Елордада өткен «Eurasian Book Fair» халықаралық кітап көрмесі мәресіне жетті. 2016 жылда...
Сәт Тоқпақбаев. Жаным садаға (ғұмырнамалық кітап)
Бірінші бөлім: Тағдырым – темірқазығым.
Аждаһаның аузында
Минскідегі жоғарыда айтылған оқуымды аяқтап келгеннен кейін бұрыннан сөз байласып жүрген Қазақ Мемлекеттік Университетінің химия факультетінің студенті Раиса Қалмұрзаеваны Теміртауда тәжірибеден өтіп жүрген жерінен тауып алып алдағы өмірде бірге боламыз деп уағдаласып қайттым. Әке-шешеме келін түсіріп беретінімді айтып қуанттым. Олар Алматының маңында туратын Раисаның туыстарының алдынан өтіп, қысқа қарай келін түсіріп, той жасадық. Келер жылдың соңына қарай ұрпақ жалғасып, тұңғышымыз Гүлмира дүниеге келді. Екі жылдан соң артынан Дәулет деген інісі ерді.
Балаларымның анасы – Раиса Құдабайқызы менің немере қарындасым Күлайша Досымбайқызымен Алматыдағы №12-қазақ орта мектебін бірге бітірген. Раиса әке-шешесінен ерте қалып жетім өскен. Бар ет жақыны – туысы Тумышев Мәжит ағай еді. Ол кісінің зайыбы Заида Мырзагелдіқызы Баймұхамедова өмір бойы Ақтөбедегі орта мектепте орыс тілінен мұғалім болып істеді. Көптеген шәкірттер тәрбиеледі. Талай жастың бағын ашқан жан шуағы молынан төгілген тәжірибелі ұстаз болды. Марқұм Мәжит ағай мектепте көптеген жылдар бойы директор болды. Өзі математика пәнінен ұстаздық етті. Кейіннен математикадан докторлық диссертация қорғап, институтта сабақ берген. Бұл кісілер Раисаның әке-шешесіндей болып, бізге өте көп қамқорлық жасады. Біз үйленгеннен кейін де жас отбасы ретінде қарап әрдайым қолдап, әркез материалдық, моральдық жағынан қол ұшын беріп, көмектесіп тұратын. Ол кісілердің бізге жасаған жақсылықтарын айтып тауысу мүмкін емес шығар.
Заида Баймұхамедова – мектепте орыс тілінен сабақ береді, еті тірі, өжет кісі болды. Ал керісінше Мәжит ағайымыз бір сөзді, жай қозғалатын, ашулана қоймайтын, сабырлы азамат болатын.
Уақыт зымырап өтіп жатты. Өз қолымыз өз аузымызға жетіп, қызметке тұрған соң да қол үзіп кетпей, хабарласып тұрамыз. Мәжит ағамыз алдымен өмірден өтті. Заида анамыздың 80 жылдық мерейтойын атап өтуге балам екеуіміз атсалысып, қуанышты бірге бөлісіп қайтқанымыз бар. Ол кісі 90-нан асып қайтыс болды. Бұл кісілерден тараған бес ұл (Қобланды, Қайрат, Қуаныш, Қамбар және Қайыржан) бес шаңырақ болып, бүгінде өздері немере сүйіп отыр.
Ол уақытта Қазақстанның астанасы – Алматы шаһары қанатын кеңге жайып, әсіресе, қаланың батыс жағында шағынаудандар өсіп жатты. Соның бірінен – 5-ші шағынауданнан маған қызмет орнымнан 3-бөлмелі пәтер берді. Бұл үйіміз Тоқпақбаевтардың Алматыдағы қарашаңырағына айналды!
Жарым – Рая университетті бітіріп, Республикалық химия институтына аға лобарант болып орналасты, кейіннен инженер-химик болып қызметі өсті. Менің де мәртебем жоғарылап жатты. Содан мені Мәскеуге Барлау мектебіне оқуға жіберді.
Мәскеуде оқып жүргенімде зайыбым, екі балам менімен бірге болды. Анам мен әкем болса Алматыдағы үйде қалды. Жалақым екі отбасына бөлгеннен кейін жетісе бермейді. Таршылық заман. Күні бойы оқытушылардың дәрісін тыңдаймыз, кешке қарай кітапханаға барып тыңдаған лекцияны тиянақтап, нақты дәйектермен толықтырып, түннің бір уағына дейін отырамын. Сол кезеңде Мәжит аға мен Заида апа бізге көп көмектесіп тұрды.
