Біз елден шыққанда күн де сәскелікке жақындап еді. Ұшпалы сұр бұлттар көшкен керуен сықылды, тіркесі...
Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)
Бірінші бөлім: Көсемнің қажеттігі
1999 жылдың тамыз айының басында Республикалық Ұланның қолбасшысы болып қызмет етіп жүрген кезімде, Елбасына сұранып кірдім. Ол кісіге барғанда сол Ұланның керекті шаруаларымен қатар енді бір айдан кейін қыркүйек айында 60 жасқа толатынымды, содан кейін зейнетке шығу мәселесін сөз еттім.
Ол уақытта ер адамдар зейнетке 60 жастан шығатын.
- Зейнетке шығатын жасым тақады, енді абыроймен солай қарай бетбұрсам деймін. Бұл – бір. Екіншісі – мерейтойыма орай жолдастарға, достарға, ағайынға шай бермек ойым бар. Оған сізді де шақырмақшымын, қалай қарайсыз, Нұреке, - дедім.
Ол кісі:
- 60 жас – ол жай жас емес, шай бергенің дұрыс та шығар, мені шақырсаң, әрине, барамын. Ал әлгі зейнетке шығу жағын ойлану керек екен. Неге сонша асықтың? Тәжірибелі адамдардың барлығы демалысқа шығып кете беретін болса – елімізде кім жұмыс істейді деп ойлайсың, өзің айтшы. Бұл мәселені саған да, маған да асықпай тағы ойланып қарау керек. Жақсы ма? - деді.
Сөйтіп не керек, қазан айы ма, әлде қыркүйектің аяғы ма – телефоным шылдыр ете түсті. Елбасының телефоны екен.
Жауап беріп едім:
- Сен осы әскер қатарында қызмет еттің бе, - деді.
- Мен тура қазір де әскер қатарында емеспін бе, - деп жауап бердім.
Ол кісі үндемей телефонның тұтқасын қоя салды. Қазан айының ортасында мені өзіне түскі үштердің кезінде шақыртып алды. Келдім. Бірден әңгімені бастап кетті:
- Сені Қорғаныс министрі етіп тағайындаймын. Осы жұмысты өзің қолға алсаң деймін. Қалай қарайсың? – деді.
Мен ештеңе түсінбей қалдым. Дегенмен өзімді бекем ұстап мойныма артылғалы тұрған жауапкершілікке сол сәттен бастап ұқыптылықпен қарап, ықтиярлылық танытуым керек екендігін түсіндім де, бірден сенімді әрі батыл кейіппен өз ойымды төмендегіше жеткіздім:
- Маған сенім артып тұрған болсаңыз, әлбетте сіздің сеніміңізді қалай болғанда да ақтау – міндет емес пе, Нұреке, - дедім.
- Келісесің бе?
- Келісемін.
- Ондай болса кіріс жұмысқа, - деп мені солай қарай бағыттап жібермесі бар ма.
Міне осылайша Қорғаныс министрі болып шыға келдім.
Кейін ойлап қарасам – әскер қатарында қызметте болдың ба деген сұрауының мәні – сол орынға кандидат іздеп жүргендігі болған екен.
Елбасының кез-келген істі, жоспарды әріден ойлап, асықпай толғанып, бір түйінге келетін әдеті. Сол мінезі өзіме ерекше ұнайды. Бетің бар, жүзің бар демейді, жақсы болса жақсылығын, жаман болса жамандығын бетіңе айтып салатын бірбеткей адам.
Менің ия, қазір де әскер қатарындағы адаммын деген жауабыма телефон тұтқасын қоя салған кезде кандидат іздеп жүр екен деп ойламаппын ғой. Тіпті не ойларымды да білмедім.
Ол уақытта еліміздің экономикасы, тұрмыс жағдайы, әл-ауқаты мәз емес болатын. Халық жағдайы қазіргімен салыстырғанда әлдеқайда ауыр еді. Тіпті жарық, азық-түлік тапшылығы да кейбір өңірлерде кездесіп жататын. Қорғаныс саласына барған кезде де осындай тапшылыққа көзім жетті.
Қорғаныс министрлігіне барған бірінші күні ешкімді танымаймын, біреуінің негізгі лауазымын, қызметін білмеймін.
Сағадат Қожахметұлы Нұрмағамбетов деген азамат болды. Ол кезде зейнеткер еді. Сол кісіні ғана білетінмін.
Қасымов деген азамат жеті-сегіз ай министр болған. Ол кісі сол уақытта шетелде жұмыс істейді екен.
Қысқасы не керек, Елбасы мені арнайы таныстырып, министр етіп тағайындап, кешке қарай жаңа қызметкерлеріммен жеке қалдырып кетіп қалды. Бірден жұмыспен таныса бастадым. Қоңырау шалмақшы болып телефонның тұтқасын көтеріп қалсам еш дыбыс шықпайды. Таңқалдым. Шынымен, бір де бір телефон жұмыс істемейді екен. Өз көзіме өзім сенер емеспін. Күн ұясына батар кезде сол Қорғаныс саласының басшыларынан:
- Неге телефондар істемейді, - деп сұрадым.
Ол кісілердің маған берген жауаптары:
- Қаражат жоқ, сондықтан да телефондар істен шыққан - деп қояды.
Кешкісін менің ұялы телефоным шырылдап қоя берсін. Көтерсем, Президент әкімшілігінің құжаттама бөлімінің қызметкері:
- Міне, сізбен Нұрсұлтан Әбішұлы сөйлеседі, - деді.
- Тыңдап тұрмын!
- Сәке, сен ана Қорғаныс саласына бармай жатып жұмыстан кетіп қалғаның не? – дейді. Президенттің дауысы салқын шықты.
Мен аң-таң күйімше жеделдетіп жауап беріп жатырмын:
- Нұреке, ол не дегеніңіз, мен табан тіреп жұмыста, кабинетте отырмын. Әлі қозғалғам жоқ мына жерден. Жұмыс бастан асып жатыр, қайда кетейін, - дедім. Шынымды айтқаным жүрегіне жетті ғой деймін.
- Енді неге телефондарға жауап бермейсің, - дейді.
- Мұндағы телефондар қаражаттың жоқтығынан істемейді екен, - дедім.
- Ой-бой, аман болғырлар. Қорғаныс министрлігіндегі телефондар істемесе – онда жағдайымыз жетіскен екен! Не болғанымыз енді, - деп тұтқаны қоя салды Президент.
Осы кішкентай мысалдың өзі әлгі кезде орын алған ауыр жағдайды толық сипаттап береді. Шынымен сол кезде халықтың басына қиын күн туындаған кез еді.
Министрлікте бұрыннан үзілмей келе жатқан жұма сайын таңертең министрліктегі жоғары лауазымды қызметкерлер жиылып, болған жай-жапсарды министрмен бірігіп талқылаудан өткізетін қалыптасқан тәртіп бар екен.
Сол тәртіп бойынша ертеңгісіне таңертең маған бір орынбасарым:
- Біз апта сайын осындай шағын жиналыс өткіземіз, дәстүрге айналғалы қашан, бірақ сіздің бармай-ақ қоюыңызға да болады, - дейді. Мені аяғансып тұрғаны.
- Ә, неге бармайды екенмін, міндетті түрде барамын ол жиналысқа, - деп қарсы шықтым.
Әлгі жиынға бардым, ынта қойып ыждағаттылықпен барлық сауалдарын, жауаптарын таразылап тыңдап шықтым.
Әр саланың бастықтары, қызметкерлері бірінің сөзі бірі іліп-ала жөнеліп сөз алып, сөз беріп, бірі-бірін тыңдап, бірі-бірінің сұрағына жауап қатып қызу талқылау жүргізді.
Содан сөз кезегі Дәрігерлікқызмет саласының бастығына жетті. Бұрын БАҚ-нан: Әскердегі сарбаздар бірін-бірі ұрып дедовшина жасайды екен дегенді жиі естуші едім, сол есіме түсіп әлгі бастыққа сауал қойдым:
- Сізде емханаңызда емделіп жатқан науқастардың саны қанша. Олардың қайсысы қандай аурумен сырқаттанып жатыр? Хирургияда қанша адам жатыр? - деп сұрақ қойдым.
