Отан — елдің анасыЕл — ердің анасы.Ит — тойған жеріне,Ер — туған жерін...
Әбу Насыр және Абай
1) Екі ғұламаның үндестігі
2020 жыл қазақ халқы үшін екі бірдей ұлы ғұламаның айтулы тойы тойланатыны, тағы да еңсе тіктеп, арғы-бергімізді түгендеп, ой толықтыра түсетін жыл ретінде аталып өтері ә дегеннен біздің көңілімізге қуаныш ұялатқан-ды.
Той асыр салып қуану үшін, күліп-ойнау үшін ғана керек пе? Әрине, жоқ! Той арқылы жоғымызды тауып, кем-кетігімізді түгендейміз, әлбетте!
Біздің несібемізге қарай, осыдан он бір ғасыр бұрын ғұмыр кешкен Әбу Насыр әл-Фараби бабамыз бен ХІХ ғасыр тұлғасы, ойшыл ақын Абай Құнанбайұлының мерейтойлары мемлекеттік деңгейде, тіпті әлемдік деңгейде аталып өтетін болып, ресми құжат қабылданып, жыл бастала соның қамына шұғыл кірісіп кеткен жағдайымыз бар-ды.
Қазақ елінің Президенті Қ.Тоқаев алдымен «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласын жариялады. Енді, міне, «Абай күніне» орай тағы да санамызды сілкілейтін «Абай – рухани реформатор» атты мақаласын жария етіп отыр. Осы мақалаларда қадап-қадап айтылған барлық мәселелер де ел мәртебесін биіктетудің алғышарты болып есептелініп, рухымызды асқақтата түсері айдай ақиқат.
Ақыл таразысына салып қарасақ, қазақтың бағына біткен дара ақын, философ Абай Құнанбайұлының тақыр жерден көктеп өсіп шыққан ғұлама емес екенін ішіміз әлдеқашан-ақ сезген. Өйткені, ұлы Абайдың алдында қаншама ойлы данышпандар мен тәлім алар білімділер болғаны айнадай ақиқат. Ондай озық ойлы даналар әр ғасырларда, әр кезеңдерде туып, артына өшпестей мол мұра қалдыра алғаны тағы да шындық.
Осындай өзіндік биік өрі бар, тек қазақ халқына емес, бүкіл әлемнің ақыл-ой қазынасына өлшеусіз үлес қосқан дара тұлға – Әбу Насыр әл-Фараби! (Бұл ғұлама туралы да Президентіміз өзінің толғамды ойын айтса құба-құп!)
Ашығын айту керек, біз көп уақытқа дейін Әбу Насыр секілді ұлы перзентіміз туралы аз айттық, сараң сөйледік, тіпті ұмыта жаздаған кезіміз де кесе-көлденеңдеді, сөйтсе де данышпан философтың артында қалған рухани мұралары бүкіл әлемді шарлап кеткен екен. Бізсіз-ақ, әлем әлдеқашан танып-біліп алыпты. Оның трактаттары Америка, Франция, Германия, Испания, Араб, т.б. елдерінде өте таныс әрі белгілі болып шықты. Тіпті өзіміздің қандас туысымыз – Түркия топырағында да Әбу Насыр есімі құрметпен аталып келгені тағы да белгілі болып отыр. Өзіміз ше? Өз үйімізде ше?
Қазақ топырағында Әбу Насыр есімі ХХ ғасырдың алпысыншы жылдарынан бастап қана еске түсіп, тарихи трактаттарымен танысу бақытына бәс байладық. Бұл шаруаның тікелей атбайлар жетекшісі – Ақжан Жақсыбекұлы Машани!
* * *
Бұл күнде, шындығына көшкенде, Әбу Насырдың асыл қазыналары араб, парсы және басқа тілдерден аударылып, өз халқымызға жете бастады. Негізінен еңбектерінің басым бөлігі орыс тілінде басылып шықса да, соңғы 20-30 жылда қазақ тіліне де аудару ісі жолға қойылды, талап өрге өрледі. Тіпті өлеңдері де табылып, қуану үстіндеміз.
