Қыз ұзатып көрген жоқпын. Бірақ сол сәтті өз басым өте бір астаң-кестең алақұйын сезімді бастан өтке...
Жанарбек Ақыби. Асқар Алтайдың ақиықтары
Бесбоғданың беліндегі құсбегі Аязбай Сансызбайұлы жайлы жазба
Жанарбек Ақыби
Бүркітті тор жасап ұcтау
Баян-Өлгий аймағының шеткері әрі ең биік жері, яғни Көкмойнақ өлкесінде мекендейтін құсбегі Аязбай Сансызбай ақсақалды арнайы іздеп барған едім. «Өмірімнің 50 жылдан астам уақытын бүркіт салуға арнадым. Ата-анадан 13 баланың жетеуі ұл еді» деп өз өміріненен сыр шертті. «Құсбегіліке қалай құмартыңыз» деп сұрағаныма, Ол кезде ақсақалдардың көбісі құсбегілікпен айналысушы еді, той-томалаққа жиналғанда әңгіменің көбісі кімнің қыраны қанша түлкі алды, қалай тұсті, қасқырға түскен қырандар жайлы болушы еді. Мені сол әңгімелер қызықтырды. Содан бүркітші болуды мақсат еттім. Бірақ өлкедегі қарт құсбегілер атадан балаға жалғасып келе жатқан құсбегілік құпиясын ешкімге айтпайтынды. Не біз секілді жастарға бүркіттерін бермейді. Себебі өздері әбден қызығып алған, әйтпесе бөтен пендешілік ой жоқ-ты. Сонымен, өзіме қалай бүркіт тауып алсам деп басым қатып жүргенімін.
Бірде анамның тезек теріп жүріп далада құрылып тұрған торды көргенін, қызықтап жанына барғанын, ішінде қояның өлексесін жатқанын тәпіштеп айтып берді. Сонымен анашыма жалынып, сол көргеніңіз бойынша тор істеп беріңіз деп өтіндім. Баласының асқақ арманынан ана бас тартсын ба? Менің іштей қиналып жүргенім анама да батса керек, бірден келісті. Бірақ, торды неден істейміз?- деп біраз ойландық, ақыры, апам екеуіміз суықтың өтінде міз бақпай жайылып жүре беретін сарлық сиырдың құйрығынан,жылқының жалы мен құйрығын қосып жіңішке жіп есіп, тор істей бастадық. Алғашқы торымызды бітірдік арасында бірнеше қоян дайындап қойған едім, соны ішіне салып торды құрып тастадым. Күнде барып жүрдім. Менің бұл әрекетімді анам байқап қалып, «Балам, құс көкте жүреді, олар сені тым алыстан байқайды. Cен торға жиі-жиі бара берме, құс сескеніп келмей қояды» - деді. Екі күнде бір барып, немесе алыстан дүрбі тартып байқап жүрдім. Бір күні торым тұр, ішіндегі қоян жоқ, тағы бір қоянды әкеп қойдым. Бүркіттер торымның ішіне тік шаншылып түсіп қоянды өлексесінен тағы іліп әкетті. Содан, торымның аласа екені білдім. Қайта қосып, кіндіктен асатындай биіктеттім. Қақпан құрып тірі қоян ұстап, ішіне байлап қойып, тағы да күн аралатып барып, құрған ауымды алыстан дүрбілеп бақыладым.