- 17 адам, - дегені әлі есімде.
- Барлық Қарулы күштерден осынша адам ба? - дедім, - жақсы, олай болса қандай ауру көбіне сіздің мазаңызға тиіп жүр, - деп қайыра сауал қоямын.
- Бізде бүкіл Қарулы күштердегі жеке құрамның 29,7 пайызы ауру. Көбіне тері аурулары, - дейді әлгі әскери дәрігер көзі бақырайып.
Тері аурулары дегенді естігенде денем түршігіп кетті. Мұнысы несі деп қоямын. Ал басқалары бұл бір үйреншікті жәйіт сияқты мойындарын төмен салып, міз бақпай отырған күйі. Сонда Қарулы күштің үштен бір бөлігі әскери қақтығысқа жарамсыз болғаны ма?
Қарап отырып күйіп кеттім.
- Неге олай, ол не деген сұмдық? Қайдан шыққан бәле? – деп сұрақты өрбіте бердім. Әлгі әскери дәрігер еш саспастан кәдуілгі қазір адам еті үйренген қан қысымы немесе тымау ауруын айтып тұрғандай:
- Оның себебі – дизинфекция жасайтын, жалпы тазалағыш, жуынатын жабдықтардың жетіспеушілігінен, содан барып түрлі микропаразиттердің әсерімен сарбаздар түрлі тері ауруларына шалдығуда, - деді мізбақпастан.
Ішім күйіп барады. Бірақ бұған не дей аламын. Дәрігер шындықты айтып тұр емес пе.
Сосын тұрып жан-жағыма қарадым:
- Қаржы-экономика бөлімін басқаратын орынбасар кім? - деп дауыстап сұрадым.
Халиков деген жігіт екен, орнынан тұрды.
- Бұл қалай? - десем.
- Қаржыландыру жоқ, - дейді төмен қарап.
- Қалай қаржыландыру жоқ, қазір қазан айы, жылдың басы болса бір сәрі, енді келеді дейтін, - дедім.
Иә, қайда барсаң да алдыңнан бір қырсықтың шығатыны шындық. Бұл істі де далада тастауға болмайтынын ойлап, бел буа кірістім. Не керек, сол жерде жедел сарапшылар алқасын құрдым.
Біріншіден – министрліктегі қаржыландыру саласы неге мұқтаж, ертеңіне бәрін тағы мұқият қарап, осы мәселе жөнінде істі бастауды өз мойныма алдым. Екіншіден – әлгі құрылған сарапшыларға ақшаның қайда кетіп жатқанын, қандай мұқтаждыққа жаратылғанын мұқият тексерткіздім.
Құрылған сарапшылар құрамын жете тани да бермеймін, бірақ енді өз істеріне тыңғылықты-ау дегендерін түгел сарапшылар құрамына кіргіздім.
Олар оншақты күн ішінде тексеру жұмысын аяқтады. Қажетті деректерді тізіп, көрсетті, керегін анықтады.
Нәтижесінде осындай орын алған қатерге еш іс-шара қолданбай, жайбарақат жүрген орынбасардан бастап, басқа да біраз жоғарғы лауазымды адамдар қызметінен алынды. Босатылған орынбасалары бар, басқасы бар жалпы саны – 7 болды. Өзіме қарсы наразылықтар күшейе түсті. Ішім сезеді. Қарсылық қаншалық серпімді болса – соншалық басыңа пәле төндіріп, ертеңіне арыз жазылады.
Ендігі мәселе – орынбасарды қызметінен босату Президенттің құзырында болғандықтан, сол кісіге хат жазу керек болды. Елбасыдан шешім келгенше орынбасарымды уақытша жұмыстан шеттеттім..
Қорғаныс саласындағы бірінші жұмыс күнім, міне осылай қарбалас қым-қуыт шаруамен басталған болатын.
Қай жағыңа қарасаң да жетіспеушілік, кемшілік, атүстілік адым ашқызбайды. Ойлай берсең қан қысымың көтеріледі. Тәуелсіздікке қол жеткізген халықтың басынан қиын-қыстау кезең арылмаған уақыт. Әлі даму-жетілу кезеңінің тек бастапқы ғана кезеңі болатын. Енді-енді аяқ басып жүрген сәбише қалт-құлт етіп жүрген кезіміз еді. Ол кездегі халықтың хал-ахуалы нашар болды, көңіл-күйі де төмен.
Жалақы берілмегеніне екі-үш айдан асқан. Зейнеткерлер зейнетақысын ұмытуға айналған. Халықтың көбі пәтерсіз, жатақхана жалдап тұрады. Жатақхананың өзі де жетіспейді керек десеңіз. Ол кездері жарықтың жиі өшіп қалатын уақыты болатын. Тіпті кейбір кішігірім қалалардағы халық сол кәдуілгі көпқабатты үйдің алдына қазақи пешті соғып жіберіп, тамақты сонда даярлайтын. Будақтаған түтін көше бойын алып жатады. Құдды өзіңді жайлауға келгендей сезінесің. Қазір тіпті адам айтса нанғысыз осындай ауыр күндердің өткені шындық.
Ұшақтар да ұшпайтын, танктер де мұражайдың экспонатына ұқсап, қатқан күйі тұра берді. Кәдеге жарап жатқандары шамалы.
Осындай тар жол, тайғақ кешу заман жалғыз адамның емес, жалпақ халықтың басынан өткендіктен бе, әлде шынымен бұл қасірет аз уақыттың ішінде аяқталды ма, тез ұмытылып кетті.
Тез ұмытылып кетті деймін-ау бәлкім ұмытылмаған да шығар. Жалпы халық ештеңені ұмытпайды ғой. Бәлкім көнекөз қариялардың жадында бұл қиын кезең әлі де сақтаулы шығар.
Есімде, қараша айында Қауіпсіздік Кеңесінде Қарулы күштерді реформалау мәселесін тыңдайтын болып шешім шығарылды. Сол тыңдау басталғанға дейін қарап отырған жоқпын. Барлық горнизондарға тағы да барып жағдайларын пысықтадым.
Сарбаздардың жалақысы төмен, оқ дәрі мүлде жоқ, тіпті киімдері де ескі-құсқы, әбден тозып, таусылған. Тағы да оған себеп – алатын қаражат жоқ.
Қыс болса қылышын сүйреп ол келді. Қараша айында солтүстік өңірлерде қыс болғалы қашан. Ал әскердің дені көбі солтүстік шығыс жақта орналасқан емес пе.
Кеңес үкіметі кезінде әскери доктрина бойынша әскерлер ол кездегі Қытаймен шиеленіскен жағдаятқа байланысты соларға қарсы тұруы үшін Қазақстанның солтүстік шығысына шоғырланған болатын. Бірақ енді тәуелсіздік алғанымызға 7-8 жыл болды. Сондықтан бұл істі де қалпына келтіру керектігі ойымнан шықпай жүрді.
Тәуелсіздік алғанымызға осынша жыл толғанына қарамастан Кеңес заманы кезінен қалыптасқан осындай жағдай әлі де өзгермеген.
Горнизондарға барып, жоғарғы лауазымдағы, төменгі лауазымдағы қызметкерлердің бәрімен жеке-жеке танысып, жағдайды егжей-тегжей баяндап беруін талап еттім.
Барлық орын алған мәселелермен мені таныстырды. Көрерімді көріп, білерімді біліп алдым.
Қауіпсіздік Кеңесінің жиылысы біздегі жоғарғы басшылардың барлығына арналған. Ол жиылысты өткізетін – Елбасы. Бұл отырысқа еліміздің үш кәсіби генералын алып бардым. Сұрақтарын Елбасына жеке-жеке қойсын, қиындықтарының басын ашып айтсын дедім.
Осы жиналыста мен Қазақстанның Қарулы күштерінің жағдайын саралап, оларды қандай жолдармен реформалау керектігін баяндап беруім қажет еді.
