Төкен Әлжантегі. Жындар патшалығында

ӘДЕБИЕТ
2746

Төкен Әлжантегі(екі бөлімді, сегіз көріністі драма)

 Қатынасушылар:

Көсем

Көз

Құлақ

Кеуде

Қызметкер

Ақын

Еркек дәрігер

Әйел дәрігер

Бірінші жігіт

Екінші жігіт

Аурулар

Бірінші бөлім

 Бірінші көрініс

Залдағы жарық өше бастағанда ыңырсыған, жылаған, шыңғырған ию-ғию дыбыстар жаңғырығып барып басылады.

Шымылдық ашылғанда аулада топтанған адамдарды көреміз. Бәрі де сұр түсті халат киіп алған. Әркімнің өз қам-қарекеті бар. Біреулері ойланғандай әрлі-берлі қыдырыстаумен жүрсе, енді біреулері түрлі әрекеттермен елігіп, өздерімен-өздері болып отыр.

Сахнаға  мемлекет қайраткеріне ұқсаған бір сұлба шыға береді. Жүрісі маңғаз, қолында тұтатылмаған қорқор. Оны көрген екі-үш адам кәдімгідей елпілдеп оған қарсы жүгіріседі.

Көз: Менің көзім ешқандай тосындықты байқамады, көсем жолдас.

Құлақ: Менің құлағым да еш бөтен әңгімені естімегеніне сеніңіз, хатшы жолдас. 

Екеуі иіліп тұрғанда Кеуде не күлгені, не жылағаны белгісіз дыбыс шығарады.

Кеуде: Тосындық байқалса, бөтен әңгіме шыға қалса мен бар емеспін бе, ондайлардың әкелерін танытатын. Көсем жолдас, ештеңеге алаңдамай жұмысыңызды істей беріңіз. Сіз мына байтақ елге, шұбырған тобыр – бұқараға керек адамсыз. Сіздің амандығыңыз – бәріміздің амандығымыз. Олай болса, тілегіміз сіздің үстіңізде!

Көсем маңғаздана жан-жағын көзімен шолады. Содан кейін тамағын кеней тұрып байсалды сөйлеп кетеді.

Көсем: Таптық күрес еш уақытта толастаған емес, жолдастар, толастамайды да. Буржуазия өкілдері өздерінің өткен күндерін аңсап еңбекші халықтың тыныштығына қол сұғып қалуды ғана ойлайды. Үзіп әкетсе, жұлып тастаса оларға сол олжа. Бірақ, біз контралардың мұндай пиғылына үзілді-кесілді қарсылық таныта береміз. Теріс жолдағы тап жауларын дәл отыз жетінші жылғыдай аяусыз жазалаймыз да. Өйткені, революция бұқара халық үшін жасалды. Бұқара халықтың мүддесіне қарсы шығушыларға біздің арамызда орын жоқ. Сондықтан, қырағылықты босаңсытуға әсте болмайды. Дәл осыны түсінгендеріңе рахмет!

Көз: Жасасын, күн көсем!

Құлақ: Ләббай, тақсыр! Жасасын ұлы данышпан!

Кеуде: Айтқаныңызға құлдық! Теріс ойлылардың басын қырқып тастауға мен әрқашанда әзірмін!

Көсем: Бәрекелді! Нағыз революционерлер осылай десе керек! (Ойланғандай сәл бөгеліс жасайды) Тоқтаңдар! Әлгінде «ләббай, тақсыр» деген кім?

Көз: (абдырап) Мен айтқан жоқпын...

Құлақ: (шыр етіп) Құдай сақтасын!.. Ондайды ауызға алсам арам қатайын!

Кеуде: (маңғазданып) Мен сөздің емес істің адамымын. Сондықтан, бей-берекет сөйлемейтінімді сіз білесіз.

Көсем: Бостан-босқа былжырамаңдар! Мен керең емеспін. Кімнің не дейтінін ауанынан танимын. Құлақ, бәрін бүлдіретін сен. Қағыс естисің, сонсын қағыс айтасың. Әлгінде ғана «Құдай сақтасын» дегеніңді құлағым шалды. Біріншіден – Құдай жоқ екенін есіңе қайта саламын, екіншіден – мына дүниені қайта жасаушылар құдай емес, біздерміз. Біз қаласақ жер жүзіне социалистік үстемдік жүргізе аламыз. Түптің-түбінде ол күнге жетеміз де. Сондай шақта жүзіміз жарқын болуы үшін осы бастан біз революциялық мүддеге адал болуымыз керек. Ал, революциялық мүдде нені көксейді, білесіңдер ме, ә?

Құлақ: (шыр етіп) Кешіріңіз жолдас, көсем! Мен... мен аздап қателесіп кеткендеймін. Енді ондай қылық қайталанбайды.

Сөзге Кеуде араласады.

Кеуде: Қайталасаң ана қылша мойыныңды талша етіп үзіп аламын, білдің бе?!

Құлақ: Әлбетте, жолдастар, әлбетте...

Көсем: (мағұрланғандай) Тоқтаңдар жолдастар, тоқтаңдар! Біз өзара қырқысып жатсақ мемлекетіміз қандай жағдайда қалатынын білесіңдер ме? Қабырғасы сөгіліп сала береді. Мұндайдан ауызбірлік қана арашалап қала алмақшы. Олай болса, біріңмен-бірің жөнсіз тәжікелесе бермей, керісінше біріңе-бірің қолдау көрсетуге тырысыңдар. Сонда екі аяғымыздан нық тұруға мұрсат табамыз.

( Аулада отырғандарға көз қиығын аударады) 

Көсем: Міне, мына өз беттерімен лағып отырғандарға сендер бас-көз болмасаңдар кім бас-көз болмақшы? Осыны ұғынғандарың абзал.

Құлақ: (елп етіп) Айтқаныңыз орынды, күн көсем! Біз сізге шын берілген жандармыз. Осы ниетімізден қайтарса өлім ғана қайтара алады.

Көз: Бәрекелді! Құлақ жөн айтты, біз пролетариат азаттығына кепілдік боламыз!

Осы кездеауладағы радиодан хабарлама беріледі.

Диктор дауысы: Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар! Біздің тәуелсіз Отанымыз биылғы жылы астық өндіруден орасан зор табысқа қол жеткізді. Астықты алқаптардан түскен соңғы мәліметтер бойынша республика миллиард пұт алтын дән жинауды қамтамасыз етті. Бұл тәуелсіздік туы астында Қазақстан жеткен үлкен жетістік.

Сахнада өлі тыныштық. Тұрғандар аң-таң күйде біріне бірі қарасады. Сол уақытта әлденені түсінгендей Құлақ шегіншектей бастайды. Одан Көз қалыспайды. Олар бүгежіктей қашуға ыңғайланғанда жолдарын Кеуде бөгейді.

Кеуде: Әй, тоқтаңдар! Көсемді тастап қайда жөнелмексіңдер, ә?!

Көз: (абдырай) Ол не дегенің Кеуде... Біз... біз ешқайда қашпақ емеспіз...

Құлақ: (сасқалақтап) Құдай сақтасын, біздің қашпақ ойымыз жоқ. Жәй, әншейін... абдырап қалғанымыз да...

Кеуде: Абдырап дейді ғой... Несіне сасасыңдар? Көсем барда төрт құбыламыз әркезде тең. Ол кісі не бір тығырықтан шығаратынына сеніңдер. Ендеше, тыныш тұрыңдар. Түсіндіңдер ме?

Көз: Біз Көсемнің кемеңгерлігіне шәк келтірмейміз ғой...

Құлақ: (дабдырай) Жасасын Көсем!

Көсем: (ештеңені байқамағандай едірейіп) Қазақстан дей ме, мына пәтшағар? Қазақстан қашаннан бері тәуелсіз ел дәрежесіне көтеріліп еді! Қашаннан бері егемендікке жеткен? Біле-білсеңдер ол біздің қол астымыздағы бұратана республика ғана. Бар ресурсын алтын табаққа салып алдымызға тартатын боданды бұлай әспеттеуге қалай дәттері барды, ә?

Ойланып біршама тұрады. Сол сәтте Көз бен құлақ жағымпазданып қалуға тырысады.

Көз: Дұрыс айтасыз, Көсем жолдас, Қазақстан жетпіс жыл бодан ел еді. Сол таз қалпынан сіз тұрғанда, сіздің кемеңгер ойыңыз гүл жайған шамада арыла алмас.

Құлақ: (кимелей алға шығып) Жетпіс жыл желкелеп келген едіңіз, әлі жетпіс жыл тақымдайтыныңызға мен сенемін, көл-дария кемеңгерім!

Көсем: (мына сөздерге мағұрлана мұртын ширатып) Тәуелсіз ел дейді. Көрсетермін мен оларға тәуелсіздіктің қандай болатынын! Табан астында таптармын, шыбын жандарын көздеріне көрсете! (сәл бөгеледі) Кеуде, ә, Кеуде! Мына сұңқылдап тұрғандарды дереу жазаға тарту керек! Кінәлілірді тескен тау асырыңдар! Кәрі, жас деп қарамай бәрін асырыңдар, түсіндің бе!?

Кеуде: (қолын шекесіне қоя қаздия қалып) Құп, көсем! Бәрі сіздің айтқаныңыздай болады!

Көсем: (ана екеуге бұрылады) Ал сендер мынадай сұмдыққа жол бергендерің үшін жазаланасыңдар!