Ақыры бүркіт түсті-ау... Дәніккен бүркіт қоянды іліп алып, жүгіріп ұшам дегенде торыма оралып қалыпты. Шапаныма орап үйге әкелген күні анам екеміз түнімен ұйықтағамыз жоқ. Май шамның жарығымен бүркіттің жанында өткен-кеткенде айтып, таң атқанша әңгіме өрбіткеніміз есімде. Келесі күні тошалаүйге жүгіріп барып, қойдың бір жамбасын әкеп бердім. Жастау тірнек екен. Қалай баптауды білмесем де жем беріп сыйпалап бойымды үйрете бердім. Іле-шала таудан бір құлжа атып әкеліп, соның етін бере бастадым. Бір айдан соң жуасып мені көрсе жем әкелді деп талпынатын болды. Қасына барғанымда жемді қолыма ұшып келіп, қонып жейтін дәрежеге жетті. Содан далаға шығарып шала жансар қоян әкеп берсем ұстамайды, тіпті, қарамайды да. Сөйтсем, қойдың етімен, құлжаның етіне тойдырып тастаппын, қайдан аңға түссін! Ақыры тамақты аз беріп өзімше баптай бастадым. Апам ақылшым, бүгін тоқ не аш екенін түріне қозғалысына қарап айтып қоямыз. Осылай алысып жүріп қақпанға түсіріп, әкеліп берген қоянды көрген жерден тырп еткізбей бас салатын болды.
Ақыры түлкіге алып шықтым. Құдай сәтін салып жотадан түлкіні де көріп жібердім. Қалықтап барып, жалп еткізіп алып ұрды. Қуанғанымнан дүрсілдеген жүрегім кеудемді жарып шығардай толқыдым. Бұндай сәтет қалай қуанбассың. Бірақ бүркітім түлкіні маған бермей қызғанбасы барма? Бүтін күн алысып жүріп бүркітті түлкіден әрең айырып алдым. Соның өзінде басының мылжа-мылжасын шығарып, тілін жұлып жеп қанжоса қылды. Оған қарағам жоқ алғашқы түлкіні анашыма апарып бергенімде көзіне жас алып жылап жіберді. Сол күні-ақ анашым жақын, жанашыр, туыс-туғанды шақырып, кебеженің түбінде сары майдай сақтаған дәмдінің бәрін шығарып, менің құсбегіліктегі тырнақ алдымды тойлатып, таң атырып думандатқанмыз әлі есімде. Қақпанмен талай-талай аң алсам да осылай ел қызықтамап еді. Бүркіті түлкіге түсіпті деген әңгіме лезде елге тарап кетті. Бүркітімді көрушілер келе бастады. Әй жарайсың, деп арқамнан қақпағандар жоқ-ау бұл өңірде. Өзім де бүркітімнің жанынан шықпайтын болдым.
Бүркітті қалап алу
Бір күні өлкеге танымал құсбегі Мысахан Тұрдықан менің бүркітімді қалап келді. Кезінде өзінен бүркіт жайлы сұрағынымда мандытып ештеңе демеп еді. Енді менің бүркітімнің атағы шыға бастап еді, ести сала жетіп келгенін ұнатпадым. Осындай бір шалдардың тілемсек мінезін қиын жек көріп тұрмын. Бере алмаймын деуге аузым бармай, құсбегілікпен танымал үлкен адамнан бата алмай, қайтсем болады? - деп тарығып шешеме қарадым. Шешем үлкен адам ғой, «Кәріне ұшырап қайтесің бере сал» - деді. Артынан шешем тәпештеп оның мәнісін түсіндірді. Қазақ құсбегілік дәстүрінде үлкендер бүркітін қалап сұраса жастар бүркітін сол заматта беру керек екен. Үлкендер ең мықты және ең зерек жастардың құсын қалап сұрайды екен, оның өзі сол жастардың мықты құсбегілігіне разы көңілділік екен. Ол сенің тағы да құс ұстап баптай алтыныңды мойындап кеп отыр ғой-деп жігерлендіріп қойды.
