Еламан Қабділәшім. Сөз теремін – даламнан гүл тергендей

ӘДЕБИЕТ
6058

"Мәдениет порталы" Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің редакторы, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының жастармен жұмыс бағытының жетекшісі,

«Өмірқос», «Өлеңбаян» жыр жинақтарының авторы Еламан Хасенұлы Қабділәшімнің  өлеңдерін ұсынады.

Ертегі
Балалығым ғұмырымның көркі еді ме?
Ғайып болды сәл ғана келте күле...
Алаңсыз сол бір аңғал шағым есте,
Шын сенетін елітіп ертегіге,
Батыр болып ойнайтын ертеңіне.

Болмас еді, Тәңірім, сыйыңда өлшем,
Қиялымның соңынан қиырға ерсем.
Таңдап мінгім келетін бір сәйгүлік,
Ауылымыздың сыртынан үйір көрсем.

Ауырғаны-ай тұлпар деп жанымыздың,
Келмегені-ай баптауға әліміздің.
«Бойымызға ғажайып күш бітсе ғой!»
Ойымызда тек осы бәріміздің.

Кезіміз жоқ қызықтан жерінетін,
Құмар едік ерліктің өріне тым.
Ана-ау алыс таулардың арғы жағы,
Ертегі елі сияқты көрінетін.

Жүруші ек сол тауларға жеткіміз кеп,
Долданған дариялардан өткіміз кеп.
Мен де сол ертедегі батырлардай,
Бақытымды тау асып кеттім іздеп.

Есейтеді екен ғой ерді мұңы,
Таңдаппыз-ау өмірлік жолды да ұлы.
Күнікейін бірі іздеп күн астынан,
Кенжекейін кетті іздеп енді бірі.

Жүйрік уақыт, жүйіткиді, қарамайды, ә!
Не істей алам, табам ба оған айла?
Ертеңін де ертегі деп ойлайтын,
Ертегіге сенген сол бала қайда?!

Қош, балалық!
Шаттық жоқ сол күндердей.
(Сыны бар екен алда жолдың нендей?)
Мазам болмай жүр енді,
Өмірімнің
Ертегі еместігіне сенгім келмей.

***
Ассам да белес-белеңнен,
Басса да басты зор қайғы.
Өмірде өткінші
өлең мен 
сезімде уақыт болмайды.

Сондықтан сүйіп өтемін,
Шақ емес: осы мәрем дер.
Өмірімнің биік екенін,
Тек махаббатым дәлелдер.

Жүректің сол ғой көргені,
Ғашық боп тоқтар, тоқтаса,
Өлеңнен ізде сен мені,
Әлемнен іздеп таппасаң.

Сағынуға да көнемін,
Бұйрықтан кімдер озып ед(і)!
Дәл бүгін жазған өлеңім,
Сол Күзде кешкен сезім ед(і).

Сенсіз де қанша күн өтті,
Ұмытам...
Бірақ құл – сана.
Сендіргім келеді жүректі,
Көндіргім келмей тұрса да.

***
Беу, жүрегім, барады отың үдеп,
Ғашық болып, асық боп жетіліп ек...
Періштенің жасымен жуылып ең,
Пенделіктің басынан секіріп өт.

Ал, мен келем басыма сор қып бәрін,
Шамалы-ақ қой өмірлік жолда ұтқаным.
Бөлекпіз деп жүргенде сол бір қызға,
Керексіз боп қалыппын, енді ұққаным.

Мазалана бересің, жүрегім, сен,
Бойымдағы ізгілік нұры едің сен.
Қор болғым да келмейді, естимісің,
Зор болғым да келмейді, біле-білсең.

Сыр ашасың кеудемді жиі ұрғылап,
Кім келіп, жүрек, сенің күйіңді ұғад(ы)?!
Ойға аламын бүгінді, ертеңді де,
Ойлана алмай жүргенім қиын бірақ.

Беу, жүрегім, сен менің дәруішім,
Аңсап жүрген сол қыздың сағынышын.
Сезім керек екен ғой, сезінумен,
Өмірде бір белгі боп қалу үшін...

Өз қолында әркімнің несібесі әр,
Артта қалып қойғанмен көші де сәл.
Ей, жүрегім, сол күні... 
Иә, сол күні,
Қыртып жүрген иеңді кешіре сал.

***
Өлең – менің өмірімнің бір аты,
Сағыныштан тұратын.
Гүлге құштар, жырға ғашық жүрекке,
Үміт сыйлау – мұратым.

Өлең – менің тағдырымның бір жолы,
Қия аламын кімге оны?!
Жан нұрымен сәулеленген бақ-бүршік,
Көңілімнің көктемінде бүрледі.

