«Şam» әдеби шығармашылық орталығы – 2016 жылдың 19 қарашасында Шымкент қаласында қ...
Алма Түсіпбекова. Бір тал гүл
5009
Сен мені іздеме... Мен бүгін қаламымды көк сияға малмаймын, өлең де жазбаймын, Темекі тартамын, көк түтін болып көк әлемге енемін, бар запыранымды қара құрдымға төгемін... Бар әлемнің қасіретін бойына жиған жұлдыздай амалсыз сөнемін... Ешкіммен тілдеспей, балбал тасындай көненің, Жанарымды ен далада жауынға жудырып, Сенің алақандай жүрегіңде Жарқ еткен ғаламат найзағай тудырып, найзағайлардан жебе будырып, Мен сенің жанарыңда өлемін - ең соңғы нұр болып, Ең соңғы тым нәзік гүл болып, Айы солғын тартқан түн болып, Аһұрып тұрып... аяқталмаған жыр болып... Менің моламда тұрады, Қырық шілтен сенің жұпарыңдағы жырды оқып, Аңызақ дала сенің көздеріңнен сыр тоқып, қапасыма сәуле түседі жылт етіп... О сол сәтте оянам да қайтадан, Мен елес болып иен даланы кеземін, Жүрегімді Сенің жанарыңдағы ең соңғы тамшы іреп, Сүйегімді кірпігің құлатқан жаншып от... Ең соңғы жаршы боп, сахарадағы баялышқа жан бітіретін Алақандай тамшы боп... неткен қасірет - Мені жылыта алмайды Алып күннің ыстық жалыны, Шопеннің ғаламат сарыны. Мен өлемін дір еткен жапырақтай - Ең соңғы нұр күткен, ең соңғы жыр күткен... ессіз желдің қуыршағы болып, Иесіз далада есінен адасып, айрылып тірліктен, Ең соңғы қауқарсыз гүл болып, қырықаяқтың сүйкімсіз еріндеріне Аппақ күлтелерімді сүйдіріп, аптаптың алауына қауыз-қанаттарымды күйдіріп. Мен өлемін жалғанның қамалында, жолдардың торабында, Сенің табаныңда ең соңғы Тамшы боп, Қауқарсыз тамшы боп... Ал менің сөнген жанарымда Найзағайлар аспанды осқылап жатады қамшы боп!.. Сен мені іздеме... Ай тұтылды тағы да... Мендік ғұмыр - сан сынақтың алаңы, Тәжірибе мектебі. Біреу тырнап жазылмаған жараны, Жүрегімді жуалдызбен көктеді. Эх! Мен қанша жыладым да жұбандым, (Дос көре ме, шерді адам?) Шегі бар ма, адамзаттық шыдамның, Білгің келсе - кел маған! Жылады аспан, жанарынан жас парлап, Бұршақтай көп сұрағы. ... Қонатұғын көл таппаған қасқалдақ, Есенғали ақынды айтып жылады. Аспан түгіл боздайды боз далам да, Кім бар, жайын сұраған? АР туралы сөз айтатын алаңға, БАР салуда бір ағам... Өткенімнен мен де кейде із кесем, (Дағдарудан дал болсаңыз - сөйтесің). Шыдамдылық формуласын іздесең, Ақындардың аралап шық жүйкесін. Бабам рухы! Сұстанғандай отты өңі, Сол бір оттың жылынамын табына. ...Ай астында ұлып отыр көк бөрі... Ал ай болса... тұтылыпты тағы да. Әлемнің қайда жүрегі? Қажытқан кезде қойылым-өмір, (Әртістері де баяғы). Шатқалын кезіп ойымның не бір, Тозады төзім таяғы. Айта ғой маған, көріпкел-ғұмыр, Әлемнің қайда жүрегі? Жаны бар мұнда өліктер түгіл, Көліктер кейде күледі. Көгіңді бір бұлт тұмшалар бекем, Жер тапшы сосын сейілдер. Жаныңды мұнда кір шалады екен, Еңсені басып... пейілдер. Бәріне мұның жараса жүрек, Шақ туар: "жаным - сауға" дер. "Аққа қара түс