- Аса мәртебелі Президент мырза!
Сіз мені Қорғаныс министрі қызметіне тағайындағаннан бері сарбаздармен де, офицерлермен де, генералдармен де жеке-жеке жүздестім. Еліміздегі Қарулы күштердің жағдайымен толық таныстым. Әл-ауқатын, жағдайларын жақсы біліп алдым. Қорыта келе айтарым: Қарулы күштерді реформалау емес – қайта жасақтау (формировать) керек. Себебі, Қазақстанда Қарулы күштер жоқ!,- дедім.
Елбасы:
-Бір министр келеді – былай айтады, екіншісі келіп – былай айтады. Сонда бұл не болғандарың, а ?!,- деп кейіді.
Әлгі жерде мен:
- Міне өзіммен бірге осы отырысқа кәсіби генералдарды ерте келдім. Бұлар қарулы күштердің нағыз мамандарды,- дедім.
- Бұл адамдар нағыз шындықтан хабардар, қиын ахуалды жете түсініп жүрген генералдар. Мәселен, Әуе күшінің 98 пайызы жұмыс істемейді. Мына қарулы күштердің көбі жаяу әскерлер – екі жылға шақырылады. Бір рет те мылтық атпайды екен, керек десеңіз ең сорақысы – киімдері де жаңа емес, әйтеуір тамақ ішеді. Екі жыл болады да кетеді. Құдды кезекті демалыста жүрген қызметкерлер секілді. Еш жаттығу, оқу, тоқу деген жоқ. Ұйқы, тамақ, ұйқы тамақ. Бұл не сонда – қарулы күштер ме?! Әрине жоқ. Бұл сарбаздар әскер деңгейін көркейтердей еш білім алмайды.
Танктердің барлығы тоқтап тұр. Артиллерия да сондай жағдайда. Әрбір сала 98-99 пайызға дейін жұмыс істемейді. Осыған сүйеніп мен Қазақстанда қарулы күштер жоқ деп айтамын. Жалақы мүлде төмен. Қазіргі нарыққа сай емес, – деп өзімді әбден мазалаған мәселелердің барлығын Президенттің алдында жайып салдым.
Осы жыйналыстың нәтижесінде – алдағы уақытта жалпы ішкі өнімнің бір пайызын Қазақстан Қарулы күштеріне бөліп беретін болып Елбасының басшылығымен шешім қабылданды. Сол пайыздың шешімі бүгін де күшінде.
Осы уақыттан бастап, біз басқа елдердің де, НАТО-ның әскерлерімен бірігіп әскери жаттығулар өткізуге қолымыз жетті.
Қазақстан сарбаздарының жалақысын өсірдік. Бүкіл Тәуелсіз мемлекеттер достастығы елдерінде ең жоғарғы жалақы енді Қазақстан әскерінде болды. Алыста жүрген горнизон басшыларына, жоғарғы лауазымды адамдарға Астанадан жаңа салынған үйлерден пәтер алып бердім. Барлық жағдайларын жасауға бар күшімді салдым.
Шынын айтқанда, алғашқы үш айдай уақытта мен министр емес, құдды шаруашылық қызметкері тәрізді жұмыс істедім.
Үнемі жоқ алдымнан шығады, сол жоқты бар қылу үшін, барлық құралдар толық, киім, тамақ жеткілікті болу үшін осы мәселелермен үш-төрт айдай өзім жеке айналыстым.
Мені ешкім Қорғаныс саласында қолын жайып, құшағын айқара ашып, қол шапалақтап қарсы алды деп айта алмаймын. Неге екенін түсіндім – олар сыртымнан кәсіби маман емес, бұрынғы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің адамның қолынан бізді басқару келмейді деген әңгімелер айтып жүріпті.
Осыдан кейін генералдармен жеке-жеке жағдайларын біліп әңгімелесіп артынан жиналыс өткіздім. Сөзімде; «басты мақсатым –Қазақстанның Қарулы күштерінің жағдайын көтеру екенін түсіндірдім. Жетіспеген жерлерді толықтыру, бұрыс кеткенін дұрыстау қажет. Осындай жауапты жұмыс барысында маған Сіздердің – жоғары деңгейлі әскери мамандардың көмектеріңіз керек, бірге жұмыс істейік!»,- дедім.
-Бізде Әскери доктрина деген болады,- деп бастады сөзін бір
Генерал – Біз сол доктрина бойынша қызмет істейміз, өмір сүреміз. Әскери мамандығымызды шыңдаймыз,- деді.
- Шынында мен әскери маман емеспін. Маған двизияның не полктың штаттық күнтізбесін білу міндет емес. Ол үшін Сіздер барсыздыр. Мен жалпы саяси бағытта жұмыс істеймін. Мені Қазақстанның Қарулы күштерінің барлық жағдайын, саяси-экономикалық тұрмысын түзет, көтер деп жіберді Президент. Енді сол тапсырманы орындаймын, Сіздердің жағдайларыңызды түзеймін,- дедім.
- Енді Әскери доктрина жайында. Кеңес Одағы құрдымға кеткелі 8 жылдай уақыт болды. Осы кезеңде неге Сіздер Әскери доктринаны өзгертпегенсіздер, біреуін ғана қабылдағансыздар. Бұған қандай себеп? Көрші елдер, мәселен Ресей үшінші Доктрина қабылдап қойғалы қай заман.
- Келесі күрделі мәселе, қандай себеппен Қазақстан Қарулы күштерін толығымен елдің солтүстік шығысында ұстап отырсыздар? Отанымызда басқа да жерлер, басқа да аймақтар баршылық емес пе?! Оңтүстіктің, Батыстың, Шығыстың біраз жері, Орталық Қазақстанның аймағы сіздерге көптік етіп жатыр ма, әлде? Неліктен аталған аймақтарда бірде-бір сарбаз жасағы жоқ? Бұрын Кеңес Үкіметі Қытай Халық Республикасымен қарым-қатынасы шиеленісіп жүргенде әскерлерді, тағы басқа күштерді Қазақстанның Солтүстік Шығысына шоғырландырған. Бүгінде Қазақстанның ҚХР- мен қарым-қатынасы жақсы, достық жағдайда. Соған қарамай неге әлі күнге Қарулы күштерді сол жерде ұстап отырсыздар. Сіздер бұл жерде оншақты генералсыздар, өте тәжірибелі, білікті мамансыздар Екінші Басштаб деп ойлап қалуға болады. Сіздер қызмет етіп жүрген орган ЖТК – жалпы тағайындау күші (СОН-сила обшеге назначения) деп аталады екен. Негізі міндеттеріңіз – Басштаб пен әскерлери корпустың арасына дәнекер болу. Басштабтан түскен құжаттарды әскери корпустарға жіберу, керісінше корпустардың қағаздарын Басштабқа жіберу. Құжаттарды өздері тікелей бір-біріне жіберуге болмай ма? Сіздер, генералдар кәсіби маман ретінде менің сұрақтарыма дәлелді жауап беріп, осы ЖКТ– СОН-ның қажеттілігін түсіндеріп беріңіздерші,- деп сөзімді сұрақпен аяқтадым. Ешкім үндемейді, ұялғаннан төмен қарайды.
Осындай артық дүниелердің көзін жойып, кем-кетіктердің орнын толықтыруға ұйымдасқан түрде бар күшімізді жұмсадық.
Нәтижесінде бірінші Доктринаны қабылдадық.
Ондағы заңдарды өзгертуді қолға алдық. Әскерлер жайындағы қаражаттың жетіспеушілігін жою жөніндегі бұрыннан мазалап келе жатқан сұрақтардың шешімін таптық.
Тағы бір жағдай солдат, сержант, пропорщик, офицерлер құрамдарын тамақтандыратын асханаларды жекеменшік кәсіпкерлерге беру ісін көтердім. Әрине, қарсы болғандар кездесті. Дегенмен, бұл сұрақты да шештік. Менің ойымша, қазір де барлық әскери органдарда жекеменшік құрылымдар тамақ даярлайды.