Аналар шыр-шыр етіп тізерлей береді.

Көз: Бізді аяй көріңіз, күн көсем!..

Құлақ: Жанымызға сауға, жарылқаушым!..

Осы кезде Кеуде ана екеуінің желкелерінен бүре ұстап бір-біріне соққанда Көз бен Құлақтың жан дауысы шығады. Сол сәтте мына көрініске елеңдей қалған жындылардың ара-арасына сыналай кіріккен ақ халатты дәрігерлер аналарға көмекке ұмтылады.

Алыс-жұлыс. Айқай-шу.

Шам сөне бастайды.

Екінші көрініс

Сол аула. Алқын-жұлқын сап басылған. Маңайда тірі жан байқалмайды. Өлі тыныштық.

Қоңырлап әуен ойналады. 

Бір шамада жан-жағына сақтана қаранып сахнаға Қызметкер шыға береді. Өзін баққан ешкімнің жоқ екенін байқағанда шешіліп сөйлей жөнеледі.

Қызметкер: Құдай ақы ештеңеге түсіне алар емеспін. Мені осы араға не үшін әкелген өзі? Мен жынды емеспін ғой, жындыханада ұстардай. Сап-сау адаммын. Міне-міне, қылығымның бәрі сау адамның тірлігі. (Ол әртүрлі қимыл-қозғалыс жасайды. Сонсын сәл мұңайған кейіпке кіреді). Рас, анда-санда басымның ауырып кететіні бар. Ондай-ондайлар кімнен байқалмаған, тәйірі? Жұмыс істейтін бас, әрине, ауырады. Ішінде түгі жоқтың ауырмақ тұрмақ дыңылдағанын естіген де, көрген де емен. Мысалға Құлақ пен Көзді ал. Олардың иығында тұрған бас па? Жо-о-оқ, бас емес құр қауақ қана. Қауақ болмаса «Көсем, Көсем» деп желге шөккен көктей жерге жапырылмас еді ғой. Көпе-көрінеу басқаларға көлгірсімес те еді, бос қурайдай ыңырсып. Олар жан бағудың қамын ғана ойлағандар. Ал, мал табудың жолын әсте білмейді.

Мен мал таптым. Қатын-балам ешкімнен кем болмасын деп ойға шаптым, қырға шаптым. Ақырында тоқтаған жерім мына аула. Пара алдың деп қаралады. Түрмеге жапты. Ал, мен пара алдым ба? Мен қат адамдардың мұқтажын ғана өтедім. Түсінесіздер ме, олардың зәру мәселесін шешіп бердім. Әрине, еңбегімнің өтеуін қайтарғаны рас. Қойны-қонышыма өздері әкеліп ақша тықпалады. Е, ұсынған қолды қағатын есуас емеспін ғой. Соған да кінәлімін бе? Ал, алғанымның бір бөлігін басқаларға ұстатып отырғанымды неге елемейді. Жоғарыдағылардың өңештері кең жатқанын түсінбей ме? Сондықтан, мен өзімді кінәлі санамаймын. Бірақ, жазаланған мен ғана. Басқалар түк болмағандай бостандықта әлі тайраңдап жүр. Тайраңдасын, тайраңдасын. Оларға да күн туарына кепілмін.

Осы кезде бір бұрыштан Ақын шыға береді. Ол қолын әрі-бері сермей өлең оқып келеді.

Ақын: 

Бақыт дейміз...

Иланамыз әрнеге.

Қайда оның?

Аспанда ма, жерде ме?

Біреу атын нықтап байлар кермеге,

Біреу шерін сайратқанда пернеде.


Кәдіктіктің қанып ішіп «кәусарын»,

Мыйды қашап қаңғырлаған ой – сарын.

Аударғанда сағым күндер аусарын,

Дер табылмай:

«Қалбақтаудан шаршадым.»

Кәрі айғырдай емексіген ентікке,

Жетіп әбден кеуде сүйрер кер түбке.

Ит тісінде мыжғыланған мүжіктей,

Шашырады нәрі кеткен үміт кей.

Содан біреу қалтылдаса шіліктей,

Біреу ұшты жел қақпалдап түбіттей.


Пана қайдан?

Қонақтайтын тұс қайда?

Тағдыр, шіркін, жаныңды мың қыштайды, ә...

Қысырақтың үйіріндей қаңғыма,

Беріп уақыт сый-сыбаға жандыға.

Көкіректі керіп алған саңғыма,

Бірде ысытып, енді бірде тоңдыра

Шақырғанда шыңырауға қай тұрыс...

Жарық сәуле екпін менен тартылыс!

Ақ пен қара арасында шарпылыс,

Тұрған шақта ала алмас шар тыныс.


Дүбірінде дүниенің арға сын,

Бүлкілдейді көпіршіген қорғасын.

Оған түсіп белгілі ғой оңбасың.

Жалған дейміз мына өмірді

Тәйір-ай,

Жалғандықта сор басым.

Ақын басы қалтылдай, еріндері жыбырлай тоқтағанда Қызметкер соңынан жетіп, арқасынан түртеді. Шошынған Ақын қолдарымен ауа қармана шегіне беріп, Қызметкерді көзі шалғанда ғана өз-өзіне келе қалт тұрып қалады.

Ақын: (секемдене) Жайшылық па, байғұс жан?

Қызметкер: Жайшылық, жарқыным, жайшылық. Сен шошынба, Ақын дос, мен жан алғыш емеспін, мен саған табынушы ғанамын.

Ақын: Әзірейіл емес екеніңді білемін. Жан алғыш болмасаң да мал алғыш атанғаныңнан да хабардармын.

Қызметкер: (таңырқайды) Оны қайдан естіп қойдың?

Ақын: Адамның бас терісіне қарап бәрін айқындауға болады, Қызметкерім. Және есіңнен шығармағайсың: қазір сыбырлағанның өзі қозы көш жерге естілетін уақыт.

Қызметкер өз-өзінен ыңғайсыздана басын ұстай алып, сипалай бастайды.

Қызметкер: Мен ешқандай ерекшелік байқамаған сияқтымын. Кәдімгі бас, кәдімгі құйқа...

Ақын: (күліп) Кәдімгі бас пен кәдімгі құйқа астарында жер мен көктей айырмашылық жатады, бауырым. Мысалға, менің теріме қара, кең жатыр ғой, кең жатыр. Ал, сенікі тырысып қалған бірдеңе. Тіпті, қарауға жиіркенесің. Неліктен олай?

Қызметкер: Неліктен?..

Ақын: Сондықтан. Алаған алақан жыбырлаған кезде кеңірдек бүлк-бүлк етеді де бас терінің құйқасы өз-өзінен шымырлап қоя береді. Бұл, бір жағынан әлденеден секемденгенінен де, екінші жағынан ындын аптығын баса алмағанынан. Міне, осыдан барып жүйкеге салмақ түседі, сонсын ол қажиды. Қажығанының белгісін білдіретін айғақ – міне, мынау!

Ақын Қызметкердің бетіне алақанын қойып, уқалай бастайды.

Ақын: Көрдің бе, бауырым, көрдің бе – неткен тайғақтық! Бет емес, қолым тайғанақ мұз үстінде сырғанағандай...

Қызметкер: (шошына кері шегініп) Қой, әй, қой! Маған пәле жаппа, жарқыным! Сен өзі аяғы аспаннан салбырап түсе қалған біреу сияқтысың ғой... Біле-білсең мына жарық дүние қайнаған жанталас. Ол сен жазғысы келгенде жаза салатын өлең емес, білдің бе?! Оның еңісі бар, дөңесі бар. Қалтарыс-қалқасы тағы көп. Міне, осылардан шалдықпай өте алсаң ғана жетіскенің. Омақассаң оңбағаның. Менің бар кінәм өтем деп өзеуредім.

Ақын: Өте алдың ба?

Қызметкер: Өткен сияқты болғанмын. Өкінішке орай, бір қызылкөз жеткізер жерге бәрін де жеткізіп қойыпты. Ақыры мына арадан бір-ақ шыққаным өкінішті...

Ол еліре айналасына қарағыштайды.

Қызметкер: Мен бәрібір дүрмек дүниеге қайтадан ораламын. Мен ауру емеспін. Жәй ғана сырқаттанып қалған жанмын. Оралған соң көресің, дүниені басқаша шайқайтын боламын. Суша сапырамын. Қарағандардың көздері қызығады. Соны істемедім бе, төбемнен ұр! Түсіндің бе?

Ақын: Әрине түсінемін. Дегенмен бір нәрсеге көзім жетпей тұрғаны...

Қызметкер: Ол нендей жұмбақ?

Ақын: Адалға арам қолдарыңды сұққанда шімірікпейсіңдер ме? Жан-дүниелерің ұяттан өртенбей ме?

