Қадыр Тайшықовтың атындағы онлайн байқауының қорытындысы шықты

ӘДЕБИЕТ
4237
Ертіс-Баян өңірі алғашқы республикалық сатиралық шығармалар байқауын ұйымдастырды

Павлодар облысында ауқымды әрі ерекше әдеби дода қорытыланды. Жерлесіміз, көрнекті жазушы, сатирик Қадыр Тайшықовтың туғанына 120 жыл толуына орай ұйымдастырылған сатиралық шығармалардың республикалық онлайн байқауының жеңімпаздары мен жүлдегерлері анықталды. Байқау елімізге белгілі «Мәдениет порталында» өтті.


Бұл республика көлемінде сатира жанырында қалам тербейтін ақын, жазушыларға арналған бірінші ауқымды байқау. Тағы бір ерекшелігі, есімі жиі аталмаса да, бір бойына жазушылық, аудармашылық, журналистік, сазгерлік өнерді дарытқан Қадыр Тайшықовтың атындағы әдеби байқау алғаш ұйымдастырылып отыр. Онымен қоса, карантиндік шараларға байланысты еліміздің әр өңіріндегі үздік сатириктердің басын қосқан дода толығымен онлайн режимінде өтті. Байқаудың тағы бір ерекшелігін жоба авторы әрі ұйымдастырушыларының бірі, Павлодар облысындағы «Ақбеттау» журналының редакторы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Сайлау Байбосын айтып берді.
- Бұл бір орайы келген ерекше жоба болды. Осыдан тура 94 жыл бұрын сол кездегі «Еңбекші қазақ» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газеті сатиралық шығармалар байқауын жариялайды. Оған 103 қаламгер өз туындыларын ұсынған екен. Соның ішінен үздік 12 автордың жұмысы таңдалып алынған. Ал бірінші орынды Баянауылдан шыққан көрнекі жазушы, сатирик Қадыр Тайшықов жеңіп алған. Жүлдегерлер қатарында Бейімбет Майлин де болған. Міне, 94 жылдан кейін туған жерінде алғаш рет Қадыр Тайшықов атындағы әдеби байқау ұйымдастырылып отыр, - дейді қаламгер. Сондай-ақ, С.Байбосын осы күнге дейін Қ.Тайшықовтай дара тұлғаның есімін ұмыт қалдырғанымыз қоғам үшін сын екенін атап өтті.
- «Баянауыл» десек елге белгілі онға жуық атақты тұлғалардың есімдері ойға орала кетеді. Ал отандық сатира жанрының дамуына үлес қосқан Қадыр Тайшықов сияқты дарынды қаламгеріміздің есімін еске ала бермейміз. Тек биыл ғана Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтың тікелей қолдауымен қаламгердің рухына лайықты құрмет көрсете алдық. Соған қуанамын, - дейді С.Байбосын.
Әдеби байқау Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы, республикалық «Мәдениет порталы», «Ақбеттау» журналы мен Павлодар облыстық «Шаңырақ» мәдениет және халық шығармашылығы орталығының ұйымдастыруымен өтті.
- Қадыр Тайшықов атындағы әдеби байқауға еліміздің барлық дерлік облыстарынан, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан 60-қа жуық қаламгер қатысты.  Елдегі пандемияға байланысты қалыптасқан жағдайды ескеріп, аталған әдеби доданы онлайн режимінде өткізуді шештік. Бұл ретте, бізге «Мәдениет порталы» зор қолдау білдірді. Жалпы, мұндағы басты мақсат Қадыр Тайшықовтай белгілі тұлғаның өнерін, өнегесін елге, жастар қауымына үлгі ету, сатира тақырыбына машықтанған қаламгерлерге қолдау көрсету болатын. Мақсатымызға жеттік деп сеніммен айта аламыз, - дейді Павлодар облысының мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Ернұр Дәуенов.
Әдеби байқауға қатысуға ниет білдірген қаламгерлер өз туындыларын «Мәдениет порталына» жолдап отырды. Байқауға түскен жұмыстар тиісті модерациядан өтіп, аталған порталда жарияланды. 
- Жалпы, бұған дейін сатираға қатысты мұндай байқаулар республика көлемінде болмаған еді. Оны бірінші рет Павлодар облысы ұйымдастырып отыр. Сол үшін алғысымды білдіргім келеді. Байқауға сатира жанрында жазылған шағын әңгімелер, скечтер, өлеңдер қабылданды. Қазылар алқасы әр туындыны мұқият талдаудан өткізіп, тиісті бағасын берді, - дейді «Мәдениет порталының» бас директоры, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, елімізге белгілі ақын Бауыржан Қарағызұлы.
Қазылар алқасының құрамында жоғарыда аталған Сайлау Байбосын, Бауыржан Қарағызұлынан бөлек, танымал ақын, «Серпер» жастар сыйлығының иегері Тоқтарәлі Таңжарық, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, жазушы Ғалымбек Жұматов,  әдебиеттанушы, жазушы Серік Елікбай, Қазақстан Жазушылар одағы Павлодар облыстық филиалының директоры, ақын Жарқынбек Амантайұлы, белгілі ақын, өлкетанушы Бейбіт Бөжен болды.
Сонымен, Қадыр Тайшықов атындағы республикалық онлайн байқаудың қорытындысы бойынша павлодарлық жас ақын, сатирик Алпысбай Әбділұлы жүзден жүйрік деп танылды. Қазылар алқасының шешімімен байқаудың жүлделері келесідей үлестірілді:

«Қадыр Тайшықов» атындағы І-жүлде Алпысбай Әбділұлы (Павлодар облысы);
«Жүсіпбек Аймауытов» атындағы ІІ-жүлде  – Нұрлыбек Жұбатқан (Ақтөбе облысы);
«Рақымжан Жаманқұлов» атындағы ІІІ-жүлде  – Нұрлан Сәдір (Батыс Қазақстан облысы).

Арнай жүлделер:

«Ақбеттау» журналының арнайы жүлдесі – Гүлжан Казимова (Шығыс Қазақстан облысы);
«Рамазан Тоқтаров» атындағы арнайы жүлде – Құрманбек Әскерманұлы 
Баянауыл аудандық «Баянтау» газетінің арнайы жүлдесі – Амантай Кемербай
«Қажымұрат Сұмағұл» атындағы арнайы жүлде – Александра Суслова
«Сағат Тұрғанбек» атындағы арнайы жүлде – Олжас Қасым (Нұр-Сұлтан қаласы);
«Мәдениет порталы» атындағы арнайы жүлде – Қанағат Әбілқайыр (Алматы қаласы);
«Қазақстан Жазушылар Одағы Павлодар облыстық филиалының » арнайы жүлдесі – Қайролла Дүйсенбаев (Павлодар облысы).

Данияр ЖҰМАДІЛ
author

Қадыр Тайшықов

ЖАЗУШЫ

Шоу-бизнес

Айқын Төлепберген Youtube платформасындағы Зamandas подкастына берген сұхбатында Қанат Бейсекеевтің...

Ауа райы

Синоптиктер Қазақстандағы 2024 жылғы 8 желтоқсанға арналған синоптикалық жағдай мен қауіпті ауа ра...