Дариға Назарбаеваның бүгін туған күні. Сенат төрайымы 56 жасқа аяқ басты. Ол 1963 жылы 7 мамырда Қар...
Коронавируспен күрес барысында мемлекет қамқорлығы айқын көрінді
Жер-жаһанда коронавирус пандемиясы «үстемдік құрған», ел басына күн туған осынау шырғалаң шақ бірлігіміз бен елдігіміз сыналған кезең болды. Адамзатқа зор зардабын тигізген бұл ортақ «жаумен» бүкіл әлем болып бірігіп күресіп жатқанымызға бір жыл толды. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында атап өтіп, пандемия басталғалы бері Қазақстан әлеммен бірге көптеген қиындықты бастан өткергенін, мемлекет азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғау үшін пәрменді шаралар қабылдағанын мәлімдеді. Өршіген індетті береке-бірлік пен өзара қолдаудың арқасында еңсердік. Дегенмен дауасыз дерттің қатері әлі де сейіле қойған жоқ. Ал бұл бәлекеттен біржола құтылудың бірден-бір амалы вакциналау болып тұр. Осыған мән берген Мемлекет басшысы барша отандастарымызды ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеуге шақырды.
Мемлекет қолдауы – тұрақтылық тірегі
Дүние жүзін дүрбелеңге салған індетпен әр мемлекет өзінің әл-дәрменінше күресіп бағуда. Әрине, алдымен азаматтардың амандығы – басты орында. Дегенмен оқшауланған халықтың жұмысы тұралап, нәпақасынан айырылғаны да ескеріліп, мемлекет тарапынан ұдайы әлеуметтік қолдау көрсетіліп отыр. Бұл ретте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың дер кезінде қабылдаған пәрменді шаралары күрделі кезеңнің күрмеулі мәселелерін шешуге септесті.
Расында, індет келіп, қаншама ісіміз іркіліп, жүрісімізден жаңылып, зор шығынға ұшырадық. Халықтың саулығымен қатар, оқшауланған олардың күнкөрісін қамтамасыз ету мәселесін де әсте естен шығаруға болмайды. Бұл әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтап қалудың аса маңызды екенін аңғартады. Осы орайда індет салдарынан туындаған дағдарысқа қарсы жедел шаралардың бірі ретінде уақытша табыссыз қалған азаматтарға бір реттік көмек берілді. Қысылтаяң кезеңде мұндай жәрдем көршілес елдерде, тіпті көптеген ірі мемлекеттерде берілген жоқ.
Пандемия уақытында күнкөрісін қамтамасыз етіп отырған табысын жоғалтқан азаматтарға Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан ең төменгі жалақы – 42 500 теңге көлемінде біржолғы төлем тағайындалды. Мемлекеттік қолдаудың аталған түріне төтенше жағдай режімі мен карантиндік шектеу шаралары кезінде күнделікті нәпақасынан айырылған жұрт ие болды. Олардың ішінде жалақысы сақталмайтын демалыста жүрген қызметкерлер, жеке кәсіпкерлер, жеке практикамен айналысатын адамдар, нысаналы жұмыстарды орындау (қызмет көрсету) сияқты азаматтық-құқықтық сипаттағы шарттар бойынша табыс табатын жеке тұлғалар, бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілер бар.
Жағдай ушығып, төтенше жағдай режімі созылған өткен жылдың 11 мамырына дейін 322 млрд теңге сомасында 4,6 млн адамға, ал карантиндік шектеу шаралары қолданылған кезде 153,2 млрд теңге сомасында 2,4 млн адамға әлеуметтік төлем тағайындалды. Жалпы былтыр жұмысынан айырылған жағдайда Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлем алушылардың саны 99,1 мың адамды құрады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мәліметі бойынша, 2020 жылы 184,7 мың отбасындағы 936,2 мың адамға атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) тағайындалды. Бұл мақсатқа бюджеттен 75,3 млрд теңге бөлінді.
АӘК отбасының әрбір мүшесіне жан басына шаққандағы орташа табысы өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан төмен азаматтарға тағайындалады. Бұған қоса АӘК көрсетудің жаңа тетігін іске асыру шеңберінде еліміздің барлық өңірінде табысы аз отбасылардың мектеп жасына дейінгі балаларын кепілдік берілген әлеуметтік топтамамен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде. 2020 жылдың қорытындысы бойынша АӘК алушылар қатарындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 218,2 мың бала азық-түлік және тұрмыстық химия жиынтығы түрінде әлеуметтік топтама алды.