Қорғаныс саласын реформалау мәселесі күн тәртібінен түспеді. Себебі әскерлер Солтүстік Шығыста ғана орналасқан. Ал басқа өңірлер бос. Сондықтан да басқа өңірлерді әскер құрамымен толықтырып, төрт округ құрдық.
Елбасына осы жоспар негізінде баяндама жасадық. Ол кісі қолдады. Оңтүстік округінің орталығы – Жамбыл облысында, Батыс округ – Ақтөбеде. Семейде – бұрынғы корпус болатын. Шығыс округі Семейде орналасты. Орталық округ – Қарағандыдан орын тепті.
Міне осылайша төрт округті құрып, оларға әскерлерді көшіріп-қондыруды бастадық. Бұл жұмысты бастау үшін алдымен Оңтүстік өңірлерге барып, әкімдермен бірге горнизон құратын жерлерді қарай бастадық. Оған инфрақұрылым керек. Ол үшін жататын жер болу керек. Тамағы, басқа да керек-жарақтарын толық қамту үшін алдымен Жамбыл облысында болдым. Ол уақытта Серік Әбікенұлы Үмбетов Жамбыл облысының әкімі болатын.
Айта кететін жәйіт – ол кісі барлық жағдайда мені қолдап, қоштады, көп көмек көрсетті. Тараздың өзінен жаңа ғимараттар бөлініп, сарбаздарға пәтер берілді. Бұл да Қазақстанның болашағы – жастар үшін жасалған игі іс еді.
Көбінесе тікұшақпен аралап жүріп жұмыс жасаймыз. Жанымда әскери адамдар болады. Орынбасарым Амрин Госман Каримович деген азамат бірге болатын сол кезде. Қазір ол жоғарғы лауазымды қызметте жүр. Айта кететін жәйіт: Госман Амрин әскери адам болмаса да өте жан-жақты, білімі жоғары, нағыз интелектуал азамат. Адамгершілігі мол. Менен әлдеқайда жас.
Бұл жолы жанымызда Басштабтың, қаржы экономикасы департаментінің қызметкерлері болды. Біз горнизон құрып жүрген кезімізде тікұшақпен ұшып, әр аудандарды араладық. Сөйтіп екі жерден горнизон құратын болып шештік. Оған да үлкен материалдықкөмек берілді. Бір күн Жамбыл облысында болып, ертеңіне Оңтүстік Қазақстан облысына қарай ұшатын болдық. Ол уақытта Шымкенттің әкімі – Бердібек Сапарбаев:
- Шет елге іссапарға кетіп қалған едім. Бірер күнге шегере тұрсаңыздар. Сіздерді өзімнің қарсы алғаным жөн болар еді, - деп қоңырау шалды.
- Рахмет. Әуре болмаңыз. Біз Сізге қонақ емеспіз ғой. Орынбасарыңызға тапсырсаңыз болды. Өзіміз көреміз ғой, - дедім.
Бекең өте үлкен ілтипат көрсетті. Жұмыс жайын толығымен орынбасарларына тапсырыпты.
Бұл 2001 жылдың 19 қаңтары болатын. Күн аязды, шыңылтыр, жерде қырбық қар бар. Шаруашылықтың күйзеліп тұрған уақыты. Онсыз да бір қолын екі ете алмай жүрген облыс басшыларына салмақ салудың не қажеті бар, өз ісімізге өзіміз жауап берейік деген оймен, шешінген судан тайынбас дегендей, ойға алған ісімізді бітіруге жан-тәнімізбен кірісіп кеттік. Таңертеңгілік бір топ кісі Тараз қаласының аэрапортына келдік. Енді Шымкент қаласына бет алуымыз керек. Келсек:
- Тікұшағыңыз ауысты, – дейді кезекші.
- Ә, неге? – десем.
- Басшылық солай бұйырды, – дейді.
Ол уақытта авиация саласын генерал Мұхтар Алтынбаев басқаратын. Алдында сол кісі министр болған. Орнынан түскен соң біраз уақыт жұмыссыз жүрді. Осы авиация саласына қызметке бос жүрген кезінде өзім шақырған болатынмын. Содан бері осы қызметте отырған болатын.
Алдында мініп жүргеніміз басқа тікұшақ болған, кейіннен оны өзге тікұшаққа ауыстырып қойыпты. Әлбетте ол күндері жаңа тікұшақтар қолымызда жоқ еді. Енді осылай істеуіне бір себеп болған шығар, деп іштей ойлап, ештеңеден күдік алмай әлгі ауыстырылған тікұшаққа отырдық. Жанымда бір топ әскери қызметкерлерім бар.
Леңгір ауданының орталығына арғы қапталынан қонуымыз керек болды.
Тікұшақтың ішінде неге қажет екенін білмейміз, 700 литрдей керосин болды. Одан өзге он бір адам, үш генерал, Оңтүстік округтің басқарушысы бар. Бізді бастап жүрген білікті мамандар тағы бар. Қонатын жер таба алмай екі сағаттай айналып, ұшып жүріп алдық. Леңгірдің үстінен ары өтеміз, бері өтеміз, жерде адамдар ары-бері жүгіріп жүр. Жас офицерлерге: барыңдар ұшқыштарға көмектесіңдер дедім.
- Ал, жігіттер абай болыңдар, масқара болғанда біз құлап кетіп жүрмейік, - дедім.
Осы сөзді айтып ауыз жауып үлгергенім жоқ, аптыр-топыр жерге қарай құлдиладық. Ары қарай не болғанын білмеймін. Есімнен танып қалыппын. Тікұшақтан құлау кімге де болса оңай тимейтін шығар.
Көзімді ашсам, серіктерімнің барлығы жерде шашылып жатыр.
Үстінен пышақпен кескендей тікұшақтың жартысы көрінбейді, быт-шыт болған.
Сол сәт жанармай аға бастады.
Тікұшақтың атылу қаупі туды. Бұл қауіптің алдын алмаққа есікті ашып асыға жапа тармағай сыртқа ұмтылдық.
Леңгірден майда балалар жүгіріп жиналып қалды. Айнала толы адамдар. Құдды бір көрініс тамашалауға келгендей.
Ұшақтағылар жан-жаққа бытырап құлаған. Арасында өзіміздің офицерлерден бір адам қаза болыпты.
Айқай-шу. Сырт көзге заман ақыры келгендей. Біреуді біреу еститін емес. Біраз кісілер ауыр соққыдан жарақат алған. Біразы жедел көмекке зәру.
Тікұшақтың құлаған жерінен шамамен бес метрдей жерде үлкен құз бар екен. Егер біз 5-ақ метр жерге тағы ұшып, сол құздан ары асқанымызда арамызда бір де бір жан тірі қалмас еді. Барлығымыз мерт болар едік.
Ресейде, басқа да мемлекеттерде сол уақыттары ұшақ, тікұшақтар құлап, түрлі оқыс оқиғалар болып жатыр деп естіген едік. Бір адам да тірі қалмайтын көрінеді. Себебі, анау винт айналған кезде 900 градусқа дейін ыстық көтеріледі екен. Ондай келеңсіз оқиға Қазақстанда орын алды. Тәңірге мың да бір рахмет, жанымыз қалды әйтеуір. Әлі алда көрер жарығымыз бар екен деп тәубемізге келдік.
Сөйтіп 2001 жылдың 19 қаңтарында бір ажалдан аман қалдық. Жігіттер қалжыңдап біз бүгін қайта тудық деп жүретін. Арамызда не себепті біздің тікұшақ ауыстырылды деген сұрақ көтеріле бастады.
Сөйтсек, бізді мінгізген тікұшаққа бұрын жөндеу жүргізіпті. Жөндеу жұмысын жекеменшік құрылым жүргізіпті. Бұл жекеменшік орын жоғарғы лауазымды адамдардың құрылымы деп естідік.
Бізге әлгі винттің жанындағы құрал қалай жасалғанын анықтау керек болды. Ол уақытта, қазірде де тікұшақтар Қазан қаласында жасалады. Қалған тікұшақтар осы күнге дейін Ресейдің тікұшақтары.