Қызметкер: (күйгелектене) Әй, сен оны қалай арам дейсің, ә? Біз адамдардан ештеңе тартып алмаймыз ғой. Өздері береді. Бергенде де уыстап-уыстап қойны-қонышыңа тықпалайды келіп. Жоғалсаң іздеп жүріп табады, тығылсаң тесігіңнен жұлып шығарады. Сонсын алмай көр! Біле-білсең қазір қолынан келгеннің бәрі алады. Қарапайым шекпендіден қамқа тон кигенге шейін тартынбайды. Қызмет тұтқасын ұстағандар мұндайдан шімірікпейді де. Бұрын да қарпыған. Ана Көсем жемеді деймісің? Түйені түгімен жұтқан шығар, партия комитетін басқарған шамада. Ал, анау Кеуде ше? Түрмеде бақылаушы болып істепті дейді. Сонда ол судан таза, сүттен ақ деп ойлаймысың? Жер басқан адамдар арасында ештеңеге қол жеткізе алмаған сендер ғана шығарсыңдар, қағаз кеміріп, сия жұтып, соған ғана аш құрсақты алдандырған. О, соры қайнаған сорлы жандар!..

Ақын: (ашуланудың орнына масаттана) Мен... мен адамдарға рухани азық сыйладым! Соған мақтана аламын!

Қызметкер: (өз-өзінен күйгелектене) Мынау не оттап тұр-ей! Әй, сен елге рухани азық берсең сол азығың кімнің жұмырына жұқ болғандай, ә? Ол кәдімгі байлық болса қай қонышқа түсіп кетті? Қай тесіктен іздемекпіз оныңды? Айналаңа қарасаңшы, сенің өлеңіңнен кім жарылқанып отыр? Нан жесе жағар майы жоқ, май тапса сорпа қайнатар бір асым етке зәру жақыбайлар өлеңіңмен қоса өзіңді жұта салар, қолына түсе қалсаң. Соны түсінбеген саған сөзімді шығындап тұрған мен ақымақ шығармын...

Ақын: (қарқ-қарқ күледі) Ақымақтығыңды бір мезет мойындағаныңа рахмет!

Ол кетуге ыңғай танытқанда Қызметкер шаужайына жармасады.

Қызметкер: Тоқта, тоқта! Біздің әңгімеміз әлі біткен жоқ. Біз әлі сөйлесуіміз керек.

Ақын: (немқұрайды) Сонда саған тағы не керек?

Қызметкер: Бәрі керек, жарқыным, бәрі. Мысалға деймін-ау, мына жарық дүниеде сен барсың, мен бармын, аналар... Ана қиқымбақайларды айтамын (Қолдарын сермей жоғарғы жақты нұсқаған болады) солар бар. Бәрі қосылғанда дүрмекті дүние ию-ғиюға айналып сала бермей ме! Сол ию-ғиюдың арасында табанға тапталатындар қаншама?! Тапталмас үшін жоғарыға қанат қаққаның жөн де. Сен сонда қаламыңды қанат етесің бе?

Ақын: Мен арымды мансұқ етемін, Қызметкер мырза. Жаным жапырақ жайып тұрғанда ешкімнен кем болмайтыным аян.

Қызметкер: Пәлі, пәлсапаңа болайын! Мына бетіңде сені қатын-балаң да сыйламас.

Ақын: Санасыз қатын-баладан саналы жауың жақын. Өйткені ол жан-дүниеңді бағалай біледі.

Қызметкер: Артыңнан бір іздеп келмегені отбасыңның санасыздығынан екен ғой?..

Ақын: Кешір, Қызметкерім, кеше гөр! Мен әлі отбасын құрап үлгермеген бейбақ екенмін. Ақылыңа рахмет, Алла жазып мына арадан шыға қалсам ең әуелі сенің балдызыңа көңіл аударамын. Қиярсың деп ойлаймын. Солай емес пе?

Қызметкер: Әлбетте, жарқыным, әлбетте! Е, көрінгенге қолжаулық болар қыз-қырқынды сенен қызғанады дейсің бе? Тек, тезірек шығайықшы, мына қапастан. Әйтпесе, құсалықтан қылғынып қалатын түріміз бар.

Ақын: Ал, сен қылғынбаудың қамын жаса. Ол үшін жаныңды тазала, санаңды електен өткіз.

Қызметкер: Айтқаныңның жөні бар, ақыным. Мен бәрін де ойлап шүрмін. Сәтін салса дүниені қайта жаңғырықтырамын. Тек, ешкімге тіс жарма, мен бостандыққа шығудың жолын табамын. Арқа етім арша, борбай етім борша болғанша осы ойымды жүзеге асыру жолында тер төгетініме сен, жарқыным!

Ақын: Ісіңе сәттілік тілеймін!

Ақын енді бөгелмейді, өзімен-өзі сөйлескен қалпында қолын ербеңдете сахнадан шығып кетеді. Оның соңынан қарап тұрған Қызметкер басын шайқайды.

Қызметкер: Дегенмен мынада бірдеңе бар сияқты. Сөзі түйеден түскендей өзінің. Ең бастысы, адамшылыққа жүгінген. Мен де осал адам емеспін. Әлі көрсетемін күшімді!

Жарық өше береді.


Үшінші көрініс


Дәрігерлер бөлмесі. Жұпынылау. Бір бұрышта ескі шкаф тұр. Қабырғаға қатарластыра орындықтар қойылған. Дәл ортадағы стол басында орта жастағы ер дәрігер әлдеқандай қағаздарға үңіле ойланып қалған.

Есік қағылады.

Ер дәрігер: (көзін қағаздан көтерместен) Кіре беріңіз.

Ақ халатты әйел кіреді.

Ер дәрігер: Тыныштандыра алдыңыздар ма?

Әйел дәрігер: Тыныштандыратын дәрі егіп, ұйықтатып тастадық.

Ер дәрігер: Дұрыс болған екен. Сізден бірдеңе сұрауға бола ма?

Әйел дәрігер: Еш қысылмаңыз, сұраңыз. Білгенімді жеткізуге тырысармын, білмегеніме айып етпессіз.

Ер дәрігер: Түсінбегенім мына жағдай: “Кеуде, Кеуде” дейсіздер, сонда оның шын аты-жөні қайда қалған?

Әйел дәрігер: Бізге түскен пациенттердің көбінің шын есімі ұмытылады. Саналарының жеткені сол шығар, аурулар әлдекімдерге еліктеп, солардың орнына өздерін қоюға әуес. Мысалға Көсемді алыңыз, ол кезінде партия ұйымына басшылық еткен адам екен. Жайлы тұрмыс, жақсы өмірге көндіккен жан жұмысынан былық табылып, ақырында темір тордың арғы жағынан бір-ақ шығыпты. Сосын қатты күйзеліске ұшырағанға ұқсайды. Ендігі қалған өмірі осында өтетін шығар. Сол Көсем өзін бұрынырақтағы бір мемлекет басшысының орнында ұстайды. Маңайындағыларға ықпал жүргізгісі келеді. Жүргізіп те жүр. Мұның біз үшін пайдалы жақтары да бар. Біз тәртіп мәселесін көтергенде бір ғана адамнан сұраймыз. Көсемге айтсақ маңайындағылар тыныш.

Еркек дәрігер: Маңайындағылар дегенде сіз Көз, Құлақ, Кеудені айтып отырсыз ғой?

Әйел дәрігер: Әлбетте. Олар кезінде партияға бағынышты салаларда қызмет жасағандар. Ауырғанда да ескілікті әдеттерінен жаңылмай, бағыныштылықтың қамытын киіп алғандар.

Еркек дәрігер: Аянышты тағдыр. Ат жоғалды дегенше адам жоғалды десеңізші. Тірілер санатында, дегенмен қоғамда орны қалмаған бейшаралар, яғни өлімен тең. Тым қатал жазу екен...

Әйел дәрігер: Оған несіне таң боласыз, Алланың жазуы солай да. Ең өкініштісі, арттарынан іздеп келетіндердің қалмағаны.

Еркек дәрігер: Сонда осындағы бәрінің іздеушісі жоқ па? Отбасылары, бала-шағалары қайда?

Әйел дәрігер: Келмеген соң олардан не қайыр... Қазір өзі, байқасаңыз, адамдардан мейір, қайыр деген ұғым жоғалды ғой. Болып, толып тұрсаң досың түгіл жауың да маңайыңа үйірсек, ал борысаң туғаның да қайырылмайтын заман туған сияқты. Әйтпесе, жетімін жеті қырға асырмас еді, басқаша жағдайда жесірін жебеп жүрер ел едік. Амал нешік, күші қайтқанда әке-шешемізді қарттар үйіне қамап тастайтын әдет таптық. Әй, оңбаспыз-ау...

Еркек дәрігер: М-м, да-а... (қағаздарын үстел үстіне тастай салып отырып қалады) Қайда бара жатқанымызды айырудан қалғанымыздың басы осы шығар...

Екеуі де бір мезет үнсіздікке бөленеді. Сәлден соң еркек дәрігер орнынан көтеріліп кетеді. Ол бөлме ішінде әрлі-берлі жүре бастайды.

Еркек дәрігер: Жаныңды күйзелтер жағдайлар... Осы жұмысқа келмейін-ақ деп едім, жоғарыдағылар болмады. Менің қолым емес екен. Амал нешік, көнеміз де...

Әйел дәрігер: (күліп) Көне-көне әлі-ақ көсем боласыз, бастық мырза. Күнұзаққа осы сырқаттармен аралас-құралас жүріп, кейде үйге барғаныңда солардың қылығын қайталап кететінің бар. Оны жарың мен балаларың да сезіп қалады. Мазақ еткісі келеді. Қайдан білсін, қайдан сезсін мына жерден жүйкең қаншалықты жұқарып шығатынын. Психологиялық тоқыраудан ғой...

