Сіз, көбіне, бірінші жақтан жазасыз ғой... Кейіпкерлеріңіз, негізінен - "Мен"... Жаңа қара...
Жұмекен Нәжімеденовтың «Топырақ» атты өлеңіне интерпретация
Құрандалардан құралған адам денесінің түбі өз мекендеріне қайтары бәрімізге аян. Кіл ұлылықты бойына жинаған топырақ та осы жерде өз еншісін кері алатыны да белгілі. Алайда топырағы қабыл етпеген денелер қайтпек? Құдай адам баласын топырақсыз қалдырғаннан сақтасын дейміз! Әумин.
Қазақ ақыны Жұмекеннің «Топырақ» атты жыры да «кесір кедей бір шал» денесінің өз топырағымен қалай қауышқанын баян етеді. Денесі топырақпен қауышты ма, әлде топырақ денемен қауышты ма ол жырда белгісіз. Дегенмен шығарма басында «сәби шыр етіп жерге түскенде –түбі сол адамның қабірі қазылар тұстың топырағы әйтеуір біл белгі беруге тиіс» деген эпиграф қолданған. Демек, дене топырақпен емес, топырақ денемен қауышады деген байламға келеміз. Жарайды, қабір басында төрт құлақты қара қазанның шығуына қатысты хикаяның ұшын тарамыс қария әріден бастайды:
Төрт түлігі тасыған байдың жас тоқалы ұл тапқан уақытта «ат-қазықтың басындағы топырақ бұрқ ете» қалыпты-мыс. Белінен шыққан бармақтай ұлын балабас өлімге қимаған бай:
«Көшем» деді.
Баршылықтың бәлесі:
«топыраққа көмдірмеймін дәл осы
ұлымды мен
қасарғанда тағдырға!» -деп көші-қонын жинап жолға аттанады.
Жолға дегенде қызық қуған сапарға емес, Хақ бұйрығына қарсы шыға алмасын біле тұра өлімнен қашады. Бейне бір өлімнің аузынан баласын барымталап алған ұрлықшы ма дерсің. Бір қызығы, бай өлімнен қашу арқылы құдайдан да қашуға бел байлағанын сезген де жоқ. Себебі, «Адамның басы –Алланың добы». Әуелгіде құрбан шалып, құран оқытқан бай, бұрқ ете қалға топырақ үшін бәрінен бас тартуға бел байламақ. Әрине, бұл жердегі әкенің ұрпағына деген қимастығы мен сол арқылы тағдырына қарсы шығуы психологиялық травмаға әкелетіні белгілі. Ұрпағы үшін «қатал жазмышымен кектескен» бай түбі құдайдың өзімен өштесетінін бейсанасында қабыл етеді. Қашқан сайын мал-мүлкінен айрыла берген байдың бұл әрекеті бір қарағанда ақымақтық болып көрінуі мүмкін. Бірақ шығарманы оқып отырып, байдың ісін ақымақтыққа балай алмаймыз. Ұрпағы үшін барын салған пенденің шарасыздығы, тағдырына деген өшпенділігі анық байқалады.
Пенде баласы әуел бастан-ақ, тағдырына көңілі толмаған жаратылыс. Ол кеше де, бүгін де, ертең де, өз тағдырына қарсы шықпақ. Ал тағдыр дегеніміз –маңдайыңа жазылған жазмышың. Ал маңдайыңа тағдырыңды Құдай-Тағала жазғаны рас болса, пенде баласы жер бетіне түскен сәттен бастап-ақ Құдайға қарсы шыққан ба?! Адам атамыз бен Хауа анаммыз әп-әдемі өмірлерінің астан –кестеңін шығарып, құдайды қаһарландырып жұмақтан қуылған жоқ па еді? Жоқ, олар құдайдың тыйым салынған жемісін жегендері үшін емес, өз тағдырларына қарсы шыққандары үшін жазаланды. Демек, басымызға таяқ боп тиген оқиғадан еш сабақ алмаған халық әлі күнге дейін өз тағдырларына қарсы шығуда.
