25 ақпан күні Нұр-Сұлтан қаласында Балалар әдебиеті жылы аясында әлемге танымал швед жазушысы Астрид...
Нұрболат Жолдасбек – «Жамбылдың жыр қағаны»
Бүгін Жамбыл облысында көптен күткен керемет поэзия мерекесі мәресіне жетті. Атап айтқанда, Тараз қаласындағы «Төрткүл» мәдени кешенінде республикаға танымал жас ақындардың қатысуымен «Жамбылдың жыр қағаны-2018» поэтикалық дуэлі өтті.
Айта кету керек, бұл шара Қазақстан Жазушылар Одағының бастамасымен қолға алынған болатын. Алғашқы поэзиялық кеш Алматы қаласында өтіп, артынша ақындар Қарағанды облысында бас қосқан-ды. Енді міне, үшінші аймақ болып қасиетті Әулиеата өңірі шайырлардың шабытын шарықтатып отыр. Жамбыл жеріндегі поэтикалық дуэль «Қазфосфат» ЖШС бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіровтың жеке демеушілігімен, облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама, жастар саясаты мәселелері басқармаларының, облыстық кәсіподақтар бірлестігінің қолдауымен ұйымдастырылды.
-Жамбыл жері жас таланттарға кенде емес. Поэтикалық дуэльді ұйымдастырудағы басты мақсат-қазіргі қазақ поэзиясындағы жастар шығармашылығына көпшіліктің назарын аудару. Сол арқылы талантты замандастарымыздың танылуына, шығармашылығын дамытуға жол ашу көзделуде. Одан бөлек республикамыздың әр аймағынан келген жас ақындардың басын қосып, еркін пікір алмасудамыз,-дейді ұйымдастыру шараларының басы-қасында жүрген жас ақын Нұрболат Сатымқұл.
Поэтикалық дуэльдің «Төрткүл» мәдени кешенінде өткізілуі де тегін емес. Ұлы Жібек жолының батыс қақпасы саналған кешен қаз-қалпында сақталған. Шара барысында еліміздің түкпір-түкпірінен келген қонақтар жауһар жәдігерлерді тамашалап, Тараздың талайлы тарихымен тереңірек танысты. Сонымен қатар Жамбыл жерінің жезтаңдай әншілері өнер көрсетіп, зиялы қауым өкілдері қазіргі қазақ әдебиеті төңірегінде ой қозғады.
Ал, жыр сайысында Ернар Әбдіразақ, Әлімжан Шөңгербай, Арайлы Жақсылық, Назерке Оңғар, Құрбанәлі Шахабай, Нұрболат Жолдасбек, Бексұлтан Қоштаев, Мөлдір Райымбекова, Шапағат Әбдірұлы, Жұматай Көксубайұлы бақ сынап, өрнекті өлеңдерін оқыды. Дегенмен, қазылар алқасының ортақ шешімімен жасын-жырларымен жұртшылықты тәнті еткен тараздық талант Нұрболат Жолдасбек ешкімге дес бермей, «Жамбылдың жыр қағаны-2018» атанды. Жеңімпазға 400 мың теңге көлеміндегі ақшалай сыйлық салтанатты түрде табыс етілді. Сонымен қатар шарада өмірін өлеңмен өрнектеп, соңына өлмейтұғын сөз қалдырған қазақтың талантты ақындары Артығали Ыбыраев, Бауыржан Үсенов, Серік Томанов, Өрнек Құлекеев атындағы сыйлықтардың иегерлері анықталды. Бұл тұрғыда дарынымен дараланған Әлімжан Шөңгербай, Шапағат Әбдір, Ернар Әбдіразақ, Арайлы Жақсылықтың мерейі үстем болып, әрқайсысына 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтар тапсырылды.
Айтқандай, жас шайырлар тебірене жыр оқыған кеште көк жүзін бұлт торлап, нөсер жауын төгіп салды. Осылайша таланттар мен табиғат ортақ тіл табысқандай әсер қалдырды. Келесі поэтикалық дуэль Шығыс Қазақстан облысында өтетін болады.
Бақыт ӘМЕДИЯ