Осы кезге дейін қолға түскен 40-50 еңбегін (ал ғұлама бабаның трактаттарының жалпы саны 200-ден асады) таразылап байқағанда – оның ойлары мен түйіндемелері бүгінгі күні де аса маңызды екендігі. «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары туралы трактат», «Мемлекеттік қызметшілердің нақыл сөздері», т.б. еңбектерін қазір де талдап, жас жеткіншекке оқулық ретінде ұсынуға әбден болатындай.
Одан соңғы тағы бір шоғыр еңбектері – «Әріптер кітабы», «Вакуум туралы», «Ақылдылық негіздері», «Музыкалық гармония туралы» т.б. трактаттары да мейлінше терең талданса, нұр үстіне нұр.
Қысқасы, Әбу Насыр бабамыз жазып қалдырған трактаттарының әрқайсысы жеке-жеке әңгіме тақырыбына із салады. Оған қайта-қайта оралып соғып отырсақ, еш артық емес.
* * *
Енді біз Әбу Насыр мен Абай арасындағы рухани байланыс жайынан бірер ауыз сөз қозғалық.
Алдымен жауап бере кетерлік түйткіл сауал – Абай өзінен он ғасыр бұрын өтіп кеткен Әбу Насырды білген бе? Оның құнды дүниелерімен танысып, сусындай алған ба?
Хакім Абайдың өз заманынан әлденеше ғасыр бұрын ғұмыр кешкен ғұлама-философтар еңбектерімен біршама білісті болғанын алдымен әйгілейтін жазбасы – «Қара сөздеріндегі» жиырма жетінші сөзі. Міне, осында ол хакім Сократ туралы айтады. Сократтың даналығынан хабардар етеді. Демек, ұлы философ Сократ және оның тұстастары жайлы әбден құлағдар, тіпті еңбектерімен таныс болған деуге негіз бар.
Тек бұл ғана емес, «отыз жетінші сөзінде» мынадай дерек келтірген: «Сократқа у ішкізген, Ионна Аркті отқа өртеген, Ғайсаны дарға асқан... кім?..» дейді. Ендеше, хакім Абайдың білім деңгейінің кемелдігіне осы деректер де мол дәлел.
Әбу Насыр бабаны халқына жақын таныстырушы А.Машани мырза ғұлама еңбектерін зерделеп, мақала жазып, кітап шығарып жүрген кезінде Шәкәрім қажының ұлы Ақаттан хат алады. Сол хатында Ақат «сіз Әбу Насыр туралы кеңінен толғап жаздыңыз, ұлы бабаны тірілттіңіз, алайда оның шәкірті болған Абай мен Шәкәрім туралы бір ауыз сөз айтпайсыз» дейді. Өкпесі ме, жоқ әлде өтініші ме?
Ақат Шәкәрімұлы Абай мен Шәкәрімнің өз заманында Әбу Насырдың еңбектерінен таныс болғандығын жазған хаты арқылы шегелеп бере алды ма?
Бұл әңгіменің, әрине, негізі жоқ емес. Айталық, Уфадағы атақты «Ғалия» медресесінде ұстаздық етіп, исламның ғылыми бағытын ұстанған Шахабуддин Маржани мұсылман ойшылдары мен философтары төңірегінде көп ізденген және өзі де көп шәкірттер тәрбиелеп шығарған. Сол шәкірттерінің бірқатары оқуын аяқтаған соң, Семей мен Қарқаралыдағы Құнанбай салдырған мешіттерде дәріс берген деген деректер молынан кездеседі. Міне, осы мешіттің жанындағы медреседе Абай да ұлы білім жолындағы алғашқы соқпағын бастамаушы ма еді! Бұл – нақты дерек!
Жалпы, біз осы уақытқа дейін қазақ топырағындағы діни медреселерге, онда білім алып, биік деңгейге көтеріле алған тұлғаларға аса көңіл аудармай келеміз. Бұл арнайы тоқталып, сөз етуге тұрарлық маңызды тақырып.
