Ақын Есенбай Дүйсенбайұлы туралы эссе

ӘДЕБИЕТ
4238

(1940 – 2011)

Орыс әдебиеті мен мәдениетінің тарихында «шестидесятники» деген қалыптасқан ұғым бар. Олар «Мы дети ХХ сьезда» дегенді дер кезінде айтып, мөрлеп қойған. Қазақта ешкім айтпағандай еді, жоқ, Есенбай ақын айтыпты. «Қазақ» газетінде жарияланған «Сызу» деген поэмасынан мен оның «ХХ сьездің балалары едік біз» деген өлең жолын оқыдым. Араға ширек ғасыр салып жарық көрсе де тың естіліп, ұлттық ой өрісіндегі бір ақтаңдағымыздың орнын толтырғандай әсер береді екен.

Өткен ғасырдың елуінші жылдарының аяғы мен алпысыншы жылдарының басында қазақтың кең сахара даласының түкпір-түкпірінен арман қуып сол кездегі ел астанасы Алматыда оқыған біздер, шынында, ХХ сьезд балалары болатынбыз. Уақыт та бөлек, біз де бөлек едік. Артта отызыншы жылдардың ақсүйек ашаршылығы, 37 жылдың қуғын-сүргіні, жаһандық қырғын соғыс... Біз мың өліп, мың тірілген қазақтың үрейі мен үмітін қоса арқалаған ұрпағымыз. КПСС-тің ХХ сьезі жеке басқа табынушылықты сынап тастады, Жер шарының алтыдан бір бөлігін түгел өрмекшінің торындай шырмаған ГУЛАГ аталған түрмелер жүйесі сөгіліп кетті. Адамдардың бетіне қыламықтанып шырай жүріп, біз сияқты жастары көктемнің алғашқы шуағына қуанып ойнақтайтын жас төлдей, ертеңгі күнге зор үмітпен кеуде керіп аттанғанбыз. Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетіне түскен болашақ филологі бар, журналисі бар – өзімізше шетімізден дүрміз.

Бәтеңкемізді жұлығынан басып, ескі пенжек – күртелеріміздің иіні түсіп жүрсе де, Хрущев жылымығының арқасында көңіл шуақты, қарын тоқ. Асханаларда нан тегін, үш тиынның шайынан, ішіне жартылай құмшекер толтырып үш – төртеуден аламыз да, үйеме табақ туралған нанды ортаға қойып қойып, мелтектеп тойып шығамыз. Ұстаздарымыз М.Әуезов бастаған Б.Кенжебаев, Т.Нұртазин, Б.Шалабаев, І.Кеңесбаев, М.Балақаев, З.Қабдолов. Ж.Қарақұсов сынды кілең бір ығай мен сығай. Ыңыранып, тамағын аршып, сәл бөгеліп барып Абай мен Құнанбай арасын суреттеу үшін орыс И.Тургеновтің «Әкелер мен балалар» романынан бастап бүкіл әлемдік әдебиетті қалай сарабынан өткізіп екшегенін баяндайтын ұлы Мұхаңның қоңыр даусы; «жиырмасыншы» деу дұрыс емес, «жиырманшы» деу керек» деп алып, С.Торайғыров, С.Дөнентаевтар шығармашылығы туралы лекцияларын алдындағы қағаздан бас алмай оқып беретін, Мәскеуде кремльді жалаңаяқ жүріп аралағанын әңгімелеген Бейсекеңнің жібектей жұмсақ биязы үні; жиырмасыншы – отызыншы жылдары теңдік алдыңдар дегенге қазақ әйелдерінің көшеге шығып қалай құтырғанын салып, «Енді байға тимеймін, сақалына симеймін» деп әндеткендерін айтып, солақайлардың елді жүгенсіздік жолға қалай бастағанынан әзілдеген болып хабар беріп қоятын Т.Нұртазиннің сұңғылалығы; екі факультетті қосып жіберіп лекция оқығанда аудиториядағы жүздеген студентті түгел көріп, шақылдап сөйлеп, филологтардан тарихшы жасап жіберетін Ж.Қарақұсовтың өткірлігі; Қазақстанға жер аударылып келгендер – «Ұлы адамдарды алыстан біліңдер, жақыннан көрсеңдер көңілдерің қалады» деп алып, В.Маяковский, С.Есенин туралы өз көзімен көріп, құлағымен естігендерін баяндайтын, антикалық әдебиеттен дәріс оқыған Гербсман; сиреген шашының ұйпа-тұйпасы шығып, лекцияға да тор қалтамен бір бөтелке айраны мен бір батон нанын тастамай алып келіп жүретін, шетел әдебиетінен сабақ берген Фролова - қайсымызды да бірден баурап алған-ды. Бұрын біз білмей келген кейбір құпиялар да ашылып жатты. С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіровтермен қатар орыстың ұлы ақыны С.Есенин оралды. Ф.Шаляпинмен қатар Париж жақтан қазақ Әміре Қашаубаевтың даусы жетті. Бір пысық жігіттер, қайдан тапқандарын өздері біледі, Виноградов көшесіндегі үш қабатты жатақхананың кіре беріс алаңқайына жұрт жинап, Шаляпиннің, Қашаубаевтың даусын тыңдатады. Сапасы өте төмен, қырылдаған бөгде дыбыстары көп. Сонда да сол бөгде дыбыстардың ішінен атақты әншілердің өз үндерін естуге, ұғуға, көкірекке сіңіруге тырысамыз. Мүлде жаңа тылсым, соны әлем ашылғандай болады. Тіпті шаш қою, киім үлгісінде де өзгерістер көп. Әлгі алаңқайға жұма, сенбі сайын шаштараз келіп жайғасады. Кезекке тұрамыз. Шекені жиектете қырқылатын бұрынғы үлгілер қалып, бұрқыратып желкеге шейін өсірілетін шаш қоюдың «канадка» деген жаңа үлгісі келген. Көбіміз соған құштармыз. Шалбардың балағы мүлде тарылып кетті, киіп-шешу бір жұмыс. Алабажақ кепкі, ала-құла түсті шақпақ пенжектер де пайда болды. Әрине, мұндай сырт өзгерістерге кеш батысымен қолды-аяққа тұрмай кететін ішіміздегі ерекше сауықшылдар болмаса, көбіміз онша әуес емеспіз. Көбімізді сыртқы жарқыл емес, Есениннің өлеңі, Әміре Қашаубаевтың дауысы сияқты рухани жәдігерлер барынша қатты қызықтырушы еді. Сондай күндердің бірінде мен Александра Есенина – Вольпинаның мына бір өлең жолдарын тәржімалаппын:

         Я не знаю, зачем я живу,

         И чего я хочу от зверей –

         Населяющих злую Москву.


         Москваны жайлаған өңшең жыртқыш

         Не күтпекпін мен олардан?

         Неге ғана жер басып жүр екенмін,

         Білсем шіркін...


         Эти мальчики могут понять

         Что любить или верить – смешно.

         Что тираны их мать и отец

         И убить их пора бы равно!

                   Эти мальчики кончат петлей,

                   А меня не осудит никто –

                   А стихи эти будут читать

                   Сумасшедшие лет через – сто.


         Бұл балалар нанады түсіндірсең,

         Жақсы көру, қадірлеу – десең жалған.

         Әкең менен өз шешең жәбірлеушің,

         Жарайсың, өлтіріп тек кегіңді алсаң.

         Әрине, балаларды мұндай батыл

         Іледі дар ағашқа салбыратып.

         Мені ешкім сөкпейді, ал өлеңім

         Жасай берер,

         Есерсоқ талайларды таңырқатып.

Осындай арман қуған қияли ортада достасу мен сыйласудың формуласын білген кім бар? – деп өзіңе - өзің сұрақ қойсаң да артық емес. Бірақ нақты жауабы жоқ. Өйткені ешкім де білмейді. Мәселен, сол 1958 – 1963 жылдары бірге оқыған жетпістен астам қыз-жігіттің көбінің аты-жөндері қазір менің есімде жоқ. Ал жақын сырласқандардың түр-түсі де, мінез-құлқы да жүрегімде мәңгі мөрленген. Ол уақытта қазіргідей емес, ешбір жанның аузынан қай жүз, қай рудансың деген сөзді ешқашан естімейтінбіз. Сонда бізді не нәрсе, нендей қасиет жақындастарды екен? Бәлкім, талғам мен түсінік жақындығы, мүмкін, және ең бастысы да осы болу керек, рухани жан дүниеміздегі ұқсастық білем. Көкшетаулық Есбол мен Әміржан, семейлік Рымғали мен Назарбек, атыраулық Нұриден мен Әлібек, ақтөбелік Есенбай мен Идош, қостанайлық Қоғабай мен Байтұрсын, жамбылдық Қарауылбек, Әлдихан, Жорабай, Лазарь, талдықорғандық Мұқан, Айдарбек – бәрі де кейін өз орындарында жақсы азамат атанды, атанып жүр. Көбі қазақ әдебиеті мен өнерін дамытуға лайықты үлестерін қосты, үлкен атақтарға жетті. Осылардың ішінде мен, Нури дейтінбіз, Нұриден, Рымғали, Есенбайға басқаларға қарағанда әлдеқайда жақындау болдым. Оқу бітірген соң, мен жолдамамен Қарағанды аймағына кеттім де, курстастарымның көпшілігінен хабар үздім, тек осы үшеуімен ғана бір-бірімізге деген дұрыс көңілімізді сақтап, әредік болса да кездесіп қалып жүрдік. Академик Рымғали Нұрғалиев туралы бұрынырақ жазғанмын. Бұл жолғы әңгімем марқұм, ақын Есенбай Дүйсенбайұлы досым туралы болмақ, туған күніне орайласып, кезегі келіп қалды. 