Еркек дәрігер: Иә, тым қатыгез екен тағдыр дегенің... (Ол алға қарай аттай беріп қалт бөгеледі.) Ал, ана ақын туралы не айта аласыз? Сырқаттық анықтамалыққа үңілсем тым қарадүрсін...

Әйел дәрігер: Қағаз адам болмысын аша алмайды, қарадүрсін жазылатыны сондықтан. Ақын, қазақтың жалпақ тілімен айтсақ, шалық шалған жан. Бір демалыс сәтінде мас күйінде өзен жағасына түнеп қалыпты. Оянғанда есірікке салынғанын байқаған таныстары осында жеткізіпті. Былай қарасаң есті-ақ азамат. Сырқат босатқан шағында пайым мен парасаты молдығына көзім жеткен. Амал қанша, ауырғанда ес-түсінен айырылып қалады.

Еркек дәрігер: Өкінішті... Оның мұнда жүргенінен адамдар арасында болғаны әлдеқайда пайдалы еді. Әсіресе, бүгінгідей аласапыран уақыт көшінде жастарға парасат пен пайым дәнін сіңірсе сол пайдалы болатын.

Әйел дәрігер: Оған талас бар ма! Әйткенмен, жазуға мойынсұнғаннан басқа амалымыз жоқ.

Еркек дәрігер: Сөйткенмен сақ болған да абзал. Әсіресе, Көсем бастаған топқа мұқият қараңыздар. Ауру жандардан бәрін күтуге болатынын ұмытпайық.

Әйел дәрігер: Біз қал-қадірімізше бәрін бақылауда ұстауға тырысамыз.

Осы кезде есік қайта қағылады.

Еркек дәрігер: Есік ашық емес пе, неге кіре бермейсіздер!?.

Үстеріне қап-қара былғары күрте киген екі азамат ішке өтеді.

Бірінші жігіт: Кешіріңіздер, біз қылмысты іздестіру бөлімінен едік.

Құжатын көрсетеді.

Екінші жігіт: Айып етпесеңіздер осында аздаған шаруамыз бар еді.

Ол да бірінші жігіттің әрекетін қайталайды.

Еркек дәрігер: Келіңіздер, келіңіздер. Иә, құлағымыз сіздерде...

Екеуі бұрышта тұрған орындықтарға отырады.

Бірінші жігіт: Біз қылмыстық істі болған Қайырамал Білтебаев деген азаматқа жолықпақшы едік. Ол осында деген хабар алып отырмыз.

Еркек дәрігер: Қайырамал Білтебаев? Ол кім еді?

Серігіне қарайды. Оның сұраулы жүзінен не айтпағын аңғарған әйел дәрігер жауапқа ынта білдіреді.

Әйел дәрігер: Сіздер кешіріңіздер, бұл кісі жаңадан келіп жатыр. Ішкі шаруашылықтың жай-жапсарымен әлі толық танысып үлгерген жоқ. Сондықтан сұрақтарыңызды маған бағыттасаңыздар адаспайсыздар. Қайырамал Білтебаев. Оның біздегі лақап есімі – Қызметкер. Ендеше, бұдан былай Қызметкер деп сұрағандарыңыз абзал.

Екінші жігіт: Қызметкер болса, Қызметкер-ақ болсын. Сол адаммен жеке кездессек деп едік.

Еркек дәрігер: Ол мүмкін емес қой! Біздің өз ішкі тәртібіміз бар. Оны бұзуға ешкімнің құқы жоқ.

Бірінші жігіт: Кешіріңіз, бастық мырза! Біздің құқығымыз бәріне жетеді. Сондықтан тайталаспауыңызды өтінеміз.

Еркек дәрігер: Бұл – бассыздық болмай ма?

Екінші жігіт: Не десеңіз де еркіңіз. Дегенмен әлгі кімді... Кім еді өзі?.. Е-е, есіме енді түскені, Қызметкерді осында алдырыңыз! Әйтпесе...

Еркек дәрігер: Әйтпесе не, бізден де жауап аламысыздар?

Екінші жігіт: Ол да мүмкін...

Еркек дәрігер қарсылық білдіруге ниет байқатқанда әйел дәрігер оның құлағына бірдеңелерді сыбырлап, сабырға шақырады. Сонсын келушілерге бұрылады.

Әйел дәрігер: Сабыр, азаматтар, сабыр! Қалауларыңыз сол болса сырқатты қазір алдырамыз. Тек, айып ете көрмеңіздер.

Бірінші жігіт: Бір ескертеріміз – біз тосын көзсіз жеке сөйлесеміз. Соған жағдай жасайсыздар!

Әйел дәрігер: Әлбетте, азаматтар, әлбетте.

Ол қарсыласқанына қарамастан еркек дәрігерді қақпайлап сыртқа ала жөнеледі.

Шам сөнеді.


Төртінші көрініс


Қараңғылықты жаңғырықтырған ащы айқай естіледі.

– А-а-ай!.. Мыналар өлтіреді мені! А-а-ай!..

Сахнаға жүгіре шыққан екі дәрігер елеңдесіп қалады.

Еркек дәрігер: Мынау тегін дауыс емес қой! Өзі қай тұстан шықты?

Әйел дәрігер: Мен білсем сіздің кабинетіңіз жақтан...

Еркек дәрігер: Оған бөтен ешкім бармаған сияқты еді ғой?

Әйел дәрігер: Әлгіндегі орган жігіттері бірдеңені бүлдірмесе жарады...

Еркек дәрігер: Не шықса да солардан шыққанға ұқсайды. Әй-әй, шаш ал десе бас алатын сотқарларым-ай...

Әйел дәрігер: Оларға қарсылық көрсететін қайран бізде жоқ, әрине. Сөйткенмен, барып көрелік...

Жеделдете басып жеткендерінде өз көздеріне өздері сенбеген қалыптарында қалт тұрысып қалысады. Қызметкер орындыққа шандылып тасталған. Басы бір жағына қисайып, есінен танған оның бетіне екінші жігіт графиннен су шашып әлек.

Еркек дәрігер: (ашулана) Мынау нағыз айуандық қой! Мұндай бассыздыққа баруға кім рұқсат берді, сендерге?!

Бірінші жігіт: Тіліңізді тарта сөйлеңіз, ағасы!

Еркек дәрігер: Тартпасақ ше?

Бірінші жігіт: Қызметкердің орнында сіз отыруыңыз ғажап емес!

Еркек дәрігер: Сөйтсе де, мен сіздердің үстеріңізден тиісті жерге шағым түсіретінімді ескертемін.

Екінші жігіт: Қорқытқан түрін! Тап қазір барыңыз баратын жеріңізге. Одан бірдеңе шығара алсаңыз.

Араға тағы әйел дәрігер араласады.

Әйел дәрігер: Тәжікеге уақыт жоқ, шырақтарым. Біз өз жұмысымызбен айналысайық, кабинетті босатуларыңызды өтінеміз.

Бірінші жігіт: Е, осылай жөнге көшпейсіңдер ме! Әйтпесе... Қорқытқысы келеді өздерінің. Қорқа қалатындай.

Екінші жігіт: Жарайды, бүгінге осы да жетер. Қазір қайтайық. Бірақ тағы да оралатынымызды ескертеміз.

Әйел дәрігер: Келіңіздер, келіңіздер. Келме десек те ықтиярға жығылмайтындарыңызды білеміз...

Бірінші жігіт: Ендеше көрісерге күн жазсын!

Әйел дәрігер: Кездеспесек одан да жақсы болар еді...

Жігіттер миығынан күле шығып кетеді.

Екеуден-екеу қалғанда дәрігерлер Қызметкерді шандудан босатып, оны бұрышта қатарласа орналасқан орындықтардың үстіне жатқызады. Сөйтеді де шкафтан медициналық қобдиша шығарып, ауруға ем-дом жасай бастайды. Дәрі егеді.

Еркек дәрігер: (ентіге тұрып) Мұндай бассыздыққа қалай ғана барады екен? Бұларды тиісті орынға хабарлап, сазайын бергізу керек.

Әйел дәрігер: Оныңыздан түк шықпайтынын менен гөрі сіз жақсы білуге тиістісіз.

Еркек дәрігер: Е, қалайша?

Әйел дәрігер: Солайша. Әлгі келгендер заң орнының адамдары. Олай болса қарға қарғаның көзін ешқашанда шоқымайды.

Еркек дәрігер: Сонда заңды қайда қоямыз? Конституциялық құқық қайда?

Әйел дәрігер: Біле-білсеңіз заң қарапайым халық үшін жазылған. Оған мүлтіксіз бағынатын тек біздер. Ал, мықтыларға ол жай, күнделікті кәкір-шүкір ғана.

Еркек дәрігер: Ә? Солай ма? Өте қорқынышты жағдай екен...

Әйел дәрігер: Мұнда жұмыс істегеніме біраз жылдардың жүзі. Көрдік қой не бір сұмдықтарды. Тірі жүрсеңіз сіз де көресіз. Тек, өзіңізге-өзіңіз денсаулық берсін деп тілеңіз.

Еркек дәрігер: Ғажап дүние! Жо-жоқ, мұны жай қалдыра салуға болмайды! Ауруы да жын, сауы да жын – мынау не қылған орын? Мен жындыханаға келдім бе деп ойласам, жындылар патшалығына тап болған екенмін ғой! О, жасаған, бұған не дауа!..

Жарық қайтадан өшеді.

