Кобо Абэ. Боксшы (аударма)

ӘДЕБИЕТ
2534

Кобо Абэ – жапон халқының ұлы жазушысы, сценарист, драматург. Соғыстан кейінгі жапон авангардизмінің белді өкілі. Абэ өз шығармашылығында, көбінесе, заманауи қоғамда адамның өзін-өзі іздеуі және оны табуға деген талпынысын сөз етеді. Жазушының «Құм құрсауындағы әйел», «Бөтен бет», «Жәшік адам» сияқты танымал романдары әлем әдебиетінің алтын қазынасына ене отырып, адамзат танымын тағы бір сатыға көтеріп тастағаны жасырын емес. Ол туралы жерлесі, жазушы, Нобел сыйлығының лауреаты Кэндзабуро  Оэ: «Кобо Абэ – әлем әдебиетінде У.Фолк­нер, Ф.Кафка сияқты алыптармен қатар тұруға тиіс және тағы бір-екі жыл өмір сүргенде Нобель сыйлығын алатын бірден бір жазушы еді» деп баға береді.

Жазушы қазақ әдебиетіне де жат емес. Бұған дейін автордың бірнеше романы қазақ тіліне аударылған болатын. Осы жолы  жазушының 1960 – жылдары жазылған «Сәтсіз уақыт» атты драмалық  шығармасын «Боксшы» деген атаумен назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Кобо Абэ. Боксшы

(драма)

Қатысушылар:

Боксшы

Дауыс

Боксшы: Жеңілуге болмайды… Бұл жекпе-жек… Жеңілер болсаң төбелесіп керегі не?

Бәріне кінәлі кешегі сүт! Қышқыл! Ештеңе істей алмайсың! Тоңазытқышта тұрып-тұрып ашып кеткен. Табиғи сүт болса керек! Иә, нағыз табиғи сүт! Ал нағыз табиғи сүттер ашымай тұрмайды. Енді оны ішуге келмес. Иә, жағдай қиын… Мерзімі өтпеген сүттердің қақпағына жазып қоятын еді… Қалай десең де, бүгінгі сүтті тек бүгін ішу керек… Әр нәрсенің уақыты бар ғой…

Сағат неше болды?!

Жап-жаңа соққы қабы…  Қызыл… Тоқылдатып ұрғанға жақсы екен… Бір-екі, бір-екі, бір-екі… Дыбыстар мені қатты алаңдататын сияқты ма қалай? Қатты дыбыс естісем болды, ішім алай-дүлей болады. Сары шайыр жаққан ұлтарақтың дыбысы; сықыр-сықыр етеді. Бала ойыншық автоматын атып жатқан сияқты; пью, пью. Солай ма? Рингте ең бастысы аяғың тайып кетпеуі керек. Тайып кетсе, мен өзімді не күтіп тұрғанын жақсы білемін. Сондықтан әр раунд сайын өз бұрышыма оралғанда, табанымды жаңағы сары шайырмен ысқылап аламын. Бұндай кезде маған бәрі күледі…

Қайырлы кеш Кимура-сан… Кеше қалай, бәрі жақсы болды ма… Жақсы шығар. .. Мәссаған, қараңдар, рингте  сондай әдемі қыз кетіп барады… Жеңуіме осы да көмектесер… «Сүйем, сүйем сені, ааа»

Тфу, қандай жиіркенішті еді… Жеңілуге жол жоқ!

Салмақ тастауды бастағалы бері түннің бар уағында тұрып ап, күріш орамасын жеймін. Және екі күннің бірінде жекпе-жек. Жекпе-жектің көп болғаны жақсылық емес.  Тым құрығанда қарсылас лайықты болғанда… әйтпесе…

Ал бірақ жекпе-жек болмаса жаттығудың қажеті не? Әрине, ондай кезде формаңды бірдең жоғалтасың. Айтып айтпай-ақ бірден…  Жекпе-жектің саны емес, сапасы маңызды. Шіркін, өзің қалаған ең қызықты жекпе-жектерді  өзің таңдар ма едің?! Ондайды, әрине, түсіңде ғана көресің…

Құрып кеткір!  Үнемі салмақ тастап әлексің… Таразыға қайта-қайта шығасың… Егер бұлай жалғастыра берсең, сенімен ешкім төбелеспейтін болады… Тағы салмақпен әуресің…Есесіне ақшаң қалтаңда, бекер таразыға шыққан жоқсың…