                                               

Есекеңді біз студент кезінде-ақ сен түбі үлкен ақын боласың деп мойындайтынбыз. Адамды орта тәрбиелейді десек, бізді рухани жақындастырған студенттік аудитория мен ортақ жатақхана ғана емес, жылда тың өлкесінің астығын жинастыруға барып, бір ай бойы «еңбек емтиханын» тапсыратынымыздың да ықпалы зор болды. Адам мінезінің небір қыр-сыры ауыр қол жұмысы үстінде байқалады ғой. Әр нені бір сылтау етіп өзіңе жеңілдік іздейсің бе, жоқ, ауырлықты қасыңдағы жолдасыңмен теңдей бөлісесің бе, тіпті ол қалжырай бастаса, оған түскен салмақты жеңілдету үшін бір жағынан иығыңды тосасың ба, оның бәрі осындай нақты іс үстінде анық көрінеді. Нұриден Мұфтах бастаған шымыр топтың қатарынан томпаңдап Есенбай да өмірі бір қалмайды. Жұмыс ауыртпалығын қылдай бөліседі. Шаршағанын білдірмейді. Қолы жұмыста, әсершіл әзіз ойы ғарышты шарлап кете ме, кейде тұра қалып, бізді жаңа өлең жолдарымен серпілтіп тастайды.

         1960 жыл, 15 қыркүйек.

         -Қараңдаршы, тың алқабының түнгі көркі неткен сұлу. Дала бойлап жүзіп жүрген сан оттар. Қуатты моторлардың жарыса сарнаған дүрілі түн қойнауын бесікше тербетіп - теңселтіп тұрғандай-ау, - деді Есенбай. Жұмыс қарқыны саябырсыған сәт, бәріміз де елеңдесе қап, аузына қарадық. Ол желпіне түсіп:

         -Осынау басына құт қонған кең далада туғаныңа мақтанады екенсің,- деп көсіле сөйлеп кетті.- Оның таусылмас мол байлығын еркін игеріп адамзат игілігіне бағындырып жатқан мына өзіміз сияқты қарапайым адамдарды көргенде еріксіз сүйсінеді екенсің. Солар жайында жырлағың келіп кетеді.

         -Алда, Есекем-ай, шабыт деген шатақтың қақпанына түсіп қалыпсың ғой, дүниеге бір жақсы өлең келген болса жарадың, - деді Назарбек қалжың-шыны аралас.

         Бәріміз жарыса күліп мәз болып қалдық. Есенбай үндеген жоқ. Аяқтарының арасын бір-бірінен алшақ тастап, ойлы жанарын түнгі далада жүзіп жүрген комбайн оттарына қадаған күйі ашық жарқын дауыспен өлеңдете жөнелді:

         Біліп болмас, қайда батыс, қайда маң,

         Тұнып тұрған егін, егін айналам.

         Шетсіз-шексіз ырысымды көтеріп,

         Жатырсың-ау, о, жарықтық, бай далам!

         -Мен баяғының суырып салма төкпе ақыны емеспін ғой, - деді осы жерге келгенде өлеңін үзген Есенбай бізден кешірім сұрағандай ұяла күлімсіреп. - Әрі қарай жүрмей тұр.

         -Жарайды, жарайды, сені сынағалы тұрғамыз жоқ. Дегенмен, бастауың жақсы, - деп Назарбек оны жұбатқандай еді.

       -Тек, әйтеуір, лекілдетіп лепіре берме, -деп қалды Рымғали.- Бай далаңа кімдер иелік етеді, тұнып тұрған егінің астығы қай қамбаға барып құйылады? Со жағына да ой жіберіп көр.

Біздің көбіміз үшін тосындау пайым-пікір еді. Қапелімде аузымызға лайықты сөз түспей бәріміз ошарыла үнсіз тұрып қалдық. Мың болғанда, тап осы кезде фар жарығымен маңайдағы қою қараңғылықты айқұш-ұйқыш тілгілеп, қырманға астық артқан машиналар легі келе бастады. 

Біз жұмысқа қызу кірісіп кеттік...

Қазақ даласы... Қазақ жерінде өсіп тұрған егін... Астық – ырысымыз. Олай болса, мақтанбайтындай несі бар еді? Алайда, осының бәрі кімнің иелігінде деген сұрақтан жүрегіміз тілініп түсті. Осы жайт «осыншама иен байлық неге өзіміздікі емес» деген ойымызды кенет оятып жіберді. Шіркін-ай, сондай күнге жетсек-ау деген арман – қиялымызды шарықтатты. 

Осындай – осындайдан киіктің асығындай шымыр, көп сөзге жоқ, көңілінің күйін өлең жолына өріп, жарқ еткізіп айтып тастайтын Есенбайдың сүйкімі ортамызда күн санап арта түсті. Ақынсың деп таныдық. Оның қайсыбір өлең жолдары, басқаларды білмеймін, менің жадымда өз-өзінен жатталып қала беретін еді. Біразын арада алпыс жыл өтсе де әлі ұмытқам жоқ.

Ол кездерде балғын едің, ерке едің,

Кім ойлаған бала қыздың ертеңін.

Енді міне, жанарыңмен жарқ еткен,

Ұшқыныңмен өзегімді өртедің...

Немесе:

         Сенің көзің жер бетінде әдеміден әдемі,

         Шарасында шайқалады сұлулықтың әлемі...

Ойымның орайына келтірілген осы мысалдардың алғашқысын 2008 – 2009 жылдары «Жазушы» баспасынан жарық көрген оның 2 томдық шығармалар жинағынан таппадым. Екіншісі бар екен. Және одан кезінде өзім аңғармаған терең астар танып, қайран қалдым.