Екінші бөлім

Бесінші көрініс

Баяғы аула. Бірінші көріністегі тірлік. Сырқат адамдардың шоғыры. Әркім өзімен-өзі. Біреулері ыңылдап бірдеңелерді айтып отырса, енді біреулері түрлі қылықтарға барып, ұғынықсыз қимыл-қозғалыстар жасағанға мәз.

Көсем келеді. Көңіл-күйі көтеріңкі сияқты. Қолында қорқор.

Оны көздері шалған аурулар бір бұрышқа қарай ысырылысады. Тек Кеуде, Көз, Құлақ қарсы алдынан қол қусырып шығады.

Көсем: (маңғаз қалпында) Амансыңдар ма, қырандарым!

Көз: Сәләматтамысыз, Көсем, жолдас!

Кеуде: Сізді аман-есен көргеніме қуаныштымын!

Кеудеге мойын бұрғанда Көсем күлімсірейді.

Көсем: Өзің қалайсың, біраз қиындық көрдің-ау деймін, ә?

Кеуде: Е, ер жігіттің басынан нелер өтпеген. Біз шыдап бағамыз ғой. 

Көсем: Шыдау керек, қырандарым, шыдау керек. Біздің де күніміз туады. Сонда біз де көретіндерге көрешекті көрсетерміз.

Көз: Сол күнге тезірек жетсек қой, шіркін!

Көсем: Жетеміз, қырандарым, жетеміз. Тек асықпаңдар. Асықпаған арбамен қоянға жетеді деген сөз тегіннен-тегін айтылмаған. (Құлаққа қарайды) Сен бүгін пәс сияқтысың ғой? Бұл ненің шарапаты?

Құлақ қипыжықтап қалады.

Құлақ: Мен жәй, бір нәрсе естіп... соның ұшығына жете алмай тұрғаным...

Көсем: Ол тағы не хабар?

Құлақ қипақтай бастағанда араға Кеуде кірігеді.

Кеуде: Былжырамай айтар болсаң айтсаңшы, тағатымызды тауыспай!

Құлақ: (именшіктей) Өздеріңіз білесіздер ғой, менің міндетіме тың тыңдау кіреді. Бүгін дәрігерлер бөлмесінің жанынан өтіп бара жатып елең еткенім...

Ол бөгеліңкіреп қалғанда Көз шыдамсыздық танытады.

Көз: Әне, мұныкі ылғый да осы, естірін естіп алады да, соны дер кезінде жеткізбей титықтатады...

Кеуде: Өзін қағындырып жіберейін бе, ә?!

Көсем: Сабыр, қырандарым, сабыр! Көз жолдас, сен тым ұшқалақтыққа салынба. Кеуде, сен де қызбалықты қоя тұр. Құлақ жолдас, кәне естігеніңді байыппен жеткізші? Жақсы хабар болса сый-сияпатың дайын.

Құлақ: (ақталғандай) Мыналар да адамның дегбірін алатын. Әйтпесе сізге адал қызмет етуге мен әрқашанда дайынмын, Көсем жолдас. Сонымен... әлгінде қай жерге келіп едім? Е-е, дәрігерлер бөлмесін айта бастадым-ау деймін. Иә-иә, соның жанынан өтіп бара жатып құлағым бір сөзді шалып қалғаны. Мұндайды анау-мынау емес жаңадан келген дәрігердің айтуы мені қатты ойландырып тастады.

Кеуде: (шыдамсыздық таныта) Сонда ол не айтты?

Көсем: Сөзін бөлмеңдер!

Құлақ: Дәрігер айтты: «Мен жындыханаға келдім бе десем, жындар патшалығына тап болған екенмін ғой!» – деді.

Бір сәттік тыныштық.

Мына сөз айналадағы ауруларға да әсер етті ме, олар да елеңдей жанарларын беріге аударған.

Кеуде: Жындар патшалығы!?

Көз: Бұл тағы қандай патшалық?!

Көсем: Біз патшаны баяғыда тақтан құлатпап па едік? Ендеше мына сөздің астарында бір сыр бар.

Кеуде: Құлатқанбыз!

Көз: Түп-тұқиянымен құртып жібергенбіз!

Кеуде: Ендеше мынау қай патшалық?

Көсем: Тынышталыңдар! Ойлануға мұрсат беріңдер!

Ол қорқорын аузына қыстырып ойланады.

Көсем: Тоқтаңдар, тоқтаңдар... Кеше радио не деді? Тәуелсіз Қазақстан деді... Ендеше бұлар патшалық құрған. Жындар патшалығы. Басқаша жағдайда Кеңестік информбюро қайда? Маңызды хабарларды жеткізетін Левитан жолдас қайда? Бірі құлаған, екіншісі тұтқынға алынған. Міне, гәп сыры неде! Біздің мына қамаққа түсуіміздің түп тамырын енді айқындадым.

Жанарын алыстарға қадап сәл бөгеледі.

Көсем: Ендеше біз жасырын ұйым құруымыз керек. Патшалықпен қайтадан күрес жүргіземіз. Бұл аяусыз күрес болады! Өлген өледі, тірі қалғаны үкімет басына келеді. Түсінікті ме?

Кеуде: Әлбетте күресеміз. Қанқұйлы шайқас жасаймыз!

Көз: Біз жеңуге тиістіміз!

Құлақ: Көсем жасасын! Ол бізді ұлы жеңіске бастай береді!

Көсем: (маңғаздана) Сабыр, қырандарым, сабыр! Мынадай дүбірлі шақта біз қоғамнан тыс қала алмаймыз. Ел басына күн туған кезеңде жұдырық болып түйілуіміз керек. Түйілеміз де! Оған күшіміз де, жігеріміз де жетеді! Олай болса, бүгіннен бастап біз жасырын ұйым құрамыз. Ол ұйымның атауын, ешкім түбіне жете алмауы үшін «Жындар патшалығы» деп атауға ұйғардым. Неге бұлай атағанымды ұғындыңдар ма?

Көз: Шынымды айтсам ұқпадым.

Кеуде: Мыйым жетер емес...

Көсем: Жетпейді. Өйткені сендерге бұйрықты орындау құзыреті ғана бұйырған. Тыңдаңдар ендеше! Біз жасырын ұйымбыз. Жасырын болғаннан кейін бізді тіміскілеушілер көбейеді. Із жасыруымыз керек. Сондай қысыл таяң кезеңде әшкереленіп қалсақ осы аттың тасасына жасырынамыз. Үкіметті қолдаушылар болып шыға келеміз. Сонда ұпайымыз түгел. Енді жетелеріңе жетті ме?

Аналар бас изеседі.

Кеуде: «Жындар патшалығы!» Несі бар, келісті атау! Мен келісемін.

Көз: Әдемі естіледі екен! Бәрінен бұрын астарлы ұғым береді. Өте сәтті тоқтам!

Құлақ: «Жындар патшалығына» адал қызмет етуге ант беремін!

Кеуде: Мен де қасық қаным қалғанынша күресуге серт байлаймын!

Көз: Мен де!

Көсем: Онда қол көтеру арқылы жиналыс қаулысын бекітейік. Кәне, кім қолдайды?

Бәрі қолдарын көтереді.

Көсем: Қарсылар? Жоқ. Қалыс қалғандар? Ондайлар да байқалмайды. Олай болса, жасасын «Жындар патшалығы!»

– Жасасын, Жындар патшалығы!

– Жасасын, жындар патшалығы!

Шу-шу еткендер басыла бергенде Көсем қайтадан сөз алады.

Көсем: (мұртын ширата) Жолдастар, ұйым болғандықтан біздің өз жоспарымыз, өз нысанамыз болуы шарт. Міне, осыған орай мен ел арасына тарату үшін, халық бойына сіңіру мақсатында мынадай әрекеттерді жалғастыруды қолайлы көріп отырмын. Ең бастысы: бұқараға жағымпаздық пен жандайшаптықтың дәнін егуіміз керек. Өйткені, жағымпаз жүрген жерден береке-бірлік кетеді, жандайшаптық белең алған тұстан адамдық қасиет жоғалады. Ал, адамдық қасиет жоғалса адамдық құндылық тамырын солдырады. Ендеше не тұрыс? Алға, қырандарым!

Дауыстар: – Алға!

– Ұлы жеңіс жолында жан пида!

– Революция жасасын!

– Көсем жасасын!

Олар екілене сахна сыртына ұмтылады.

Аурулар мына шуға еліккендей алға ұмсынысады. 


Алтыншы көрініс


Ақын шығады. Ойлана түсіп, өлең оқып келеді. Қолын оңды-солды сілтеп-сілтеп қояды. Тасадан сығалап тұрған Қызметкерге мән бермейді. 

Ақын: 

Жұмыр жердің айналысы – заңдылық,

Жұмыр бастың ойланысы – заңдылық.

Туу барда өлу деген – заңдылық,

Жану барда сөну деген – заңдылық.


Заңдылыққа келтіре алар кім күмән?

Өмір мынау – дүлдүл шабыс құлдыраң.

Сондықтан да жарық күннің сыңғыры ән,

Сондықтан да батар түннің бұлдыры ән.


Күн әлдилеп,

Жалқы жанды түн арбап,

Әйтеуір бір жеткізеді тынарға ап.

Бәрі талақ – ақзер әлем, шынар бақ,

Бұйырары қос құлаш жер тұмарлап.


