Актер Алмат Сақатов әлеуметтік желідегі парақшасында Мақпал Жүнісоваға қатысты өз ойын айтты, деп ха...
«Алтын Орда» тарихи киножобасына дайындықтар басталды
Қазіргі таңда Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы Алтын Орда тарихына арналған ірі киножобаның тұжырымдамасын әзірлеуге кірісті,- деп хабарлайды Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының баспасөз қызметі.
Қасым-Жомарт Тоқаев үндеуінде кинематографистерге тарихи тақырыптағы фильмдерді шығару қажеттігі жайлы тоқталып, «бүгінде әлемдік киноиндустрияда тарих тақырыбындағы сценарийлерге сұраныс жоғары. Осы орайда біздің де шежіремізде ауқымды фильмдерге арқау болатын маңызды белестер мен оқиғалар баршылық. Мысалы, әлемдегі ең қуатты империялардың бірі болған Алтын орда тарихы дайын тұрған жоқ па?! Бұл мәселеге болашақта кино саласының мамандары баса назар аударғаны жөн», -деп тарихи кинолардың маңыздылығы мен Алтын Орданың әлем тарихындағы орны турасында айтқан болатын.
Бүгінде «Алтын Орда» тарихи киножобаның негізгі көрінісін, моделі мен архитектурасы бойынша үкіметке ұсыныс беру үшін кино орталығының жанынан жұмыс тобы құрылған. Кәсіби тарихшылар мен тәжірибелі кинодраматург, этнографтар мен әдебиеттанушылардан ақпарат жиналу үстінде. Сонымен қатар, халықаралық тарихи киножобаларды жасау бойынша табысты тәжірибесі бар Голливуд, Еуропа, Ресей және Азияның үздік өндірістік компаниялары арасынан жаһандық серіктестер мен инвесторларды іздеу жүргізілуде екенін айта кеткеніміз жөн.
Жасалып жатқан картина ерекше мәдениеттанымдық аспектілерге толы, мұндай киношежірелер еліміздің заманға сай дамуы үшін, болашақ ұрпақ үшін, әрқайсымыз үшін қажет. Өз кезегінде, Кино орталығы халықты жобаның жұмыс барысы мен одан әрі іске асыру жөнінде қабылданған шешімдер туралы хабардар ететін болады.