Өлең – менің қиялымдай тым биік,
Кейде мұңдай шын күйік!
Көкірегімде толқын туса, күллі әлем,
Тына қалған секілденеді жырға ұйып.

Әлем бүгін тағы тынды сілтідей,
Ақын ұлдан жыр тілей.
Түнгі аспанның астында әлем мүлгіді,
Көбелектей қонған гүлге үркімей.

Үркітпейін...
Әлдилейін әлемді,
(Жыр оқиын, ал, енді!)
Мен дүниені кірпік қақпай күзетем –
Аспан үнсіз күзетеді өлеңді.

Ұзақ өлең
Өлеңге айналған сәт сырым ішкі,
Рухымның мысы басым, үні күшті.
Айналдырғым келеді өміріме,
Көңіліме байланған әр құбылысты.

Сөз теремін – даламнан гүл тергендей,
Сол сөз жанды ырқыма, түртер, көнбей.
Түрте-түрте жүректі «қаңғытты» ақыр,
Қазға ілесіп аспанда бұлт өргендей.

Сол бұлт та жылап тұрар әлсін-әлсін,
Толқымай сол сәт қалай, жан, шыдарсың?!
Көңілшек аспан – менің жаныма егіз,
Жұмбақтарын жылдардың аршып алсын.

Тасқа да өлең оқыдым, тауға да өлең,
Есімді алды ерке ару, баурады өлең.
Дауда да өлең, қанжардай жауда да өлең,
Мен өлеңді – өткеге сауға дер ем.

Әлдекімнен кешірім күттім анық,
Беймәлім кіммен, қалай жұп құрадық?!
Одан өзге қадірлім бар ма қазір?
Құрметіне арманның тік тұралық!

Өлең, сен де армандай арайлысың,
Арман жолы – тартысты, талайлы сын.
Қиял шіркін адамда таусылған ба,
Қияли болғанымды қалаймысың?!

(Шалқып жүрмін, мансапқа тамсан енді!
Қиқулы кеште құмар қанса болды...)
Қаншама ойым кетті ұйқы құшағында,
Қанша думан – өлтірді қанша өлеңді?!

Мадаққа айналдырдық тойдың бәрін,
Ода боп шықты іріге бойды ұрғаным...
Соңына жету қиын өлеңнің бұл,
Шегіне жетпегендей ойдың қалың.

Дәл қазір есеп үстем, айла күшті,
Бәрі де саяздыққа байланысты.
Жоғалған қай сенімді сөз етемін,
Жыр етемін тапталған қай намысты?!

Қалғыған сана бір күн оянбай ма?!
Мүлгіген дала бір күн оянбай ма?!
Ұрланған қазынаның жымын бастық,
Ұрланған тағдырларды қоям қайда?!

Кезім жоқ қызғанышпен көз оқтаған
және де қызбалықпен сөз аттаған.
Ей, өлең, толғану да азап маған,
Жол бағу да азап маған!

Не жетектеп әкелген «Мұнда» мені,
Сол бір Күзде ең мөлдір жыр қап еді.
Жүрегімнің үні екен жол сілтеген,
Құдай-ау, нем бар еді тыңдап оны?!

***
Жігер керек, көп керек,
Жүрегіме от керек,
Қалған кезде оңаша,
Жалғыздығыммен бетпе-бет.

Шешен болам Сол кезде,
Көсем болам Сол кезде,
Кеткен даңғазаға көп,
Есемді алам Сол кезде.

Несіне сыр бүгемін,
Мен шынында, Кім едім?
Тергегенде Жалғыздық,
Жетсе болды жігерім.

***
Білуге сонша құштармын,
Уақыттан алар бұл да ақым,
Ауыл мен қабірстанның,
Арасы неге тым жақын?

Жеткізген жанды жиі баққа,
Қайнаған тірлік – ауыл іші.
Мәңгілік мекен зиратта...
ойлаудың өзі – ауыр сын.

Болса да ауыл мекенім,
Бейіттер жатыр, қарашы,
Еске сап жақын екенін,
Өмір мен Өлім арасы...

madeniportal.kz

author

Еламан Қабділәшім

АҚЫН

Жаңалықтар

Жаңа адамдар Махамбет Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университеті деканының қызметтен босатылуын...

Жаңалықтар

Оқиға Есет батыр шағын ауданында болған. Ойын баласының аулаға жүгіріп шығып, көлік астына түскен сә...