         Көкіректе болмаса егер келешектен арманым,

         Сол бір көзден алшақтамай, ұзап шықпай қарға адым,

         Қартайғанша, әл тайғанша сүюменен шаттанып,

         Тыныш қана тәтті ұйқыға кетер едім аттанып...

Па, шіркін, бұл оның жай бозбалалық көңіл-күйі емес, адамдық, ақындық болмысын айқындайтын махаббат формуласы екен ғой. Осы екпінмен мен оның екі томдығын асықпай түгел оқып шықтым. Тура! Ол отбасы әке-шеше, туыс-бауырды, дос - жаранды, жақсы-жаман адамдарды, туған жерді, оның аспанын, өрістегі малды, қырдағы аңды, қар - жауынын, желін, тіпті қурайына шейін бір-бірінен бөлмейді, бәрін бірдей ақындық жүрекпен шынайы ақ сезімге бөлеп әлдилейді екен.

Өзінің осы ұлы сезімін жырлау үшін Есенбай қазақ ақындарында бұрын кездесе қоймаған тың бейне тапқан: Бозала таң мен Бозторғай. Соншалық жанға жайлы, көзге жылы ұғымдар. Қырдың бейнесі. Қырдағы қазақтың бейнесі. Дәлірек айтсақ, «Бозторғай шырылдайсың жерге қонбай» деп, Кенен Әзірбаев жырлаған бозторғай, «Аяздарда тоңбайсың ба, бозторғайым» деп, Бәкір Тәжібаев әнге қосқан бозторғай, бұл жерде ақынның, яғни Есенбайдың өзі болып кеткен. Поэтикалық музасы ғана емес, өз бітім – болмысына айналған. Яғни боз деген бояумен өрнектелетін жаңа атқан таң, торғай, аспан, дала, інген, жусан, ер жеткен бала – махаббат бастаулары, сыр сандығына сақталған асылдары. Осындай бастау – тұмаларының, асыл қазыналарының арқасында ол көз алдында өтіп жатқан дөңгеленген дүниеге әркез перзенттік сүйіспеншілікпен қарайды. Сүйіспеншілігі шыншылдықпен өріледі. «Ақ тілеуі қабыл болған» әжесі Қалдайбек атанған қыр басына жерленді. Кедейлікпен ғұмыр кешкен... «Жарлы қалпы жата берсін, жарықтық», дейді немересі ақын Есенбай. Бірақ басына шыбық шаншып кетеді, ол қайыңға айналады. Кейуананың артында қалған ұрпағының өсіп - өнгенінің кепіліндей. Сосын да ол: «Шуылдап тұр шуақ дүние жайында», деп түйіндейді ойын.

         Аналары жоқ жетім үйде бірге өскен, «жеті жасқа жетпей-ақ өз тамағын өзі асыраған» әпкесіне деген сағынышы да кім-кімді болмасын бей-жай қалдырмасы анық:

         Қадірің өтпесе егер – күрсінбес ем,

         Кеш енді жыр – жүрек боп дүрсілдесем.

         Інің жүр арқа сүйер апам бар деп,

         Алыста анам да боп жүрсің бе сен?!

Ақын сүйіспеншілігінің салмағы «Қайта бастау» деп аталатын өмірбаяндық лирикалық дастанында да айқын көрінеді. Соғыстан жаралы боп қайтқан, «өз малым деп қырық жыл ақысыз-пұлсыз ортақтың сиырын баққан», баладай аңқау көңілді әке дүниеден өткендегі ақын жүрегінің жанартауынан жарылып шыққан ыстық сөздерді тебіренбей оқу мүмкін емес:

         Біреу келіп шөп үйгізіп алады,

         Біреу келіп қи оюға салады.

         Ал біреуге құдық қазу керегі...

         Бәрінің де тілін алғыш ер еді.

         «Сауабына» берген нан-пұн, ет-метін

         Өзі жемей, маған әкеп береді!»


         Сол Мәртімді алып, тағдыр, шөлдеттің!

         Еңіреп қалдым!

         Көздің жасын көлдеттім!

         Ішкенім – у, желім болды-ау жегенім,

         Әлди - әлди әке болып кеп едім.

         Әлдиімде баққан әке-көкем ғой,

         Әл тайған соң –

         Менің әлди бөпем ғой!

         Бөпем бар деп,

         Өмірім бесік болатын,

         Көк аспанға көңілім көшіп – қонатын.

         Құлынымдап, емізіктеп «мың мақтап»,

         Кірін жуып, шомылдырып, құндақтап,

         Мамандығым

         Әке бағу болатын.

         Әке бағып,

         Мәпе табу болатын!

Бұл көрініс, осындағы ауыр хал бір ғана ақын Есенбай басында болған жайт емес, әрине. Күні кешегі сұрқия заман суреті, мыңдаған қазақ басынан өткен ауыр ахуал, әлі де, адамдардан бұрынғы мейірім мен қайырым кетіп, ізет жоғалып, көбеймесе, азаймаған рухсыз жүдеу құбылыс.

Өмір – тіршілікті, жарық күнді, күн астындағының бәріне бөле – жармай жүрек көзімен қарайтын Есенбайдың Тыныштыққа, Назымға арнаған өлеңдері де кісіні аса нәзіктігімен баурайды. Тыныштық оның бала махаббаты болыпты. Бала махаббат кім басынан өтпеген. Ал Есенбай оны мүлде басқаша толғайды:

Басқа бір жарға болдың жар,

Адасты бұлтқа батып Ай...