Бабалардан ұласқан сан ғасырлық дәстүрден аттап қайда барамын, бүркітімді қалап келген шалға бере салдым да, ол кеткен соң қызғаныштан ішім күйіп куні-түні далаға шықпай жатып алдым. Екі-үш күннен кейін Мысахан шал ішін түсірем, келсін депті. Шалдың бұл қылығын іштей құптамасам да шақырғанын сылтау қылып бүркітімді көріп қайтайын деп бардым. Мысаханның асүйінің сыртында бүркітім жоқ. Үйіне кіріп барсам, сол жоқ босағаға тұғырына қондырып қойыпты. «Ассалаумағалайкумды» бүркітіме қарап айттым. Сәлемімді Мысахан шал алды, дереу ішін түсірем көріп ал-деді. Іш түсіргені несі деп қоям. Содан бастап мені нағыз бүркіттің қыры мен сырын ұқтыра бастады. Байқаймын, мен ойлағандай емес бүркіт баптау өте күрделі екенін күн сайын білімін кеңейіп ұға бастадым көп кешікпей әжептәуір құсбегілік жайлы мағұлмат алып та үлгердім. Әлгі бүркітімді қалап алған Мысаханнан мұнша ілім үйренем деп кім ойлаған. Бұркіт баптау деген тұнып тұрған қырағы, зерек бапкердің жұмысы екенін сол кісіден ұқтым. Мен таяз ойлаппын. Құсбегі болу үшін ғасырдан жинақталған қазақы құс баптау тәжірибиені толық меңгерген жандар құсбегі дейтінін өз тәжірибиемнен ұғындым. Бар зейініммен Мысахан атаның айтқанын зер сала жаттап алам. Тіпті, үйден аттап шықсам болды Мұсахан шалдың не істеп жүргенін аңдып жүретін болдым.
Жастар албырт аңғармайды екенбіз ғой. Осы бір қазақы шалдың әр ісі тұнып тұрған ілім екенін сезбепіз. Мысахан ата «Бүркіт әлсіз болса, қызылмен қансоқтаны көп беру керек. Сенің бүркітің қызылмен қансоқтаны көп жеген екен, енді қоясын түсірелік» - деді. Бүркітке аңның етін беруді және кез-келген аң, мал етін кесіп беруді қызыл дейді екен. Қызыл - бүркітің қылғытуына оңтайлы кесілген ет. Сол қалпы қызыл қанымен болады. Қансоқта дегені: аңның немесе малдың туралмаған, қаны сорғалаған кесек етін айтып отыр. Сосын, қоясы не екен деп таң қалып қарап отырмын. Жуып дайындап қойған кішкене кигізді майға орады да бүркіттің аузын ашып жұтқызып жіберді. Содан, бүркітті далаға шығарып байлап қойды. Сонда барып білдім, әлгі, кигіз құстың ішіндегі барлық аңның терісін жегендегі қылшық ба әйтеу ішектегі барлық қоқты алып түседі екен. Мұны қоя түсіру дейді екен. Бүркітімді қалап келген кезде бере салғаныма енді разымын. Айналайын анашым бұның бәрін сезген екен ғой. Жалпы үлкендерді сыйласаң, кем болмайсыңдар! - деп айту өзімнің айтып жүрер тәмсілім болып алды.
* * *
Содан қайта апам есіп берген тұзағымды құрып бүркіт қарадым. Тағы да сарыла күтіп , күнде тауға барып жүріп, бір қара тірнек ұстадым да баптай бастадым. Ол да түлкі көрсе қоймайтын болды. Қарт құсбегілерден қалысқам жоқ. Таң атпай бүркітімді көтеріп, аңға шығып кетем де, кешкісі қанжығым майланып ораламын. Құсбегілік атағым өз өлкемізге жыр болып жайылды. Ақыры аң терісінің норматибін орныдай алмаған аңшылар менен түлкі терісін алатын болды. Үкімет пұшпағын кеспеген түлкіні 22 төгрөгке, (сол кездің ақшасымен) ал пұшпағы кесілгенін 18 төгрөгке сатып алатын еді. «Аға, пұшпағы кесілгені несі, ол не?» деп сұрадым. «Керейдің пұшпақ тымағы атанған шалдардың тымағын көрдің бе, соны түлкінің сирақ терісінен істейді. Сол сирақ теріні пұшпақ дейді. Пұшпақ жинап қой!»-деп елден өтініш-тілек келеді. Соған сай сирақ терісін кесіп аламыз да, теріні үкіметке сатып жібереміз» –деп әңгімесін жалғады.
