Адонис. Әбу Тәммамға

ӘДЕБИЕТ
3144

Сириялық, жоқ, Сириялық емес, әлемдік ақын Адонисті қазақ қауымы Аллен Гинзбург яки Йоргос Сеферисті танығаны секілді танымайды. Бірақ Гинзбург пен Сеферис те біздің оқырмандарға соншалықты таныс деп айта алмаймыз. Бұл бейне бір шашына ақ түскен шағында сапарға шыққан қарияның төбе басында немесе көл жағында отырып, алысқа көз тастағаны секілді. Келесі тұрақтайтын шаһарға қашан, қай уақытта жетері белгісіз. Не шаһар қарияға, не қария шаһарға жақындар емес. Әйтпесе әлемді аралаған қарияға қол ұшында тұрған шаһарға жету қиын болып па?! Тек шаһар оған қақпасын ашса жетерлі!

Күні кеше "Мәдениет порталы" араб тіліндегі 20-дан астам кітаптың авторы, "Жаңа поэзия" қозғалысының беделді өкілдерінің бірі, "Әдебиет" аталымында Нобель сыйлығына басты үміткерлер қатарында есімі жиі аталатын, тоқсан жасты тақымдаған ақын Адонистің (шын есімі - Али Ахмад Саид Эсбер) Әль-Маариге жазған өлеңін қазақ тілінде жариялаған болатын. Ал бүгін Аббаси дәуірінің ғаламат ақыны, өнер тілінің жаңа бір нұсқасын жасаған ӘбуТәммамға арнаған Адонистің келесі бір жырын оқырман назарына ұсынамыз. Мархаббат!

Адонис, ақын

Adonis / "İhtifâen bi’l-Eşyâ’ el-Vâdiha el-Gâmide" (1988-2014) кітабынан
Әбу Тәммамға*
(Әбу Тәммамның естеліктерінен Миһиярдың Шамнан жеткізген қиссалары бойынша бөлімдер)

І. Жәсім* мен Бағдаттың арасы

-1-
Жеті қат аспан мені дәргейіне алып билігін жүргізу үстінде қазір,
мен болсам бөгде бір мекенге жол алып барам,
түнде жылқы, күндіз жылқышымын мұнда.

-2-
Сезімдер – неліктен мұншалық саяхат жасауға құмар
мені де қалдырып кеткісі келетіні несі,
қаңбақ жел тамағынан дауысым да шығып барады, міне...

-3-
Ағаштар –сөздер
алысты жазатын ышық.

-4-
Мен оларды үздіксіз оқимын қазір, себебі табиғат сөздері қасыма жиналып алған,
ия, мені зат-и хәлдің іші төкпектеп жатыр,
содан соң ымдармен уақыттың құшағы толуда және.

-5-
Міне мен солайша өзімнен алыстап бара жатқанда, Жәсім -
мысалы, тәнім де ұзайды менен,
қу басым домалап барады жетем деп оған.


Соңында мәжнүнтал саясында жатамын, Жәсім:
неліктен киімімді шешуді қаламай жатыр?
бәрібір сіңісіп кеткен жоқ па еді сумен.

-6-
Ия, мен енді жаныма жай таппай келемін кезіп,
миымда үзіксіз жаңғырып тұрады желдің ақылы
тіпті мен пальмалар көремін мезгілсіз басқан әр адымдарымнан.

-7-
Қақсиған кәрі де, ақсиған жас та емес Бағдатта уақыт –
Бағдаттағы уақыт тек қана бір гүл
қалайша қолыма алам деп дірілдеп тұрмын мен енді
тиіссем жоғалып кетпей ме, досым?

-8-
Бұл маңда гүл түгіл адамның келбеті секілді тастар да солады,
шаңдар да шапанын сүйретер шығанаққа дейін.
Содан соң барлық мекенде құрма ағашы бар –
бөгде бір дертің дауасын күтетін сынды.

-9-
Жел сүйреп әкелген жапырақ жақында, кір ішке, досым,
Береда* жағалауында көргендеріңді айта ғой бізге.


-10-
Айтшы енді, Бағдаттың күні неліктен талтүстің ыстығына алып барады мені,
мен оны көкжиекке алып бара жатыр ем ғой қазір?

-11-
- Отан ба?
- Отан
- Маған да тиесілі болсыншы осы бір Отан.


ІІ. Бір күннің өмірбаяны


-1-
Болашақ үшін тер төгу үстінде бұлттар
алайда олардың дұрыстығын дәлелдеу жаңбырға қалады қазір


-2-
...кемелер - теңізді өзімен бірге алып көтеріп жүрген,
қайықтар астында езілген теңізді.


-3-
құрбақалар да аяғына судан жасалған аяқ киімдер киген,
көш етіп барады құстар,
үстерінде ең сұлу лыпалар және.


-4-
тек жел ғана өзі өрген ауға кеп түсті.


-5-
Ал анау көкжиек төрінде күн отыр ханшайым сынды,
сол күнді достары қармалап жатыр –
достары дегенім - өрмекшілер мен құстар.


