Дидахмет Әшімхан. Қысқа сөздің ұстасы (Шешем туралы сыр)

ӘДЕБИЕТ
2460

«Жер аңсаған Сарыатан» деген кітабымның бірінші бетінде мынадай сөз бар: «Әке, әр шығармамның маңдайында сенің атың тұр. Бұл жинағымды аяулы анам Бағди Тәңірбергенқызына арнадым».

Қырық жылғы шығармашылық қызметімде шешем атын ескерген жерім осы ғана. Неге ескермедің, неге жазбадың деген ол да емес, қай уақытта да Құдайдан бір тілеуімді тілегеннен басқа мысқалдай артық сөзін естімеппін.

Артық сөз!.. Бүгінде жасы 90-ға келіп отырған шешем туралы бірер ауыз лебізімді тура осы «артық сөзден» бастағым келеді. Не үшін? Көпке үлгі, өнеге үшін. Әйтпесе жазушыға өз әкесі, өз шешесі туралы жазу мұрат та емес, міндет те емес. Бәрінен бұрын бұл оған абырой емес. Не жазсаң да шындықты жаз, талайға тағылым, ұрпаққа ұлағат болар жақсылықты жаз! Менің қалам ұстағандағы басты ұстанымым – осы. Бұдан айныған кезім аз. Немесе жоқ.

Артық сөз!.. Айтпағым мынау. Мен ішімдегіні иіскеп біл дейтін көп бітеудің бірі емеспін. Бірақ сөйлесем, қысқа да нұсқа сөйлейтінімді білемін. Сәл көбірекке кетсем, жанымдағыны жалықтырмай, тыңдаушымды зеріктірмейтінімді және білемін. Қысқа сөйлеу мені қысқа жазуға да үйреткен. Кейде жүз бет повеске татитын дүниені он-ақ беттік әңгімеге сыйдыра салатын кезім болады. Бұл маған кімнен жұққан, қайдан дарыған? Турасын айтайын, шешемнен! Өзім өскен ортадан.

Бір қызығы, ол кісі де мүлде ауыз ашпайтын адам емес, сөйлейтін жерде  сөйлейді, дейтін жерде деп қалады. Бірақ өз сөзімен айтқанда, «езбейді», «мыжымайды».

Бұны мынадан-ақ көріңіз:

Таяуда ғана қарашаңыраққа телефон соқтым. Трубканы інім көтерді. Шешемнің жайын сұрадым.

– Міне, жанымда отыр. Өзімен сөйлес, – деді.

–  Тәте, қалың қалай? – деймін.

– Жақсы, – дейді ол бір-ақ сөзбен.

– Жақсы екенін сезіп тұрмын, даусың ашық шығады, – деймін.

– Өлейін деп отырғам жоқ, – дейді ол.

– Бәрі келін мен ұлдың арқасы ғой, – деймін.

–  Жоқ, өзімнің арқам.

Не дерімді білмей қалдым. Дәл мына сөзді күтпегенім рас. Тек сәлден кейін ес жиып:

– Ойпырмай, тәте-ай, төсекте отырып-ақ төскейдегі малды қайырып жүруші едің. Сол мінезіңнен әлі қайтпапсың-ау. Үйдегілерге өтірік те болсын «сендердің арқаларың» дей салсаң нең кетеді. Шындығында, сені баладай мәпелеп, алақандарына салып отырған солар емес пе, – деп шұбырта жөнеліп едім:

– Не өзі, бәдік болып кеткесің бе?! Артық сөз не керек!?.. – дегені. Ар жағында – қарқ-қарқ күлген інімнің дауысы «Шоқ саған!» деп тұрғандай.

Амалсыздан енді інім мен келінімді ойладым. Оларды ойласам, іштей «тәубә» деймін. Алыстағы мені алаңдатпай шешемнің бар жағдайын жасап отырған сол екеуі. Оның алдында қашан да жайылып жастық, иіліп төсек болып жүреді. Ауыра қалса қасында, қыңқ ете қалса басында отырады. Жетелесе – аяғы, сүйемелдесе – таяғы да солар. Соңғы он жылда жейтін тамағы да басқалардан бөлек. Асқазаным ашиды деп ашытып пісірген нанды аузына алмайды. Айналайын келінжан жалғыз осы енесі үшін күн сайын үш рет жұмсақ бәтер пісіреді. Оның өзін майдалап үзіп береді. Сөйткен енесінің сөзі жаңағы: «Жоқ, өзімнің арқам!». Бұнысы – «тағымнан әлі тайғам жоқ, әлі де ешкімге кіріптар емеспін» дегені. Соны маған сездіргені. Әдейі. Білектегі күш-қуаты қайтқанмен, жүректегі рухтың беті қайтпаған. Бұлай болатын жөні де бар. Әкесі – 30-шы жылдардағы аз атқамінерлердің бірі Тәңірберген, атасы – атақты Тікебай ақын, күйеуі – қойдан қоңыр Әшімхан болса, бұл кісінің жалы күдіреймегенде қайтеді.