119,7 мың отбасындағы 614,3 мыңнан астам қазақстандыққа 2020 жылғы IV тоқсанда атаулы әлеуметтік көмек тағайындау мемлекеттік инстанцияға жүгінбей-ақ автоматты түрде ұзартылды. АӘК алушыларға бұдан бұрын II және III тоқсанда Төтенше жағдай режімі мен карантиндік шектеу шараларының қолданылуына байланысты көмек тағайындау ұзартылған болатын. Сонымен қатар аталған практика 2021 жылғы 1 тоқсанда барлық АӘК алушыларға қолданылды, бұл шаралар халық арасында вирустық инфекцияның таралу қаупін азайтуға мүмкіндік берді.
Індеттің таралуы өршіген тұста шектеу шаралары күшейіп, жұрттың азық-түлік алуға баруы да қиындап қалды. Оның үстіне жұмыссыз қалған халықтың қалтасының түбі көрініп, азық-түлік алуға шамасы келмеген жағдайлар болғаны рас. Бұл ретте мемлекет тарапынан Төтенше жағдай және карантин кезеңінде жалпы сомасы 25 млрд-тан астам теңгеге 1,1 млн-нан астам адам азық-түлік-тұрмыстық жиынтықтар сатып алуға төлемдер түрінде қосымша қолдау алды. Сондай-ақ Елбасы, Nur Otan партиясы Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен еліміздің тұс-тұсында көптеген үйге көмек ретінде азық-түлік толтырылған себеттер үлестіріліп, 550 мыңнан аса отбасы «Біргеміз!» қорының қолдауымен біржолғы қаржылай көмекке ие болды.
Індет қос бүйірден қысқан қысылтаяң кезеңде еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығын қамтамасыз етудің бірден-бір амалы – жұмыс орындарын және халықтың табысын сақтап қалу. Осы тұрғыда халықты жұмыспен қамту бойынша біраз шаруа атақарылды. Дағдарысқа қарсы шара ретінде жұмыспен қамтудың Жол картасы әзірленіп, табысты іске асырылуда. Былтыр нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын және басқа да мемлекеттік бағдарламаларды іске асырудың арқасында 1,2 млн жұмыс орнын құру және сақтап қалу және жұмыссыздықтың өсуіне жол бермеу мүмкін болды.
Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы (ЖҚЖК) шеңберінде 6,7 мың әлеуметтік маңызы бар инфрақұрылымдық жоба іске асырылып жатыр. Онда 130 мың теңгелік орташа жалақымен 239 мың адам жұмыспен қамтылған.
2020 жылдың қорытындысы бойынша өңірлерде 6,7 мың жоба бойынша жұмыс басталды, 239 мың жұмыс орны құрылды, оның ішінде 120 мыңнан астамы халықты жұмыспен қамту орталықтары арқылы құрылды. Бағдарламаға қатысушылардың жартысы – ауыл тұрғындары, 39%-ы – жастар және 7%-ы – табысы аз азаматтар. Қабылданған шаралар жұмыссыздықты 5%, жастар жұмыссыздығын 3,9% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. ЖҚЖК аясында жұмыспен қамтылғандардың ең көп үлесі – Түркістан (25,3 мың), Шығыс Қазақстан (21 мың), Жамбыл (20 мың) облыстарында, сондай-ақ Алматы қаласында (21,4 мың). ЖҚЖК жобалары болашақта 100 мыңнан астам тұрақты жұмыс орнын ашуға негіз болмақ.
Індетпен күресте бірлігіміз сыналып, жанашырлыққа, жауапкершілік пен қамқорлыққа үндеген кезең болды. Мемлекет басшысы айтқандай, ауызбірлік, сабырлылық, жанашырлық – дәл осы қасиеттер бізге тарихтағы ең қиын сынақтарды еңсеруге септігін тигізді. Қиын-қыстау кезеңде айналасындағы ағайынға қолынан келген көмегін аямай, қолғабыс еткен қамқор азаматтар – дәстүрлі құндылығымыздан ажырамаған халық екеніміздің айғағы. Көпшілікке шарапаты тиіп, елдің алғысын арқалаған денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, білім беру саласындағы отандастарымыздан бастап, қоғамдық жұмыстарға белсенді атсалысқан еріктілер, қаржылай көмек берген кәсіпкерлер індет кезінде ізгіліктің үлгісін көрсетті.