Демек, Абай Әбу Насыр бабасының асыл мұраларымен – трактаттарымен Маржани шәкірттері арқылы таныс болған деген дерек шындыққа қиюласып-ақ тұр.
Тіпті сол «Ғалияда» оқыған, кейінірек қазақтың көрнекті ақыны атанған М.Жұмабаев:
– Қазақтың кім білмейді музыкасын,
Фарабидің тоғыз ішекті домбырасын! – деген жыр жолдары бар ғой. Білмесе, Әбу Насырды өлеңге қосар ма еді! Осылай төгілдірер ме еді?
* * *
Ұлтымыз үшін мейлінше биік қос тұлғаның жазып қалдырған еңбектерінде де ой ұқсастығы, философиялық түйіндеу сәйкестігі сезіліп қалып отырады.
Абайдың екі бірдей көлемді поэзиялық еңбегі «Масғұт» пен «Әзімнің әңгімесінің» басталуында Бағдат шаһары еске алынды. Бұл жайдан-жай ма?
Тағы бірқатар өлеңдерінде Әбу Насырдың қозғап өткен ойлары тереңдетіліп баян болады.
Мұны әсіресе Әбу Насырдың бірқатар трактаттары мен Абайдың ғақлияларынан («Қара сөздерінен») байқау еш қиын емес. Жалпы, хакім Абайдың өлеңнен қалт еткенде қара сөзге бет бұруы – Әбу Насыр бабасының рухани мұраларымен танысудан бастау алып жатса ше?
Әбу Насыр өзінің «Ғылымның шығуы туралы» трактатында «Ғаламның көркі – оның иесін танудың жолы» екенін тайға таңба басқандай етіп, нақтылап жазып кеткен. Ал, хакім Абай «Қара сөздерінде» осы бағытта ой толғай келе «Адам баласын заман өсіреді, кімде-кім жаман болса, оның замандасының бәрі виноват» деп, одан сайын толықтырады. Болмаса, Әбу Насыр «әр адамның ғаламда өз орны бар» деп, кісінің тіршіліктегі жолын көрсеткен. Абай «сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та бар қалан» демеуші ме еді! Ой ұқсастығы байқала ма?
Ұлы Абайдың:
– Қызмет қылып, мал таппай,
Ғылым оқып, ой таппай,
Құр үйінде жатады... – деген жыр жолдарын, ойлап қарасаңыз, Х ғасыр ғұламасы Әбу Насырдың жазба мұраларынан да сүзіп алу қиын емес. Ол жазады:
«Шын беріле қызықтаған нәрсе ғана адамның жүрегінен орын алады» дейді.
Әбу Насыр жазады: «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы – жақсы мінез-құлыққа байланысты...»
Абай жазады:
«Жамандықты кім көрмейді
Үмітін үзбек – қайратсыздық...»
Әбу Насыр мен Абайдың тіршілік туралы, табиғат туралы ойлары да сәйкес келіп жатады. Сүйіспеншілік, ашықтық жайлы толғаныстары да үндесе кетіп, бір-біріне қиюласып отырады. Әсіресе, қоғам мен адам арасындағы қарым-қатынас жайы да екі ойшылдың ойларын түйістіріп жатқаны анық.
Қорыта айтқанда, Абайдың алғашқы ұстаздарының алдыңғы тобында Әбу Насыр әл-Фараби бабасы тұратыны даусыз ақиқат!
Бұл жайынан әлі де терең қазып, талдап әңгімелеуге тиіс екеніміз айдан анық.
2) Екі ақынның ой тұтастығы
Арада қаншама жылдар мен ғасырлар жатса да, ұлы данышпандар Әбу Насыр мен Абай арасында рухани байланыс пен ой тұтастығы бар екенін аңғару еш қиын емес. Ой ұқсастығы, өмір жайлы түйіндемелер сәйкестігі өз алдына, тіпті, екеуінің өлеңдерінде де қатар өрілген сезім сәулелері көрініп-ақ тұр.