Аяқ астынан тікұшақтың құлау жағдайын анықтау үшін Ресейге экспертизаға әлгі тікұшақты жіберуді ойласақ – оған 2 миллиондай қаражат керек екен. Ондай қаражат министрлікте қайдан болсын. Басынан тартсаң аяғына, аяғынан тартсаң басына жетпей жатқан кемтар дүниеден құтыла алғанымыз жоқ. Менде 2 миллион болса онда әскерімді жаңа қарумен, жақсы тамақпен қамтамасыз етер едім ғой.
Сосын, құрысын ондай қаражат бізде жоқ, бәрі тәңірдің қолында ғой деп әлгі зерттеуді тоқтаттым. Сол уақытта Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Әлнұр Мұсаев еді, ол да дұрыс ауқымды тексермеді, тергеу жүргізбеді.
Тосын апаттан кейін жедел жәрдемнің алғашқы көмегін алған соң, алдымен болған істі Елбасына телефонмен баяндадым. Ауруханаға жатпай, қызметіме бірден кірісіп кеттім. Сол күні кешке қарай Сауд корольдігінде елші болып істейтін Бағдат Әміреев мырза маған телефон шалып: «Қалайсыз?.. Сізді Сауд корольдігінің ханзадасы Сұлтан Бен Абдель Азиз қоймай іздестіріп жатыр. Шетел радио хабарынан Сіздің тікқұшақ апатына тап болып, тікұшақтан құлағаныңыз туралы естіпті. Ол кісі тірі ме, әлде қаза болды ма?.. Менің үлкен сыйлас досым еді деп жер шетіндегі Мароккодан телефон шалып жатыр. Сол жақта сіздің берген сұңқарыңызбен құс салып, саятшылық құрып жүреді екен. Телефонын тауып беріңдер, сөйлесуім керек,- деп жанымызды тығырыққа тіреп жатыр», - деді бастырмалата.
Сонда әлгі ханзаданың достыққа берік, сөзге тұратын, адалдығына тәнті болдым. Жер түбінде жүрсе де баяғы аз күнгі дәмдес-тұздас болғанын ұмытпай, достық тілегін білдіргісі келіп, шарқ ұрып іздеп жатқаны жүрегімді тебірентті.
Мына тіршілікте пейілі таза, достыққа адал азаматтар аз емес екенін сезіп те, біліп те жүрмін. Осымен қатар ісі түскенде ғана қол беріп, бас иіп, ісі түспейтін болса ә, соны қойшы деп жүре беретін жарамсыз әдетіміз тағы бар. Мұны Абайдың да: «Әринемен ел кетті», - деп қабырғасы сөгіліп отырып айтып өткені мәлім.
Жоғарыда айтқанымдай, ол кезде халықтың тұрмыс жағдайы қиын болды. Қысқа жіп күрмеуге келмейтін. Қайда бұрылсаң да жетпейді деген сөз алдыңнан көлденеңдеп шығатын.
Тағы бір мысал келтіре отырайын. Өзім бұл қызметке қазан айында тағайындалдым, қараша айында тұрмысы ауыр отбасыларынан шыққан балаларға арналған Жас Ұлан мектебін аштық. Бір айдан кейін жұмыс істей бастады. Бұл оқу орнына бірінші Қорғаныс министрі Сағдат Қожахметұлы Нұрмағамбетовтің атын берген едік.
Жағдайы ауыр жастардың мектебі болғандықтан – жаңа жылдық шыршаға, тағы басқа да округтегі балаларға жәрдем жасау үшін қаражат керек болды. Керекті қаржыны басқа еш жерден таба алмағаннан кейін Алматыға ұлым Дәулетке қоңырау шалдым. Оның кішкене жекеменшік кәсібі болатын.
- Балам, сен маған жолдастарыңнан жи, өзіңнен қос, не қылсаң да мол етіп қаражат жібер, - дедім, - өмір болса кейін төлерміз, төлей алмасақ Тәңірден қайтар, жетім-жесір балаларға жасаған көмегің сені сауаптан басқа, жақсылықтан басқа күйге түсірмейді, - дедім.
Жиен қарындасым Гүлнәр Исахметқызымен бірге жұмыс істейтін, екеуі бірігіп 700 000 теңге жіберді. Ол уақытта ақшаның құны қазіргіден әдеқайда жоғары еді. Сол ақшамен балаларға мерекелік бағдарлама ұйымдастырып, сыйлықтар даярладық. Семейге, Алматыға 100000 мен 70000 арасында қаржы жібердік. Осылайша біз балаларға арналған жаңа жылдық мерейтойды мемлекет тарапынан ешқандай қаржы сұрамай-ақ жоғары деңгейде өткізіп бердік.
Ойға оралған тағы бір жағдай – түрлі қиын сәттерде адамның нағыз адамгершілік кейпі көрінеді. Бұл ғасырлар бойы дәлелденген ұғым. Бойында ізгі тағылымы мол азаматтар ортамызда аз емес.
Бір күні Түркияның президенті келетін хабары жетті. Елбасы қонақты қабылдайтын болып, министрлерге бәлен уақытта келесіңдер деген бұйрық берді. Кейіннен біздің жиналу уақытымызды өзгертіп жіберіпті. Сөйтіп мен кешігіңкіреп қалдым.
Ол уақытта қазіргі Ақ Орда емес, Есілдің оң жағалауындағы Президенттің Резиденциясындамыз. Келсем залда Нұрлан Балғынбаев тұр. Ол кезде ҚазМұнайгаздың басшысы болатын. Маған қалжыңдап:
-Ой, Сәке кешігіп қалыпсыз ғой, - деп қояды.
- Нұрлан бір уақытта өзің министр болдың, мен Ұлттық қауіпсіздік комитетінің басшысы болдым, өзің білесің, одан кейін де әртүрлі қызметтерде қатар жүрдік, менің осыған дейін өзіңді ренжіткен кезім болды ма? – деп төтесінен сұрақ қойдым.
- Жоқ, Сәке, әрине ондай жағдай болған жоқ, - деп жауап берді.
- Міне айтсам нанбассың министрдің мәшинесі жоқ. Жаман ескі мәшине оны да жалға алып отырмын, сол арба мені әрең жеткізді - дедім.
Осы жерде Нұрланның азаматтығын айтайын сіздерге. Телефонын алды да біреуге қоңырау шалмақ болды, сосын өзіме бұрылды:
- Қандай машинаны жаныңыз қалайды? – деді.
- Қалауыңыз білсін, - дедім.
Ол ары қарай қоңырауын шалып, Джип бар ма? деп сұрай бастады. Қарамағындағыларға: ертең барып ең жақсы деген Джипқа тапсырыс беріңдер. Соны дереу Қорғаныс министрлігіне жеткізіп бересіңдер деп тапсырды.
Ол кезде менің орынбасарымның біреуі Ғосман Амрин Кәрімұлы болатын, соған: Нұрлан Өтепұлы Министрлікке бір автокөлік берді. Соны жігіттер тезірек қабылдап алып, құжаттарын жөндеп, көлікті маған жіберсін», - деп айттым. Аздан соң Ғосман Кәрімұлы Көлікті қабылдауға сіздің төлқұжатыңыз керек», - деп хабарласты. Сөйтсем, көлікті менің жекеменшігіме беріпті. Кейін Ғосман сол көлікті Министрліктің меншігіне бір ай жүріп әрең аударғаны бар.
Сөйтіп Министрлік Нұрлан Балғымбаевтың жоғары адами қасиеттерінің арқасында жақсы көлікке қол жеткізді.
Нұрланды қатты сыйлайтын едім. Оның азаматтығына тәнті болатынмын. Кейіннен оның ешкімде кездесе бермейтін ерекше қайсарлығына да қайран қалдым. Ол былай болды:
Әлемге танымал киноактриса Одри Хепберн өзіне тоқ ішек обыры деген диогноз қойған дәрігерден: менің қанша өмірім қалды?,- деп сұрапты. «Үш ай ғана уақытыңыз бар.Өкінішке орай біздің қолымыздан ештеңе келер емес.. Төртінші кезеңге өтіп кетіпті...,- дейді дәрігер жасырмай.
