ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалы...
Қуыршақ театры құлыншақтарын театрға шақырады
Адам өміріндегі ең үлкен бақыт – ұрпақ өсіріп, бала тәрбиелеу. Бүгінгі бала – елдің ертеңі, болашағы, ұлттың жалғасы. Қай мемлекет болсын, бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлетіні сөзсіз. Өскелең ұрпақ елдің болашақ тізгінін ұстар азаматтары. Әлемдік бәсекеге қабілетті, жан-жақты, білімді ұрпақ тәрбиелеу біздің ортақ мүддеміз. Осы ретте Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрытүрлі қойылымдары арқылы кішкентай бүлдіршіндердің бойына адамгершілік қасиеттерді дәріптей отырып, жас буынның қалыптасуына қалтқысыз жұмыс жасауда.
Араға аздаған уақыт салып, театр ұжымы қуыршақты сағынған құлыншақтарымен жүздесуге асық. Осы аптаның сенбі-жексенбі күндері өнер ордамыз қала тұрғындары мен қонақтарын ертегілер әлеміне бірге сапар шегуге шақырады. Онлайн кезінде ұтымды жұмыстар жасап, әлеуметтік желілер арқылы қазақ және әлем ертегілерін оқып, баланы үйде дамытудың түрлі тәсілдері мен әдістерін ұсынып, қуыршақ жүргізуден түрлі шеберлік сағаттар ұйымдастырды.
Сондай-ақ, дәстүрлі қуыршақ өнерін жаңғыртып, жас ұрпақты ізгілік идеяларына тәрбиелеу жолында еңбек етіп жүрген қуыршақ театрының ұжымының жаз мезгілінде кішкентай бүлдіршіндерге даярлаған сыйы жетерлік. Қазір театр сахнасында 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай қазақтың халық ертегісі «Ер Төстік» қойылымының премьерасына қызу дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Ақпараттық технологиялар дамыған кезеңдегі балалардың ой-қиялдарын «Ер Төстік» сынды ертегілер арқылы дамытып, ұштастыра білу театрдың негізгі міндеттерінің бірі. Себебі, ертегі арқылы бала айналасын барлап, табиғаттың сиқырлы сырларын сезіне біледі, халықтың әдемілік және әдептілік жайлы ұғымдарын бойына сіңіреді, ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы түсінік алып, адамгершілік тәрбиесінің бастауларына ден қоятыны анық.
Қуыршақ театрының ұжымы Алматы қаласының балдырғандары мен қала қонақтарын ғажайыпқа толы қуыршақтар әлеміне бірге саяхат жасап, өнер сүйер жандардың жанына рухани азық сыйлап, көңіл пердесін әсем күйге бөлеу үшін театрға шақырады! Әр көрермен өз қауіпсіздігін сақтап, вирустың таралуына жол бермеу мақсатында ұялы телефонына «ASHYQ» мобильді қосымшасын жүктеп алуы тиіс.
Гүлім КӨПБАЙҚЫЗЫ