Барлау мектебінің Мандат комиссиясы менімен әңгімелесіп, сенің екі тілді меңгеруге қабілетің жетеді деп Кеңес Одағының Сыртқы істер министрлігінің Жоғарғы Дипломатиялық мектебіне қытай және ағылшын тілдерінде оқуға жіберді.
Одан кейін шет елдерде біраз қызметте болғанымда Рая екі баламен бес жылдан аса Мәскеуде тұра берді.
Білімді әбден жетілдірген соң елге оралдық.
Анаммен бірге тұрып жүрдік. Бірде апам:
-Осы келіннің бір жері ауыра ма, тым жүдеу. Сұрасам еш жерім ауырмайды деп қояды,- деп уайым білдірді. Ананың жүрегі сезеді ғой. Көп ұзамай, сенбі күні болатын, жұмыста отырғанымдыөа Рая телефон соқты.
- Сәке, мен қатты ауырып барам, үйге келіп жедел жәрдем шақырыңызшы,- деді. Құстай ұшып жеттім. Екі баламен үрпиісіп отыр екен. Жедел жәрдем шақыра келгем, олар да жетті. «Инфаркт сияқты!»,- деген дәрігерлер екі баламен мені де қоса Раяны ортамызға жатқызып ала жөнелді. Қалалық Жедел жәрдем ауруханасына келдік. Раяны енді арбаға ауыстырып дәлізбен сүйрете жөнелді. Біз үшеуміз де қалыспай еріп келеміз. Үлкен есікке кіре бергенде Рая маған:
-Сәке, балаларыңа ие бол! Менің жағдайым нашар...,- деуге ғана шамасы келді де сол соңғы аманатын айтқан күйі қоштасыпты. Екі сағаттай балаларымды құшақтап дәлізде отырдым. Жаңағы дәу есіктен бір ер дәрігер шықты да:
-Сіз бе Қалмұрзаеваның жақыны?,- деді.
-Иә, мен жолдасымын. Мыналар – балалары...
-Мықты болыңыздар, аман сақтап қала алмадық,- деп көңіл айтты ма, естіртті ме, әйтеуір суық бір сөздерді айтып, қолын иығыма қойып сөйлеп жатты. Қызым шырылдап жылап жіберді, өзім есеңгіреп, ұлым сүйретіліп жарсыз, анасыз ауруханадан шықтық.
Рая екеуміз бар болғаны он жеті жыл ғана тұрған едік...
Менің балаларымның анасы, жарым – Раиса Құдабайқызы маған тұрмысқа шыққанда 22- жаста, менен үш жасы кіші болатын. Тәңір бізге бірге тұруға 17- жылдық-ақ өмір беріпті.Бұл қандай жылдар еді?, - деген сұрақ алдымен жастарды мазалауы мүмкін. Сондықтан мен сол уақытты аздап болса сипаттап өтейін.
... Үйленердің алдында, бір жыл бұрын, маған МҚҚ үш бөлмелі пәтердің бір бөлмесін беріп еді. Қалған екі бөлмесін тағы екі отбасына берді. Сол бөлмеме ауылдан қарттарымды – әкем мен шешемді көшіріп алып келген болатынмын. 12шаршы метр бөлмеде төртеуміз тұра бастадық, ортада – үстел. Соның үстінде барлығымыз тамақтанамыз, кейде Рая сабағына даярланады, ол кезде университеттің соңғы курсында оқитын. Үстелдің астында келіншегіміз екеуміздің жататын матрацымыз бар. Қабырғаның жанында төсекте қарттарымыз жатады. Рая екеуміздің отбасылық өміріміз осылай басталды.
Кей уақытта жастық шақта өткен өмірімді еске түсіремін. Сондай сәтте есіме Раяға деген, оның маған деген албырт махаббаттарымыз, қиыншылығы мол бірақ қуанышты айлар, жылдар еске түседі. Ол кезде халықтың көбі жүдеу, тұрмыстың тауқіметін тартып жүретін. Бізде сондай жағдайда өмір сүрдік.