- Үш ай! Қандай аз, үлгеру үшін асығуым керек!
- Неге үлгеруіңіз керек, мадам?
-Доктор, барлық өмірімді еске алып үлгеруім керек. Менің тағдырым өте таңғажайып болды. Қаншама дарынды адамдармен істес болдым. Солардың әрқайсысын ризашылықпен еске алу үшін үш ай аздық етеді. Сіз бар болғаны үш-ақ ай деп тұрған соң, мен уақытты өткізіп алмауым керек...,- депті.
Сол күннен бастап жанталаса жазып күллі өмірін қағазға түсіре бастапты. Тағдырдың қатал үкіміне еш өкінішсіз қарап өмірде көрген-білгенін, сүйгенін-күйгенін, өкінішін-өтінішін, азабын-тозағын, бәрін-бәрін қағазға түсіріп кітап етіп шығарып үлгеріпті. 1993 жылдың 20 қаңтарында 64 жасқа қараған шағында өмірден озыпты. Ұлы актрисаның «Жизнь, расказанная ею самой: Признание в любви» деген мемуарын оқып отырып есіме халқымыздың адал ұлы, белгілі мемлекет қайраткері Нұрлан Өтепұлы Балғынбаевтың қайсар мінезі түсті. Сол жолы соңғы рет көріп отырған екенмін...
Түрінен қатты ауырып жүргені сезілмеді. Әңгімеміз жарасып отырғанбыз. Бір кезде:
-Сәке, менің 4-5 айлық қана өмірім қалды. Қолымда барлық жағдайым болса да аурудың қай жағымнан келіп қалғанын білмей, уақытын өткізіп алыппын, кешіктім. Өмірімнің қалай өтіп кеткенін байқамай да қалдым...,- дегені.
Ешқандай ренішсіз, өкінішсіз тап бір кинодан көріп отырғандай айтқанда менің ішкі дүнием құлазып, жүрегім сыздап, тіпті тоқтап қалардай болдым. Өз ажалын осынша сабырмен қарсы алу кез-келгеннің қолынан келе бермес... Нұрлан Өтепұлының қайсар мінезді адам екеніне тағы бір көзім жетті.
2002 жылы Қорғаныс министрлігінің құрылғанына он жыл толатын болды. Сол мереке қарсаңында кей кісілерге қаржылай көмек береміз деген оймен қаражат жиған едік. Бұрынғы келісімшарт бойынша жер-жерден төленбей жүрген қаражаттарды қайтарып, қосымша әскери бөлімдерге және Министрдің барлық орынбасарларына мәшине алдырып бердім. Мен қорғаныс саласынан қызметтен кетерде Бюджеттік емес есепте менен кейін болған Мұхтар Алтынбаевқа 36 миллион теңге есепте қалды.
Жұмыс өз ретімен жүріп жатты. Үш ай өткен соң, бір іссапардан келсем, жұма күні болатын Президент әкімшілігінен қоңырау шалып:
- Дүйсенбі күні Елбасы жоғарғы генералитетті, жоғарғы лауазым иелерін, және өзіңізді – Қорғаныс Министрін қабылдайды, - деді.
Байқағаным генералдар өздері сұранса керек. Ол уақытта Генштабтың бастығы – Бақытжан Ертаев болатын. Ол кісімен де сөйлестім. Соңынан барып түсінгенім, олар өздерінің таныстары арқылы Елбасына шыққан және сол таныстары – мынау басқа саладан келген министр, біз оның жұмысына қанағаттанбаймыз деген ойларын айтқан, осыны Елбасына жеткізуді жөн көрген ғой бұлар деп түсіндім.
Кейін сол жиынға баратын бүкіл генералдарды ұшақ жіберіп алдырдым. Өзім дайындалдым, ертеңіне сенбі күні сағат онда министрлікте жиын өткіздім. Министрліктің барлық аппаратын, Басштабтың адамдарын залға жидым. Толды. Әлгі Елбасына баратын генералдардың барлығы келді.
Алдымен өзімнің атқарған жұмысымды түгел баяндап шықтым.
- Менің министр болып келгеніме үш ай толды. Жұмысқа енді ғана кіріскен кезімде сіздерге біраз нәрселерді қалпына келтіруге уәде берген болатынмын. Қазірде өз уәдемді орындадым деп толық айта аламын. Ең алдымен материалдық жағы – жалақы өсірілді, жылу берілді, тамақ, қару-жарақ мәселесі шешілді. Айтқандарымды орындадым. Егер жүзеге аспағандары болса – осы жерде маған қарсылықтарыңызды айтып, басын ашып алғанымыз жөн. Бір ұжымбыз. Ал ұжым барлық мәселені бірге шешеді емес пе? Ендеше ойларыңызды ортаға салыңыздар. Себебі ертең Елбасының алдына барамыз. Сондықтан жан-жақты сұраққа, оқыс жауапқа, неге болса да сақадай сай болайық, - дедім.
- Президенттің алдында сөйлейсіздер ме барлығыңыз, - деп сұрағанда;
-Сөйлейміз, - деді.
- Сөйлейтін болсаңдар, сөздеріңді аппаратқа тапсырыңдар, бірақ естеріңде болсын міндетті түрде сөйлейсіңдер, - дедім.
Сосын мен әрқайсысының тындырмаған тірліктерін, басқа жұмыстарын тізіп шындықты бетке баса бастадым. Оның өздерімен бетпе-бет отырып, ашығын сұрадым.
-Келісесің бе, осы рас па? – дедім.
-Рас, - деді.
-Сұрағың бар ма?
-Жоқ.
-Отыр.
Ұзын сөздің қысқасы, не керек, барлық жұмыстарын алдарына тізіп бердім. Осындай тірлік істеген жоқсың... мынаны тындырдың... осыған өзің айыптысың... мындай қателік жібердің... деп барлық орындаған-орындамаған тапсырмаларын айтып бердім.
Осы саланың абыройлы, лауазымы жоғарысы Қорғаныс саласына еңбегі сіңген генерал-лейтенант Федор Иванович Щербаков деген болатын. Ол Жалпы қорғаныс күшінің іспеттес бастығы. Сол тұрып:
- Министр мырза, айып етпеңіз, бірақ мен Президенттің алдында сөз сөйлемеймін, өзім солай шештім, - дейді.
- Неге?
- Сол, сөйлемеймін, рұқсат етіңіз, сөйлемеймін, - дейді.
Одан кейін жаңағы Бақытжанға дейін сөйлеймін дегендерің барлығы сөйлемеймінге бассын. Құдды бір жұқпалы дертке шалдыққан адамдарша.
-Мен келіспеймін, сөйлейсіздер. Дайындалыңыздар. Дайындалғанда да бар дайындақтарыңыз осы ғой. Барлықтарыңыз сөйлейтін болыңыздар, - дедім. Сөйтіп өзім қайтадан докладтарымды қарайлап, дүйсенбі онға белгіленген жиылысқа он бес минут қалғанда Елбасына кірдім. Ол кіcі:
- Бұл немене? – дейді.
- Нұреке, білмеймін. Сіз өзіңіз жиыпсыз? – дедім.
- Қалай өткіземіз?
- Енді мен соның басшысымын, өзіңіз тағайындаған министрмін. Сондықтан өзім баяндағаным жөн болар. Маған уақыт беріңіз мен сонша уақыт баяндама жасайын. Сосын олардан сұраңыз, немен келіседі екен, нендей мәселеге қарсы екенін айтып жауаптарын берсін, - дедім.
-Дұрыс, жүр кеттік, - деді.
Мен келгелі не атқарылды, кімдер өз жұмысына қандай жауапкершілікпен қарады, соның барлығын айттым. Екі генералды қызметтерінен босатуға ұсыныс жасадым. Белгілі бір себептермен әрине. Оны жұрттың көзінше айттым. Оларға сөз кезегі келген кезде ешқайсысы сөйлемей қойды. Елбасы:
- Сендер Министрдің айтқанымен келісесіңдер ме? – деді.
