Соңғы жылдары біраз қазақ жазушыларының шығармасы ағылшын тілінде жарық көрді. 2017 жылы британ ауда...
Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)
Бірінші бөлім: Тағдырым – темірқазығым.
Желтоқсан дауылы
(Басы өткен сандарда)
1986 жылғы желтоқсан оқиғасына дейін облыстық Ұлттық қауіпсіздік комитетінің бастығы Терентьев Леопольд Александрович болды. Ол кісі өте әділетті еді. Ұзамай орнынан алып тастап, орнына Стройкин Анатолий Алексеевич деген полковник тағайындалды, ал Терентьев генерал болатын. Желтоқсан оқиғасынан бір жылдай өткенде Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті бастығының орынбасары Болат Баекенов дейтін кісі мені өзіне шақырып:
- Сен облыстық басқармаға бастық болып бар, – деді.
Ол уақытта қазіргідей департамент деген жоқ, басқарма деп аталатын. Облыстар ол кезде екі категорияға бөлінеді. Бірінші категорияға - Алматы, Қарағанды, ал, Талдықорған, Көкшетау, Арқалық, Қызылорда, тағы басқа облыстар – бұлар екінші категория болатын. Мені қай облысқа жіберетінін анық айтпады. Соңынан білдім, екінші категорияға жібермек екен.
- Жеті жылдай жетекші маман дәрежесінде тұрсың, саған өсу керек. Сен облысқа бар, – деді.
- Анам сырқат, отбасылық жағдайым келіңкіремейді, – деп қиналған сыңай таныттым. Бас тарттым. Ол уақытта бәріміз СОКП мүшесіміз. Содан кейін сайлауалды есеп беру жиналысы болатын болды. Ал өзім жеті жылдай парткомның орынбасары болғанмын. Тікелей бастығым Стройкинге барып:
- Мені босатыңыз, орныма басқа адам алыңыз. Міне жеті жылдай болды. Партком мүшесінен босатсаңыз ризамын, қалай қарайсыз – дедім.
- Жақсы. Онда сенің орныңа Сухоруков Викторды қояйық, – деді. Ол кадрлар жұмысы бойынша орынбасар, одан басқа тағы бір орынбасар болатын.
Сол парткомға мүше сайлайтын жиылысқа бас құрадық. Коммунистер арасында абырой әпермейтін жұмыс осы. Жасырын дауыс бергенде өткізбей тастатты.
Сол кезде Желтоқсан оқиғасынан кейін қазақтарға орталық қиғаш қарайтын. Жиылыстың соңына қарай мен Стройкинге:
- Жиылыста коммунистердің қаншауы – қазақ, қаншауы – орыс екенін санаттырыңыз, – дедім.
Абырой болғанда көбі орыстар, қазақ аз болды. Соныменен шу басталды. Осы мәселемен бізді Мирошник Виктор Михайлович деген Мемлекеттік қауіпсіздік комитетініңТөрағасы шақырды. Сол тексерді.
Маған келе шүйлікті.
- Сен айыптысың, сен осында бұрыннан істейсің. Сен бәрін жақсы білесің, осы жасырын дауыс берудің нәтижесін сен ұйымдастырыпсың, – деді.
- Қалай? Неге олай деп айтасыз? – деп мәселені ашық түсіндіруін сұрадым.
Содан шатақ басталып кетті. Осындай айып, орынбасар Тұрсын Айжуловқа да айтылды.
Сосын мен:
- Олай болса осы мәселені орталық комитетке қояйық, тексерсін. Оның үстіне дауыс бергендердің көбісі орыстар ғой. Сондықтан ешқандай мәселе жоқ мұнда, – дедім.
Сонымен біраз тәжікелесіп, өзара келісімге келдік. Бұл әрине оңай болған жоқ. Дегенмен бір шешім шығардық. Тағы үш-төрт ай өтті ме, өтпеді ме – Болат Абдрахманович Баекенов мені өзіне шақырып алды:
- Сен зейнетке кетесің, – деді.
Әскери тәртіп осындай болатын.
Тұр десе – тұрасың, отыр десе – отырасың.
Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінде қалыптасқан қатал тәртіп бар. Осындай жолмен біреуді зейнетке жіберу көзделіп отырса – зейнетке кететін адамдарға екі ай бұрын ескертіліп, басқа шараларды қарастыруға мүмкіншілік беріледі. Содан кейін зейнетке шығарады. Облыс басшыларын зейнетке шығару туралы бұйрықты Мәскеудегі Кеңестер Одағының Мемлекеттік қауіпсіздік комитетімен келісіледі.
Ал мынаның істеп отырғанын адам баласы түсінбестей, төбеден түскендей келеңсіз жағдай еді.
- Екі ай беріңдер.
- Жоқ, бермейміз, – деді ол кісі қасарысқаннан қасарысып.
- Тым құрығанда бір ай, – дедім, ашынған адам тек тұрмас дегеннің керін келтіріп.
Бұл төбемнен жай түсірген оқиға болды.
- Бұл өзі кім шығарған бұйрық, – деп сұрақты төтесінен қойдым.
- Мирошник, – деп жайбарақат жауап берді ол кісі.
- Олай болса тікелей сол кісінің өзіне барамын, – дедім.
- Өзің білесің, – деді тағы да жайбасарлығына басып.
Сөйтіп Мирошникке кіруге жазылдым.
Жұмыс орныма барып, өзімнің тікелей бастығым Анатолий Алексеевичпен жолықтым. Бұл қызметте істегеніне бір жыл ғана болған. Барлық жайды егжей-тегжейлі түсіндірдім:
-Сіз не айтасыз, – дедім ойын білгім келіп.
-Маған бұл хабар кейіннен жетті, бірақ менің бұған ешқандай қатысым жоқ, мен сізді сыйлаймын. Сіздің қызметке деген жауапкершілігіңіз бен ынтаңызға тәнтімін. Мен не айтайын. Адам ретінде, менің орынбасарым ретінде, төтенше өкіл ретінде сіз менің көңілімнен шығасыз. Қызметке беріліп кірісесіз. Әр күнге, әр тапсырмаға ерекше жігермен атсалысасыз, – деді ол кісі сабырмен.
-Онда қажет болған жағдайда сіздің осы сөзіңізге жүгіне аламын ба?, – деп сөзімнің аяғын тиянақтап алдым.
-Мен бұл ойымды кез келген жағдайда, кез келген ортада айта аламын, – деп жауап қайтарды.
Жауапқа риза болып, рахметімді айтып кабинеттен шығып кеттім. Әлгі партия жиналысынан кейін, зейнетке шығасың деп тықсырып жатқан кезде Мирошникке бардым. Кешкі сағат 8-ге шақырған. Барсам алдында Болат Баекенов отыр екен.
-Кел, – деді.
Бас жоқ, аяқ жоқ, сөзімді өрбітіп мақтай бастадым.
-Партияның арқасында, Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің арқасында осындай қарабайыр ауыл баласынан үлкен қызметке дейін көтерілдім. Көксеген арманыма жеттім. Кез-келгеннің қолы жете бермес лауазымда қызмет атқардым. Алматы басқармасы бастығының орынбасары болдым. Сіздерге көптен-көп рахмет. Енді мені зейнетке жіберіп отырсыздар. Маған зейнетке шық деп айтылған соң, әлбетте, кетуге дайынмын, – деп бір тоқтадым.
Ол кісі маңғазданып күлді. Байқаймын, сөзім оған ұнап барады. Алдында есіктен жаңа кіргенімде, әлі «а» деп жақ ашпай тұрғанда «Сәт Тоқпақбаевич» деп керіліп отырған болатын. Жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шығады дегендей әлгі сөздерден кейін біраз жібіді. Құлағына жаққан-ау, сірә.
Мен тұрып:
-Бұйрық бойынша екі ай рұқсат беріледі ғой, ал маған құрығанда бір ай беруіңізді сұраймын. Өзім қамдануым керек. Отбасын, бала-шағамды дайын қылуым керек, – дедім.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінде бірінші бөлімнің бар екендігін, онда бастығының орны бос тұрғанын, сонда қызметке кірмек ойым бар екендігін, жұмысқа арыз беріп қойғандығымды айттым. Сонымен қатар, мені не үшін, не себеппен, не сылтаумен зейнетке жіберіп жатқандығының себептерін түсіндірулерін талап еттім.