Мүмкін, мені кері тартып тұрған да осы шығар.  Менің жасым – нағыз тамақтың көкесін жейтін жас. Кім не дейді. Елу бір киллограмм орнына елу екі. Тфу, әкеңді… Бар күш -қайратыңды боксқа арнап жүріп, бір тал артық тамақ аузыңа салып көрші, бірден ет алып кетесің…

Жарайды, жетер! Онсыз да жүрегім айнып тұр. Маған өмірде бәрі тайға таңба басқандай ап-айқын, түсінікті болған. Бірақ бокспен айналысқалы бері сол мөп-мөлдір ақиқат сағымға айналды. Себебі бокс­тың өзі бір түсініксіз дүние. Азапты тартып-ақ келемін. Әттең, тым құрыса өзіме қол жұмсай да алмаймын… Жо, жоқ… Адам бұған ақылмен келмейді…

Айтқандай, тыңдашы… Шашыңның сүрепеті кетіп тұр. Есіңде сақта, әр жекпе-жектің алдында шашыңды алдыратын бол… Әйтпесе мына сабалақ күйіңде ұрып жықса екі есе обал ғой.

Бір-екі, бір-екі, бір-екі, Охо, бабымда екенмін…

Айтпақшы, Кимура сан, жақында ғана мен өзіме бал аштырдым. «Күтпеген сәттілік» деген карта түсті. Көреміз, басқа болжаулар не дейді екен… Міне, тағы тиын салдым, кнопкасын бастым… Көптен күткен билет те шықты… Алақай, тағы «күтпеген сәттілік» билеті шықты.  Ғажап… Тағы көру керек… Мәссаған, тағы сол билет… Айтарға сөзім жоқ… Бұл қалай болғаны… Қолды қанға бұлғамай, қалай жеңсем екен?.. Өзің сұрап алған ауруға дауа жоқ. Егер мен осы жолы жеңілетін болсам, онда маған кешірім жоқ…

Дауыс:

Спарринг!

Бір-екі соққылар легі!

Жақсы, бір-екі!

Соқ, соқ, ұр, ұр!

Апперкот!

жақсы, үш соққы! Бір-екі-үш!

Жақсы!

Боксшы:

Бұл не дыбыс? Есігі астыңғы жақта ма сонда? Мұндағының бәрі темір, тіпті, есік те. Сабырым сарқылды.

Тфу, әкеңді! Маған не болған бүгін, бәрін ұмытып… Кімде орамал бар? Орамалымды ұмытып кетіппін… Есімнен ауысқан шығармын… Таңертең жасаған қылығым анау… Жаттықтырушы адам сияқты ескертті: бүгін таңертең жүгірмей-ақ қой, кешке ринге шығасың. Қайдағы тыңдаған. Әдетіме басып, таңғы бесте қайта жүгірдім. Ақымақ!

Жатарда жайлы ұйықтайын деп бір мұңлы музыка қостым. Чайковскийдің скрипкаға арналған  концерті. «Аққулы өзені» де жарап қалар еді.

Негізі мен джазы жақсы көремін, бірақ онымен ұйықтай алмасың анық.

Ерте тұру да жүрек айнытады… Ай-ныт-а-ды! Жүгіру деп отырмын ғой, бәлсініп. Бірақ қанша жүрек айнытса да, жүгіріп келген соң тәуір боп қаласың. Менің айтқым келгені басындағы қиындық; қаласаң да, қаламасаң да тұруың керек. Киінуің керек [дәл бар жұмысы жоқ адам сияқты].  Сосын бас…

Ұйықтағым келеді… Басымда тек бар ғана ой; тезірек жаз келсе екен. Сұмдық, неге сонша жиіркенішті…

Бос әңгіме. Маған ұнайды, сондықтан істеймін бәрін. Кейде ойлайсың, боксқа түкіргенім бар деп. Бірақ бәрібір жан қалауың осы. Жаныммен қаламасам, біреуге көзімді көгертіп нем бар. Бұл бәленің де өз рақаты бар. Ең бастысы, жасап жатқан ісіңнің қыр-сыры саған толықтай мәлім болуы керек. Сен оның ағын да, қарасын да көре алуың керек. Бір нәрсенің тек көлеңкелі жағымен ғана дос болуға болмайды. Адамдармен де солай.

Соққы, соққы, соққы, соққы!

Соққы дегеніміз не? Соққы жасағанда ғана жаным кіреді. Менің мәнім сол. Дәл соққы деген мен үшін ойлап табылған сияқты. Қарсыласқа;

Соққы, соққы, соққы!

Апперкот!

Саған неше болды?