– Осы тәтем кіммен сөйлессе де мысын басып жіберетіні бар, – дейді кенже қызы Райхан. – Былтыр күзде ауруханаға түскенде жанында болдым. Бірер күннен соң менің әңгімемнен жалықты ма, жан-жағына қарай бастаған. Байқаймын, өзі теңдес біреулерді іздейтін сияқты. Артынша оның да реті келген. Қызылды-жасылды ұзын көйлегі сусылдап, дәлізде өтіп бара жатқан бір кемпірді көзі шалып қалды да:

–  Ананы бері шақырып кел, – деді маған бұйрық раймен.

Шақырып келдім. Дұрысында, алып келдім алдына.

–  Отыр, – деді тәтем оған, төсек жанындағы орындықты нұсқап. Өзі жатыр.

Кемпір отырды.

– Жасың нешеде? – деді тәтем бірден.

–  75-те.

– Е, әлі бала екенсің ғой.

Кемпірдің өңіне қан жүгіре қалды.

–  Кім боласың? Қай жерденсің?

– Мені танымайсыз ғой. Сөгір деген ауылданмын.

– Мына сөзіңмен Мәскеуден келгендей болдың-ау. Айта берсең, сол Сөгірдің адамын қойып, итіне дейін танитын шығармын.

Кемпір көзін төмен салды.

– Жә, әңгіме айт, – деді тәтем сосын.

– Не айтам? Әңгіме жоқ.

– Неге жоқ?! Қалай байға тидің, қалай бала таптың, болмағанда соныңды айт.

Кемпір күлді. Тәтем де күлді. Бұдан соң әңгіме басталды. Кемпір сөзін Ит жылынан сабақтады. Сиырды шиырлады. Жылқы мен Жыланнан өтіп, Қоянға жеткенде тәтем қор ете түскен. Кемпір шығып кетті. Ол шығысымен тәтем көзін ашты да:

– Әзер шыдадым. Көп сөйлейді екен, – деді.

Көп сөз!.. Есіме тағы да түседі.

Бұдан бес жылдай бұрын өз машинаммен Алтайға жүріп кеттім. Жүрер сәтте «Алматыдан шықтым» деп шешеме бір звондадым.

– Жақсы, жолың болсын! – деді.

Аягөзге жеткенде екінші рет звондадым.

–  Жақсы, аман-есен жет! – деді.

Өскеменде үшінші, Зырянда төртінші рет звондағанымда, ол:

–  Әй, андағы қымбат телефонмен қайта-қайта неге сөйлесе бересің. Енді үйге келгеніңде бір-ақ естиін даусыңды, – деп сөзін шорт үзген.

Қарашаңырақта жылына екі рет, әйтпесе одан да көп боламын. Көбінде достарым бірге келеді. Шешем олармен тәп-тәуір әңгімелесіп отырады. Кейін маған кімнің «есі бар», кімнің «мыжыма» екенін айтып қояды. «Есі барлар» – онымен тең дәрежеде сөйлесетіндер, «мыжымалар» – өздерін алжығанның алдында отырғандай сезінетіндер. Соңғылары күле отырып, шешемнен қайдағы-жайдағы мәнсіз, дәмсіз бірдемелерді сұрай береді. Сондайда ол «мені осы кім деп отырсың» дегендей әлгі пәруардігерге сұқтана ұзақ қарар еді. Оны сезгендер жым болады. Сезбегендер «езіп, мыжи» береді.Елге менімен бірге келгендердің ішінде шешеме ұнаған бір адам –Құлбек досым. Кәдімгі белгілі әдебиетші ғалым, профессор – Құлбек Ергөбек. Ол туралы шешем: «Өзі адамға – жұрт та адам» деген. Ал түсініп көр!.. Сол Құлбек онымен әңгімелескеннен кейін: «Енді сен сөйлетші, мен тыңдайын» деп маған сыбыр еткен. Мен әдеттегідей бейнекамерамды байқатпай қосып қойдым да:

–  Тәте, папам түсіңе кіре ме? – дедім, жеті жыл бұрын дүниеден қайтқан әкемді еске алып.

– Кірмейді, – деді ол.

– Неге? – деймін таңданып.

– Өйткені ойламаймын. Ойласам түсіме кіреді. Түсіме кірсе, ол мені ана жаққа шақырады. Ал мен о жаққа әзірге барғым келмейді.

Құлбек маған қарады. Мен оған қарадым. Шешем «сөзім осымен бітті» дегендей төсегіне қисая берді.

