Маусымның 22-жұлдызында «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер шеруінің ашылу салтанаты...
Андреа Сильва-Тапиа. Этникалық азаматтық - заңсыз азаматтық
Отарлық әлемдегі азаматтық және мемлекеттік құрылыс
Азаматтық – нақты анықтамасы жоқ ұғым және оның мағынасы хақындағы пікірталас алаңы кең. Біреу үшін, ол – ұлт немесе мемлекет мүшесі екендігін көрсететін заңды статусты ғана білдірсе, екінші адам үшін – сәйкестену формасы. Әртүрлі анықтамаларды біріктіре және басқалардың ішінде Т.Х.Маршалл, Маргарет Сомерс, Т.К.Уммен, Энджин Ф.Изин және Патрисия К.Вуд сынды авторлардың ізімен жүре отырып, азаматтықты саяси және жағрафиялық кеңістік мүшесі болудың заманауи түрі деп анықтауға болады. Сондықтан «азаматтық» ұғымы ұлттық мемлекетке заңды және символдық мүшелігін білдіреді. Ұсынылған анықтама қарапайым болып көрінгенмен, «азаматтық» ұғымы пайда болған тарихи контексті қарастырғанда, ол күрделене түседі.
Заманауи қалыптағы азаматтық ұлттық мемлекет генезисімен қатар дамыды. Азаматтық – заманауилықпен, мемлекет құрумен және мүше болу сезімімен байланысты ұғым. Мұны 18 ғасыр аяғына дейін созылған, француз және америкалық революцияларда және үлгі-мемлекет ізімен мемлекет құратын отар елдер тәуелсіздігінде көрініс тапқан ұлттық мемлекет идеясынан көруге болады. Заманауи ұлттық мемлекет – тәуелсіз, жазылған конституциясы бар, тең құқылы азаматтар атынан басқарылады. Осылайша, заңдылық принциптері монархиядан (немесе Құдай берген құқықтан) тең құқылы азаматтар еліне өзгерді. Дегенмен, «азаматтық» және «ұлттық мемлекет» концепциялары ұлттық мемлекет құрудың жалғыз (еуроцентристік), колониялық әлі де басқарылатын және әрекет ететін, әдісіне негізделген.
Заңсыз азаматтық – заманауи патриархаттық, еуроцентристік, христиандық әлемдік жүйеге кіріктірілген колониялық азаматтықтың тағы бір атауы. Колониялық әлемдік жүйе қай топ мәртебеге ие және одан жұрдай екендігін анықтайтын жаһандық нәсілдік/этностық иерархиялар арқылы әрекет етеді. Аня Вайстың пікірінше, нәсілшілдік туралы «ұзақ мерзімді және тұрақты маркер болжамды әртүрлілікті ақиқат ретінде ұсынуды ынталандыра отырып, әлеуметтік классификацияға, практика мен институттарға ықпал ету арқылы маркердің биологиялық немесе тұрақты дамудың басқа түріне жататындығына қарамастан сол категория ұжымына шектеулі құқық берілгенде» ғана айта аламыз. Этностық немесе нәсілдік азаматтықты бүкіл әлемдегі байырғы халықтар мен этникалық азшылықпен қатар этникалану/нәсілшілдену процестерінен зарбап шегіп жатқан мигранттар да сезініп отыр (Германиядағы түріктер немесе АҚШ-тағы латын америкалықтар сияқты). Этникалану процесі топты «құнсыздандыра» отырып, нәсілдік немесе мәдени ерекшеліктерінен гомогенді топ ретінде ұсынады.
Еуроцентристік әлемдік жүйеде ұлттық мемлекет идеясында ұлт – заманауи мемлекет құру мен оның заңдылығының іргетасы. Ұлт және заманауи мемлекет арасындағы қатынас айқын болып көрінеді және күнделікті өмірде оған күмән келтірілмейді. Әдетте, «ұлт», «мемлекет», «ел» ұғымдарын өзара алмастырып қолдана береміз. Кейде азаматтықты олардың синонимі ретінде де қарастырамыз.