- Иә, бұл кісінің айтқанымен келісеміз. Ондай қателік бізде болды, - деп жауап берді барлығы.
Жиналыс соңына қарай Елбасы:
- Сұрақтарың бар ма? – деді.
Кім екені бүгінде есімде жоқ, генералдардың біреуі тұрып:
- Бұрындары Заместитель по тылу Тузиков болатын. Өзі генерал. Жұмыстан кетіп қалған еді. Соны қайтарып алсақ жұмысқа, - деді.
Сонымен Елбасы маған:
- Неге сен жұмыстан шығардың, - деді.
- Қызметке келгеннен кейін мен барлығымен таныстым, әрқайсысымен жеке-жеке сөйлестім. Әрқайсысының жобамен жетіспеген жерлерін, барлығын айттым. Онымен де солай сөйлестім. «Мынандай қателік жібердім. Мен айыптымын, жасым зейнетке келді. 40 жыл бойына осы Қарулы күштерде қызмет атқардым. Мен сізден өтініп сұраймын, мені масқараламаңыз, міне менің арызым, мен өз еркіммен зейнетке кетейін. Мына істі жарыққа шығармай-ақ қойыңыз, оның үстіне сырқатпын», - деп жалынып қағазын берді. Қол қойдым. Ол осылайша зейнетке кеткен болатын,- деп дәлелдедім.
Осы жайлардың барлығының беті ашылған соң Елбасы:
- Бұларың қалай сендердің? Ондай адамды неге сұрап отырсыңдар? Болмайды! Тағы басқа сұрақтарың, өтініштерің, ой-пікірлерің бар ма?
- Сұрақ жоқ.
- Онда міне, мына екеуін жұмыстан босатамыз, қалғандарың қазір боссыңдар. Енді сендердің министрлерің – Тоқпақбаев. Алдыңғы уақытта барлық мәселелерді осы министр арқылы шешіңдер. Ал егер келіспейтін тағы бір мәселелерің болса қазір айтыңдар, - деді.
- Ештеңе жоқ. Біз келісеміз. Барлығы дұрыс, - деп барлығы зар қақты.
Міне кезінде осындай бір жиылыс өткен болатын.
Одан кейін Басштабтың бастығын өзгертетін болдым. Себебі штаб нағыз соғысқа даярлайтын орган. Ол жерде бүкіл стратегияны, тактиканы, қандай жау болады, біз қалай оларға қарсы тұрамыз дегенді сол қорғаныс саласындағы жалғыз орган қарастырады. Ол жердегі өзіндік ерекшеліктер бар. Ал Бақытжан Ертаев болса ержүрек, батыр, жақсы командир, жазу жағына да шорқақтау, штабист емес. Елбасы маған:
- Ал енді оның орнына кімді қоясың? – деді.
- Нұреке, мен өзім сырттан келген адаммын. Ал мына Қорғаныс саласында лауазымды, жұмыс істей білетін адам болса жақсы болар еді, - дедім.
Ол кісі ойланып отырып:
- Сен Қасымовты аласың ба? Түркияда атташе. Әрі генерал-полковник. Атағы да бар, - деді.
- Алайын.
Сонымен Әлібек Хамидұлы Қасымовты келісіп Басштабқа бастық етіп алдым.
Бірақ ол кісіні мен жыға танымайтын едім. Жеті-сегіз ай министр болғанын білемін. Сонда сыртынан көргенім бар. Есімде қалғаны Үкіметтің кезекті бір жиылысында сөз сөйлеп өзінің шешендік қабілетінің мол екенін көрсеткен. Риза болғанбыз. Ол азаматтың жеке іс қағазын қарасам – ол төрт жылдың ішінде подполковник шенінен генерал-полковник шеніне дейін көтеріліпті. Төрт-ақ жылда! Космонавтта да ондай жылдамдық болмаған.
Осы жерде айта кететін бір жайт: сол 2000 жылдары подполковник шеніндегі офицер полковник шенін алу үшін тиісті деңгейдегі қызметті 5 жыл қалтқысыз атқаруы керек болатын. Қазір бұл мерзім 7 жылға созылды. Ал, мемлекеттік қызметкер қайтадан тағы да марапат алуы үшін 5 жыл қызмет жасауы қажет.
Мен өзім сүйікті Отаныма қалтқысыз қызмет атқарып жүріп генерал-лейтенант шенінен кейін генерал-полковник шенін 8 жылдан соң барып алғанмын. Сол жылдардың ішінде жоғары екі лауазымды қызметті қатар атқарған уақыттарым да болды.
Ғажап жетістік иесі, ерекше қабілетті генералдың біздің Басштабқа келетінін ойлап, қатты қуандым.
Соған байланысты ол кісіге «Қарулы Күштерді реформалау» жайында жұмысты тапсырдым. Үш ай уақыт бердім, одан кейін өз өтініші бойынша тағы бір ай уақыт қостым. Төрт айда да бітпеген соң мерзімін тағы бір айға создым. Сонымен жалпы саны бес ай болып – жарты жылға жуықтады.
Төрт-бес айдың ішінде сол үлкен жұмысты істей алмады. Мен де үндемедім.
Төрт жарым айдан кейін маған қағаздарын алып келіп:
- Реформаны жүргіземіз, бірақ ештеңені қысқартпаймыз себебі, кем дегенде бір жарым метр қашықтықта бір сарбаздан тұруы керек, - дейді.
Мен айттым:
- Генерал-полковник мырза, сіз Қазақстанның кең байтақ – жалпы көлемі 2,7 квадрат киллометр жеріне сонша әскерді қайдан таппақсың. Не бары 16 миллион адамның үш-төрт миллионы сарбаз болса соған рахмет айтыңыз, қалғандар жас бала, қарттар мен әйелдер емес пе, бұл баяғы Кеңес заманынан Сталиннің уақытынан қалған дүние, - дедім.
Ол кезде Қарулы күштер саласында кодированная войсковая часть (Кадра) деген болды. Бұл да Кеңес Үкіметінен қалған сол замандағы Қарулы күштердің соңғы жұрнақтары.
Бұл дегеніміз – қағаз жүзінде әскер болмайды, мәселен, девизия құрылады, дивизияға керекті қару-жарақ, құрал-сайман, көлік мәселесі, ғимараттар болады, яғни кішігірім горнизон. Соғыс болған жағдайда әскер қатарына шақырылатын адамдар тек тізімде болады. Мұндай горнизонда алпыс-жетпіс солдат, бір-екі офицер болады. Кеңес үкіметінен қалған сондай горнизондар өте көп еді. Соны реформалап көбін қысқарту керек. Ол бір жағы, екінші жағы шегара жақта кішігірім әскери бөлімдер орналасқан. Зайсан жақта, Алматы облысында Ұйғыр ауданының жанында, Жаркент жақта Панфилов ауданында болды. Басштабтың бастығынан: мұндай кішігірім горнизондар (бар-жоғы бір батальоннан аспайды) орталықтан алыс, ал шекараға жақын жерде не үшін керек десем:
-бұлар бізге Қытаймен соғыс бола қалса соның бас жағында соққыға төтеп беру үшін қажет,- дейді.
Мен тұрып:
- Генерал-полковник мырза, сіздің ойыңызша бар-жоғы 300- 500 адам сол Қытай деген ұлы мемлекеттің Қарулы күштерін ұстап тұра ала ма? Қанша әскерлері бар, қанша қарулары бар. Одан кейін біздің саясатымыз достық қарым-қатынасқа негізделген. Неге бізде соғыс болуы керек, керісінше соғыс болмауы керек. Одан кейін әлгі батальондарды тамақпен, жылумен қамтамасыз ету өте қиын,- деп түсіндірдім. Сөйтіп реформа жасап әлгі бөлімдердің барлығын қысқарттық.. Сондай жұмысты бастадық, әлгі кішігірім әскерилердің барлығын қысқарттық.