– Әкең қандай кісі еді? – деді Құлбек маған.

– Мына кісіге қарағанда жақсырақ болатын, – дедім шешеме әдейі естірте. (Кейде өстіп қағытып та қоятыным бар. Өзінен үйренгенім ғой).

– Е, әкенің орны бөлек қой, – деп шешем терең күрсінді.

Мен ол жатқан төсектің төменгі тұсына көз салдым. Со жақ қабырғаның ортасында, ұзындығы – 70, ені – 50 см. болатын, майлы бояумен салынған портрет тұр. Жасы қырықтар шамасындағы ер адам. Міне 25 жыл болды, шешем таңертең осы суретке қарап оянады, осы суретпен кешке кірпік іледі. Кім ол? Алпыс жыл отасқан шалы дейсің бе? Жоқ, он төрт жасында тірідей айырылған әкесі ғой.

Он төрт жасында!.. Бұл жөнінде  елдегі бір ақсақал маған мынадай әңгіме айтқан.

– 37-нің қақаған қысы. Қалың қар. «Халық жауы» ретінде ұсталған біздерді этаппен айдап барады. Жанымда сенің нағашы атаң Тәңірберген де бар. Киімі жұқалау, дірдектеп келеді. Бір уақытта… үстіне қара тон жамылған, 13-14-тегі бір бала жан ұшыра жүгіріп келіп, Тәңірбергенге секіре ұмтылсын. Мылтықты солдат оны желкесінен бүре ұстап жол жиегіне лақтырып жіберді. Қарға жалп етіп құлаған бала жылдам ұшып тұрып, әкесіне қайта жүгірді. Солдат оны дәл жаңағыдай қайта лақтырды. Бұл жолы бала тонын шеше салып, жағасынан сүйреткен күйі енді солдаттың өзіне ұмтылған.

– Ағатай-ау, ағатай, мынаны көкеме беріп кетейінші, – дейді шыр-шыр етіп.

Біз оны алғашында ұл деп ойлағамыз. Сөйтсек екі бұрымы желп-желп еткен қаршадай қыз екен. Әлгі солдаттың да сол сәтте жүрегі сәл жібіді ме, қыздың қолынан қара тонды жұлып алып, Тәңірбергенге ұстата салған. Сол қыз сенің шешең Бағди еді ғой, балам.

Осы әкесінен шешем 23 жыл бойы күдер үзген жоқ. 23 жылда әкем келеме деп құмалақ салдырмаған бақсы-балгері де жоқ. 23 жылда оң қабағы тартса да, оң жамбасынан тұрса да, түнде жақсы түс көрсе де, бәрі-бәрін әкесінің келуіне жорып отыратыны әлі есімде. Ақыры 1960 жылы үйге келген бір кісі: «Шырағым, Бағди, енді әкеңді күтпей-ақ қой, 1943 жылы Колымада үстіне ағаш құлап өлген Тәңірбергенді өз қолымызбен жерлегеміз. Саған соны айтуға осы күнге дейін батылым жетпеп еді» дегенде, шешем өкіре құлап түскен.

Нағашы атамның суретін мен ұзақ жыл іздедім. Ақыры кездейсоқ таптым. Алматыдағы Ермұқан деген жерлес ағамның үйінде альбом қарап

отырып, бір көне суретке көзім түскен. Бір топ адам. 1935 жылы Семейге жиынға келген Катонқарағайдың атқамінерлері. Жоғарғы қатарда, оң жақтан санағанда үшінші адам Сейдахмет ағама қатты ұқсайды екен. Шешем осы баласын «әкеме тартқан» деп жиі айтып отыратын. Суреттің көшірмесін алып, артынан шешеме көрсеткенімде әкесін жазбай таныған. Кейін сол суреттегі түймедей бастан үлкен портрет жасатып, шешеме сыйладым. «Екі дүниеде саған ризамын!», – деді ол әке суретін иіскеп отырып.

Өмірде шешемнен алған ең үлкен алғысым осы шығар.

Қазір алпыстан ассам да алқымымды ашып тастап, алшаң басып жүргенім – сол шешемнің барлығынан, нарлығынан шығар.

Жә, болдым! Бұдан әрі созсам, ол: «Мынау не деп бәдіп кеткен», – деуі әбден мүмкін.

qaznews.kz сайтындағы Дидахмет Әшімханның жеке блогынан

author

Дидахмет Әшімханұлы

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Биыл 15 қазаннан бастап Нұрсұлтан Назарбаев халықаралық әуежайында ақылы автотұрақ қымбаттайды, деп...

Спорт

2024 жылғы 7-12 қазан аралығында Астанада грэпплингтен әлем чемпионаты өтеді. Жарысқа әлемнің 30-дан...