Әрине, осы күнге дейін Әбу насыр баба еңбектерін зерттеп-зерделеген ғалым-тарихшылар оның өз дәуірінде тамаша ақын бола білгенін аттап өтіп жатады. Бұл дұрыс емес. Әбу Насыр өз кезіндегі қайсыбір ақындардан да асып түспесе, кем болмаған. Ал, жырларының тақырып ауқымы да, ой тереңдігі де мейлінше шынайы, ашық, айқын.
– Кері оралмай жылдарым жатыр ағып,
Қасіреттің жасына көз жуанар!
О, жаратқан, көп неткен ақымағың,
Құм секілді тез ысып, тез суынар!.. – деген жолдарды толқымай оқу еш мүмкін емес. Астарын аңғарғанға – түпсіздік!
Ал, ХІХ ғасыр ақыны Абайдың бір өлеңін оқып байқалықшы.
– Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да,
Алдамаған кім қалды бұл жалғанда?
Алыс-жақын қазақтың бәрін көрдім,
Жалғыз-жарым болмаса анда-санда... – дейді ұлы ақын.
Тап осы ойды Әбу Насыр жалғастыра түсіп, тағы бір жерінде былайша төгіледі:
– Жататын ләйім жаңғырып,
Бұл ғұмыр емес мәңгілік!
Бей-опа мына заманда,
Бақыл боп кетер адам да!..
Оқып отырғанда оныншы ғасырда ғұмыр кешкен ғұламаның астарлы ойына шым батып кетесің. Расымен де, адам өмірі мәңгілік пе? Әрине, жоқ! Бәріміз де тіршілікке келген бес күндік қонақпыз.
Хакім Абай жазады:
– Сап, сап көңілім, сап көңілім!
Сана қылма бекерге,
Сан қылғанмен пайда жоқ.
Дүние даяр өтерге,
Ажал даяр жетерге... – дейді.
Қорқыту ма? Үрейлендіру ме? Әрине, жоқ! Бұл деген өмір шындығын алға тарту. Сен қонақсың, сосын да сен бәріне де үлгеруге тиіссің дегенге меңгеру...
Осындай ойды көңіліне тоқыған Әбу Насыр баба тағы да толғанады:
– Бауырын қанша сүйгенмен,
Өтеді өмір күйбеңмен.
Шындыққа бас тік алаулап,
Пенделіктен бол аулақ! – дейді.
Ғұлама-ойшыл адамдарды ойлы болуға, парасатқа ұмтылуға, өмірді сүюге жетелегісі келеді. Бос мақтаннан аулақ болыңдар дегенді еске салады.
Абай ше? Абай былай дейді:
– Өкінішті көп өмір кеткен өтіп,
Өткіздік бір нәрсеге білмей жетік!
Ойшылдың мен де сондай бірімін деп,
Талап, ойсыз мақтанды қалдым күтіп!..
Бұдан нендей түйін жасай аламыз? Әлбетте, екі ғұлама ақын да босбелбеу өмірді қаламайды, саналы тірліктегі аңсайды. Сондай ғұмыр кешуді тілейді барша адам баласына...
Әбу Насыр жас кезінде жат жерге аттанып кетіп, туған топыраққа орала алмаған ғұлама. Көңілінде сағыныш сазы басымдау болған.
Сосын да оның жырларында сағыныш пен аңсау, күту мен үміттену секілді сезімдер бұлқынып жатады. Айталық:
– Қашықтасың туған жер – қалың елім,
Небір жүйрік болдырып жарау деген,
Шаршадым мен,
Қанатым талды менің,
Шаңыт жолға сарылып қарауменен! – деп, көкірегінен шыққан ыстық сезімін сол қалпында жыр ғып өреді. Елдегі қандастарым, жас ұрпағым мені түсінсе екен деп арман сөзін төгеді.
Артынан ерген жас ұрпақтан жақсы үміт күткен, сенім артқан хакім Абай да кезекті бір жырында былайша сөз сабақталған.