Заңды және заңсыз азаматтық
Ұлтты біртекті мәдени топ ретінде біріктіретін адамдар заңды азаматтар қатарында болса, ал заңсыздардың қатарында – этностық азаматтар. Соңғылары ел азаматтары болғанымен, заңсыз немесе «нақты» емес. Этникалану және «құнсыздану» жарысымен байланысты заңсыздық – теңсіздіктің ерекше түрі. Ол адамға қолжетімді абырой мен мүмкіндікке ықпал етіп, кемсіту мен қорлауға жол береді. Бұл теңсіздік ұлттық мемлекеттің құрылуымен пайда болған азаматтық теңсіздіктен басталғанымен, оған дейінгі классификация мен құрылымдардан бастау алады (ұлттық мемлекет құрғанға дейінгі немесе отарлау кезеңі). Ұлттық мемлекет құрылысының немесе тәуелсіздік үшін қозғалыстың көшбасшылары мапучи (Чилидің байырғы халқы) немесе Үндістандағы солтүстік-шығыстықтар (Үндістандағы бірнеше этникалық топ өкілдері, оларға стереотиптер таңылған және осындай әдіспен шеттетілген) жағдайларындағыдай өзгешеліктерді шетке ығыстырып, гомогенді ұлттық идентификацияны қалыптастырды. Осы жағдай бүгінгі күні этникалық мигранттар басынан да (Германиядағы түрік мигранттары) өтіп жатыр. Чилидегі мапучи және Үндістандағы солтүстікшығыстықтар өнеркәсіп дамуы меже қылған, жұмысқа орналасу және білім алу мүмкіндіктері төмен аудандарда өмір сүреді. Екі топ та мемлекетпен және полициямен (солтүстік-шығыстағылардың жағдайында әскермен де) конфликтіде, ал олардың идентификациясы гегемонды ұлттық сәйкестенуге қарама-қайшы. Солтүстікшығыстағылар халықтың қалған бөлігі тарапынан да зорлы-зомбылық пен кемсіту көреді, әсіресе солтүстікшығыстан Дели, Мумбай немесе Бангалор қалаларына көшкенде.
Заңды мойындалғандарына қарамастан, заңды және заңсыз азаматтар – екі түрлі азамат. Дегенмен, кеңістік кейінгісін екінші сортты ретінде төмендетіп, тек біріншісіне арналған. Заңсыз азаматтарға бірнәрсе «жетіспейді», олардың мәдениеті мен ғадеті кем қарастырылып, қоғамның басқа бөлігіне көрінбейтін кемсіту мен қорлауға ұшырайды.
Демократия үшін салдары
Азаматтық – жеке индивидтерге қатысты ұғым, бірақ мәселе нәсілшілдікпен немесе этностармен байланысты болғанда, ол индивидуалдылығын жоғалтады. Нәсілшілдікпен байланысты азамат, заңсыз азамат үнемі бір топ өкілі ретінде сипатталады да: «иммигранттар», «арабтар», «мұсылмандар», «байырғы халық», «солтүстік-шығыс үндістері», ешқашан жеке субъект болып табылмайды. Индивидуалдылық ақ нәсілді адамдар үшін сақталған. Нәтижесінде, ақ нәсілді еуропалықтың немесе еуропалық ұрпақтың сәтсіздігі жеке қателікке жатқызылады; олар дара азамат болу артықшылығына ие. Бұл «ақ артықшылық» деп ұғынылды. Екінші жағынан, колониялық субъект сәтсіздігі, заңсыз азамат қателігі оның мәдениетіне, ұлтына, нәсіліне, этносына жатқызылады және ешқашан автономды азаматпен байланыстырылмайды. Заңсыз азаматтар, «ақ артықшылыққа» ие адамдар білмейтін, этникалық тиістілігінің және нәсілінің тұтқыны. «Ақ артықшылық» көрінбейтін диспозиция қызметін атқарады: артықшылыққа ие адамдардың этносы не нәсілі ешқашан айтылмайды және мойындалмайды. Ол – жоқ, сондықтан индивидуалдылық еркіндігі бар. Артықшылыққа ие адамдардың жетістіктері мен сәтсіздіктері олардың этносының не нәсілінің емес, жеке жетістігі деп қарастырылады.
Белгілі бір топтардың тәжірибесін, олардың талаптарын елемеу конфликтіге және зорлық-зомбылыққа алып келуі әбден мүмкін. Заманауи әлемде мәдени, нәсілдік және этностық жағынан гомогенді ұлттық мемлекет туралы ойлай алмаймыз. Демократияны тереңдету үшін сөйлеу құқығы берілмегендерді тыңдау – тарихи борышымыз.
Андреа Сильва-Тапиа,
Гумбольд атындағы Берлин университеті және Юстус Либидж Гиссен университеті,
Германия