Мұндай азаматтардың еңбегі еленіп, Президент арнаулы «Халық алғысы» медалін тағайындады. Осы медальмен марапаттау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаев: «Осындай күрделі кезеңде барша жұрт жауапкершілік танытудың қаншалықты маңызды екенін түсінді деп ойлаймын. Әр адам өзінің, туыстары мен жақын адамдарының денсаулығына мұқият болуы керек. Бұл – қазіргі заманның талабы. Індетті жеңу – әрбір азаматтың өз қолында. Бұл, ең алдымен, қарапайым қағиданы ұстанудан басталады. Бетперде тағып жүру, тазалық сақтау және әлеуметтік қашықтықты ұстану өте маңызды. Өйткені бұл сіздің және өзге адамдардың денсаулығы үшін аса қажет. Тағы да қайталап айтамын: «Сақ жүрсең, сау жүресің», «Сақтықта қорлық жоқ». Сондықтан азаматтарды қорғау үшін біз барлық қажетті шараларды жедел түрде қолға алдық және осы жұмысты әрі қарай жалғастыра береміз», деді.
Қарекет түбі – берекет
Президенттің бастамасымен 2020 жыл Қазақстанда «Волонтер жылы» болып жарияланғаны есімізде. Бірақ сол кезде ешкім де адамзат басына қандай күн туатынын, сол қиындықты еңсеру жолында қаншама тер төгіліп, қаншама жұмыс атқарылатынын білген жоқ еді. Пандемия қаншама елді қаусатып кетсе де біздің мемлекет жағдайды біршама тұрақтандыруға, вирустың залалын барынша азайтуға күш салды.
Мемлекет басшысы Үкіметтің кеңейтілген отырысында былтыр жаһандық ахуал өте күрделі болғанын еске сала келіп, пандемияның салдарынан дүние жүзінің ішкі жалпы өнімі 5,2 пайызға азайғанын атап өтті. «Оның әсері Қазақстанға да тиді. Экономикамыз 2,6 пайызға төмендеді. Дегенмен біз инфляцияны өзіміз жоспарлаған 7,5 пайыз деңгейінде сақтап қалдық. Кейбір салаларда едәуір өсім бар.Үкімет дағдарыс кезінде тыңғылықты жұмыс істеді деп айтуға болады», деген еді.
Иә, індеттің аяқ асты келуі көптеген саланы есеңгіретіп жіберді. Үкімет қысқа мерзімде жедел шараларды қолға алуға мәжбүр болды. Халықтың қалыпты тіршілігіне де өзгерістер енді. Біраз шаруа тұралап қалды. Қысқасы, бұл елге үлкен сабақ болды. Халық қандай тығырықтан да бірлік пен жанашырлық қана алып шығатынын ұғынды. Көлденеңнен келген кесел алдында медицинамыз абдырап қалса да, елді қиындықтан алып шыққан − жанашыр жандар мен бас көтерер азаматтардың көмегі еді. Ең бастысы, ел бірлік пен береке болса, қандай да қиындықты еңсеруге болатынын ұғынды. Күрделі кезеңде халық шама-шарқынша бір-бірін қолдауға тырысты. Еріктілер мен белсенділер індет өршіген тұста қайырымдылық акцияларын ұйымдастырып, ауырған, жабыққан, қиындыққа тап болған жандарға көптеп көмектескенін жұртшылық ұмыта қойған жоқ.
Наурыз айында ел аумағында алғаш коронавирус тіркеліп, төтенше жағдай жарияланған кезде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен «Birgemiz» қоғамдық қоры құрылып, оған кәсіпкерлер, бизнес өкілдері тарапынан ірі сомада жарналар құйыла бастаған еді. Елбасының тапсырмасы бойынша Nur Otan партиясы бастапқыда карантин жарияланған Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларындағы жалғызілікті қарттарға, мүгедектерге және тұрмысы төмен көп балалы отбасыларға атаулы көмек ретінде 150 млн теңге бөлді. Коронавирус індетінің таралуына қарсы күреске Елбасының шешімімен Тұңғыш Президент қоры тағы да 200 млн теңге бағыттады.
