Ұлттық қауіпсіздік комитеті прокуратураның үйлестіруімен бопсалау күдігі бойынша Ақмола облысының 2...
Алматы облысында «Сәлем, Елорда!» өнер шеруі басталды
Маусымның 22-жұлдызында «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруінің ашылу салтанаты өтті.
«Сәлем, Елорда!» жобасы өңірлердің өнері мен мәдени жетістіктерін кеңінен насихаттап, озық үлгідегі орындаушыларды дәріптеу мақсатын көздейді. Биылғы өнер шеруі «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, ел Тәуелсіздігінің 30 және Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы секілді республикалық маңызы бар мерейтойлар мен жергілікті атаулы даталарға арналады. «Сәлем, Елорда!» жобасы Мәдениет және спорт министрлігінің бастамасымен жүзеге асуда. Жобаны «Қазақконцерт» ұйымы жанындағы «Республикалық концерттік-гастрольдік қызмет орталығы» өткізіп жатыр.
Бүгін іс-шараның салтанатты ашылуы Алматының Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясында бастау алып, Жамбыл ауданында жалғасты.
Еліміздің әр өңірінен жиналған өнер ұйымдарының өкілдері Жамбыл Жабаевтың әдеби-мемориалдық музейіне барып, ақын өмірімен байланысты құнды жәдігерлермен танысты. Делегация мүшелері Ж.Жабаев пен Н.Тілендиевтің рухына тағзым етіп, гүл шоқтарын қойды.
«Сәлем, Елорда!» өнер шеруінің тұсаукесері аясында Мәдениет және спорт министрлігінің өкілдері, концерттік ұйымдардың басшылары мен бір топ өнер қайраткерлері Жамбыл ауданында арнайы отырыс өткізді. Жиын барысында аталмыш өнер шеруінің 2021-2022 жж. өткізілу жоспары талқыланып, Қазақстан Тәуелсіздік алғалы бері Алматы облысының өнер және мәдениет салаларында жеткен жетістіктері, осы саланы дамыту мәселелері қарастырылды.
Жиын барысында «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымының басшысы Жеңіс Сейдуллаұлы мәлімдегендей, «Сәлем, Елорда!» өнер шеруі биыл еліміздің оңтүстік, солтүстік, батыс, шығыс аймақтарын қамтып, 4 облыста ұйымдастырылады.
- 2021 жыл мерейтойлы даталарға толы. Солардың бірі – жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығы. Биыл «Сәлем, Елорда!» өнер фестивалі Алматы облысында өтіп жатқандықтан, жобаны Жамбыл ауылындағы осындай іс-шарадан бастауды жөн көрдік. Жалпы, жоба аясында аудандық, облыстық және қалалық мәдениет ұйымдары өзара тәжірибе алмасып, осы саладағы өзекті мәселелерді бірге талқылауда. Жоба жыл соңында Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойына орай Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гала-концертпен аяқталады, - деп жеткізді Жеңіс Сейдуллаұлы.
«Сәлем, Елорда!» өнер шеруінің қатысушылары аудан орталығындағы мәдениет үйінің жұмысымен танысты. Бұл жерде жоба өкілдері аудандағы ұлттық салт-дәстүр, қолөнер бұйымдары, фотосуреттер көрмесін және мерекелік концерттік бағдарламаны тамашалады.
Ұйымдастырушылар атап өткендей, Жамбыл ауданында өтіп жатқан іс-шарамен қоса, Алматы қаласында да іс-шаралар легі тоқтаған жоқ. Бұл сәттерде Алматы қаласында режиссер, дыбыс операторы, жарық қоюшыларға арналған шеберлі сағаттары мен практикумдар өткізілді. Өз саласының майталмандары Әубәкір Рахимов, Кәкімжан Сегізбаев, Малик Исмуханов, Фархад Молдағали еліміздің әр өңірінен жиналған концерттік ұйым қызметкерлеріне мастер-класстар өткізіп, өз тәжірибелерімен бөлісті.
«Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруінің 23 және 24 маусым күндері өз жалғасын таппақ.