О, бастайтын кез келді… Керемет… Мен дайынмын…

Көріп тұрсыз ба, қызыл шұлық сатып алдым. Қызыл түс тамызда туғандарға сәттілік әкеледі... Мен сол тамызда туғандардың қатарындамын… Қызыл түс – тамызда туғандардың түсі. Сондықтан мен қызыл шұлық сатып алдым. Не?  Ақ дейсің бе?… Рас па?  Яғни, тамызда тумағам ғой сонда мен…  Жағдай қиын… Кимура сан қазір боғауызын бастайды… Ғажап…  Қызыл шұлық жарамай ма?

Бәрібір мен бабымдамын… соңғы уақыттары жолым болып жүр… «Күтпеген сәттілік» картасы ше? Түнде де бірден ұйықтап қалдым… Кешегі массаж сай-сүйегімді сырқыратты-ау, сындыратын шығар деп ойлап едім. Қайта шыдадым.  Мүмкін жақпа май көмектесер? Қолым талып тұр, бұл спарринг үшін жақсы емес… Бәрібір мен оны құлатамын. Рингке шығайын, қолдың ауырғаны да ұмыт болады.

Жоқ, жеңілуге болмайды. Егер мені құлатса, менен жақсы боксшы шықпағаны.

Бірінші раунд

Боксшы: Бәрі жақсы! Ысқырық құлақ құрышымды қандырып жатыр… Бұл мені сабырға шақырады… Сары шайырмен ысып алған табанымнан жақсы дыбыс шығады ә? Ұрып жығамын… Әйтпесе, міне, төрт жекпе-жекте шаң қауып қалдым… Тым сабырсызданып кеттім, сондықтан қолым да ауырып  тұрған болар…  Иә, дегбірім қашып кетті… Қаншама рет айтылды маған; боксышыға ең бастысы - өз қобалжуын жеңу керек деп. Ал, мен болсам әлі мазам қашып тұр… Енді міне рингтен кете бергенімде, не абырой… жоқ, бәрібір абыройдан айрылу маған ауыр. Алдыңғы позициядан сәл төменірек қимылдау керек… Әйтпесе, бас көтеру мүмкін емес боп барады…  Қиын, солай ма? Бәсеке  деген осы…

Дауыс:

Тура соққы жаса!

Қырынан, жанынан.

Не істеп жатсың? Ұрмайсың ба?

Осылай, дәл осылай. Ұр!

Ұрғанның үстіне ұр.

Бір, екі, апперкот.

Боксшы: Иә, білем. Қақылдай бермеші… Өтті бәрі… Оныншы орыннан тоғызыншы орынға… Тоғызыншыдан сегізге… Сегізден жетіге… Жетіден алтыға… Енді бір саты… Бір саты жоғарылау үшін бесеуін құлатып көр… Жаттықтырушы осылай деген.. Яғни, чемпион, чемпион болу үшін елу жауынгерді құлатуы керек … Чемпион болу, әрине, керемет, бірақ елудің бәріне ұнау дегеніміз… Бұл жерде екі-ақ таңдау бар, не сен ұрасың, не жаңағы елу ұрылғанның қатарында кетесің… Мен кейде ойлаймын… жетінші орыннан сегізге… Сегізден тоғызға… Тоғыздан онға… Жиіркенішті… Біреу биікке көтерілу үшін біреуді ұрады… Неге өмір осылай құрылған… Әлде менде мүмкіндік жоқ па?

Гонг.

Дауыс:

Терең дем ал!

Қырынан соққан соққың жақсы болды.

Бірақ бір-екі, бұл аздық етеді.

Ұйықтату үшін тағы соққылар керек.

Ұр да, қорғанысқа кет.

Ұр да, қорғанысқа кет.

Соққы дарытпауың керек еді.

Алда,

Жақын ұрысқа кір.

Бір, екі, үш, төрт,

Соққылар легі сосын қорғанысқа кет.

Екінші раунд

Боксшы: Кейде ойлаймын, менің жолым болғыш… Жұмысымды дәл жиырма сегізінші ақпан күні ауыстырдым… Жұмысқа дәл сағат сегізде келдім… Ал қазір алпыс үшінші жыл… Сева жыл санауы бойынша алпыс үш дегеніміз… Қараңыз, сегіз үш рет қайталанады, дұрыс қой? Қайта-қайта сегіз түсіп ұр. Жақсы ырым. Болашақ маған көп дүние уәде етіп тұр.

Жеңілуге болмайды…  Егер мені сұлатып салса, онда менен жақсы боксшы шықпағаны…

Дауыс: Қорғанысқа! Қорғанысқа кет!

Кәне туралап ұр,

Созба.

Оң жақпен ұр, алға.

Оң жақ, оң жақ, оң жақ.

