесі – Латиф Хамиди
Куйбышев көшесі – Тимофей Седельников
Ш.Утепов – Оралхан Бөкей
Микоян көшесі – Александр Сызғанов
Энтузиастов көшесі – Бошай Кітапбаев
Стахановская көшесі – Жақсылық Үшкемпіров
Краснознаменная көшесі – Ирина Ерофеева
Красин көшесі – Борис Александров
Фрунзе көшесі – Эмануил Романенко
К.Либкнехт көшесі – Борис Керімбаев
Бөкеев көшесі – Тұтқабай Әшімбаев
Степан Разин көшесі – Кирилл Ермолаев
М.Горький (Меновное) – Талаптан Ахметжанов
Базовая көшесі – Жібек жолы
Колхозная көшесі – Асқартау
Роза Люксембург – Арна
Совхозная көшесі – Өркен
Совхозный тұйық көшесі – Талас
Чапаев көшесі – Берел
Краснодонская көшесі – Арай
Краснофлотская көшесі – Мұзтау» деп хабарлайды аталған сайт.
Әрине, сөз жоқ, жаңа Қазақстан құруға бет бұрған елдік мақсаттағы мұндай қадамдар құптарлық. Бәрі бір күнде өзгеріп кетпесе де, алдағы жылдың еншісінде жүзеге асатынына күмән жоқ. Алайда...
Дәл бүгінгі Тәуелсіздік күнінде айтпай кетуге болмайтын бір шындық бар. Ол Өскеменнің басты көшесі саналатын бұрынғы Тәуелсіздік даңғылының атауы жойылып, экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың атына беріліп кеткендігі. Оның қай кезде, қандай бастама негізінде жүзеге асқаны тереңдей түсіндіруді қажет етпейді. Басқа облыс орталықтары да басқа тұлғалардың есіміндегі басты көшелерін Тұңғыш президентке құрмет ретінде бір-ақ күнде өзгертіп жібергенде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов Өскемендегі Тәуелсіздік даңғылын «құрбан етіп» жібергендігіншығыстықтар жақсы біледі.
Ал, бүгін Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниал Ахметов облыс халқын айтулы тарихи мерекемен құттықтауын жариялады.
«Бүгін біз ең маңызды мемлекеттік мерекелердің бірі – еліміздің Тәуелсіздік күнін атап өтудеміз. Біз, әрине, мемлекетіміздің егемендігі үшін күрескен, Қазақстанның жаңа тарихындағы батырларымызды ұмытпаймыз және оларға ізгі құрмет пен ризашылығымызды білдіреміз. Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігі жарияланған сәттен бастап, осы жылдарға дейін біз мықты, серпінді, заманауи мемлекетті табысты дамыту үшін, әрбір қазақстандықтың үйінде бейбітшілік пен бірлік орнауы үшін қызмет етудеміз. Біз болашаққа сеніммен қараймыз және ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев алдымызға қойған барлық мақсаттарға қол жеткізуге дайынбыз.
Мен сіздерді Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын және отбасыларыңызға бейбітшілік пен келісім, зор денсаулық, бақыт пен амандық тілеймін!», – деп жазды ШҚО әкімі Даниал Ахметов Instagram-дағы ресми парақшасында.