Бүркіттің иесініне бауыр басуы
Бір бүркітті ең көп дегенде 8 жыл ұстап қоя беріп жүрдім. Бірде тойындырып күзде қоя берген бүркітім жазғытұрым кезінде мал қорамның басында отыр. Елу шақырым жерге көшіп кетсек те артымыздан іздеп тауып келген ғой. Басына баспана салып беріп, бос қойып жемдеп жүрдім. Бір айдан соң кетіп қайта оралмады. Құста болса өз иесін сағынатын сияқты.
Тағы бірде құдамыз «Бүркіт ұстап берсін»-деп қолқалап болмаған соң, бір бүркіт ұстап баптап үйретіп 150 шақырым жүріп, апарып бердім. «Тілегімді орындадың, ауылға бүркіт келді!» - деп ақсарбасын сойып, той жасап қарсы алды .Ертеңінде қайтып кеткен едім, аз күннең соң «кигіз үйміздің шаңырағына бір бүркіт ұзақ айланып жүр»- деп балалар айтқан соң шықсам, ана күні құдама апарып берген бүркітім өзімді іздеп келіпті. Шырғаға шақырып ұстап алдым. Құдама басқа бүркіт ұстап беріп, өз аулында қонып жатып, баптап үйретіп ана өзімді іздеп келген бүркітті өзім баптадым. «Міне қарағым, құс та болса қандай зерек деші .Ауылды қойып бір көрген адамды да таниды бұл пәтшағарларың» - дейді Аязбай ақсақал.
Қыңыр бүркіт
Бірде мәлін ұстап жеп отырған бүркітті байқап қалдым. Үркітіп қуып жіберіп, сол мәлінге қақпан құрып тастадым. Ертенінде ақ қақпаныма әлгі түз қыраны түсіп қапты. Ауылға әкеп талқыға салдым. Ұзақ уақыт жуасып болмады. Бірде ұзындау байлап қойсам, сарылық сиырдың басынан ұстап тырп текізбей жабысып тұр.Бір болсаң керемет қыран боларсың ау! - деп жалықпай баптай бердім. Ол жуасыйтын түрі жоқ. «Бүркіт қанша бағып баптасаң да, қанша айтқанымен тұз тағысы ғой, шырғаға баулимын» - деп босатып қалғанымда сол қалпы ауып ұшып, ауыл шетіндегі бір ауылдастың баласына түсіп жазым ете жаздады. Кейде қыңырланғанда өз балағыма да жармаса берген соң біреуді жазым етер деп ойлап, ақыры босатып қоя бердім. Ондай баптауға көнбейтін қыңыр мінезділері де кездеседі. Қанша айтқанмен құс әлемінің падишасы, тентек мінезді ғой. Мұндай қыңырлар талқыға да көнбесе, қоя берген абзал. Ондай құс қатты кекшіл болады, өзіңе шаппаса да елді мертіктіруі мүмкін.
Қарға оранып бүркіт ұстау әдісі
Аязбайға Мысақан деген қарияның айтып берген әңгімесі екен. Мысақан ата жас кезінде бұл өңірдің атақты қамшыгері Кеңесбай келіп: «Тор құрсам быт-шыт қылып, талқандап кетеді, тоятын аңдиын десем, ілген аңын тау басына алып кетеді. Мені мазақтап, ойнап жүрген бір бүркіт бар. Сен бала маған көмектесші» - деп ертіп алды. Үлкендердің сөзінен аса алмаймыз, тілегін екі еткем жоқ, еріп алдым. Қос аттымыз бірзаға жететін азық-түлік арытқан жетекте түйе. Бұл жолғы сапарымыз біразға ұласатын құсайды. Алтай тауларының биік жотасы Бесбоғда тауының етегіндегі Бітеу Қанастың қарағайлы саласына келдік. Қара қосты тігіп, кешкі тамақты асып жан-жаққа дүрбі тартып, Кеңесбай айтқан бүркіт қайдан шығар екен, деп аңдып отырмыз. Үсті мәңілік мұз басқан Бесбоғда тауының етегіне жақын болғандықтан ба?, бұлт басып жан-жағымыздан ештеңе көре алмадық.Қара қоста екі кун шыға алмай жатып қалдық. Бірде таң ертең тұр бүркітті көрдім және төбемізден ұшып кетті, жүр-деді ешкінің ақтерісін алып алдық, мұны не қылады деп түсінгем жоқ, басыма қойдың елтірісінен теріс қаратып, ақ өңді тері жағын теріс қаратып кигізді ішікті қылшық жағын ішіне қартып ақ тері жағын сыртына қаратып шалбарды да, тіпті етігімді де солай-ақ термен қаптап тастады.
