Дулат ИсабековБалаға ат қоюға келгенде қазақтан өткен «нахал» ешкім жоқ. Олар дүни...
Ақын Ибраһим Бекмаханов қайтыс болды
70 жасқа қараған шағында белгілі ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Ибраһим Бекмаханов дүниеден озды.
И.Бекмаханов 1951 жылы 22 маусымда Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Ақтөбе ауылында туған. Қазақ мемлекеттік университетінің (қазіргі әл-Фараби ат.ҚазҰУ) журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын туған ауылында бастаған. 1974-79 жылдарды Қармақшы аудандық «Коммунизм шамшырағы» (қазіргі «Қармақшы таңы») газетінде корректор, тілші, аға тілші, 1979–1984 жж. аудандық атқару комитетінде ұйымдастыру бөлімінің меңгерушісі, парткомның нұсқаушысы, 1984-97 жылдары Торғай, Жезқазған облыстық газеттерінде қызмет атқарған. 1997-2010 жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан», республикалық «Азия-Транзит» газеттерінің Жезқазған өңіріндегі меншікті тілшісі, қалалық «Наз» газеті редакторы, аймақтық «Сарыарқа» газеті бас редакторының орынбасары – жауапты хатшысы болды. С.Қожамқұлов атындағы Жезқазған қазақ музыкалық драма театры Әдебиет бөлімінің меңгерушісі, көркемдік кеңес мүшесі, 2010-11 жылдары «Орталық Қазақстан» газеті экономика-өнеркәсіп бөлімі меңгерушісі, редакциялық алқаның мүшесі болған.
Сыр сүлейі, атақты жырау Тұрымбет Салқынбаевтың әдеби мұраларын жинақтап, толықтырып «Талайды таңырқатқан жырау едім», «Атандым жас күнімнен бала жырау», «Жүйрігі едім халықтың» атты кітаптарын жарыққа шығарды.
«Шапағат», «Сағымсары», «Сыр мен Арқа саздары», «Жарық сәуле», «Жүрегімнің шуағы», «Қасиетті мекен», «Жүректегі ырғақтар», «Сырдария-Ұлытау» атты жыр жинақтары және «Сыр мен Қырдың перзенті», «Дария көңіл, тау мүсін», «Дария-ғұмыр», «Шалғайдағы емес, маңдайдағы театр», «Қарсақбайлық қайсар ұл», «Бекзат ғұмыр», «Кенжалы би» сынды прозалық, «Жалмауызға да жан керек» сатиралық кітаптары жарық көрген.
Республикалық ақындар мүшәйрасының бірнеше дүркін жүлдегері, баспасөз саласындағы үздік еңбегі үшін Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен марапатталған. ҚР Ақпарат саласының үздігі.
Кісілік келбеті, адамгершілік ажарымен айналасына қадірлі бола білген қаламгердің жарқын бейнесі оқырман жадында, әріптестерінің жүрегінде ұзақ сақталады.