– Білімдіден шыққан сөз,
Талаптыға болсын кез.
Нұрын, сырын көруге,
Көкірегінде болсын көз!..
Білімді, парасатты жанның жазба ойларын ұғыну үшін де көңіл көзі керек. Сонау Араб топырағында отырып, көңіл күңірентіп, ой толғаған Әбу Насыр бабасының жан сырын дөп басып түсіне білген ойшыл – ол ұлы Абай!
Сосын да біз олардың әрбір өлеңдеріне шұқшия қарап, ой мен парасат үндестігіне үңілдік.
Қазақ барда қос ғұлама – Әбу Насыр мен Абай есімі халқының жүрегінің төрінде тұрарына кәміл сенімдіміз!
3) Трактаттар мен Ғақлиялар тамырластығы
Осы күнге дейін Әбу Насыр әл-Фараби жайында зерттеп-зерделеушілер оның жан-жақты ғалым, көп тіл білген ғұлама екендігін дәлелдеп жазды, анықтап көрсетіп берді. Сол деректерге сүйренер болсақ, ғұлама бабамыздың артында 200-ге таяу трактаттары қалған екен, ал өзі 70-жуық тілді меңгеріп, емін-еркін оқып, жаза білген дейді.
Міне, оныншы ғасыр ширегінде өмір кешкен қандасымыз осындай ерекше қырларымен де қымбат, бүгінгі ұрпаққа үлгі.
Әбу Насыр туралы сөз қозғағанда оның ғалымның барлық салаларында, атап айтқанда, физика, математика, химия, медицина, астрономия, т.б. еңбек етіп, трактаттар түзгенін айтамыз. Ол сонымен бірге өнер саласында да жарқырап көрінген тұлға: музыка тақырыбы бойынша үлкен зерттеу еңбегін жазған; өзі ақын болған, ән шығарған және орындаушылық қабілетін де молынан байқатқан... Тағы бір айта кетуге тиіс саласы – философия! Әбу Насыр өзіне дейінгі әлем философтарының еңбектерімен жете таныс болып, оларды талдаған, кейінгі ұрпаққа түсіндіруге күш салған және өзі де көптеген философиялық трактаттар жазып қалдырған.
Қысқасы, Әбу Насыр баба туралы сөз қозғағанда осындай қадау-қадау қасиеттері толығымен айтылғаны жөн-ақ!
Ал, енді бабасынан кейін тоғыз ғасырдан соң дүние есігін ашқан аса қабілетті ұрпағы – Абай хакім де ата жолынан айнымаған. Оның да бір басына жетерлік ірі-ірі қасиеттері мен жетістіктері бар.
Айталық, Абай, ең алдымен, көркем тілмен жыр өрнектеген ұлы ақын. Оның жырлары осы күнге дейін ұлт әдебиетінің алтын қазынасы ретінде биік орнында тұр. Сонымен қабат, Абай атамыздың ғақлиялары да (қара сөздері) ойлылығымен, тереңдігімен, астарлылығымен асыл дүние ретінде қабылданған – ұрпақтан соң ұрпақ сүйсініп оқып келеді. Атамыз, сондай-ақ, батыс-шығыс өнері мен мәдениетін жетік білген, жан-жақты білімді, парасаты мол кісі. Ол сол себепті де, қазірге дейін өз халқына рухани ұстаз болып келе жатыр. Бола да берер, сірә!
Жалпы, ұлт бағына біткен екі тұлға да осы кезге дейін өздерінің жан әлем құпиясын толық ашып берген жоқ – жұмбақ жандар ретінде ұрпақтарын әлі күнге таң қалдырып келе жатқаны ақиқаттың ақиқаты!
Біз осы мақала-толғауымызда қазақ деген халықтың маңдайына біткен қос алыптың – Әбу Насыр мен Абайдың трактаттары мен ғақлияларындағы үндестік жайын тілге тиек етіп, сөз сабақтауды жөн санадық.