Мүмкін емес, жағдай мүлде басқаша орын алуға тиісті. Тағдырға қарсы шығу –Құдайға қарсы шығу емес. Тағдырың өз қолыңда, бірақ өз қолыңда болса топырақ неге бұрқ етті?! Сонда өз қолымызда болған тағдырымыз сырты тормен қапталған еркіндік дегенмен пара-пар емес пе?! Сенің қалауыңнан тыс өмірге келу және қалауынсыз өмірден өтудің арасындағы тағдырды өзің таңдау деген сөз –бос әурешілік емей немене?! Байдың да өмірге келген нәрестесінің өлімге бергенге дейін тағдырынан қашуы яки қасарысуы бос әурешілік. Мұны бай да біледі, біле тұра ұрпағын өлімге қимайды.
Көшті, көшті
Баласының өлігін
Туған жердің топырағынан қызғанып!
Топырақ –Өлім бір ұғым қылып қарастырған ақын байдың өлімнен өз ұлының қызғанғаны орынды екенін айтқысы келсе де, айта алмайды. Себебі:
Тәңір айтты дейді бірде бұлт жыртығын сығалап:
«Қоныс іздеп болмай-ақ қой енді алаң!»
Сонда ғана ес жиыпты сорлы бай,
Ес жиғызған: «Әттеген-ай, қорлық-ай!»
Жегі жеді өркөкірек жанды лас,
Кешегі бай атанды ілез «қаңғыбас».
Иә, тағдырға қарсы шыққаны үшін бар байлығынан айрылған шал енді «қаңғыбас» атанды. Ұрпағын өлімнен қызғанған байдың дегені болмай бордай тозды. Соңында өзінің қолынан ештеңе келмесін білді және үнсіз ғана қабыл етті. Бұл дегеніміз кешегі қатал жазмышына қарсы шыққан байдың қажыған шаршаған кейпі. Тіпті ұлын өлімнен арашалаймын деп көшіп жүріп ақыры өзі де өлді. Бәлкім оның топырағы иесіз жапан далада бұрқ еткен шығар, кім білсін? Бәлкім, оның маңдайына жазмышына қарсы шығу жазылған шығар?! Бәлкім, оның осылай бой көтеруі еркінен тыс орын алған шығар?! Адамның басы –Алланың добы емес пе еді?
Өлер шағында, айтпақшы, әлгі бай-қасқа
Баласына былай депті:
«бөтен жерге жайғаспа,
Қайырымсыздық етпес еді тап мұнша:
Біздің топырақ ата-жауша, сатқынша,
Қанша кедей болсаң-дағы ақ-табан
Хақ бұйырған топырағыңды тап, балам!»
Тағдырынан қашып жүріп, ақыры тағдырымен беттескен ұл да түбі көшіп қонып жүріп бір түні «бір жөтеліп күркілдеп, бір ықылық атты-дағы жұмды көз» . Көз жұмған жері кешегі әкесі осы жерге жерленбесін деп белгі қылып төрт құлақты қазанды көмген жері-тін. Міне, осылайша «қырсық құдай» өз дегеніне жетті. Жеңді. Маңдайына жазылғаны осы жерге жерленуі. Расында да оның маңдайына жазылғаны осы жерге жерлену болса, және «қатал жазмышына» қарсы шыққан күннің өзінде де, «қырсық Құдайдың» жеңіске жететіні анық болатын болса, бай да оның ұлы да ештеңеден қашқан жоқ. Олар тек тағдырының соңынан ерді. Бәлкім, байдың басына бұйырғаны көшіп жүріп, «қаңғыбас» болып өлу жазылса, (жоғары да айтқанымыз секілді оның топырағы иесіз жапан далада белгі белген болы керек) ұлына да кезіп жүріп, төрт құлақты қазан көмілген жерге жерлену маңдайына жазылған шығар, кім білсін?!
Жыр соңында Жұмекен осы оқиғаны не үшін айтып отырғанын нақтылай кетеді. Әке өлімі. Соғыс уағында қызыл вагонға тиеп соғысқа аттанған әкесінің майданға емес, сонау шалғайда бұрқ еткен топырағын іздеп кеткен шығар деп аяқтайды.
Жомарт Жылкелдіұлы