Рая университетті бітіріп, қызметке тұрғанша менің – жас маманның жалақысымен өмір сүрдік. Оның үстіне жарым Раяға үйдің күйбің шаруаларымен айналысып, өмірге келген балаларымызды тәрбиелеуге тура келді. Үйленгеннен кейін бір жылдан кейін өмірге қызымыз – Гүлмира, одан кейін екі жыл салып ұлымыз – Дәулет туылды. Менің әке-шешем де қарт адамдар. Олар да кейде сәбилерге ұқсап қалады емес пе. Менің ата-анам өмірден озғанша ешкімге масыл болмай кетті. Соның өзінде де барлығымыздың киімө кешектерімізді жуып, тамақтарымызды жасау, балаларды тәрбиелеу барлығы Раяның мойнында болды. Мен болсам таңғы сағат жеті жарымда қызметке кетемін, содан кешкі сағат тоғызда ораламын. Сенбі күні де жұмыс, тек жексенбіде түске дейін де жұмыстамын. Балалар да сенбіде оқиды. Үйге келген қонақтар балалардан «жексенбіде жақсы демаласыңдар ғой»,-десе, олар «жоқ, жексенбі күнінің түстен кеінін ғана ұнатамыз, себебі сол уақытта әкеміз жұмыстан келіп, бірге боламыз, барлығымыз киноға барамыз, паркке қыдырамыз», - дейтін.
Раисаның Тәңір берген аз ғана ғұмырының барлығы Алматыда болсын, Москвада болсын осындай тұрмыстың тауқіметін көбірек көріп өтті.
Рая өмірден өткеннен кейін Мәжит ағай мен Заида апай алдағы өмір жайында маған ақылдарын айта келіп былай деді: «Сәт, айналайын, балаларың әлі жас, сонымен қатар қолыңда қарт анаң бар, соған байланысты екі балаңды уақытша, олар есейгеншебізге бер, тәрбиелеп берейік», - деді. Мен бұл ұсынысты қолдамадым, анама арқа сүйеп, балаларымды әжесімен бірге тәрбиеледік.
Қызым – Гүлмира Халық Шаруашылығы институтын қызыл дипломға бітіріп Экономика Министрлігіне қызметке тұрды, қәзір бизнеспен айналысады.
Ең ғанибеті Гүлмира ерекше бауырмал. Алыста жүрсем – телефон шалып, жақында болсам – үйге жетіп келіп, ылғи халімді сұрап, қас-қабағыма қарап елпілдеп тұрғаны. Жүрегі жұмсақ. Жалпы қыз бала ата-анаға бір табан жақын деген рас, білемін. Ауырып қалсам дәрі-дәрмегімді жеткізіп, қайда, қалай емделуімді өзге мамандардан сұрап-біліп, әрдайым елпектеп жүргені.
Гүлмирадан Әміржан деген немере бар, ол Қазақ-Британ Университетін бітіріп, қызмет істеп жатыр.
Іншалла, Әміржан немеремнің де қызығын көруге жазсын.
Ұлым – Дәулет Мемлекеттік Қауіпсіздік Қызметінің (МҚҚ) байланыс қызметкерлерін дайындайтын оқу орнын қызыл дипломмен Орел қаласынан бітіріп, лейтенант шенін алып 1988 жылы Қазақстаннның МҚҚ қызметке орналасты. Подполковник шеніне жеткен соң қызметті қойып, бизнес саласына кетті.
Мен Мемлекеттік қауіпсіздік комитетіне Төраға болып тағайындалғанда балам өзіме арнайы келіп жолықты:
«Әке, сен үнемі «бала әкеден озуы керек» деуші едің. Енді өзің Төраға болып кеттің. Өзіңнен асып төраға болып кете алмаспын. Маған рұқсат етсеңіз – бұл әскери саладан ауысып, жеке бизнеспен айналыссам деймін», - деді.
Көп ойланып, ақырында әкелік ақылымды айтып, рұқсатымды бердім.
Сөйтіп балам бизнеспен айналысып кетті. Қазір жұмысы жаман емес. Өзіне ұнайды. Нарық жағдайына бейімделіп, ортасынан оза шауып, тыңғылықты шаруалар жасап жүр.
Бизнес – халқымызға жетпей жатқан, қаны жерге тамбайтын тауар өндіру, оны тұтынушыға дер кезінде жеткізу – Президентіміздің айтқанындай: еліміздің шұғыл дамып, халықтың әл-ауқатты болуына жол ашатын бірден-бір күретамыр деп ойлаймын. Сондықтан өз басым бизнес дегенді заманына сай – адамы деп, кең ауқымда, рынок жағдайына бейім болудың жолы деп қараймын.
Дәулеттің осы жолды таңдап, белсене қызмет жасап, отанымыздың әл-ауқатты бола түсуіне септігін тигізіп жүргеніне қуанамын, әрі мақтанамын. Несібесі молыға түссін деймін.
