Ғалымбек Елубай. Аты жоқ ауру

ӘДЕБИЕТ
5351

"Бөкен жалақ" аңызы

Алпыстан асқан шағында қарт Шөңгені қара басты. Алжыды деуге ақылы, ауырды деуге дені сау.
Қарт душар болған сырқаттың сырын тарқатып жазу сол кездегі адамдардың жарияға салмағаны секілді, маған да ыңғайсыз соқты. Оқиғаның бояуын бозартып беремін деп қоюлатып алған тұстарым болса, алдын ала ғафу өтінем. 

Француздың романтик суретшісі Фердинанд Виктор Евгень Делакройдың «Дездемона, әке қарғысы» картинасы 1852. 40x32см холст/майлы бояу Brooklyn Museum, New York, United States
Бұл қандай дерт, емі нешік? Ел болып есі кеткен сұраққа айналды.Аяқ асты басталған бәленің азабын Шөңгенің шүйкедей кемпірі тартқан. Бастабында Байқұс Жәми еншісін отаулап кеткен ұлымен, қызын жағалай қашты.  
Алпысында қаңтардағы бурадай жараған Шөңге шал кемпірін барған жерінен жалғыз түнетпей, суырып алып тұрды. Мақсат біреу, мұрат жалғыз. Берекесі қашқан, бейкүна кемпірін есіктен кірер-кірмес төсекке атып ұрып, айызы қанғанша шөгетін болды.
Қысқа таңда қырық қайыды. Ұйқысы қанбаған кемпірінің екі ұрты суалып, көйлегіне сүрініп құлап жатқан жерінде тағы зорлыққа ұшырады.
Аяқ қолы дірілдеп, тісі-тісіне тимей сақылдап, иегіндегі бес тал сақалы шошаңдап, тері шалбарының ауы тырсиған Шөңге өзге қызықты ұмытқан. 
Үйірін іздеген аталықтай жанары тұмандап, түсініксіз күйге түскен.
Жақын дегені, жамағайын дегені жаурды жаба тоқып, барынша жасыруға тырысыпты.

Жарылған жара

Ләжі қалмаған кемпір ретін тауып, рудың игі жақсыларын түгел ұйыстырып былай деген:
- Ұлыстың ұйтқысы болар жаста, іріген ірткісі болдық! Сүйекке түскен таңба менікі емес, әуелі сенікі ағайын! Мынау әулекінің тамырын қуалап жүйткіген құмарлығына тиу болмаса, аз күнде су ішерлігім де түгесілер. Сосын Шөңгенің астына дөңбек салып бересіңдер ме? Кезек сендердікі! Бұл Шөңге бір күн мені таппай қалса, бүкіл ауылдың тесік моншағын түгел киіп шығады. Мен арылдым. Амалын өздерің жасаңдар!
- Астапралла! Жәми шырақ! Сезіп, біліп жүрміз. Заты жуас, тегі момын кісінің қандай қарғысқа ұшырағанын қайдам? Беттің арын белбеуге түйіп, шешімін қаралық!
Осы күні төрт құбылаға түгел сұрау салды.
Жұлдызға қарап пал ашатынды, құмалақ шашатынды түк қоймай түгендеген.
Сандық түбі сарғайған сансыз кітаптар парақталып, кереге қарындағы қасиетті дұғалар құндағынан шешілген.
Емі жоқ! 
Мұндай ауруды естіген құлаққа зар күй кешкен.

Осы аралықта

Құтырынған қарт Шөңге ай астында бұта-бүргенге жасырынып қалған кемпірін іздеп аласұрды. Және адам табиғатына жат иіс сезу түйсігімен тез тауып алып жатты...
Ауылдың қыз-қырқыны бірін-бірі «Әне, артыңда Шөңге тұр!» деп қорқытып жүрді.
 
Ғайыптан келген құтқарушы

Бұл хабарға алыстан құлақдар болған аңшы айтыпты:
- Егер екі құлынды бие берер болса, мен емдер едім.
- Төртеу ал! -деп шулапты бұлар.
Тұла бойынан дала тағысының исі бұрқыраған, сілеусінкөз сары жігіт айтыпты:
- Ендіше, ұйығып жүрген қаншық ит табыңдар. Оған дейін Шөңгені бірер күн байлап, зар күйіне бебеулетіп келтіріп алыңдар. Әбден көзі қарайып, тарамысы тамырланып шыққанда қолын ғана босатып, итті кереге сыртынан туралаңдар.
Әлекедей жаланған ең бір епті жігіттер күле жүріп, күрсіне жүріп аңшы тапсырмасын қапысыз тамадаған.
Бойын буған дүлей нәпсі арнасын тауып, сығымдап ұстаған қолын қаншық иттің өлі денесінен босатқан Шөңге шал талып түскен. Сүт пісірім уақыт өткесін есін жинап, құрысып-тырысып, өзінің әуелгі момақан қарттығына қайтып оралыпты.
 
Түйін

Төрт құлынды биені жетегіне алған аңшы қаумалаған жұртқа жұмбақтың шешуін былай жеткізіпті:
- Бөкендер үйірге түсер алдын өз иелігіндегі барша ұрғашыларын суға жібермей, әбден қаңсытып ұстайды. Қаны кеуіп, қаталаған үйірді қайырып жүріп, күйіті келген бөкеннің аялдаған жерінде аталық зәузаты тамшылайды. Ол тамшы көптеу тамса ғана пышақ сырты түймешіктеніп қатады. Әйтпесе, желмен ұшып, жерге сіңіп кете барады. Бұны «бөкен жалақ» дейді. Күш қуаты шарасынан асып төгілген тұста ғана бөкен үйрін суға жібереді. Кендірі кесіліп, қаны қураған үйір су ішіп болам дегенше бәрін жайғаған аталық бөкен мынау аталарың құсап құлап түседі екен. Ханмен бектердің арманы болған сол зәру зәузат қарттың саптаяғына өзі секіріп түспеген болар. Ендігісін апаларыңнан сұраңдар! - Дегенде, селік етіп, сасып қалған Жәми кемпір айтыпты:
- О құрғырдың соншалықты құдіретті екенін қайдан білейін. Бір өлімнен қалғаным рас, ендігі де беті аулақ! «бөкен жалақ» кісі әуес болатын нәрсе емес екен.
author

Ғалымбек Елубайұлы

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Айқын Төлепберген Youtube платформасындағы Зamandas подкастына берген сұхбатында Қанат Бейсекеевтің...

Ауа райы

Синоптиктер Қазақстандағы 2024 жылғы 8 желтоқсанға арналған синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа ра...