Қайт! Соқққылау легі қырынан.

Жақсы, тамаша!

Жарайсың, жұм қолыңды.

Боксшы: Күні бойы болған дүниенің бәрін дәптерге түсіремін… таңнан кешке дейін не істедім, соның бәрін… Және күнде осылай…. Құдай күә, бар күнді де бос жіберген жоқпын… Нешеде жаттым, нешеде тұрдым, ай күні, сағатына дейін жазамын…. Сосын нешеде жүгірдім, қанша киллометр болды, өзімді сонда қалай сезіндім оны да жазамын… Содан кейін таңғы асқа дейін не іштім, сүт, шай, шырын… Не жедім және қаншалықты мөлшерде…  Түстен кейін тағы осылай қайталады… Түсте қанша сағат ұйықтадым? Сосын тағы не жедім... Бір сөзбен айтқанда, осының бәрі жаттығуға дейін жалғаса берді…

Әрі қарай мен жұмыстан шығып, клубқа барамын.. Бірден салмағымды өлшеп, оны құнттап жазып қоямын… Онда әдеттегідей спаринг өтіп жатады. Өзім шыққан қарсыластың есімін де жазып қоямын. Сосын құм салынған қап көтеру… Сосын қайта спаринг.  Неше ұрыс салғанымды ұмытып қалмас үшін анықтап қайта жазып қоямын… Әрбір қап ұрғанымды, әрбір секіргенімді, отырып тұрғанымды бәрін бәрін тәптіштеп жазамын. Сосын не дейсіз ғой?  Душ қабылдаймын…  салмақ өлшеп, клубтан шығамын. су ішемін, тамақтанамын, тағы да су ішемін… Егер жатар алдында бірдеңе жесем, оны да жазамын… Жатар уақытым, массажға барған уақытым, қуаттандырар не ішкенім де барлығы менің дәптерімде. Және есімде…

Осылай Құдайдың құтты күні…

Негізі жекпе-жек гонгтан қаншама уақыт бұрын басталады. Әр күнің ұрыс. Әр күнің жекпе-жек. Өз-өзіңмен күресу. Мұнсыз жетістікке жету мүмкін бе?

Гонг

Дауыс:

Соққыларың жақсы болды.

Бірінші раундпен салыстырғанда әлдеқайда жақсы.

Мұндай соққылардан кейін демалатын нүктесінен ұру керек.

Түсіндің бе?

Терең дем ал. Бір, екі, үш.

Ұқтың ба?

Сол жақ қапталға шықпа,

Тек оңнан, оңнан.

Сол қапталға шықсаң, бәрі бітті дей бер, свинг.

Менікі дұрыс ғой.

Оңнан және астынан.

Хук өтпейді.

Оңнан және астынан,

Астынан ал.

Үшінші раунд

Боксшы: Қарғыс атқыр! Қорқыныш басталғанда – құлау  да тез…  Заман түзу кезінде жанкүйерлерімнің саны отыз­дан асып жығылатын, қазір бар болғаны жетеу… Және әлі кеңседе жұмыс істеп жатырмын, мақтанатын түгім жоқ… Эх, соңына дейін шыдасам, чемпиондық менікі. … Белгісіз… Бәрібір таяқ жейтін елу адам… Ол елу адам таяқ жемей ешкім чемпион болмайды… Арманым біреу-ақ қошемет есту… Ал, мында кілең боқтаудан басқа ештеңе естімейсің…

Қолым тайып бара жатыр… Іс насырға шабайын деп тұр… Өлі қорғанысқа көшейін… Кешегі массаждан денем әлі ауырып тұр… Ойыннан шығып бара жатырмын..  Мәз емес, мәз емес… Қарсыластың соққысы мұндай қатты болғаны дұрыс емес…  Жекпе жекті аяқтамасам, ол мені сал қылып тасауы мүмкін… Көкала қойдай қылады, ал сосын жұмысқа барып көр…

Шынымен-ақ, қорқыныш басталғанда – құлау да тез…  Бұл сондай спорт түрі… Тесік парашютта қалбалақтап жатқанмен бірдей… Оған жабыса кет, немесе қолыңды түсіре сал, айырмашылық жоқ… Чемпион дейсің бе? Чемпион құлаймын десе, жылдам құлайды.  Басқалардан әлдеқайда жылдам. Себебі чемпион әрқашан жар жағасында тұрады… Менімен келісетін шығарсыз?  Жеңіліп құладың не, әлде былай құладың не, айырмашылығы  жоқ. Бәрібір түптің түбінде бір құлау бары ақиқат. Жиіркенішті…

