Президент «Қазақ тілі әліпбиін кириллицадан латын графикасына көшіру туралы» Қазақстан Р...
ҚАСИЕТТІ ӨЛКЕ, КИЕЛІ МЕКЕН
Шығыс Қазақстан өлкесі тұмса табиғат кереметтерімен ғана емес, құм басқан көне қазыналарымен де құнды. Қай төбесін қазсаң да, тарихтан сыр шертетін қасиетті өлке ықылым заманнан адамзаттың мекеніне, мәдениеттің ошағына айналған. Оның өзіндік негізі де жоқ емес. Өзінің табиғи қолайлылығымен қоса, кең көлемдегі шикізаттың негізінде ежелден-ақ, мәдени-экономикалық дамуды бастан кешірген аймақ, көне металлургия өңірі.
Бұл мәселе тұрғысында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Металл өндірудің амал-тәсілдерін табу тарихтың жаңа кезеңіне жол ашып, адамзат дамуының барысын түбегейлі өзгертті. Сан алуан металл кендеріне бай қазақ жері – металлургия пайда болған алғашқы орталықтардың бірі. Ежелгі заманда-ақ Қазақстанның Орталық, Солтүстік және Шығыс аймақтарында тау-кен өндірісінің ошақтары пайда болып, қола, мыс, мырыш, темір, күміс пен алтын қорытпалары алына бастады», - деп жазған болатын.
Көне замандарда Алтай мен Тарбағатай, Қалба және Нарын жоталарында металдың мол қорының арқасында ежелгі халықтардың этномәдени байланыстары да ерекше дамыды. Оның жарқын көрінісі – қола және темір дәуірінің бірегей ескерткіштеріндегі зерттеу жұмыстары нәтижесінде анықталған қайталанбас жәдігерлер үлгілері.
Қазақстанның шығыс өлкесіндегі ерекше ескерткіштер ХХ ғасырдың басынан ақ, орыс зерттеушілерінің назарын аударып, түрлі сипаттамалар мен жазбаларына арқау болды. Бұл өңірдің қола дәуіріне қатысты деректері В.В. Радловтың, Н.С. Гуляевтың, А.В. Адриановтың жазбаларында сақталған. Қола дәуірі мәдениетін зертеу Кеңестік кезеңде бір жүйеге түсті. Жоғарыдағы зерттеулер туралы М.П. Грязнов өз еңбегінде егжей-тегжейлі баяндайды.
Аймақты кәсіби түрде зерттеу ісі өткен ғасырдың 30-50 жылдарынан басталған болатын. Шығыс Қазақстан археологиясын зерттеу жұмыстары С.С. Черниковтың есімімен тығыз байланысты. Өңірдің археологиялық ескерткіштерін кезеңдеуде және хронологиялық уақытын анықтаумен қатар, петроглифтерді тізімдеуде де зор істер атқарды. Ол зерттеу жұмыстары нәтижесінде Шығыс Қазақстанды көне заманнан адамзаттың тарихи-мәдени дамуын көрсететін өлке деп тұжырымдаған болатын.
Орыс ғалымдарының зерттеулері нәтижесінде атақты Құлажорға, Берел, Майемер, Шілікті сынды ескерткіштері ашылған еді.
Кейінірек отандық археологтар Ә.М. Оразбаев, З. Самашев, Ж.Қ. Таймағамбетов, Ә.Т. Төлеубаевтар ұзақ жылдар бойы әлемге әйгілі ғылыми жаңалықтар ашып, мәдени дамудың үлгілерін айшықтады. Олардың қатарында тас дәуірінің Шүлбі тұрағы, қола дәуірінің Черновая, Ескеалмас ескерткіштері, сақ мәдениетінің бірегей жаңалығы болған – Шілікті мен Берелдегі қазба жұмыстарын айта аламыз. Бұл ашылымдар біздің ежелгі ата-бабаларымыздың сән-салтанаты жарасқан, темірден киім киген жауынгер халық екенінің даусыз дәлелі.
Шығыс Қазақстанды археологиялық түрде зерттеу ісі кейінгі жылдарда да тоқтаған емес. Керісінше небір құнды жәдігерлер жиі табылып, аймақтың ежелден тарихи-мәдени дамуының анық белгілері көптеп анықталуда. Олардың қатарында Ғ. Омаровтың Марқакөл, Күршім өңіріндегі зертеу нәтижелері, Ұ.Үмітқалиевтің Шыңғыстау аймағындағы жарқын ашылымдарын айта аламыз. Мәселен, Ұ. Үмітқалиев зерттеулеріндегі аса бір қызықты олжалары қола дәуірі жерлеу ескерткіштерінен кездескен жүздеген асықтың табылуы еді. Асықтардың көпшілігі тесілген, кейбірі боялған, сынғандары да бар. Бір қабірден мұншалық көп асықтың кездесуін, адам қайтқан кездегі қазақтың топырақ салу дәстүрімен сабақтастыра түсіндіруге болады. Бұл дегеніміз қола дәуірінен-ақ далалық тайпалардың өзіндік дүниетанымы мен философиясы болды дегенге саяды.
Жоғарыда атағандарымыз үлкен ашылымдардың бергі жағы ғана. Ішіне үңілетін болсақ, дала халқының материалдық және рухани мәдениетінің ерекшелігін оңай аңғаруға болады.
Бұл зерттеулер ата-баба тарихын тануға ғана емес, әлем назарын туризмге аударудың таптырмас құралы екені белгілі. Осылайша, өз тарихымды мәшһүр әлемге паш етіп, қасиетті Ұлы даланың иесі қазақ екенін айғақтай түсеміз. Алдағы уақыттағы зерттеулерден де тың жаңалықтар күтеміз.
Пердехан Мұсырманқұл,
ҚР Ұлттық музейі
Археология және этнография
бөлімінің жетекшісі