Хандары көбелек, қызметшілері: ара мен кесіркелер және тамыздық шіркейлері

-6-
Бір дауыс шығады ағаштың бұтақтарынан бірақ.
Тұтқын жел тасуға міндетті оны,
тануға емес.


-7-
Сол сәтте жыр жазар шайыр,
ия, оның лираға айналар тәні

жаңағы дауыстың құшағына кіріп.

-8-
Ал қазір дыбыссыз қалғанда ернім
жан- жағымнан кіл сөздер атқақтап шығып жатады.


-9-
О, менің уақытым кеудемді тескен -
өлеңім өзіңе тігілген - нақыш
әрлеуші –үнім.


-10-
Мәжнүн тал саясатында жатып, әсілі суда ұйықтаған тәнім 

лотосқа айналады түбі,
Ия, менің өрт көліндегі билеуші тәнім...



ІІІ. Менен сұраған ләкин мен жауап бере алмаған сұрақтар

-1-
Жазған дүниеңнің барлығында
тек түннің бір ғана келбетін көрсеттің бізге –
осы үшін бе екен
ештеңе жоқ сынды тәніңде жарықтан басқа?


-2-
Өзіңді және өзге деп есептер дүниені болмыстың тілімен танығың келді,
осы үшін есім мен заттарды бөлдің:
заттарды есімге қарсы қойдың,
есімді заттарға қойғаның секілді –
қарашы енді, әлі де тіресіп тұр олар мұнда; 


барлығы іздеуде шешімін мұның, алайда ешкім жоқ тапқан
олай болса неліктен ештеңені танымайсың
есімі болмаған заттардан басқа?


-3-
Сені мен кеңістік арасында
басқалардың да жазған әріптері бар
алайда олардың "мим" дегеніне
сен "һа" дейсің,
олардың "элиф" дегеніне де
сен "ия" дейсің еш кідірместен –
О, көрілген
бұл көрмеген тарихты қай жерден алдың?


VI. Шамдық Миһиярдан басқа да сұрақтар


-1-
Өте үлкен баспалдақтардан түсіп келе жатармын тұрған жерімнен
кейде мен өзімді бармын деп санаймын солай,
көз салып қарасам кенет
өзге де баспалдақтар бар екен түскенімді күтіп тұрған –
о, жақын, сен қайда тұрсың?


-2-
Қаша жел соқса да өшпейтін ізі бар сенің өлеңін неткен ғажайып десеңші,
осы үшін бе екен, о, тау
қанат сынды атқақтап айналамызда ұшасың да тұрасың жиі?


-3-
Сонда да сөздерді көтеріп апарғың келеді
бір шетте отырып құлауды білмейтін төбелерге де,
Қызығы ғайып саған келе жатқан-тын қазір
сол ма екен өзіңе келген
сол ма екен сөздердің кірпіктерін алып бара жатқан?


V. Өлең өнері

-1-
Береда жағалауы жайлы айтқан жапырақ "вав"*
ал қазір ауада ұшады жастығын іздеп.

-2-
Маусымдар төрт емес,
Апта да жеті күн емес
жыл деген әлдеқайда көп сынды санаулы күннен –немесе әлдеқайда аз сынды санаулы күннен.

-3-
Мен емес жапырақ дірілін өз тіні жазар
жапырақ та ғашықта еріген қараңғыны жазады солай:
алайда қай кезде болсын суреттей бастады жапырақ соңын
ілезде бастауына апарар жазулар оны –
ия, жапырақ, сенікі дұрыс.

-4-
Ағаштар мен желдің әр сәттегі зат-и сөздерінде
шаңның сүйістеріне құлайды ағаштардың ерні.


-5-
Гүлдер де жұпарын аңқытады сосын,
ауаның жасаған шыны ыдыстарында.


-6-
солайша сөздің тәніндегі қызғырт бір тамыр


-7-
қараңғылықтың қойнына кір енді қазір
ап-айқын ышықты көруің үшін


-8-
алайда мөлдірлік те перде,
күн де кей сәтте көлеңке, досым.

Әбу Тәммам - (788-845): Аббасидтер кезеңіндегі беделді ақындардың бірі. Әдеттегі тілден тыс жаңа тіл жасауға ұмтылған ақын. Әбу Тәммам шығармашылығы арқылы сол заманғы өлең тілі көркейіп, көпмағыналылық, мағыналық страфикациялар құрылды.

Жәсім - Әбу Тәммамның туған ауылы. Қазіргі таңда Сирияның солтүстік батысында орналасқан қала.

Береда - Шам өзені. 

Араб қәрпі "вав" - ( و ) түрінде жазылады.

Аударған Файзулла Төлтай

Шоу-бизнес

Айқын Төлепберген Youtube платформасындағы Зamandas подкастына берген сұхбатында Қанат Бейсекеевтің...

Ауа райы

Синоптиктер Қазақстандағы 2024 жылғы 8 желтоқсанға арналған синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа ра...