Ол кісі философиялық ой-пікірін өрбіте бастады. Бірді айтып, екіге кетті. Не айтып тұрғанын түсінсем бұйырмасын.
Мен тұрып:
-Я вас не понял, – дедім.
-Сен жұмысты дұрыс деңгейде істемейсің, – деп тоқетерін айтты.
Сосын мен:
-Сізге келер алдында Анатолий Алексеевич Стройкинмен тікелей бастығыммен сөйлестім. Нақ менің жұмысымның бағасын сол адам жақсы біледі. Менің тікелей жұмысыма баға беруші адам сол. Ол кісінің маған еш кінараты жоқ, барлық жағынан оның көңілінен шыққанымды айтты. Жұмысыма разы, еш қоятын кінасы жоқ, – дедім.
Мирошкин біраз үндемей қалды.
-Сен бәрі-бір жұмыстан кетесің, – деді.
Бұл сөз менің шынбайыма батып кетті.
-Сіз нақты себебін түсіндірмей отырсыз. Онда мен өзім айтайын, – дедім. Ол уақытта 1986 жылғы желтоқсан оқиғасынан кейін Қазақстанға Кеңес елінің батыс жағынан, Украина болсын, Ресей болсын – сол өңірдің адамдарынан қызметке ауыстырып жатқан кез болатын. Олардың көбісін бастық қылып тағайындау дәстүрге айналған сол уақыттарда. Осындай бастық жергілікті жағдайдан білмейді, ештеңенін мәнісін жете түсіне бермейді, қызметін істеп, аларын алып кете барады. Соны баяндай келіп өзімше іштей тұжырғаным төмендегіше.
- Видемо я в физиологическом плане отличаюсь от тех людей, которые переводятся из западной части СССР. Это – ваша главная причина. Я около семи лет до вчерашнего дня был членом парткома. Стоял в резерве выдвижения на работу с большим объемом. Никаких причин нет. Так на пенсию не отправляют. Разве это партийный подход, – деп едім әлгі Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің төрағасы қып-қызыл болып ісініп отырған, орнынан атып тұрып, жүгіріп келіп, иығымнан ұстай алып, өзімді мақтай жөнелсін келіп. Мақтап жатыр, мақтап жатыр. Түк түсінсем бұйырмасын. Сосын тұрып:
- Виктор Михайлович бұл не? Мен сізді түсіне алар емеспін. Сонда не – мен өзі осында жұмысқа қалатын болдым ба? – деп аң-таң қалып бұрылған едім.
- Әрине, әрине қаласың, Сәт Бесимбаевич,- деп менің аты –жөнімді дұрыстап айтты.- Меня ввели в заблуждение, бірге жұмыс істейміз. Әлі талай істің басын бірге қайырамыз, – деді.
- Рахмет. Мен бұл кабинетте әділ шешімге қол жеткізетініме сенімді болғанмын, – дедім.
Сөйтіп мені қайтадан жұмысқа қалдырды.
Содан 3-4 ай өтісімен Мирошникті Мәскеуге басқа жұмысқа ауыстырып жіберді. Николай Анатольевич Вдовин деген кісі бұрындары Шығыс Қазақстан облысының Қауіпсіздік комитеті басқармасының бастығы болып қызмет атқарған. Сол кісі бізге Төраға болып келді. Орын алған жағдай бәріне белгілі кім бұрын ескі бастыққа жақсы жағып жүрсе – жаңа бастық оған қырын қарайтыны анық. Осылай үздіксіз жалғасып отырады.
Не керек, әлгі жаңа бастық мені шақырып алды да – комитетке, басқа бір басқарманың бастығы етіп ауыстырып жіберді. Коллегия мүшесі болдым. Сондай жағдай өтті басымнан. Осылай зейнетке кетіп қала жаздаған кез де болды.
Осы оқиғадан бір жыл өткен соң Одақ ыдырай бастады. Ельцин 90-жылдардың басында Парламентті зеңбіректен атып, үлкен өзгерістер басталып жатқан кез.