Есіңде бар ма сол жылдар,

Ей, ұлы махаббатым – ай!

Алғашқы сезім – ұлы махаббат... Келісесің. Ақын оны жүрегіне сақтап қойды. Жан қуатына айналдырды. Бірақ енді артынан іздеп жүгірмейді, еңіреп етегін жасқа толтырмайды. Өйткені өмір деген бәйтеректің бір тамырына айналу, бұтағында жас жапырақтар гүлдету адамдық парызы бар. Осындай мақсатты жолда Назымды кездестірді. Есекең оны жалғыздың көк шыбығын жайқалтқан бес баламның анасы «Қыз Назым, келін Назым, кемпір Назым» деп мақтап қана қоймайды, «Әйел» деген өлеңінде:

Сағынып сау – саламат бір күнімді,

Санамен сан өткіздің нұр түніңді.

Жатқанда жұрт ұйқыда, сен отырдың

Сарғайған таңға тіреп кірпігіңді, - деп адал жардың абзалдығын азаматтық биіктен асқақтата жырлайды. Иә, «сарғайған таңға тіреп кірпігін», түн ұйқысын қиып жар күткен әйел суреті қандай ғажап! Жалпы, ер адамның қадір-қасиеті оның әйелге көзқарасынан байқалады дейтін қағидат бар. Бұл жағынан Есенбайдың әйел затына ерекше ілтипат, зор құрметпен қарайтынын жаңағы мысалдардан көрдік. Тағы бір мысал. Толғақ үстіндегі қиналған әйел... Қарауға адам беті шыдамайды. Тек:

Гинекология столы...

Ұятсыз түн терезеден тұр қарап.

Жатыр әйел... азабы әлі жалғасқан,

Жан әлемнің жарық сәулесін толғатып.

Бозаң белде орай да борай талмастан,

Бозжорғалы таң келеді жол қатып!


Келіп те жетті тықсыра қуып түнекті.

Бір өмір сонда

Әйелдің аяқ жағынан

Бозала таңда бозторғай болып шыр етті!

«Жан әлемінің жарық сәулесін толғатып...» Әйел құдіретін сипаттайтын қазақта сөз көп. Ал мынау... мүлде жаңа теңеу, ойлы астар. Жарық әлемі емес, жан әлемі, Жан иесін емес, жарық сәуле иесін. Рас-ау, «Өмір деген бір күндік сәуле екен ғой», деп Мұқағали Мақатаев жырлағандай, адам жаратылыстың жалғыз ақыл иесі ғой. Ақыл – жарық. Демек, адам жоқ жерде сәуле де жоқ. Адам дүниеге жарықты өзімен бірге алып туады.

«Ой түбінде жатқан сөз – шер толқытса шығады» деп Асан қайғы бабамыз айтқандай, өмірден уайым – қайғы шекпей өтетін адам болмайтын шығар. Алайда іштегі шерді тарқату, оны жамиғаттың ортақ мұңына айналдыру үлкен жүректі хас ақындардың ғана мирасы екені аян. Есенбай да «Тынышсыз иірімдер» деген топтамасында: 

Жырлай – жырлай сезгенім:

Жүрек деп сыр өрме сен –

Қайғысын да өзгенің

Өз қайғыңдай көрмесең, - деп ақындық кредосын оқушыдан жасырмайды. Алуан түрлі техникамен қаруланған адамдар табиғатқа орны толмас зияндар келтіріп жатыр деп өрекпімейді, аспан аясындағының бәріне жүрек көзімен қарайды деп жоғарыда айтқанымдай, машина жолын кесіп өтпек болған дала еркесі киіктің қасіретін:

Қырдағы жортқан киігім,

Лағың салып алдыңа!

Жайылған шөбің, биігің – 

Жайына бәрі қалды ма?

-дей келіп, былай түйіндейді:

         Айтарым қолқа – назым деп:

         Тез енді жолдан шығып кет,

         Жүрерсің текке жазым боп!

Ақын осылайша жүркепен сөйлеп, өзін ғана емес, өзгені де тебірентсем, ойлантсам екен дейді.

Жер бетінде қанша адам болса, олар бір-бірін қайталамайтын сонша әлем деседі. Ал егер ақын «мені» өзіндей мыңдардың «менімен» үндесіп, бірнеше ұрпақтың 50-60 жылдық ғұмырынан сыр шертсе ше? Тұтас бір заман картинасын жасап шықса ше? Есенбай поэзиясы осындай сыр мен жырға толы, мазмұны мәнді бай поэзия. Иә, екінші жиһангерлік соғыстың алды-артында туғандар бұл өмірден не көрмеді? Сталин өлгенде жылады. Хрущев жылымығында қуанды. Брежнев тымырсығында тұншықты. Қазақ мектептері жаппай жабылып, қазаққа нан табу қиындап, Өтежан Нұрғалиев сынды арқалы ақын дене шынықтырудан сабақ беріп «доп қуалады», Есенбай ән сабағын жүргізіп «Есегім-ай» деп ән салды... КПСС құлағанда, у – шудың алдына түсіп далақтады. Осының бәрін көрді, бақ – талайынан өткізді. Мысал керек пе?