Сол уақыттарда Мәлік Сапаров деген жігітті Басштабтың орынбасары болып жүрді. Ол кезде Мәскеуде бүкіл Кеңес одағында ең жоғарғы оқу орны – Басштаб Академиясы болатын. Әлі күнге дейін солай. Соны Сапаров баяғы Кеңес заманында өте жоғарғы бағамен бітірген. Не керек Әлібек Қасымов өз жұмысын дұрыс істей алмаған соң орнына жаңағы Сапаровты қойдық. Қасымов Қорғаныс кеңесіне барды. Ол жерде де көп бола алмады. Сол жерден жұмыстан кетіп, артынан зейнетке шығып кетті.
Мәлік Сапаров – 45 жасқа толмай дүниеден өтті. Өте сауатты, өте интеллигент азамат болатын. Біртуар адам десем де артық етпес. Білімі толыққан жігіт. Неше жыл жасай алмай жүрген реформаны екі-үш айдың ішінде әзірлеп шығарды. Оған осы өңірдің бір азаматы көмек берді. Қазір министрлікте бір қызметте істейді.
Әлгі жігіт Елбасының атына хат жазыпты. Ұмытпасам аты-жөні - Азамат Әбдімомынов болу керек. Қорғаныс саласын осылай реформалау керек, осылай жабдықтау керек деген сияқты мәселені хатында айтыпты.
Өзі жас. Америкада жаңадан оқу аяқтап келген. Сол жастығына қарамастан, осындай тыңғылықты қадамға барған.
Елбасы хатты маған жіберді. Қарасам – іскерлігі танылып тұрған, өте ұтымды ұсыныс болып шықты. Риза болдым. Әлгі жігітті шақыртып алдым.
-Сен қайда істейсің?
-Мен Мұнайгазының аналитикалық қызметінде істеймін, - деді.
-Бізге келесің бе?
- Келемін, бірақ ол жерден үй алдым, маған үй керек, - дейді. Сосын енді бізде үй мәселесі қиын. Қалай етсем екен деп көп ойланып, Нұрлан Балғынбаевқа қоңырау шалдым:
- Маған Әбдімомынов деген қызметкеріңді босатшы, маған емес, елімізге керек адам екен, - дедім.
Сөйтіп Нұрлан Балғынбаев ол жігітті маған пәтерімен қосып жіберді. Ендігі мәселе оны Басштабқа қою болды. Басштабқа қояйын десем, әлгі Қасымов маған:
- Жоқ, олай істей алмаймыз,- дейді.
- Неге қоя алмаймыз?
- Себебі бұл әскер қатарындағы адам емес.
- Ал, олай болса мен оған шен беремін. Майор шенін беремін, - дедім.
Соның өзінде де әлгі жігіттің айтқан жұмыстары жүрмей қойды. Қасымов орнынан кетіп, әлгі Мәлік Сапаров келді орнына. Ол осы жігітті яғни Азамат Әбдімомыновты және басқа да қорғаныс саласындағы мамандарды ұйымдастырып, үш айдың ішінде бүкіл реформаны дайындап, барлығын жоғарғы деңгейде аяқтады. Қорғаныс кеңесінде біз оны Елбасының алдында баяндадық. Сөйтіп бұл реформа бекітілді.
Елбасының қолдауының, орасан зор көмегінің арқасында Қарулы күштер алға жылжи бастады. 2001 жылы барлық әскерилерге арналған Бірінші Конференция өткіземін деп дайындала бастадым. Елбасына айтып едім, ол кісі:
- Дұрыс, барлығы келсін, баяндамаларын дайындасын, ойларын ортаға салсын, не аяқталды, не аяқсыз қалды. Осы мәселелерді егжей-тегжейлі қозғаңдар, - деді.
Конференцияны жүргізуге біраз азаматтар қарсы болды. Бірақ соған қарамастан бұл конференцияны жоғары деңгейде өткізуге бар күшімізді салдық. Алдымен Елбасына істеліп жатқан әскери ауыр және жеңіл техника аласындағы өзгерістер туралы деректі, құрал-қаруларды көрсеттік.
Кезінде бір бизнесмен Қорғаныс министрлігіне қарыздар болғаны бар екен. Сол қарызының өтеуі ретінде бізге алпысқа жуық Нива көлігін алып соларды әскери технологиялардың жанына тізіп қойдық. Осындай мәліметтердің бірқатарын Елбасының алдына ұсындық.
Баяндамамда әр генералдың, әр әскери үлкен бастықтың жұмыстарына сараптама жүргізіп, Алматыда Бірінші Конференцияны бастадым.
Әлбетте, әскери өмірдегі орын алып жатқан шындықты ортаға салдым. Барлығына бұл үлкен сынақ болды. Конференцияда сөйлеушілердің тізімі үлкен болатын. Бүкіл қатысушылар баяндамаларын оқуға тиіс болатын. Сол баяндамашылардың тізімін Президенттің алдына қойдым.
-Кімді сөйлетейін?, - деді.
Мен айттым:
- Міне, кезінде министр болғандардың да тізімі алдыңызда, өзіңіз біліңіз, Нұреке, - дедім. Олардың бір-екеуін сөйлетті.
- Енді кімді сөйлетеміз? - деді.
- Төменгі шендегілерден де сөз тыңдайық, - дедім.
Сосын ол кісі полковниктерді көтерді. Бір полковник ұлты орыс жігіті сөйлеп, мені мақтап кеп берсін:
- Мұндай министр біздің тарихымызда болмаған. Біз бұлай болуы мүмкін деп ойламаған едік. Кез-келген уақытта министрге кіре аламыз, кез-келген сұрақты министрмен шеше аламыз. Жағдайымызды жақсартты, - деп.
Тыңдап отырған Елбасы маған:
- Мынау кім өзі? Сенің досың емес пе? Сені мақтап әкетіп барады, - деп маған қалжыңдап қойды.
- Нұреке, шынын айтқанда жақыннан бұл адамды енді ғана көріп отырмын, - дедім.
Одан кейін де сөз сөйлегендері мені мақтай бастады. Өте ыңғайсыз жағдайға қалдым. Әр салада өзіңді шыңдау арқылы түрлі адамдармен таныс боласың, түрлі психлолгияны танисың, түрлі жағдайларға тап боласың. Министрлікте қызметте жүрген кездерім жадымда көптеген адамға жігер берер күндерімен, қиындығымен, жауапкершілігімен қалды. Сонымен қатар, өмірімдегі сабақ алған үлкен бір мектеп десем болады.
Өмірімде әр түрлі қызметте болсам да оңтүстік, солтүстік деп, ұлтына қарап, жеріне қарап бөлу дегенді білмейтінмін. Жолдастарымның ішінен тек сауатты, ақылды, парасатты, қызметке бейім деген талапқа жауап беретіндерін ғана қызметке тарта жүрдім. Мәселен, Ұлттық гвардиядан – Қорғаныс министрі болып 1999 жылы ауысқан кезде 4-5 ай өтпей жатып менің үстімнен біреулер арызданыпты.
Жоғарғы жақтан тексеру келді.
«Бұл Гвардиядан министрлікке өзімен бірге жерлестерін алып келді», – деп жазыпты.
Бірде бір адам әлгі жазылған арызға сай болмай шықты. Жанымдағы жүргізуші – орыс жігіті, аты – Евгений, фамилясы есімде қалмапты. Омірхан Мұқанов пен Солтанбек Қайсенов – Шығыс Қазақстан облысының азаматтары. Болат Тленбаев – Ақтөбе облысынан. Көмекшілерім: Еркінбек Байболов – Жамбыл облысының жігіті, сол уақытта аға лейтенант еді, Қуанышқали Қалабаев болса – Ақтөбе облысынан, сол кезде мойор шенінде еді. Әлі күнге дейін екеуі де хабарласып тұрады. Бала-шағасымен түгел туыстай боп кеттік, жақсы араласамыз.
Тексерістің жайы осы болды. Ар-ұятым барлық жағынан таза. Тәңірі алдында да, ел алдында да адалмын!
2001 жылдың аяғында желтоқсан айында ҚР Қорғаныс министрі қызметінен босадым.
(жалғасы бар)
Сәт Тоқпақбаев