Мен сол уақытта зайыбым екеуіміз Железноводскіде демалып жатқан едік. Ресей телеканалынан Время деген хабар жүргізілетін ол кездері. Соны үзбей қарап отыратынбыз. Бір күні жаңалықтардан – мені бастық етіп тағайындаған басқарманы тарқатып жіберіпті деп сайрап отыр бір тележүргізуші. Аузым ашылды да қалды. Айтылған сөз атылған оқпен бірдей еді. Ертесіне, таң атысымен із суытпай іле-шала Алматыдағы әлгі Төрағаға телефон шалдым. Амандасып, өзімді таныстырып болған соң,
-Я хотел узнать?Кто я? – дедім.
Ол кісі күлді де:
- Абыржымаңыз, мен сізге орын дайындап отырмын. Қазақстанның барлау басқармасында орын бос. Соның бастығы боласыз, не Шымкенттегі басқарманың бастығы боласыз. Сол екі қызметтің біріне барасыз, демала беріңіз, – деді бір әңгіменің шетін шығарып.
Бірақ қайдағы демалыс, екінші күні Алматыға қайтып оралдық.
Сөйтіп қайтадан жұмысқа кірістім.
Бастығым маған жаңа басқарма құр деді. Сөйтіп мен Терроризмге қарсы күрес жөніндегі басқарманы құрдым. Сол басқарманың бастығы өзім болдым.
Артынан көп ұзамай Болат Абдрахманович Баекенов Қазақстандағы Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің (МҚК) Төрағасы болып тағайындалды. Ал мені Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша басқармасының бастығы етіп қойды. Осындай елеулі жағдайлар болып жатты.
Кеңес заманында генералдық қызметке жалғыз Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне емес, Ішкі істер министрлігінде де қызметкерлер Мәскеуден жіберілетін. Олар келіп бір-екі жыл қызмет атқарып, генерал шенін алып болған соң шүу, қарақұйрық деп тайып тұратын. Сосын тағы келесісі келеді, өмір осылай жалғасып жатты.
Сол кездері қателеспесем вокзалда Қазақстанның басшыларын қарсы алу салтанаты өтті. Жиылысқа қатысқан біздің жігіттер МҚК бірінші орынбасары Грищенконың Қазақстанның басшыларын танымайтыны жөнінде қатты налып отырды. Сол жігіттердің бірі:
- Тіпті кейбіреулері «Назарбаевты да танымайды», - деп айтып отырғаны есімде. Өкінішке қарай сол кездері билікте осындай адамдар басқару қызметінде отырды.
Алматы басқармасының бастығы болған соң мені бір күні Мемлекеттік қауіпсіздік комитетке шақырды. Төраға орнында жоқ екен. Іссапарға кетіпті. Грищенко және басқа да бастықтар қаздай тізіліп, жиылып қалыпты. Жұма күні болатын. Грищенко мырза:
- Ертең сенбі күні қазақтар көшеге шығады, жағдай күрт өзгеріп кетуі ғажап емес. Сондықтан сенің міндетің – Алматы басқармасының қызметкерлерін тегіс жұмысқа шығару. Сенбі күні де, жексенбі күні де барлығы жаппай жұмыс орындарында болсын. 100 пайызға дерлік қызметкерлерің жұмысқа шықсын – деді.
- Ондай мағұлмат қайдан келді, – деп едім.
- Ондай мағұлмат бары анық, – деп қасарыса жауап берді.
- Бар болса, қане? Маған да көрсетіңіз, – дедім. Ығай мен сығайлар отыр ыржалақтап. Қазақтар шығады деп мәзденеді.
Мен де қоймай:
- Көрсетіңіз, мен де құпия ақпараттармен танысып отыруға толық құқылымын. Егер көрсетпесеңіз, мен де қызметкерлерімді жұмысқа шығармаймын. Не үшін шығаруым керек, егер болып жатқан жағдай туралы хабарсыз болсам. Ертең кәдімгі жұмыс тәртібіне сай өз жұмыстарын атқарады да үйді-үйіне тарқайды, – дедім қасарысып.