Қордың қаражаты есебінен аз қамтылған көп балалы отбасыларға, I топтағы мүгедектерге, мүгедек бала күтімімен отырған адамдарға, Екінші дүниежүзілік соғысының ардагерлеріне, жетім балаларға, ең төменгі зейнетақы алатындарға 50 мың теңгеден көмек берілді. «Birgemiz» қоғамдық қорының ресми сайтындағы мәліметке сүйенсек, бүгінге дейін қорға 33,9 млрд теңге жиналған. Жиналған қаржының арқасында 655 251 адамға көмек көрсетілген, 2 112 медициналық қызметкерге сыйақы берілген және 5 млн дана маска сатып алынған.
Пандемия кезінде әсіресе, кәсіпкерлік саласы ерекше шығын көрді. Карантин шектеулерінен 1 млн-ға жуық компания зардап шеккен, шағын және орта бизнестің 430 мыңнан аса субъектісі қызметін тоқтата тұруға мәжбүр болған. Орта және шағын кәсіпкерлікке қол ұшын беру үшін Үкімет те қарап қалмай, қам жасады. «Бәйтерек» холдингі және оның еншілес ұйымдарын, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасын кәсіпкерлерге көмек көрсетуге жұмылдырды. Айталық, былтыр Қазақстанда төтенше жағдай режімі енгізілгеннен бастап, 2020 жылдың соңына дейін «Атамекенге» 144 мыңнан астам кәсіпкер жүгінген екен. Ұлттық палата бірқатар сауалдама жүргізген, соның қорытындысында кәсіпкерлердің 60% -ы шарттық міндеттемелерін бұзуға мәжбүр болғанын анықтаған. «Атамекен» ҰКП-ның еншілес ұйымы − Қазақстанның сыртқы сауда палатасы осы кезеңде 6 мыңнан астам форс-мажор туралы куәлік берген. Осы ретте ұлттық палата кәсіпкерлікті қолдау жөнінде көптеген ұсыныстар енгізіп, ол қолдау тапқан. Атап айтқанда, ШОБ несиелері бойынша төлемдерді кейінге қалдыру және қайта қаржыландыру, салық төлеуді шегеру, еңбекті төлеу қорының салықтары мен төлемдерінен босату, ТЖ кезеңінде салықтық тексерулерді және берешекті мәжбүрлеп өндіріп алуды тоқтата тұру, жұмыссыз қалған қазақстандықтар үшін 42,5 мың теңге әлеуметтік төлемдер беру, кәсіпкерлерді жеке табыс салығы және әлеуметтік салықтардан, жарналардан босату, әлеуметтік маңызы бар тұрмыстық тауарлардың 19 түрі үшін қосымша құн салығы жарнасын 12% -дан 8%-ға дейін төмендету сынды жеңілдіктер бизнес саласына әжептәуір көмек болғаны анық. «Төтенше жағдайды енгізген соң біз бизнесті қолдау бойынша бірқатар бастама көтердік. Үкіметтің қолдауымен анағұрлым өзекті мәселелер жедел шешілді. Шамамен 700 мың салық төлеуші 1 трлн теңгеге жуық сомада салық жеңілдігі шараларымен қамтылды. Шағын және орта бизнестің 18 мыңнан астам субъектісіне 222,4 млрд теңге сомасына несие төлемдерін кейінге шегеру мерзімі берілді», деді «Атамекен» ҰКП Төралқа төрағасы Тимур Құлыбаев бизнесті қорғау жөніндегі V форумда.
Сондай-ақ шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелеу бағдарламасы бойынша жылдық 8%-бен 387 млрд теңгеге 3 мыңнан аса несие берілген. Ел аумағында 46 мыңнан астам жалға алушыға қолдау көрсетілген. 2 мыңнан астам кәсіпкерге 951 млн теңгеден астам қаржыға коммуналдық қызметтерді төлеуді кейінге шегеру жеңілдігі жасалған.
Еліміз карантин шектеулерін жеңілдетті. Бірақ бұл пандемия құрсауынан біржола құтылдық деген сөз емес. Сондықтан Үкіметтің бизнесмендерді қолдау шаралары әрі қарай да жалғасын таппақ. Бұйырса, 2021 жыл – орта және шағын кәсіпкерліктің жандану жылы болғалы тұр.
Орынбек ӨТЕМҰРАТ,
Қымбат ТОҚТАМҰРАТ,
© egemen.kz