         Көк шоқай киіп сау қалдық,

         Көк жуа шықты іздерге.

         Әжелер тартқан ақ жаулық

         Көйлек те болды біздерге. 

         («Түсті менің есіме»)

         Ей, құлыншақ, ет – жүректі сыздатпа

         Ертелі – кеш елеңдеумен мұз жаққа!

         Күз де келер, үйірге сен қосылып,

         Ұрынарсың көк тайғаққа, мұздаққа.


         Жылап қалған өңкей жетім құлындар –

         Біз де солай қосылғанбыз қатарға!

                                      («Жетім құлын»)

         Жылдардан шықтық жылты кем,

         Дегізе жүріп «Қиқар-ай!»

         Біз –сортаңда өскен Гүлтікен

         Маңдайдан шуақ сипамай.

                                      («Менің азаматтық лирикам»)

         Тілегім не, ойпырмай, тілегім не,

         Түсінбей-ақ қойдым-ау бұл өмірге.

         Ұлан дүние ұлардай улап – шулап,

         Жатыр менің кішкентай жүрегімде...

                                      («Жүрегімде»)

         Жақсам ба деп ем бір шырақ,

         Жап – жарық қылып түнекті.

         Ырылмен тірлік ыршып ап

         Ырықсыз, бақсыз күн өтті...

                                      («Қартайту»)

         Қалғыттырмай, ата, түнді,

         Біздің толқын – қыршын лек

         Жылжып бара жататын-ды,

         Жылғаларға шүу – шүулеп!..


         Қайран аңқау қайырлы шақ

         Қалдың екен бүгінде –

         Сынып сапты айырға ұсап

         Қай шөмеле түбінде?!

                                      («Біздің толқын»)

Университет бітіріп Жезқазғандағы қарт әке-шешеме көмектесуге бет алып тұрғанымда Рымғали досымның: «Әуелі өзің жетіліп алмай, біреуге жәрдемдесемін деу бекершілік», дегені бар еді. Қарағандыда жүріп Есенбайдың сонау алыс Ақтөбеден бес баласын шұбыртып Алматыға көшіп барғанын естігенде, әлгі сөз есіме түскені. Өйткені бұл кезде баяғы В.Гюго айтыпты дейтін: «Ақындар провинцияда туып, Парижде өлуі керек» деген сөзінің шындығына менің де көзім жете бастаған-ды. Рас, қызметте өсу, қызметте қабілет-қарымымның ашылуы жағынан қиындық көргем жоқ. Мектепте сыйлы болдым. Облыстық газет редакциясына шақырды. Үй-жайымды қамдады. Бірақ шығармашылық мәселе Алматыда шешілетіндіктен алдан он – сан бөгет килікті. Олардан өту тозақтың Қылкөпірінен өтуден бір кем емес болатын. Осы тұрғыдан Есенбайдың тәуекелшіл мәрттігіне қатты сүйсініп, қызыққаным шын еді. Анау – мынау емес, кітап баспасы мекемесіне орналасыпты, енді жазғандарын кезекке қойып, кітаптарын әрі кетсе жыл аралатып шығарып тұратын болды ғой деп ойлаймын ғой. Сүйтсем:

         Бүгін бұған, ертең оған кезек кеп,

         Жеке бастық телефондар безектеп,

         Жатады екен «демікпе боп демігіп»,

         Халтураға қамқорлыққа жегіліп!


         Алауыздық жүзге бөліп алалап,

         Жерге жіктеп, руларға салалап.

         Жағымпаздар домаланып жорғалап,

         Құты амандар көзден жасы сорғалап....

Мақтау, даттау, алғыс, қарғыс, шен-атақ, таратылып тізімделген тәртіппен... Ақын болса:

Иесінен күтетін бір «кит» сүйек,

Ит болмай-ақ... соған жақын... итшілеп...

Қамыт киді қатын – бала қамы үшін, 

Табыт киді Құнанбайдай намысым!

Таудай болу үшін,

Өңкей Таулардың

Терсем бе екен тауық болып тарысын?!  - деп онсыз да тұрмыстан жүдеп жүрген арлы азамат, рухани жан азабынан екі жүдеп:

         Таң атысы, күн батысы мен байғұс

         Бастағы ерік кетпесіне болмай күш...

         Аткөпір боп асып жатқан шегінен

         Мекеменің арбасына жегілем... - деп тағдырға іштей қасарса да, бер жағымен амалсыз көнгендей де болады... Бірақ:

         Шындық босып жүрегімде шыңғырып,

         Менсіз де ақын аз болғандай қазақта,

         Өмірімді салып келдім азапқа?