Ұлым Дәулеттен немерелерім бар. Келінім Жанар. Алғаш аяғы ауыр екенін білген кезде балалар менен «Папа, немереңіздің атын кім деп қоясыз?» деп сұрады. Ойланбастан «Камила» деп жауап беріппін. Ол кезде әлі нәрестенің ұл не қыз болатынын білмейміз де. Алланың аузыма салғаны болар. Содан ай-күні жетіп келінім Жанар аман-есен қыз босанды. 1820 жылдары өмір сүрген, ақсүйек тұқымынан шыққан, декабристер отбасында туып-өскен ақылды ару қыз, әрі декабрист Юмашевтің қалыңдығы Камиланың құрметіне адалдықтың, ақтықтың символы ретінде немереме Камила деген есімді бердім.
Екінші немерем ұл болды. Оның да атын өзім қойдым. Ұлым Дәулет пен келінім Жанардың құрметіне есімдерінің алғашқы буынын алып Дәужан деген есім бердім. Үшінші немерем де ұл болды, есімін ұлым Дәулеттің өзі Ислам деп қойды. Төртінші немерем қыз болды. Бұл жолы келінім Жанардың өзіне рұқсатымды бердім. Сөйтіп төртіншімізге Сәлима деп азан шақыртып ат қойдық.
Камилла – АҚШ-тың Бостон Университетінің компьютерлік ғылым(қауіпсіздік) және математика факультеттерінде қатар оқып жатыр.
Дәужан – Республикалық физика-математика мектебін бітіріп, Қазақ-Британ Университетінің Вычеслительная техника ипрограмное обеспечение деген факультетінде оқып жатыр.
Ислам – сегізінші сыныпта, қарындасы Сәлима – бесінші сыныпта оқиды.
Қазір барлығы аман-есен шауып жүр. Жанымның қуанышы болып, жас құрақтай желкілдеп өсіп келеді. «Сәт ата» атандым. Олардың «аталаған» дауыстарын естігенде жүрегім елжіреп-ақ кетеді. Көңілімнің шуағы, өмірімнің шамшырағы осы немерлерім.
«Өмірдің бір қызығы бала» деген рас екен. Бұл күнде немерелерімнің қызығып көріп отырмын. Ел-жұртым аман, сәбилердің күлкісі жарқын, еңбегім жемісті болса менен асқан бақытты адам бар ма?!
Анам Мағрипа Жақыпқызы 87 жасында өмірден озды.
Біз әрқайсымыз өмір берген аналарымызға қарыздармыз. Анамды есіме алған сайын ол кісінің тартқан ауыр өмірі көз алдымнан кетпейді. Кеңес заманында біз ауылда тұрдық. Таң қылаң бере анам алдымен тұрып пештің күлін шығарады. Тамақ істейді, су жылытады, жылы сумен баласын жуындырады. Барлығымызды тамақтандырып барып жұмысқа кетеді.
Колхозда көктем басталысымен қызылша себіледі, оны өсіреді, отайды, жинайды, заводқа өткізеді. Ал, қант заводы барлық қызылшаны бірақ алуға үлгермейді. Бұл жұмыс қыс өтіп, көктемге дейін созылады. Мен 6-7 жасымнан бастап көргенім осындай өмірдің қиыншылығы, тауқыметі. Қызылшада тек әйелдер, аналар жұмыс істейтін. Ол заманда техника жоқтың қасы, бірен-саран жүк машинасы бар, ол да көбіне сынып жатады. Жаңдыр жауса болды, жер тізеге дейін балшық болады. Қызылшаны қолмен тиейді, түсіреді. Жұмысшылардың қолдары жара-жара болып, қандары ағып жүретін. Оның үстіне тұрмыстың ауырпалығынан киімдері де жұпыны, шеттерінен ауру, сырқатты болып жүретін.
Мен МҚҚ-нің Минскі қаласындағы бір жылдық оқуын бітіріп келгеннен кейін алған 12 шаршы метрлік бөлмеме ата-анамды көшіріп алғанмын. Мен лейтенант едім, соның азғантай жалақысына өмір сүрдік. Анама өмірден озғанынша айтарлықтай жақсылық жасай алмадым. Тек ұрпағының жалғасқанын көрді...
Шынын айтатын болсам, менің Әкем де, Анам да, жарым Рая да ешқандай қуаныш, қызық көрмей өмірден өтті. Имандары жолдас болып, жандары жаннатта болсын!
Өмір деген осылай өтіп жатты.