- Онда мен сені жұмыстан аламын, – деді ызғарлы ашулана түсіп.
Әрине Кеңестер Одағы кезінде мемлекеттің сүйеніші ең әуелі ОГПУ, содан кейін НКВД, содан кейін Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті болды. Бұл органда орталықтың тоталитарлық жүйеде тәрбиеленген, партияның ұр да жық қолшоқпарына айналған, орталықтың нұсқауларын орындау үшін отырмыз деген ой-пікір санасына сіңіп қалған кадрлар істейтін. Бұл кадрлар Мәскеудің бұйрығымен бекитін. Олар жергілікті ұлт өкілдерінен шыққан партия лидерлерін көзге ілгісі келмейтін. Оларды екінші сорттағы, алып кел, барып кел, шауып кел шылауында жүрген жай ғана шенеуніктер деп санайтын. Сол кездегі Мемлекеттік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Грищенконың кеудемсоқтыққа салып, мамандарды оңды-солды ауыстырып алдына жан келтірмей, қаһарланып кіріскенін осынау саясаттың салқыны деп түсінгеніміз жөн. Ешқандай кінәм болмаса да түсіністікпен қараудың орнына «мен сені жұмыстан аламын», - деп қоқан-лоққы жасауы шымбайыма батып кетті. Намыс қыса жөнелді. Бас кеспек болса да, тіл кеспек жоқ дегендей, ойыма келген ашу аралас пікірімді жұрттың көзінше жайып салдым.
- Сіз мені жұмысқа қойған жоқсыз. Не сіз маған ақпаратты көрсетесіз, не сіздің осы шешіміңізге басқа қандай мағлұмат әсер етіп отыр соны айтасыз. Көрсетпесеңіз – мен қалаға және облысыма өзім жауап беремін, – дедім.
Бұл жиылысқа төрағаның орынбасарлары түгел қатысып отырған. Дагаев, Марденов секілді генералдар, өзге де түсі суық қызметкерлер қаздай тізіліп жайғасқан. Осылай басшымен аяқ астынан келіспеушілік туындады. Тоқетер сөзім: «Мағұлматты маған көрсетпедіңіз, сол үшін қалған мәселені өзім шешемін. Бірақ жұмысқа ешкімді шақырмаймын», - деп өз байламымды айттым. Бұлай етпесе болмайтын еді. Тәртіп шегінуді сүймейді. Оның үстіне әлгі генералдың кеудемсоққа салып, жергілікті ұлттық маманға ызғар танытып отырғаны және мені қазақтарға қарсы қоймақшы болғаны жаныма батып кетті.
Жұмыс орныма барып, орынбасарларды, басқа да бастықтарды шақырып, осындай-осындай мағлұмат бар ма деп сұрадым.
- Ондай мағлұмат жоқ. Бәрі тыныш. Тек 1937 жылы репрессияға ұшыраған кейбір адамдар келмекші. Бас-аяғы 20 шақты, туыстары, өздері бар. Дзержинский мен Виноградов көшелерінің қиылысындағы скверге жиылмақшы екен. Бар болғаны осы ғана, – деді әлгілер.
- Олай болса, сенбі күні жұмысқа әдеттегіше түске дейін шығамыз. Тек бұл жолы әдеттегіден екі есеге кезекшілердің санын көбейтіңдер, 4-5 адам қалсын. Одан кейін бір мәшине емес, екі мәшине бөлінсін. Жігіттер үйлерінен алысқа ұзамай жақын маңайда жүрсін. Егер оқыс хабар шығатын болса – тез жететіндей қашықтықта болсын, – деп бұйрық бердім.
Айтқандай сенбі күні де, жексенбі күні де ешқандай өзгеріс орын алған жоқ. Әдеттегі жұмыс тәртібі ғана болды. Көшеде пәлендей бүлік көтерілген жоқ. Әлгі бастықтар да мені шақырған жоқ, қайтып бұл мәселе көтерілмеді. Жабулы қазан жабулы күйінде қалды.
Содан тағы үш-төрт ай өтті-ау дегенде Грищенко Мәскеуге қызметке ауысып кетті.
(жалғасы бар)
Сәт Тоқпақбаев