Күйін,

Сүйін,

Секір көкке,

Сабыл,

Іш,

Заңдылықтың тілейтіні бағыныс.

Ол өлеңін оқып біткенде Қызметкер сүйсінісін жасырмайды. Алақанын соғып Ақынның жанына жақындайды.

Қызметкер: Браво! Жарайсың, ақыным! Дәл мұндай сөзді мен ешуақытта осы күйінде жеткізе алмас едім!

Ақын: Жеткізбесең жеткізбессің. Өйткені, саған Құдай басқа талант берген. «Алаған қолым – алаған» таланты.

Қызметкер: Жә-жә! Мына араға сенің табалауыңды естігелі келген жоқпын. Одан да соңғы жаңалықтан не хабарың бар? Соны айтшы, ә?

Ақын: Менің ештеңе де естігім келмейді.

Қызметкер: Неліктен? Айналаңдағы оқиғалардан махрұм жүрсең өлеңді қалай жазбақсың?

Ақын: Өлең жазылмайды, Қызметкер мырза. Өлең жүректен туады. Оның әкесі де, шешесі де – жүрек! Жүрек бүлк-бүлк соғуын тоқтатпайынша ол жазылуын шектемейді. Ал, өлең шектелмесе менің де тірі жүргенім. Ол өлген күні мен де өлемін. Болған-біткені осы ғана. Сондықтан басымды қатырма!

Қызметкер: Ал, жүрек елікпесе, еліктемесе не тірлік? Сен осыны ойландың ба? 

Ақын: Менің ешнәрсені ойлауға уақытым жоқ, айналайын. Ойласам ауырамын. Ауырсам өлең қашады. Ендеше, ауырмауға тырысуым керек. Олай болатыны – күнім азайып бара жатқанын сеземін. Сеземін де бойымдағы барды ұрпақ руханиятына қосуға асығамын. Солай, Қызметкер!

Ол бөгелместен кете береді.

Қызметкер: О, бейшара!..

Ақын: (қалт тоқтап, артына қайырылады) Жер басып жүргендер арасында жалғыз мен бейшара емеспін, адамзат атаулының басым бөлігі қор пенделер. Өзің ойла, қазір қоғам ауру, қоғам ауру болғаннан кейін онда тіршілігін жалғаған адам ауру. Мен сол ауру қоғамнан қашып келіп отырмын. Маңгүрт ортадан қашқандағы тапқаным мына жер...

Қызметкер: Мәңгүрт орта? Сонда мен де мәңгүртпін бе?

Ақын: Мәңгүрт болмасаң мына жындыханада неғып жүрсің!? Қарын тойдырайын деп пе? Тойдырарсың мұнда қарыныңды... 

Қызметкер: Мен... мен амалсыздан осындамын.

Ақын: Міне, амалсыздығың сенің қор екеніңді танытады. Амалдылар қазір дүниені дүбірлетіп ана жақта судай тасуда. Ішкендері – алдында, ішпегендері – артында. Менің естігім келмейтіні сондықтан – дарақылардың даңғаза тірлігін сырттан қызықтағаннан тас керең боп қалғаным мың артық. Қарапайым халық үшін жаным ауырады. Түсінесің бе, жасқа толған етектерді көрмеу үшін су қараңғы болып қалуымды тілеймін мен. Тіпті, дүниеден баз кешіп кетсем арманым жоқ. Тек, мұның бәрі бір жағдайда жүзеге асса: менің халқымның бақыттан басы айналса, байлықтан кемел тірліктің кемерін жағаласа бүгін өлсем арманым жоқ!

Қызметкер: Жетіскен екенсің!

Ақын: Жетісейін, жетіспейін, бірақ жалғыз менің жан ауруымнан ештеңе өзгере қоймайтынын білгенде кәдімгідей қорланамын. Бүйтіп жер басып жүргеніме ашынамын да. Амал не, бізге бұйырғаны өз сорпаңда өзің қайнау ғана. Бір-бірімізді түтіп тастасақ, бірімізді екіншіміз қарпып асасақ төрт құбыламыз тең сияқты, өңкей оспадарларға. Қинайтыны осы мені...

Ол қалшылдай бастайды. Қолы-басы жыбырлап барып басылады.

Ақын: Енді мына өлеңді тыңдап көр. Байқаймын, осы аулада естір құлақ сенде ғана қалған сияқты.

Ұшар құстай қанат қомдайды.

Ақын:

Өмір дейміз,

Жүрміз соған илана,

Жанда сәуле,

Сәуле ойнар мыйда да.

Ақзер дүние – ақ жаймасын тосатын,

Кіріп-шығар жолаушылар үй ғана.


Сен қонақсың,

Қонақ күні шектеулі,

Жауқазындай гүл ашасың көктемгі.

Сонсын сезіп жылымықты, өктемді,

Өзгелерге босатасың көк белді.


Қиял – құсың қанат қағып ұшты-ай көп,

Іштің,

Жедің,

Қызықтадың түсті әйбет.

Сен қонақсың,

Біл әліңді, о, адам,

Дастарханға дәмін татқан құспай кет!

Қызметкер: Бәрекелді! Сөз-ақ қой! Ал, біз жай құспай, жан-жағымызды жаппай былғап кетуге құмармыз. Неткен жетесіздік! Құдай куә дейінші, осы арадан аман-есен шықсам адам сияқты өмір сүруге күш саламын. Қатын-балаңның қасында қара су ішсең де бақыт екен-ау!

Ақын: Мұны түсінгеніңе тәубә!

Екеуі бір сәт үнсіздікке бөленеді. 

Әлден шамада есіне әлдене түскендей Ақын Қызметкерге жүз бұрады.

Ақын: Осы сен маған бірдеңе айтуға ниеттендің бе?

Қызметкер: (таңданыс таныта) Қашан?

Ақын: Әлгінде. Бір сырдың шетін шығаруға оқталғансың.

Қызметкер: (ойлана тұрып) Ә-ә, есіме енді оралды, мен қызық естідім!

Ақын: Кімнен?

Қызметкер: Көсем бастаған көпіргендерден.

Ақын: Айтушы нақ кім?

Қызметкер: Құлақ.

Ақын: Құлақ айтса құлағдарлығынан. Онда тыңдауға дайынмын.

Қызметкер: Олар «Жындар патшалығында» деген ұйым құрды. Енді аяусыз күрес жүргізбек.

Ақын: Мына тар қапаста отырып сонда кіммен күреспекші?

Қызметкер: Бәрімен: билікпен, күштілермен.

Ақын: Далбаса! Бастарын алып жүре алмай жүріп не қылған күрес!? Нағыз есуастардың қарекеті. (Ойланып сәл тұрады.) Дегенмен тілдері тәтті екен. «Жындар патшалығы». Ақымақ мыйға сыймас тың теңеу. Біз, кілең жындыханадағылар, сонда жындар патшалығының сарбазы болғанымыз ғой, ә? Табылған жаңалық. Болайық. Болғанымыз жақсы. Әйтеуір, бір ұйымға мүше болу керек те, осы қоғамда өмір сүрген соң.

Қызметкер: (көзі бағжия) Сонда сен аналардың сойылын соқпақпысың?!

Ақын: Соқса несі бар? Соғамын! Бірақ мен сол «Жындар патшалығын» күйретуге жұмыламын. Бәлкім, сонда дүние оңалар. Саналарды тұмшалаған сор жоғалып, орнына бақ көмкерген алтын заман орнығар. Осыған бір мезгіл иланайық та!

Қызметкер: Пәлі! Мына сөзіңе мен де қосыламын. Мені де серік етіп ал. Біз оспадар дүниенің бетін айғыздап тіліп-тіліп тастайық!

Ақын: Онда әкел қолыңды!

Қызметкер: Мінеки!

Екеуі қол алысады.

Әлдеқайдан ызғарлы әуен естіле бастайды.


Жетінші көрініс


Әуен өршелене түседі. Сахнада аурулар. Олар бірін-бірі жетелей, бірін-бірі қолдай билеп жүр. Ыржың-ыржың, тепең-тепең. Ара-арасында шыңғыра аспанға секіріп қоятындары да бар. Әйтеуір түсініп болмас дүрлігіс.

Бірінші ауру: Жындар патшалығы толқыды!

Екінші ауру: Жындар патшалығы көтеріліске шықты!

Үшінші ауру: Тау құлатар толқын дүниені жайлады!

Төртінші ауру: Әруақ! Әруақ!! Қолдай гөр, сен бізді!

Олар өз сөздерін сахна алдына түйіле келіп кезекпен айтады. Жүздері қатыңқы.

Осы көрініс бірнеше рет қайталанады.

Бірінші ауру: Жындар патшалығында бүліншілік!

Екінші ауру: Жындар патшалығы бостандыққа бет түзеді!

Үшінші ауру: Жасасын, бостандық!

Төртінші ауру: Бұғауды бырт-бырт үзейік, жолдастар!

Бәрі билеп кетеді.

Осы мезеттте бір бұрыштан Құлақ қылт етеді.

Құлақ: Шоқ-шоқ! Шоқ-шоқ!

Ол тасаға жасырынғанда оның орнын Көз басады.

Көз: Алға! Тек қана алға есіріктер!

Көз кете бергенде Кеуде шығады.

Кеуде: Дүние несімен көрікті? Дүние дүбірімен көрікті: дүбірле, жер беті, дүбірле!

Көсем көрінеді.