жарасады"- деп, Даурықты анааау саудагер. Тағдырға тартып көп күн жеребе, Шаршадың. Жаннан айықпай мұң. Менімен бірге кеткің келе ме, "Қайда?" - демеші... айтпаймын!.. Мен кейде таң қаламын... Мен кейде таңғаламын, Тал қармап, дал боламын Әділеттің құны кеткенде: Пәктігіне өшіге ме, қайдам, Көктегі найзағай жердегі ақ қайыңды тіліп өткенде, Шашылған сәтте сұлулықтың күлі көктемге. Мен кейде таңғалумен отырамын: Тексіздік шеру тартып, Бетсіздік езу тартып, Жер сілкініп, құзар шың құлаған кезде, Мойылды таспен сыбап... Өмірді қимай, бір тал гүл кірпігін жаспен шылап жылаған кезде. Мен кейде таңғаламын, Ал басқа бар ма амалым?! - Ізгілік атаулы топастық деп саналғанда, Мейірім байғұс темір торға қамалғанда, Қайсарлық шарасыз тоналғанда, Қасқырдай қатыгездік сұраусыз жан алғанда! Мен кейде таңғалумен отырамын, Тулайды тал бойымда нөпір ағын: Данышпанның ақылы көк тиынданып, Жалғанды басам деп жалпағынан, Қызғаншақтың іші от-құйынданып, Құлағанда Ар - тағынан! Мен кейде таңғалумен отырамын, Сапырып саналарды соқыр ағым, Айналып өзінше елінің кемеңгеріне, Кесірлікті тізіп ап көгендеріне, Басы жоқтардың елге бас болам дегендеріне. Мен кейде таңғалумен отырамын: Шарам болмай шаншылған дұшпан көздерге, Қансырап ЕРЛІК, қара жерді құшқан кездерде. Ақ қағаздарым өлеңге айналып бір сәт, Жерден жеркеніп, желкені өртеніп, көкке қарай ұшқан кездерде... Бір тал гүл Өмірдегі осы болар нұрлы шақ, Жаным, маған гүл сыйладың бір құшақ. Сезіп соны, көңіл қыры құлпырған - Құшақ гүлдің бір талына сыр тұнған. Бір талынан бақыт жайлы шалқып ән, Адалдықтың жұпар иісі аңқыған. Ақ зер әлем оған тұрар үздігіп, Бір тал гүлде - мейірім мен ізгілік. Астасатын азабы мен ғажабы, Бір тал гүлде - ғашықтықтың ғазалы. Басын иген барлық әлем, жер беті, Бір тал гүлде - келер күннің келбеті. Ертеңімнің айқара ашар есігін, Бір тал гүлде - тұнып тұрған кешірім. ...Мен сірә да текті жанның теңімін, Бір тал гүлде - маған деген сенімің. Сүйген жанның осы болар шын сыры, Бір тал гүлде - жүрегіңнің дүрсілі. Менің үшін ғаламдағы зор мүсін, Бір тал гүлде - сенің ғажап болмысың. Көрген сәтте жаның қалар тазарып, Бір тал гүлде - тау суындай тазалық. Үкілеген үміт мәні сол ғана, Бір тал гүлде - болашаққа жолдама. Өмірдегі осы болар нұрлы шақ, Жаным, маған гүл сыйладың бір құшақ! Кейде... Кейде Жанымды су мен отқа салатын, Сүйгенін іздеп, табанымен шоқ баса алатын, Бағынбай өзгенің айтқандарына, Жүрекпен жиі соттаса алатын Сезімді тілдеймін. Кейде Бәріне-дағы шыдай беретін, Беретін әр кез шырайға бетін, Сабырлы жанды құдай көретін, Төзімді тілдеймін. Кейде Әділетсіздікті көріп қалатын, Жақсылықты іздеп өліп-талатын, Өзгенің мінін бірден-ақ байқап, Сұлулыққа ғана серік болатын Көзімді тілдеймін. Кейде Тегіс жерде жүріп сүрінетұғын, Ісінен мінезі білінетұғын, Өзінің жанын жегідей жеумен, Бермейтін ешбір күніне тыным, Өзімді тілдеймін. madeniportal.kz