         Өлең, сені қойып, тастап кетіп ем,

Азабыңа тойып тастап кетім ем! – деп жүргенде, жариялылық, демократия деген жел есті. Хрущевтің жылымығына малданғандағыдай, Абайша «Көп айтса көнді, жұрт айтса болды, әдеті жаман наданның», Есекеңнің өзінше айтқанда «Бастағы ерік кетпесіне болмай күш... Мекеменің арбасына жегілген» сорлының мінезімен аспаннан құймақ жауатындай боп біздің ұрпақ тағы біраз дүрлікті. Осы тұста Есенбай іштегі бар қыжылын шығарып, уытты саяси дастанын «Сызу» поэмасын толғапты. Мен де дәл осы мазмұндас «Қарқаралы аруы» атты роман жазып, сыртта жүргендіктен шығара алмадым деп өкпелеп жүрсем, Есекең поэмасын баспаның құлағында отырып та жариялата алмапты. Жариялылықтың желігімен Ресейде В.Распутин «Пожар» деген шағын хикаяты үшін Лениндік сыйлық алып аты аспандап кеткенде, біздегі «Өңкей Таулар» өздері түгіл, өзгенің де жұмған аузыздарын аштырған жоқ. Қазір енді «Әттең, шіркін, бұл дүниелер сол кезде жарық көргенде ғой» деп өкінесің. Бәрін сызды, құдай, медіресе, мешіт, молда, қазақтың тарихын жасаған батырлары, билері, алаш ұғымы, Әлихан, Ахмет, Міржақып, Мағжан, Шәкәрім... Қызды – қыздымен қазақ деген сөз де сызылып кетті. Осының бәрін сызғандар, сызғызғандар – халықтың азаттығы мен бақыты үшін күрескендер деп дәріптелді. Осының бәрін «Құлдық ұрып жорғалай жоғарыға жұмыс қып, Құдайсыз боп бәріміз көрінуге тырыстық», «Содан соң атқа қамшы салдырмай, «қазақ» деген сөз болса, тұқым – тұяқ қалдырмай», «ұлтсыз болып бәріміз көрінуге ұмтылдық» деп тұздықты өткір сөздермен айта келіп, «Ей, Сызғышбек, былай шық, сәуір желі соқ қатты», деп, қоғамда бетбұрыс басталып, жаңа күрес майданы ашылғанын, бұл күресте адалдық, әділдік жеңіп, ұрлық-қарлық, алдап-арбау, зорлық-зомбылық жеңіліс табатынына сенім білдіреді Есенбай ақын.

                   Күресі бұл күресі:

                   Алтын күрек дәуірдің –

                   Қатып қалған сіресіп

                   Қаңтар мен жас Сәуірдің!..

         Дем берген сен түлекпін,

         Демократия қорғаймын:

         Шыр-шыр болған жүректің –

         Шырылымен торғайдың!

Тәуелсіздік алғанымызға да алдағы жылы жиырма жыл толады екен. «Бастағы ерік кетпесіне болмай күш...» деп таралымы 20 мыңнан 60-70 мың аралығында кітап шығарып келген Есекең қазір жылына таралымы 2 мың данадан аспайтын 10-15 кітаптың төңірегінде отыр. Бұрынғы бұрынғы ма, «қазақ» деген сөздің қазіргі зары күңіренгенде жер жарғандай. Алайда одан өзгеріп жатқан қоғам да, қазақ та жоқ. Қайтерсің, биліктің болмаса, ақын ақылы жетпейтін бұл бір терең тылсым. Әттең, әттең-ай...

«Келдік біраз жерге енді». Бұл сөзді айтқанда Абайдың елуден жаңа ғана асқан шағы еді. Біздің курстастардың жетпіске жетпегені бар, жетіп жығылғаны бар, біразымыз бұл межеден асып та барамыз. Яғни Абай жасынан баяғыда өтіп кеттік. Сондықтан не тындырдық деген сұраққа келсек, артымызға ұялмай қарайтындай, әрқайсымыз өз орнымызда «кірпіш бола» біліппіз. Сөзім басында айттым, біз қазақ әдебиетінің ығай мен сығайларынан дәріс алдық. Олар жастардан қазақтың келешегін дайындасақ дейтін нағыз ақ жүрек адал ұстаздар еді. Төрт томдық «Абай жолы» орысша, қазақша Алматы мен Мәскеуде жарыса жарияланып, ұлы ұстазымыз Мұхтар Әуезовтің Лениндік сыйлықпен марапатталып, өзін ғана емес, атақты эпопеясы арқылы Абай атын асқақтатып, дәурендеп тұрған шағы ғой. Біз де ұстазымыз сілтеген жолмен Абай туралы романдарға, Абайдың өз өлеңдері мен ғақлияларына құнықтық. Содан шығар, Есенбайдан да Абай поэиясының әсері, университетте алған мол тәлімі анық сезіледі. «Мойнын бір созған сиырлар, көкжиек – көлге сүйкеніп» десе, Абайдың «Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс» дегенін еске түсіреді. «Түзетпек едім заманды? – Осыны талай Мәрт айтты, деп кейде тіпті Абай сөзіне тікелей жүгінеді. Ол ол ма, «Жүрекпен айтқан сөзді енді, жүрміз ғой «эмоция» деп», - деп Есекең Абайдың «Достық, қастық, бар қызық – жүрек ісі, ар, ұятың бір ақыл – күзетшісі» дейтін адами ойларының бүгінгі кейбір мейманасы тасқандар үшін мәнін жоғалтты-ау дегендей күрсінісін де жасырмайды. Ал «Жақсам ба деп ем бір шырақ, жап-жарық қылып түнекті» деген жолдардан Сұлтанмахмұт Торайғыровтың «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» дейтін аспандағы айға ұмтылған асқақ романтикасының лебі сезіледі. Әсілі, мектебі бар әдебиет – дәстүрлі бай әдебиет. Одан үйрене білген ақын мен жазушы өз өрнегін де табады. Абайлардан бастау алған Есенбай бүгінде өзіндік ой желісімен, өзіне тән сезім иірімдерімен, жансызға да тіл бітіріп, жандыдай етіп суреттей білетін сұңғылалығымен әдебиетіміздің тұлғалы ірі ақыны болғанын мойындатты. 1959 жылы Тың астығын жинасуға барып Арқа жақтан қайтқан бетте, мен Есенбайға шағын қойын дәптер сыйладым. Ол соған баладай қуанып, табанда өлең шығарды. Бұл өлең біздер үшін құнды жәдігер болумен қатар, студент Есенбайдың адами жан – дүниесін, яғни ақындық кредосын да анық байқатады. Сондықтан тұтас күйінде оқушы назарына ұсынғанды жөн көрдім.