Көсем: Жыланды үш кессең де кесірткелік әлі қалатынын ұмытпаңдар, ағайын! Біз әлі өз күшімізді көрсетеміз сендерге!

Дәрігерлер дүрлігісуде.

Еркек дәрігер: Мыналарға не көрінген өзі? Бәріне тыныштандыратын көйлек кигізіңдер!

Әйел дәрігер: Иә, иә, сөйту керек! Керек болса дәрілерді де аямаңдар, егіп тастаңдар бәрін!

Анаған бір, мынаған екі жармасып, елігіп жүргендерді кезек-кезек сыртқа сүйретіседі. 

У-ду жаңғырығып барып сап басылғанда екі дәрігер үсті-бастарын қағысып сахнаға қайта шығады.

Еркек дәрігер: Мыналарды бүгін қандай сайтан түрткен, ә? Түк түсінсем бұйырмасын...

Әйел дәрігер: Дәл мынадай сойқанды менің де бірінші рет көруім. Бұрын болмаған жағдай. Соған салсам, бұлардың арасында азғырушы бар сияқты.

Еркек дәрігер: Қандай азғырушы? Не жетпейді оларға? Тамақтары тоқ екеніне шүбәм жоқ. Ем-дом да қалыпты жасалуда. Ендеше, осыларды қанағат тұтпай ма? Жоқ, ереуілдеп жүр. Денсаулықтарын тексерсем ауытқушылық нышаны ешқайсынан байқалмайды. Сонда не себеп?!

Әйел дәрігер: Бәріне ана Көсем ұйытқы сияқты. Өзі тобымен тымырайып, түк көрмегендей бөлмесіне жасырынып алған.

Еркек дәрігер: Ол да мүмкін. Бұл жағын ойласқан жөн. Егер де мына бүлікке оның қатыстылығы айғақталса өзіне бір шара қолдану керек шығар!

Әйел дәрігер: Әрине, қолдану қажет. Бүйте берсе мына шаңырақтың күлін көкке ұшырар. Е-е, бұлардан оны да күтуге болады.

Еркек дәрігер: Сіз көптен істейсіз. Әр сырқатпен етене таныссыз. Ендеше, астыртын тексеру жүргізіп көріңіз. Сұрастырыңыз, қыспаққа алыңыз, әйтеуір ақиқатын анықтасаңыз болғаны.

Әйел дәрігер: Оған шұрқ етпеңіз. Қолдан келгеннің бәрін жасауға жұмыламыз.

Еркек дәрігер: Бәлкім, ана Ақын мен Қызметкерден сұрарсыз. Байқасам ол екеуі жөн білетінге ұқсайды.

Әйел дәрігер: Олар білсе де айтпайды. Тіршілік заңдылығының өзі сонда – ауруханадағылар бірімен-бірі бақас болғанымен бірін-бірі сатуға жоқ. Өйте қалған күнде көзге шыққан сүйелдей күй кешетінін әрқайсысы жақсы біледі. Сондықтан, көрген – көрмеген, білген – білмеген қалып сақтауға бейім. Дегенмен, уайымдамаңыз, ақ-қарасын айыратынымыз күмәнсіз.

Еркек дәрігер: Иә, иә, сөйтіңіздер.

Дәрігерлер кете бергенде бір бұрыштан ақын мен қызметкер көрінеді. Екеуінің үстінде де тыныштандыратын көйлек. Ал, екінші бұрыштан Көсем бастаған топ сахнаға беттеп, мыналарды көргенде тасалана қалады. Оларды байқамаған екеу сөз қағысады.

Қызметкер: (Өзінен-өзі күйгелектене) Ақын, бауырым-ау, біз неден жазаға іліктік, ә? Біздің қандай жазығымыз бар еді, мыналарды кигізетіндей?

Ақын: (Еңсесін түсірмеген қалыпта) Бүгінгідей апай-топай уақытта неден жаздым деуге болмас, бауырым. Ел көргенді екеуіміз де көруге тиісті шығармыз. Ештеңе етпейді, шыдармыз. «Қайда барсаң – Қорқыттың көрі» заманға қылар қайран қайда-а-а, екі бейбаққа!..

Қызметкер: Неге шыдамаған бас десеңші, мына бас! Шыдауын шыдайтынымыз талас тудырмайды. Алайда... Біреу үшін күюдің азап екенін екінші рет көріп отырмын.

Ақын: Екінші рет деймісің? Мұнымен не айтпақ едің, байғұсым?

Қызметкер: Шындық шырқырап торға қамалғанда топ басында итің өтіріктің өз итін ирек қамшылайтыны ақиқат екенін бұрыннан білетінмін. Сөйткенмен, тырағай дүниенің тырп-тырп басқанға тым қырын қарайтынын бұрын бағамдамаппын. «Екінші рет» деуімнің мәні сонда, бауырым. (Ол сәл бөгеліс табады) Елдің бәрі мені жеп, ішіп қойды деп ойлайды. Қатын-балам да осы қаңқуға сеніп қалған ба, мұнда келуін доғарды. Жалғыз қалдым. Бәріне не себеп? Басқалар қарпып асағанда менің олардың бармағын жалағаным себеп. Ақын, бауырым, өзің ойлашы, басшы тұрғанда қосшы не істей алады, ананың үстінен аттап өтіп? Түк істей алмайды. Олай болса, жазықты алтын сарайда сайрандаса, мен мына сұрғылт үйде сұңқылдауға мәжбүрмін. Жақында осында келіп қинаған жаналғыштарым есіңде шығар. Олар неге маған әуес? Мен жазылып кетеді деп қорқады. Жазылсам қойыртпақтарын ақтарады деп уайымдайды. Сонсын, әредік жетіп әуре етіп кетуге құмар. Енді түсінген шығарсың, менің мұнда жүруімнің сырын?

Ақын: (алабұртып) Ойпырым-ай, ә? Мұндай да сұмдық болады екен-ау?! Сөзім жоқ! Сөзім жоқ...

Қызметкер: Иә, шабақтың шорағайға қарсы шыға алмайтынын білгендер ғана ұғынатын сыр бұл, бауырым...

Дәл осы мезгілде тасадағылар қара көрсетеді. Бәрінің үстінде арнаулы тыныштандыратын көйлек.Соған қарамастан қимылдарында жітілік бар.

Құлақ: Пәлі, мыналар жарасып-ақ қалыпты ғой!

Көз: Жарасқанда қандай! Тіпті, екеуін ажыратуға амал таппассың. Жарасыңдар, жарасыңдар. Мынадай уақытта бәріміздің жарасқанымыз орынды. Солай емес пе, Көсем!?

Көсем маңғаздана қалғанда араға кеуде килігеді.

Кеуде: Біздің басымызды қосатын не? Ортақ мұң. Мұңымыз ортақ болған соң сырымыз да бір тұмадан бастау алуға тиісті. Ендеше, бос тәжікенің бізге қажеті шамалы екенін түсінейік! Жұмылған жұдырық болсақ қана жеңіске жете алатынымызды ұғынатын шақ әлдеқашан туған. Көсем көке, айтыңызшы мыналарға, сөзімнің инедей қателігі жоқ қой!?

Көсем: (жөткірініп) Сендердің шындықтан ешқашан алшақтамайтындарыңа көзім жеткен, нөкерлерім! Енді мына екеуіне де соны түсіндірсем деймін. (Екеуге жүз бұрады) Ақын жігіт, айтшы, осы сенің өлеңің кімге керек?

Ақын: Елге керек!

Көсем: (қарқ-қарқ күледі) Ей, жамағат, естідіңдер ме? Елге дейді, мынау! Сол елің қайда қазір? Ақыным тар жерде жүр ғой деп алаңдайтын бірі бар ма өзі? Тауып берші, құлың болайын! Таба алмайсың. Өйткені, оның бәрі құлқынның құлы болып кеткен. Оларға сенің өлеңіңнен гөрі бір үзім нанын тауып жегені пайдалы. Қызың көшеде тәнін саудалап, ұлың ұлардай ұлып жұмыс іздеп, таппаған соң ұрлық-қарлықтың шылауына түскен жұртта береке қалушы ма еді! Қалмайды, қалмаған да! Сондықтан, бос сөзді доғарған абзал. Одан да сен бізге қосыл. Революция ақыны деген атақ беремін. Жырлай бер сонсын шөпті де, шөңгені де. Ақшаңды төлейміз. Алаңсыз ғұмыр кешесің. Келісеміз бе?

Ақын: Жоқ! Мен ақшаға сатыла алмаймын! Не көрсем халқыммен бірге көремін! Өлсем халқымның аяғын құшақтап жатып өлемін.

Көсем: Жалған ұран! Жалғандықтан жарты дүниеден айырылып қалғанымды мен ешқашанда ұмытпаймын. Шырағым, ақылға кел, сөзіме құлақ сал. Сенде ел дейтін елдің жұқанасы қалған шығар, дегенмен жер дейтін жер қалды ма? Бәрі сатылған. Барлық та, байлық та әлдебір тобырдың қолында. Олар сол байлығын қорғау үшін қызыңды күң, ұлыңды құл еткенге мәз. Шал-шауқаныңды төрт қабырғаға жасырып, атаны баладан, баланы атадан алшақтатып жіберген. Ақша көрсе атан түйені құлатар ашқарақтық санасын жайлағандар туған әке-шешесін көк қағазға айырбастауға дайын. Сөйткендерден не қайыр! Адаспа, ақыным, адаспа!..