Қолыма үлкен бота мойын бялайды кигізді. Содан дөңестеу жерге өзі әкеп тыстаған жемнің жанынан қарды қазды да осында жат деді бағанағы ақ ешкінің терісін астыма салып берді. Бүркіт осы етті жегей келеді, сол кезде шап етіп ұстап ал қыбыр етпей жатып жылдам сып етіп ұстамасаң сескеніп қалса қайта келмейді еңбегіміз еш кетеді деді. Содан қарға оранып жатып бүркіт ұстау әдісі екенін енді білдім. Өзіндік күш қайратым бар .Бәлем, келсін!-деп мен жатырмын. Көп өткен жоқ, жалп етіп қарды сықыр-сықыр еткізіп бүркіт келді де жемге бас қойып, бір жақ шетін аяғымен басып тұрып, аузымен тартып жұлқылап жей бастады. Сәл тосып тұрдым да біраз асап-асап жіберген соң, мен де шап етікізіп аяқтан ұстай бере орынымнан атып тұрдым. Аяқ асты сап еткен не екенін ұқпай қалған бүркіт қанатын сабалап мені алып ұшатындай жұлқылап әкетті. Бүркіттің ұлкендігін айтпа мен орынымны неше көтерпі неше түсірді.Ауыр ішік киіп тұрсамда анда санда теуіп қалғанда теңселік кетіп тұрмын. Өмірі осындай қармаулы бүркіт көрмеппін. Кеңесбай айытқандай шамам келсе бүркіттің алақанын жоламай балтырына қарай сығымдай ұстап жібермей мен тұрмын. Алыстан бақылап отырған Кеңесбай да шауып жетті. Шапанның үстіне жауып, қас-қағымда екі жақтап жүріп бүркіттің қанатын жиып байлап, орап алдық. Бүркіттің ұлкендігін айтпа қуанышымызды шек жоқ, суық күнді елемей разы қош болып, Шарноқайтыдағы Кеңесбай ауылына бардық. «Бесбоғаданың ақ иығын ұстады» деп ауыл болып жиылып, ақсарбас сойылып, таң атқанша ән-думанмен дүрілдетіп тойлатып, сыйға шапанымды киіп қайтқан едім, одан қайтып елдің қарға оранып жатып бүркіт ұстапты дегенді сирек естідім. Артынан естісем, ол бүркітті Кеңесбайдан тағы біреу қалап алып кетіпті...
***
Осы Мысахан құсбегі өзінің дарынды шәкірті Аязбайға біраз жабдығын мұра қылып қалдырып кеткен екен. Аязбай құсбегілікпен бірге керемет мерген аңшы. Бұл өңірдің сай-саласының аң мекен етер алқапта білмейтін жері жоқ. Өлкенің мақтан тұтар аңшы аталардың бірі. Асқар Алтайдың ең биік жотасы Бесбоғда қойнауында құс салып, қазақтың саят өнерін жалғастырып жүрген қарт құсбегіге амандасып, жыл сайын барып тұрамын. Қай кезде де барсам да бүркітінің жанында жүретін атай көзіме жылы көрінеді.
Жанарбек Ақыби, этнограф, тау спортының шебері
Моңғол Ұлысы Баян Өлгий аймағы, Өлгий қаласы
Фото: nevseoboi.com.ua