         Жасын тілді мизам көңіл Өтекем!

         Тұла бойың лапылдаған от екен.

         Дариядай асып-тасып шын бүгін,

         Маған қарай бұрылыпты-ау бөтекең.

                   Жан сыйына қойын дәптер әкелдің,

                   Өкпелемен «бөзіндей» деп – сәтеннің,

                   Сенім ғой ол, мәңгі арқалап жүремін,

                   Тастап кеткен мұрасындай әкемнің.

         Студенттік шақтан белгі ете сен

         Тарттың оны еске ұстауға Өтекем.

         Үнсіз ғана арттың және зор міндет –

         Бірақ соны нендей іспен өтесем?!

                   Ез жігіттей сүйе білмес ғашығын,

                   Әрине, оған жазбан өлең жасығын.

                   Толтырамын жүрегімнен жырдың бір

                   Дауыл – кеуде, жарқ – жұрқ еткен жасынын.

         Жасын тілді, мизам көңіл Өтекем,

         Арманым жоқ дос сенімін өтесем.

         Үміт артып сенсе маған жолдасым,

         Өмірдегі нағыз бақыт осы екен!

         Міне, осы ақын досымның жазғандары негізінен екі томдыққа сыйыпты. Есекеңмен тұстас, тіпті одан жасы кіші кейбір ақындарымыз 20 томдық өлеңдер жинағын шығарып жатқанда, бәрін сырт қомпимен бағалап, есептейтін заманда біртүрлі жұқалау көрінуі мүмкін. Ау, алайда, Абайдың бар жиған-тергені бір-ақ том емес пе. Соның өзін қанша ұрпақ түсініп оқып, тереңіне бойлай алмай жатырмыз ғой. Болдым – толдым деп күпсінгендердің өзі ақырында айналып келіп сол абзалдың аяғына жығылады емес пе. Студент кезіміздің өзінде Есенбай туралы, кейін ғұлама ғалым болған Рымғали Нұрғали, «біздің кішкентай Абайымыз» деп біліп айтты, жаңылған жоқ. «Сахнасы өмірдің» деген өлеңінде Есенбай:

         Қиянат па?

         Сірәда,

         Өмір алға жүрем дер.

         Өзгермейді драма,

         Өзгереді рөлдер.

                   Құлдырау ма?

                   Бұл күнге

                   Тірі пенде жетеді.

                   Рөл бітсе, кім-кім де

                   Сахнадан кетеді, - депті.

         Ғылым мен техниканы жетік меңгерген, адамзат өркениетінің алдына шығып алған озық елдің білгіштері: Халықты билеп – төстеудің үш кезеңі болады: біріншісі – патшалар, императорлар, диктаторлар, басқа да әртүрлі жеке билеушілер дәурені, екіншісі – банкирлер, қаржыгерлер, бизнес ұстаған өндіріс алпауыттарының қолпашымен билік құратындар – қазіргі кез. Мұның екеуі де халыққа бірдей теңдік орната алған жоқ. Билікке өнер адамдары, яғни РУХ әлемінің қайраткерлері - зиялы жандар келгенде ғана адамзаттың ежелгі арманы «Қой үстіне бозторғай жұмыртқалайтын заман орнайды» - мыс. Сенуге болатын қисын. Белгілері жоқ емес. Мысалы, АҚШ – та қара нәсіл өкілі Президент болып сайланды. Шекспир заманында да, қазір де өмір сахнасынан түспеген бір құдірет бар. Оның аты – РУХ. Ал нағыз ақын қашан да рух қызметшісі, адам бойындағы күш – қуатты еселеуші. Намыстың қайрағы. Қазақтың ұлттық намысы құламаса, рухы да өшпейді. Ендеше, менің курстас досым Есенбай да сахнадан кетпейді.

Өтен Ахмет

author

Өтен Ахмет

ЖАЗУШЫ

Жаңалықтар

Алматыда 53 жастағы қала тұрғыны алаяққа алданып қалды, деп хабарлайды madeniportal.kz. ІІМ-нің мәл...

Жаңалықтар

"Қазгидромет" РМК синоптиктері 2024 жылдың 8, 9 және 10 қазанына арналған ауа райы болжамын жариялад...