Маған жалғыз жүруге болмайтын болды. Содан Бақтыберлина Раушан Еркінбайқызы деген кісіге үйлендім. Менен алты жас кіші, ақыл тоқтатқан, мамандығы – дәрігер болатын. Арамызда перзент болмады. Талдықорған облысына белгілі, абыройлы отбасынан шыққан. Әкесі – Бақтыберлин Еркінбай, офицер болған. Туған жері – Ақтөбе облысы, Ұлы Отан соғысында жаралы болып, туған жерінде ешқандай туысы болмағандықтан Талдықорғанға келіп әскери комисар болып орналасады. Сонда Сақауова Бәтима Есболатқызы деген кісіге үйленеді. Раушан - осы кісілердің үлкен қызы. Тағы да Роза деген қызы және Ерболат деген ұлдары болған. Роза – дәрігер, күйеуі – Алмас. Олардың екі ұлы және немерелері бар. Ерболат өмірден ерте өтті. Әйелі – Мая, ұлдары – Әділ. Әділ МҚК Академиясын бітірген, бүгінде сол салада қызметкер. Әділдің жары Руфина екеуінің екі ұл. Бір қызы бар. Әділ өз ортасында абыройлы, адал, білімді жігіт. Раушан қайтыс болғаннан кейін біраз уақыт екеуміз Астанада бірге тұрғанбыз.
Бәтима Есболатқызы – Кеңес уақытында Талдықорған облысын құруға атсалысқан, сол облыстың атқару комитеті төрағасының орынбасары қызметін 15- жылдай атқарған.
Енеміз де, атамыз да жастары тоқсаннан асқанда өмірден өтті. Иманды болсын!
1996 жылдары Астанаға келдім. Елбасының жанында қызметте жүрдім. Раушан ол кезде Алматыда. Өзі қатты сырқат еді. Астананың ауасы жақпай Алматыда балалармен бірге қалуға мәжбүр болды. Менің жұмыстан қолым көп босай бермейді. Ал бос уақыт пайда болғанның өзінде – зайыбымәлгі дерттің кесірінен сырт елдерге тіпті демалуға да жол жүре алмайтын.
Бір күні Елбасының рұқсатымен 10 күндік демалысқа шығатын болдым. Дереу Раушанға телефон соқтым. Мән-жайды айттым. Он күн демалыста шипажайға барып ем-дом алатын болып келістік. «Қуған жетпейді, бұйырған кетпейді» демекші Раушанның соңғы сапары шипажайға емес, о дүниеге бұйырып тұр екен. Ажал Раушанды да менен ажыратып алып кетті.
Жағдай былай болған-ды...
Раушанға телефон шалғанымда қызым екеуі жиһаз дүкеніне кірген беті екен. Әңгімемді тыңдап болған соң, демалуға шипажайға баруға келісімін берді. Сөйтіп телефонды қойған соң, 3-ші қабатқа дейін жаяу көтеріліпті. Жоғарылаған сайын Раушан ентіге түсіп, тынысы тарылып, ауа жетіспей тыныс алуы қиындап қалатын. Сірә, бұл жолы да жоғары қабатқа көтерілген кезінде тар ауа қысымын көтере алмай қысылып қалған болуы керек.
Осылай, жаным жабырқаған сәтте жақындарым мен жораларым жалғыз қалдырмады. Тіпті інілерім мен әріптестерімнің өз лебіздерін білдіріп газет беттеріне өлең шумақтарын арнағандары да болды. Сондағы бір көңіліме ерекше медеу болғаны 2001 жылы 1 шілдеде «Егемен Қазақстан» газетіне жарияланған інілерімнің мына бір жұбату жыр шумақтары еді:
Жақсылығын тауыспасын алда күн
(Сәт ағаға)
Айналған соң арқа сүйер белеске,
Қамқорлықтар түсіп жатыр көп еске.
Қайғыңызды естіп аға қамықтық,
Ер қайғысы – ел қайғысы емес пе.
Қамшы сынса қара жолда түк емес,
Ат өлсе де атан жүрек жүдемес.
Ал аяулы жар қайтқанда жаныңнан,
Алданыш боп қалады екен құр елес.
Шырайлы ана елге шуақ таратқан,
Шын дүниеге қайтты шығып санаттан.
Истихфар ғып пендесіне пейілді,
Мәрхәматын бұйыртса екен жаратқан.
Тартсаңыз да тағдыр басқа салғанын,
Жақсылығын тауыспасын алда күн.
Сабырға, аға, сүйеніңіз тоқтам ғып,
Әміріне көнбек парыз Алланың.
(жалғасы бар)
Сәт Тоқпақбаев