Төртінші раунд

Боксшы: Мен қайдамын? Ұйықтап қалдым ба? Өзен ағысымен баяу жылжып бара жатқан сияқтымын. Басымда балықтар шоршып жүр…

Төрт? Қандай төрт? Үні шықпайды ғой мынаның. Шамасы мен нокдаундқа кеттім… Жол жоқ… Демалуға жол жоқ… Кеудем қысылып барады… Түсінікті, ринг алаңының исі мұрныма келіп жатыр. Ештеңе етпейді, ештеңе етпес… Бәрі жақсы… Қоржынымда әлі алты секунд бар… Тұрып кетемін…

Шамадан тыс жаттығып қойған сияқтымын. Өзімді зорықтырып жібердім, білем …  Жақсы боксшы, егер оның жолы болмаса онда ол жақсы тауар, солай емес пе? О, көтерілу үшін керемет трамплин… Сондықтан  ұсыныс көп.. мен өзім де жас  кезімде, жақсы боксшыларға еліктейтін едім ғой… Солар қайда екен. Солармен қазір төбелескім келеді… Мен жақсы боксшы болған кезде олар жоғалып кетті… Із-түзсіз…

Жарайды, ақырындап тұруға тырысып көрейін…

Жо, жоқ. Сәл-пәл жата тұрайын…Төрт енді ғана болды ғой… Асығудың қажеті жоқ… Әлі бақандай алты секундым бар… Тұрғым келсе, тұру қиын емес…. Сол жақ шынтағымды сол жақ аяғыма тіреп, бірден сол жақ тіземе күш салып атып тұратын боламын…

Ғажап емес пе… Аспан әлемі… Шынымен көгілдір аспан әлемі… Бірақ бұл жерде аспан қайдан жүр? Төбедегі тесіктен көрініп тұр ма, әлде…? Бір ауыр мұң… Төбе жақ біртүрлі әйтеу… Жарайды, онда менің шаруам не…

Болды, тұрдым! Шегініп ұрыс салып, сол жақ қасынан ұратын боламын.  Көрдің бе, әне, терісі жырылып қалған…  Төртінші раундпен тәмадаймын, осыдан көр де тұр… бір рет нокдаунд алу түк те етпейді... Болды, тұрып бара жатырмын… Сол жақ шынтағыма күш салдым… оң жақ аяғымды алға шығарам…  Міне, тартылыс күшін сол жақ тіземе бердім… Кәне, кәне…

Ғажап… Екіге жарылдым ба мен сонда? Тұрып барам ба, әлде құлап барам ба? Ринг қайда өзі? Тынысым тарылып барады... Тынысым тарылып барады…  Түсінсем бұйырмасын…

Міне, мәселе қайда…  Енді түсінікті болды…

Қызыл шұлық сатып алғаным да бекер болғаны ғой… Көмектеспеді…  Бұл жерде ештеңе істей алмайсың… Тағдырға қарсы келе алмайсың ғой, бәрібір… Төрт жыл, алты ай, солай ма? Тағы басына қайтамын… Және қайтамын да қарным жарылғанша тамақ жеймін… Дәптер, күнделік, бәріне түкіргенім бар…  Өлгенше жеймін тамақты.. Шылым да шегемін, арақ та ішемін… Осыдан көр де тұр… Өзімнің сүйікті пастамды да жейтін боламын…  Осы уақытқа дейін өзіңді зорықтырғаның жетер… Сен мал емессің ғой, сен адамсың… Ал, адамның әрқашан қалауы бар… Адамдар тағы ядролық соғыс болады деп не үшін алаңдамайды... Оның жақын арада болатыны рас қой. Бірақ соның бәрін біле тұра, бейқам, күнделікті тіршілігін кешіп жатыр. Біреу саяхаттап жүр, біреу жұмысына бара жатыр. Ал, енді біреу отбасы құрмақ… Уайымның қажеті жоқ.. Біз бүгінгі күнмен өмір сүруге үйренгенбіз…

Ой, басым сынып барады. Енді кемінде үш күн тоқтамай ауырады… Ұйқым бұзылатын болды…  Ызыңдааааап… Меңзең боп барам…  Біреу-міреу көмектескісі келмей ме… Әй, кім бар? Кім көмектеседі?

Соңы!

Аударған:

ақын, жазушы

Жантас Еркінұлы

Спорт

Қазақстандық боксшы Дулат Бекбауов 67 келіге дейінгі салмақта Азия чемпионатының жартылай финалына ш...

Жаңалықтар

«Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова журналистердің сұрағына жауап берді, деп х...