Ақын: Мен жығылсам жер көтерер, егілсем ел көтерер Отанымды еш уақытта сатпақ емеспін. Ауырлық қай заманда да болған, бола береді. Оны жеңіп шығатынымызға сенімдімін. Сондықтан, басымды қатырма, көсем мырза!

Көсем: Жетіскен екенсің!

Ақын: Жетісейін, жетіспейін, бірақ, қазақ боп туған соң сүйегім туған топырақта қалса соған да ризамын. Сондықтан өз жолыңды тапқайсың, күн көсем!

Мынаны естігенде нөкерлері қол-аяғын тұсаулаған арнаулы киімге қарамай ақынға жабылуға ұмтылысқанда оларды көсем тоқтатады.

Көсем: Жетеді! Жарамсақтанбаңдар бәрің де! Менің бүгін бір нәрсеге көзім жетті – жалған патриоттықпен жарға жығылуымыз оңай екен. Ендеше, мен жалғанды жамап-жасқайтын емес, керісінше оның айран-асырын шығарар шыншыл нөкерлер іздеуге мәжбүрмін. Солай, сарбаздарым! Мені іздесеңдер болашақтан іздеңдер. Иә, сәт! Революция үшін жан пида!

Олар топырласа сыртқа беттегенде Ақын мен Қызметкер соңдарынан көз жазбай тұрып қалады.

Ақын: (ойлана тұрып-тұрып) Иә, қызметкер дос, шындық пен жалғандықтың арасын айырмайынша береке өз қасиетінен жаңылған. Ал, бүгінде шындық не дейді? Шындық біздің шын тоқырауды бастан кешіп жатқанымызды көзге шұқып көрсетеді. Көсем бұл жағынан дұрыс айтады: рухани әлемнің қабырғасы қақырағаны әмбеге аян дүние. Бұл тұрғыда күл үстінде қыт-қыттаған тарғыл тауыққа ұқсап қалғанымыз талас тудырмаса керек. Тек, рухымыз өлмесін деп тілейік. Ол үшін біз де тізе қоса майданға аттануымыз керек! Келісесің бе?

Қызметкер: Әлбетте, бауырым! Әсіре қызылға алданып, жалғандықтың жағасын жыртпасақ жарастық сән бермес. Осыны адамдарға жеткізейік. Жүр, бауырым, енді аялдамайық.

Ақын: Сөйткеніміз абзал. Иә, сәт!

Жарық сөне береді.


Сегізінші көрініс


Аула бос. Жайшылықтағы абыр-сабыр сап басылған. Тек, олай бір, былай екі жүгіріп өткен ақ халат киген дәрігерлердің сұлбасы көрініп қалады.

Сәлден кейін сахнаға Қызметкер шығады. Жүрісі жымысқы, жүзінде алаң бар.

Қызметкер: Басталды! Ұлы Қазан төңкерісінің жаңғырығы қазақ жеріне қайта жетті. Қазір социалистік лагер капиталистік алпауыттың от бүріккен ауызына су бүркуге әрекет жасауда. Лапылдаған жалынды, бәлкім, сөндіре алмас та. Дегенмен бүліншілік соңында бүлдірушілік жататынын ұғар санаға сездіре алса мына көтерілістің өз мақсатына жеткені. Әйдә, Көсем, шабын, шабынып қал!

Алақанын ысқылайды.

Қызметкер: Әттең қаруым жоқ. Қолыма автомат беріп қойса күпінгендердің талайын тырапай асырар едім. Сонсын... сонсын жайлы орынтаққа Ақынды отырғызар едім. Ақын жақсы адам. Ең бастысы онда жүрек бар, сезім бар. Жүрегі бардың елге саясы көп, сезімі бардың жұртқа ықыласы суымаған. Міне, осындай азаматтарды хан көтерсек несі айып!? Ешқандай айыбы жоқ! Ел сонда ғана ел атанады, жұрт сонда ғана береке-нәсіпке қарық болады.

Әрлі-берлі ойланып жүреді.

Қызметкер: Ал, мен ше? Сонда мен ненің құлағын ұстамақпын? Қандай билік өз шылбырын тарқата мені тосып тұр? Әлде, бәрі есекдәмеге сия ма? Сыйсын-ақ. Лауазым тұтқасын ұстамасам ұстамай-ақ қояйын. Көрдім ғой азды-көпті қызықты. Бәрінің баянсыз екенін де сезіндім. Қалған өміріме сол да жетеді. Тек, Ақын аман болсын! Тек, Алла соған таупық берсін!

Есірік шалғандай жан-жағын қарманады.

Қызметкер: Жоқ! (Шаңқ етеді.) Менің айтып тұрғанымның барлығы жәй далбаса! Кешегі жан алғыш заң қызметкерлері, мына қол бастаған Көсем тұрғанда билікте Ақынға орын жоқ! Олай болса мен ең әуелі солардың көзін жоюым керек! Қалай? Оны қазір табамын.

Басын қос қолдап қыса жүрелей отырады. Ойланады. Сәлден кейін орныннан атып тұрады.

Қызметкер: (қуана) Таптым! Мен амал-айла таптым! Мен қазір бәрін өртеп жіберемін! Жындыхана да, жындар да, Көсемдер де – бәрі, бәрі құриды сонда! Сонсын жаңа буын дүрмек дүниенің кілтін қолына алады. Олар кілт алды дегенше тірлікке жаңа леп кірді деп есепте. Сол леппен дүние қайта жаңғырығады! Жан алғыштар мен жандайшаптар жойылады! Жасасын, бостандық! Жасасын жаңа өмір!

Жүгіре басып шығып кетеді. Қолына бензин құйылған конистр ұстап қайта оралады.

Қызметкер: Аулада тұрған машинадан ұрлап алдым. Жүргізушіге рахмет, есігін ашық қалдырып кетіпті. Мен енді мына баспананы өртеймін! Сөйтіп жаңа өмірге баспалдақ қалаймын! Бөккендер мен бөріткендер осы өртпен қоса жоғалады. Дүние қайта жаңарады. Айналаға теңдік орнайды. Иә, сәт!

Конистрдегі бензинді жан-жағына шаша бастайды.

Қызметкер: Біз енді қапастан босаймыз, Ақын досым! Бұдан былай бостандық ауасын жұтатын боламыз сен екеуміз. Жасасын, бостандық!

Жан қалтасынан шырпы шығарады.

Қызметкер: Мен ертеңімді ойлаған азаматпын. Қаншама тексере жүріп дәрігерлер мына сіріңкені таба алмаған. Тығып қойғанмын. Енді, міне, кәдеге асты! Бұған да шүкір...

Ол шырпыны тұтатып, маңайына от қояды. Сахна төріндегі экраннан лаулаған жалын көрінеді. Сонда ғана көңілі жайланғандай айқай салады.

Қызметкер: Біз енді азаттықтың ақ туын құлатпаймыз! Ақын досым, осының бәрі сен үшін! Мен сені билік басына алып шығамын! Сөйтіп біз бақуатты тірлік кешеміз!

Өз күйбеңімен өзі болып жүріп өрт арасына Ақынның кіріккенін байқамайды.

Ойында ештеңе жоқ, сахнаға бір бұрыштан шыққан Ақын алаңсыз. От ортасында өлеңін оқып тұр.

Ақын:

Алағай заман, бұлағай...

Өзегін құртқа өргізген

Бәйтерек қалмас құламай.

Қайыстай қатқан кер тірлік

Кенезесін бір жібітпей

Шалжияр төрде құдадай.

Ұлдары теңдік таппаған,

Қыз – жәудіреген құралай.

Ұшпа жел шықса үрпиіп,

Жанарын қалмас шыламай.

Бәсіре тартар бәс тігіп,

Қисайса кетер қастығып

Қарадан, қалқам, жүр абай.

Қанатын қыран қаға алмай,

Жанатын алау жана алмай,

Ұлыған қасқыр ордасы

Шабаланар қарпып қабардай.

Қайраның қайда қарсылар,

Тырағай уақыт, тырағай.

Бұза алар бәрін шамаң жоқ,

Жаратқанға тек бас иіп

Тәңірден медет сұрағай...

Құлағына жеткен Ақын дауысынан селк еткен Қызметкер жанталаса айқай салады.

Қызметкер: Кет, Ақын, кет! Сен оттың ортасында қалдың. Бас сауғала дедім ғой, байғұс, бас сауғала!

Айнала қып-қызыл. Ып-ыстық ауаға балбырағандай Ақын міз бағар емес.

Қызметкер: (өз басын өзі тоқпақтайды) Өртенді-ау! Бітті-ау бәрі де! Осының бәрі кім үшін еді!? Ақын үшін болатын. Ал, ол... Ол жалын ортасында қалды!

Қызметкер жерге жата қалып аунай бастайды.

Қызметкер: Бәрі бітті! Енді маған тірлік жоқ! А-а-а!!.

Дүние жаңғырыға сақ-сақ күліп тұрады.

Шымылдық.

author

Төкен Әлжантегі

Жаңалықтар

Атырауда 5-қабаттан құлаған бала жансақтау бөлімінен палатаға шығарылды, деп хабарлайды madeniportal...

Жаңалықтар

Ақтауда кәмелет жасына толмаған қыздардың соққыға жығылғаны видеоға түсіп қалған, деп хабарлайды mad...