Әлемнің үмітіне үрей туғызып, көңіліне қаяу түсіріп, жан әлемін құлазытып тұрған осынау пандемия кез...
М. Пруст және Дж. Джойс: Мамыр кеші
Модерн әдебиеттің шоқтығы биік шығармалары болып есептелетін «Жоғалған уақыттың жоқтауы» мен «Улисстің» авторлары, М. Пруст пен Дж. Джойс, 1922 жылы мамыр айында танысады. Бұл танысу қос жазушы үшін де жақсы естеліктермен қалмағаны белгілі...
1922 жылы. Мамыр кеші. "Мәртебелі" (Majestic) қонақүйінде өтіп жатқан кешке Пруст үй күтушісінің күйеуі Одилон Альбаретпен келеді. Қонақүйге кіре салысымен әдеттегідей бос орынға жайғасады. Алайда осы бір бос орын, атақты Улисстің авторы Дж. Джойстың қасынан табылғанына әсте мән бермейді. Тіпті ауруы әбден меңдеген Пруст Джойсқа көз қырын да салмайды. Мұны сезген Джойс та ештеңе білмеген адамдай отыруын жалғастыра береді.
Қос жазушының қатар отырғандарын байқаған ортақ достары, осы жағдай әдебиет тарихына енетін пікірталас пен сұхбатқа әкеледі деп ойлап, оларды таныстыруды қалайды. Алайда бәрі ойлағандай болмай шығады. Бір-біріне есімдерін айтқаннан кейін, ұзақ үнсіздік орын алады. Екеуі де сөйлесуге ықылас таныта қоймайды.
Таныстырған достары бұл үнсіздікті жою үшін Джойқа қарап тұрып:
- Сіз «Жоғалған уақыттың жоқтауын» оқыдыңыз ба?, - деп қиыла сұрайды.
Қойылған сұраққа көңілі толмаған Джойс «Жоқ!» деп қысқа ғана қайырады. Тағы үнсіздік.
Бұл жолы Прустқа бұрылған танустырушы достары:
«Сіз ше, Сіз болсаңыз Улиссті оқыған ба едіңіз?» дейді.
Ауырып отырған Пруст та амалсыз «Жоқ» деп жауап береді. Үнсіздік. Бұл таныстықтан ештеңе шықпасын білген достары үнсіз ғана бастарын салбыратып жөндеріне кете барады. Осылайша модерн әдебиеттің ең үлкен қос жазушысының таныстықтары орын алады. Алайда біз сүйген сезімтал Пруст пен қағілез Джойстың оқиғалары бұлайша бітпеуі керек еді және бітпеді де...
Кеш үстінде өзін жайсыз сезінген Пруст отырыстан ерте қайтады. Оның көлігі қозғалғалы тұрған кезде, Джойс артынан жүгіріп келіп, ештеңе деместен, Прустың қасына отырып алады. Отыра салысымен терезені айқара ашып, ол аз десеңіз темекісін тұтатады. Онсызда жел тисе апталап, айлап төсегінен тұра алмай қалатын Пруст үшін бұл әрекеттер өлім шақырғанмен тең еді. Әрине, бәлкім, Джойс ішінен өзінің ұлы шығармасы «Улиссті» Прусттың оқымағанына іштей ашулы болған шығар, кім білсін ?! Әйтеуір жол бойы ләм-мим деместен темекісін тұтатқан үстіне тұтатып отыра береді.
Бірақ Пруст денсаулығына қанша қауіп төнсе де, Джойстен терезені жабуды, темекісін өшіруді еш өтінбейді. Үйіне дейін жұмған аузын ашпайды. Тек қана үйіне аялдаған тұста, Одилоннан Джойсты барар жеріне дейін жеткізіп тастауды сұрайды. Осылайша Прустпен қоштасқан Джойс Одилонмен бірге Париж көшелерінде кете барады. Бұл тұста Прусттың, әлде Джойстың не ойлағаны белгісіз, бізге тек белгілісі бұл кездесу қос жазушы үшін де ең алғашқы және ең соңғы болып қалғандығы ғана.