* * *
Әбу Насыр баба кісі бойындағы түрлі мінез туралы, оның кереғарлығы жайын көбірек қаузап, молынан сөз арнаған екен.
Айталық, «Мінез – жанның айнасы» дейді. Содан соң, «Мінез-құлық міні – рухани кеселге жатады» деп түйіндейді.
Содан соң тағы жазады: «Адамның басына қонған бақыттың тұрақты болуы – жақсы мінез-құлыққа байланысты. Мінез бен ақыл жарасса – адамгершілік ұтады...»
Тап осындай терең ойлар Абай хакімнің ғақлияларында да көбірек орын алған. «Он тоғызыншы сөзде» былай жазған: «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды, көріп, естіп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы-жаманды таниды-дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады...» Немесе, «жетінші сөзде» мынадай ой айтқан: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады; бірі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады... Біреуі білсем екен демеклік...»
Енді Әбу Насыр не дейді?
Ұлы баба тағы бір жазбаларында мынадай ой білдірген: «Ақыл-парасат күші адамның ойлауына, пайымдауына, ғылым мен өнерді ұғынуына және жақсы қылық пен жаман қылықты айыруына көмектесетін күш-ш...»
Мұндай ой-түйіндер хакім Абайда да өте көп, барынша жетілдіріле сөз болған.
Мысалы, «жетінші сөзде» былай деп жазып қалдырған: «Көкіректе сәуле жоқ, көңілде сенім жоқ. Құр көзбенен көрген біздің хайуан малдан неміз артық?.. Хайуан білмейді, білемін деп таласпайды...»
Расында да, адамның адамдық қасиеті – оның ойлана білуінде, ақылмен шешуінде, дұрыс-бұрысты салмақтай алуында ғой. Екі ойшыл да осы жағына үлкен басымдық беріп отыр.
Кісінің жан-жақты жетіліп, барынша өсуінің негізгі тетігі – білім. Білімсіз адам ешқашан биікке құлаш ұрмақ емес. Ол қанатсыз құс сияқты.
Осы орайда, Әбу Насыр жазады: «Білімді болу деген сөздің мағынасы – белгісіз нәрсені ашуға қабілетті болу деген ұғым...» Содан соң тағы да атап көрсетеді: «Білім жолына түскен жан күнделікті күйбең тіршілікті ойламауы қажет...»
Баба пікірін хакім Абай да жалғайды. Ол кісі былай дейді: «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас...» Тағы да жазады: «...Ғылымды үйренгенде, ақиқат мақсатпен білмек үшін үйренбек керек...» (отыз екінші сөз)
Хакім Абайдың «отыз жетінші сөзі» негізінен әрі ойлы, әрі қысқа, барынша тұжырымды нақылдарға құрылып жазылған.
«Адамның адамшылығы істі бастағандығынан білінеді, қалайша бітіргендігінен емес...» деген ой-түйін бар. Міне, осындай түйіндеме Әбу Насырдың кейбір трактаттарында да кездесіп қалып отыр.
Айталық, ол: «Тиісінше еңбек ету денеге күш береді, ал шектен тыс артық, немесе жеткіліксіз еңбек күшті қайтарады немесе әлсізді әлсіз халінде қалдырады...» Содан соң жазады: «Талпыныс – табандылық!..»
* * *
Қос ғұламаның трактаттары мен ғақлияларын («Қара сөздерін») көңіл сүзгісінен өткізе отырып, бір-бірін толықтыра түсетін ой-толғамдарын молынан кездестіруге болады. Біз бұдан не ұғамыз?
Асылында, оныншы ғасыр ғұламасы Әбу Насыр әл-Фараби мен он тоғызыншы ғасырдың ойшылы, хакім Абай арасында парасат үндестігі, ақыл үндестігі көрініп тұр.
Олай болса, хакім Абайдың өмірдегі үлгі тұтқан ұстаздарының ең алдыңғы легінде Әбу Насыр әл-Фараби бабасы тұрғаны анық ақиқат!
Жолтай Жұмат-Әлмашұлы,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері