Агата КристиДжейн Хелиер таныстыруын аяқтай келіп: «Ал мына кісі... Мисс Марпл болады!»...
Әуезовті қамаудан құтқарған жазушы
Өз заманында аты әлемге танылған жазушымыз Әнуар Әлімжанов қазіргі Алматы облысы Алакөл ауданының Қарлығаш атты аядай ғана ауылында дүниеге келген. Балалық шағы таудың етегінде өткен жазушының балалық шағы, ата-анасытуралы ауылдас досы, бірге оқыған жазушы Тоқтар Бейісқұлов былай деп еске алады: “Ә.Әлімжановтың әкесі Тұрлыбек үш ағайынды болған, Жақыпбек және Тұрысбек деген екі інісі оның қарамағында болды. Атасы аңшы, ұста және етікші екен. Бәйбішесі екеуі ерте көз жұмып, үшеуі ғана қалады. Тұрлыбек те етік тігіп, ұста мен ағашшыға көмектесіп, омартада жұмыс істеп күн көріп жүреді. Әнуардың оқуы аса қиын жағдайда өтті. Тұрмыс жағдайы төмен болды. Ашаршылық жылдары әкесі Тұрлыбек інісі Жақыпбекпен басқа жақтан табыс іздеп кетеді. Ал Әнуар анасы екеуі нағашы атасы Диқаш пен әжесі Жәкіштің қолында қалады. Әкесі Тұрлыбек Түрксіб теміржолында, Лепсі бекетінде қызмет етеді. Оларды ұзақ күткен Әнуар анасымен артынан іздеп барады. Сол 1932 жылы анасы аштықтан қайтыс болады. Жүздеген шақырым жерден зайыбының сүйегін ауылына жеткізген Тұрлыбек оны арулап жерлейді. Түрксіб құрылысында істеп жүргенде партияға өткен Тұрлыбекті 1935 жылы ауданға шақырып, аудандық поштаға телеграфист жұмысына тағайындайды. Жаппай «халық жауларын» іздеп жатқан сол кездері Әнуардың әкесі де бір әйелдің телеграммасын Ленинградқа салып жібергені үшін қамауға алынады. Алты айдан кейін босатылған Тұрлыбектің қызметі қалпына келтіріледі. Бірақ тар қапастағы өмірдің зардабынан Тұрлыбектің денсаулығы төмендеп, әуелі көзі көрмей, артынан мүлде төсек тартып жатып қалады. Ақыры 1941 жылдың қаңтарында дүниеден қайтады. Анасынан бір, әкесінен екі айрылған Әнуар Қарлығаш ауылындағы нағашы әжесі Жәкіштің қолында тұрады.
Әнуар екеуміз Лепсі педучилищесінде бір жыл бірге оқыдық. Оқудағы ол кездерді есіме ала отырып Әнуардың үш ерекшелігін бөле жара айтар едім. Оның басты айырмашылығы – жібек мінезділігінен көрінетін. Салмақты, сабырлы, ойланып сөйлейтін, сыпайы мінез танытатын, ешкіммен кеңірдектесіп, ұрсысып-керісіп жатпайтын. Жұмсақ үнімен, сыралғы тілімен шындықты айтудан тайынбайтын. Қайдан біліп-үйренгенін кім білсін, сол кездің өзінде-ақ көзімізге мәдениетті адамдай көрінетін. Екіншіден, ол оқуды жақсы оқыды, орыс тілін жетік меңгеріп шықты. Ол тілді шала-пұла білетін біздер оған қызыға қарайтынбыз. Жиналыстарда орысша сөйлегенде құлағымызды түре тыңдайтынбыз да таңдай қағатынбыз. Оның тез қабылдау, үйрену, игеру қабілетіне қызығатынбыз. Әлі есімде, бірде клубта сурет көрмесі ұйымдастырылды. Сонда бір қабырғада Әнуар салған Құрманғазының суреті ілулі тұрды. Күйшінің қазіргі суреттеріне ұқсамайтын еді. Суреттен қазақтың жиынтық бейнесі көрініс беретін. «Біз атын ғана естіген күйші Құрманғазыны бұл қайдан біледі?» деп қатты таңданғанбыз. Сөйтсек, ол көп оқиды екен. Нәтижесінде бойына қазақы рухты, ұлтжандылықты сіңіре берген көрінеді. Содан болар, оның шығармаларында, жазған публицистикалық мақалаларында, сөйлеген сөздерінде өз халқына деген сүйіспеншілік ерекше сезілетін.
1948 жылдың қысқы күндерінің бірінде әдебиет кеші өткізілді. Бір сәтте клубтағы электр шам лып етіп сөне қалды. Сахнада жылтыраған жарық көрінді. Үстел басында қауырсын қаламмен өлең жазып, бұйра шашты, үшкір мұрынды, бакенбарлы Пушкин отыр. Кітаптардағы суреттерінен танимыз ғой. Ол басын көтеріп, Арина Радиононаға арнаған өлеңін оқи бастады. Сөйтсек, Пушкин деп отырғанымыз өзіміздің Әнуар екен. Сахнаға Пушкин болып шығуының өзі Әнуардың әдебиетке ден қойғанының бір көрінісі, жазушы болудың алғашқы белгісі десе болғандай. Училищеде үрмелі оркестр бар еді. Соның бір мүшесі ретінде Әнуардың үлкен аспапты мойнына іліп алып, үрлеп тұрғанын сан рет көргенбіз. Лепсі қаласында Жеңіс күніне, Май мерекесіне, Қазан төңкерісіне арналған салтанатты шеруде сапқа тұрып, көшеге шыққан студенттердің алдында бойды серпілте, қанды қыздыра музыка ойнаған оркестр кетіп бара жатушы еді. Оның ішінде аяғын нық басып, екі ұртын бұлтитып аспабын үрлеп бара жатқан Әнуармен мақтанатынбыз. Өйткені, оркестр құрамында бір ғана қазақ баласы Әнуар еді.
Өмірдің талай қысылшаң өткелдерінен өткен, сана-сезім, жан дүниесін алдағы белгісіз күрестерге бағыттап, білім алып, мол дайындықпен келген Әнуар училищені бітірген жылы-ақ ҚазГУ-дың журналистика факультетіне түсіп кетті”.
Осы естелік арқылы жазушының бала кезден дарынды болғанын байқаймыз. Журналистиканы таңдауы да кездейсоқтық емес болар. Бұл да болса, Әнуардың жазушылыққа салған жолының бастауы болатын.
Әнуар Әлімжановтың Мұхтар Әуезовпен байланысы жөнінде білу үшін соңғы кездері жазушының мұрасын насихаттап, естелік кітап шығаруға ат салысып жүрген Ғаббас Қабышұлына хабарласып, бірер сұрақ қойған едім:
– Аға, Әнуар Әлімжанов кезінде М.Әуезовті әйгілі үш әріптің құрығынан құтқарып қалған деседі. Бұл қаншалықты рас сөз?
- Әнуар Әлімжановтің бүгінгі біздің, ертеңгі толқын-толқын ұрпақтарымыздың алдындағы азаматтық аса бір айтулы әрекеті – жазушы-сыншы, ғалымсымақтардың жалақор, пәлеқор тобынан екі жыл бойы «феодалшыл», «буржуазияшыл», «кертартпа» дегендей былапыт сөзді бейкүнә көп естіген «Ұстазы» Мұхтар Омарханұлы Әуезовті әйгілі «үш әріп», яғни КГБ-ның құрулы қақпанына түсіп қалудан сақтап, Мәскеудегі достарына жасырын аттандырып жіберген жанкештілігі! Соның өзі-ақ қазағының аузында аты ардақталып қалуға тиістігінің бір айғағы дер едім. Алайда, әуелі басқалардан, содан кейін айтпасына қоймай қолқалап өзінен естіген сол оқиғаны қазірде әлдекімдердің жоққа шығарғысы бар. Олар «Әлімжановтің өйте алуы мүмкін емес!» деседі. Солардың қайсыбіріне, мысалы, Мұхаңмен тонның ішкі бауындай болған жазушы-драматург Әлжаппар Әбішевтің «Шерлі шежіре» кітабынан:«...Ол (Мұхтар Әуезов, – Ғ. Қ.) іштегі шерін осылай ақтарып болғаннан кейін барып аздап жадырап, дауысы да жайдары шықты:
– Мен үшін басын балтаның астына тосқан Әнуардың азаматтығына өлсем топырағым разы!
– Ол не істеді?
– Егер ол қашып кетудің алуан түрлі айласын таппаса, мен қазірМәскеуді мынандай төрінде емес, Алматыдағы түрмелердің біреуінің түбінде отыруым мүмкін еді, – деді де, сағатына қарады...»– дегенді оқып бергенімде кіржиіп, қырыстанып кете барғанын көрдім. Мұхаңды қуғындаудың ең сорақысы да соңғысы 1953 жылы, көкек айының 11-15-күндері республика Ғылым академиясы мен Жазушылар одағының қазақ эпостары жайында бірлесіп өткізген конференциясы болды Конференцияны Академияның президенті Дінмұхаммед Қонаев ашып, жазушы Мәлік Ғабдуллин мен ғалым Мұсатай Ақынжанов баяндама жасады. Мұхаң нысанаға мықтап алынып, оған «буржуазияшыл, феодалшыл, ұлтшыл» деген қаратаңба басылды. Мемлекеттік қауіпсіздік комитетінің бақылаудағы, аңдудағы Мұхтар Әуезовті тұтқындау туралы құпия шешім осы конференциядан кейін орын алды. Ал шешім болғанын ҰҚК жүйесінде қызмет істеуші Абдолла Қылышбаев (Әнуардың ағасы, бірақ нағашы атасы бауырына салып, сол кісінің атына жазылған) хабарлады да, Мұхаңның жағдайын бажайлап жүрген Әнуар тобы құтқару жоспарларын іске асыруға дереу кірісті. Оларда үш жоспар бар еді: біріншісі – Мұхаңды Тастақта әзірленген үйге жасыру; екіншісі – не Қырғызстандағы, не Өзбекстандағы достарына жеткізу; үшіншісі, Әнуардың ұсынысы – Мәскеудегі досы Александр Фадеевке аттандыру. Әнуар: «Қазіргі жағдайда Фадеевтен басқа ешкім қорғай алмайды!» – деді. Ақырында соған пәтуаласты да, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты Қалибек Қуанышбаевтың атына авиабилет алып, Мұхаңды Мәскеуге түнделетіп аттандырып жіберді. Қалекеңнің депутаттық құжатын оның інісіндей болып кеткен Абдолла әкеліп берсе, билет алуға және ұшаққа отырғызып жіберуге Әнуар тобындағы бір орыс студенттің авиавокзалда қызмет істейтін апайы көмектескен. Солай Александр Фадеев қорғап қалған Мұхтар Әуезов елге 1954 жылдың жазында ғана қайтып оралды.
– Әнуар ағаның осы ерлігін Әуезовтің өзі қалай бағалады?
– Бірде Әнекеңе сол ерен тәуекелді ерлігін Ұстазы кейінде қалай бағалағаны туралы пендешілік әуестікпен сауал бергенімде, қаламдас аға:«Әкәу, сен қызық екенсің. Мұхаң, Мұхтар аға, ірі тұлға ғой! Ол біздің кішкене қызметімізге мән беруге тиіс емес!» – деген болаты. «Әкәуі» оның сөзінің сырағысы еді. «Әнеке, сіз де қызық екенсіз. Өзін әлде сұмдық бейнеттен, әлде сұм ажалдан арашалап алып қалған кісіге рахмет айтуы керек қой?» – деп беріспегенімде ол:«Мұхаң тағдыры – еліміздің тағдырындай тым күрделі болған адам. Біз танып біле алмадық. «Мен Мұхаңның шәкірті болдым, Мұхаң менің ұстазым болды» деуден арыға бара алмай жүрміз. Бізге Абайды ұлықтаған Мұхаңдай болу жоқ десек те, «Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп айтпа, ғылым сүйсеңіз» деген Абекеңнің тілін алып, Мұхаңның нақты образын жасауға талаптанып, хикая, роман, пьеса, дастан жазуымыз керек. Бұл – біздің парызымыз. Қолымнан келсе, мен де жазып көрсем деймін. Өз өмірімнен, мыңдаған құрбы-замандасымның өмірінен «Таным» деп атап повесть жазуды бастадым. Мұхаң жайындағы романға дайындығым болар. Содан кейін тәуекел жасап көрмекпін. Мұхаң маған сырттай қақоршы болып жүрген секілді көрінеді де тұрады», – деп, менің сауалымды «орта жолда» қалдырды. Жасанды емес, табиғи қарапайымдылығын тағы танытты. Түсіндім де: «Адамзаттың Аристотельден кейінгі екінші ұстазы Әбунасыр әл-Фараби, жауынгер ақын Махамбет Өтемісұлы өмірінен роман жазған қаламгер әуелде ұстазы, кейінде қамқор ақылшысы болған Мұхаң туралы неге жаза алмасын?!» деген ойға қалдым. Егер Мұхаңды басқа біреулер құтқарған күнде, олар Әнекеңе ұқсап, дәнеңе тындырмаған кісіше тып-тыныш жүре алар ма еді, әлде «Мен құтқарған болатынмын! Мен! Мен!» деп кеудесін ұрғылап, жұртты мезі етер ме еді? Кім білсін...
Кезінде Мұхтар Әуезов: «Егер Петр І Еуропаға терезе тескен болса, Әнуар Әлімжанов – Азияға кең ашты!» деген екен. Шәкіртінің бүкіл Африканы аралап, олардың азаттық үшін күрес жүргізген, жеңіске жеткен жауынгерлері сапындағы жас ақын-жазушылармен танысып, тіл табысып, достасып, ұлттық әдеби ұйымдарының құрылуына, қалыптасуына жәрдем жасағанын көрсе, өзінің арман-өсиетін орындай білген орнықты шәкіртінің ұйымдастыруымен, Азия және Африка жазушыларының 1973 жылғы қыркүйекте Алматыда өткен бесінші конференциясы ғасырларға созылған отаршылдықтан азат Африка әдебиетіндегі ең ірі тарихи оқиға болғанын, шәкіртінің Африканың оянуынан өз елінің кеңестік империяның шідерінен құтылғанына куә болғысы келгенін көрсе, онда Мұхаңның: «...Әнуар Әлімжанов – Азия мен Африкаға кең ашты!» дері сөзсіз еді-ау!
– Әлімжановтың бастауымен өткен ол не конференция?
– Бесінші конференцияның мән-маңызы баға жеткісіз дерлік болды. Біріншіден, Қазақстан жұртшылығы Азия мен Африка құрылықтарының капиталистік езгіден азат болғаннан кейінгі келбетін анық таныды, көркем әдебиетінің көзі булығып ашылған бұлақтай лықсып шығып, кең арналы өзенге айнала бастағанын көрді. Екіншіден, құшағын кең ашқан қос құрлық пен Қазақстанның қалам қайраткерлерін ашық қауыштырды, жолдастықтың, достықтың ортақ туын бірге көтергізді, шығармашылық қарым-қатнас орнатып, бір-біріне аудармашы тауып берді. Соның нәтижесінде біз араб әдебиетінің таңдаулы туындыларын өз тілімізде, ал олар қазақ әдебиетінің танымал шығармаларын өз тілдерінде оқуға даңғыл жол ашылды. Ол игі іске Әнуардың Азия мен Африка әдебиетінің Юсеф эс-Сибаи, Фаиз Ахмад Фаиз, Алекс Ла Гума, Муин Бсису, Махмуд Дервиш, Сембен Усман, Джеймс Нгуги және басқа да көрнекті қаламгерлерімен жеке достығы зор ықпал еткенін көріп-білдік. Алайда, өкінішке қарай, ол әдеби жарқын байланысымыздың шырайы соңғы 20 жылда солғындап бітті.
Қаламдас достары: «Әлем картасынан Әнуар болған елді іздегеннен гөрі ол болмаған елді іздеу оңай», – деп әзілдегендеріндей, дүние жүзінің 60 шақты елін аралаған Әнекең мақала, хикая, романдарын пойызда, ұшақта, кемеде, тіпті автокөлікте отырып та жаза берген тәрізді. Ол қалам тартып үлгермеген тақырып, мән-мәнісін ашып бермеген мәселе жоқ дерсің. Үлкен-кіші қаламдастарының алдында жүріп, әлде өмірге құштарлығынан, әлде халық, қоғам алдындағы жауапкершілігін ерекше сергек, тез сезінуінен бе, әлде одақтық «Литературная газета», «Правда» газеттерінің Қазақстандағы, Орта Азиядағы меншікті тілшісі қызметін пайдалана білуі ме, әйтеуір, заманының небір аса қажет, күрделі жайттерін о жақ пен бұ жақтағылардан бұрын батыл жазды. 1950-60 жылдардағы мақала, очерк, репортаждарын шолсаң, мектеп бітіруші қазақ жастарын әке-шешесінше мал соңына салып қоюды көздеген сонау одақтық саяси астарлы «Кәмелеттік аттестатпен – мал фермаларына!» дегендей үндеу-ұрандарды құптамай, жеткіншектеріміздің өздері таңдаған жоғары оқу орындарына баруы, халық шаруашылығының барша саласында еңбек етуі ертеңгі күннің талабы екенін алғаш айтқан – Әнекең. Мәскеудің жоғары оқу орындарындағы қазақ студенттерінің Аймұқан Таужанов, Болатхан Тайжанов, Мұрат Әуезов ұйымдастырған «Жас тұлпар» бірлестігі Алматыдағы әсіресаясатшылдардан қуғын көргенде ұлт мүддесін көздеген ойлы жастарды бірінші болып қорғаған – Әнекең. Ол Абай жеріне баса көктеп орнатылған Семей полигонындағы атом бомбасы сынақтарының халыққа, ауаға, жерге, суға бүгінді қойып келешекте де өте зиянды боларын 1987 жылы Семей қаласында өткен халықаралық конференцияда және 1990 жылы Ұлыбританияның Қауымдар палатасында сөйлеген сөздерінде ашынып айтыпты. Ол Арал теңізінің жағдайына да қатты алаңдаған. Қазақтың ғылым-білімі, мәдениеті, экономикасы, ішкі-сыртқы саясаты, көне және жаңа тарихы, халқымыздың мінез-құлқы, әдет-ғұрпы, тұрмысы туралы терең толғана тамаша пікірлер түйген. Қорқыт, Әл-Фараби, Абай, Шәкәрім, Құрманғазы, Жамбыл, Махамбет, Шоқан, Мұстафа Шоқай, Ахмет, Жүсіп, Міржақып, Мағжан, Сәкен, Ілияс, Бейімбет, Мұхтар сынды тұлғаларымыздың өмірлерінен тың да мол мағлұмат берген. Федор Достоевский, Михаил Шолохов, Мырза Тұрсын-заде, Садриддин Айни, Олесь Гончар, Шыңғыс Айтматовтың еңбектерін әдеби сын талабына сай талдап, жете бағалаған. Шет елдер әдебиеттерінің классиктері туралы мағлұматтары, бәр-бәрі – танымдық құны қымбат дүниелер. Сәкен Сейфуллиннің, Бейімбет Майлиннің бірнеше әңгімесін орыс тіліне аударғаны (ішінде Би-ағаңның «Шұғаның белгісі» хикаясы бар) – көбіміз әлі білмейтін де жаңалық. «Қазақ әдебиеті» газетіне: «Мұстафа Шоқаев!.. Ол кім?» деген қосбеттік мақала шығарып, саясаткер, азамат, батыр Мұсекең жайында жан-жақты ашып айтып, Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің алдына оны ақтау туралы батыл талап қойғаны – және бір ерлігі.
Мұхтар Әуезовтің ыстық ықыласты алғысөзімен шыққан «Күнге бет алған керуен» бастаған хикаялары, «Ұстаздың оралуы», «Махамбеттің жебесі», «Отрардан жеткен сый», «Жаушы» романдары, публицистикалық мақалалары өз алдына мол қазына. Оған небір шаршы топта қынынан суырылған қылышша жарқылдап сөйлеген салиқалы сөздерін қосыңыз. Бір өкініштісі – өзіміз де сан естіген сол сөздерінің бәрі дерлік жазбатаспаға түспей қала бергені.
– Өзіңіз естіген Әнекеңнің сондай тауып айтқан сөздерінен бір мысал келтіре кетіңізші.
– Партия мен үкіметтің шешіміне орай, 1984 жылғы шілде айының бесі күні М.Әуезов атындағы драма театрымызда Ілияс Жансүгіровтің 90 жылдығы өткізілмек болды. Маусым мен шілде аралығында одақтас республикалардың барлығынан делегация келді. Социалистік елдерден 5-6 ақын болды. Тойдың басталуына үш күн қалғанда үкімет пен партия тосыннан жаңа қаулы қабылдап, Жансүгіровтің мерейтойын қазан айына шегерді де, Кенен Әзірбаевтың туғанына 100 жыл толуы белгіленген мерзімінен дереу ілгерілетіп, әлгі жиналған меймандар Қордайға аттандырылды. Ілекеңнің мерейтойы қазан айында өткізілді. Драма театрымызда емес, М.Лермонтов атындағы театрдың кіші залында. Оған не одақтас республикалардан, не Мәскеуден, не Ленинградтан ешкім шақырылмады. Сыйғаны залда, сыймағаны аулада отырды. Көпшілік, әрине, наразы. Ал Әнуар мінберге үшінші болып көтеріліп, үкімет пен партияның төрде отырған дөкейлеріне қарап, сұқ саусағын оқтап тұрып: «Сендер қазақ әдебиетінің шын мәніндегі классигі Ілияс Жансүгіровтің мерейтойын жетім қыздың тойындай етіп өткізіп отырсыңдар! Бұл қиянаттарыңа қарсылық жасаудан жасқанған бүгінгі біз амалсыз кешірсек те, ертеңгі ұрпақ кешірмейді, осы естеріңде болсын!» – деді де, залдан шығып кете барды. Әділетсіздікке күйінген сәтте Әнекеңнің жайшылықтағы қарапайым қалпы күрт өзгеріп, құдіреттеніп кететініне сол жолы да куә болдым. Қазекем ондайды «жүрек жұтқан батырлық» дейді. Сол күннен бастап Әнуар кәдімгі қақпақылға душар болды. Біресе анау қызметке, біресе мынау қызметке ауыстырылып, екі жыл өте бере, 56 жасында, жұмыссыз қалдырылды.
– «Патриот. Отаныңды кіршіксіз сүю. Әнекеңнің бұл сезімі, мысалы, мен үшін сағынышқа айналды» деген екенсіз Әлімжанов туралы естелігіңізде. Жазушының Отанын сүюі қандай еді?
– Отанын Әнекеңше сүйе білетіндер өкінішке қарай, соңғы кезде сиреп кетті. Ақ иық қыран болуы мүмкіндердің көбі аңға сәтсіз түсіп, топшысы қайырылып қалып, жасқаншақ, қорқақ болып, қолдан жем жеуге үйренген байғұс бүркітке ұқсайды, тіпті кәдімгі тауық дерсің. Ал Әнуарда ел намысы, халық намысы сынға түскенде қанжоса жараланғанын елемей, шыбын жанын пида ете алар күш-құдірет бар еді-ау. Мұхаммед әл-Фарабидің тегі «өзбек» деп тұжырым жасалуына бір ғана қайырым қалған сәтте ғалымның қазақ-қыпшақ екенін ғылыми пәрменмен дәлелдеп шығып, ұлы бабамыздың туғанына 1100 жыл толуын Алматыда әлемдік мерейтойға айналдырған да – Әнуар! Ол патриоттығы тарихымызға алтын әріппен жазылды емес пе?!
1967 жылы болар, шет елдерге кезекті бір сапарында Қараши қаласына ат басын тіреген Әнуарды Пәкістанның көрнекті суретшісі Салых Айын Орталық банк ғимаратына, сурет галереясына алып барыпты. Онда қазақы реңді бір кісінің домбыра ұстап тұрған суретін көре қалған Әнекеңнің: «Бұл кім?» – дегеніне Салых: «Бұл – Әбу Насыр Мұхаммед әл-Фараби. Әбу Синадан бастап барлық ғұламаларымыздың екінші ұстазы. Біздің осында орналасқан кітапханамызда Аристотельдің, Эвклидтің, Птоломейдің еңбектеріне жазған түсініктері, өзінің көптеген жазбалары бар», – деп жауап қайырыпты. Әнуардың сол сәтте қандай сезімге бөленгенін ойлап байқаңыз. Ол сол суретті көкірек көзіне көшіріп алып, елге оралысымен қылқалам шебері Ыбыраев Бекке айтып отырып салдырып, бабамыздың бүгінде бізге қымбат бейнесін алғаш жасатты. Ғұламаның ғылыми мұрасын іздестіруші, зерттеуші Ақжан Машанов ағамызбен қанаттасып, әл-Фараби еңбектерінің өзімізге оралуына көп күш жұмсады. «Ұстаздың оралуы» атты роман жазды.
Тағдырдың құқайын көп көрген қазақтың кедей отбасында туып-өскен, Жетісудың Талдықорған өңіріндегі Қарлығаш ауылынан ұшып, арғы-бергі жұртқа қазақ атты көне халықтың барын, оның әдебиеті де, өнері де, ғылымы да көне, тарихы тұнған тағлым екенін перзенттік ұлы сезіммен жеткізіп айта білген, өкшесін басқан іні-қарындастарына сөзімен де, шығармаларымен де үлгі-өнеге болған Әнекеңнің мемлекет, қоғам қайраткері ретінде атқарған және бір тарихи ісі – 1991 жылғы желтоқсанның 26-сында КСРО-ның ыдырағаны жөніндегі қаулыға қол қойғаны. Сол жылдың күзінде КСРО халық депутаттарының бірінші құрылтайы шақырылды ғой. Сонда КСРО бойынша бүкілодақтық дәрежедегі сегіз комитет Әнуар Әлімжановты Жоғарғы Кеңес басшылығына ұсынды. Басқа бірде-бір депутатқа ондай сенім көрсетілген жоқ. Әнекең қазан айының 29-ндағы мәжілісте КСРО Жоғарғы Кеңесінің Республика Кеңесі төрағалығына бірауыздан сайланды. Шешуші дауысы бар 131 өкілдің 130-ы жақтады. Қалған біреу дауыс бермепті. Азамат, жазушы беделі сынға түскенде Әнекеңнің мұншама абыройға бөленгені оның кім екенін айтып берді емес пе?! «Записки президента» деген кітабында Борис Ельцин былай депті: «26 декабря 1991 года в здании Кремля, над которым уже не развевался флаг СССР, Верхняя палата союзного парламента приняла декларацию, в которой обьявила о прекращении существования СССР. Председатель палаты А.Алимжанов сказал, что они выполняли «свой депутатский и гражданский долг». Кейінде Әнуардың құрбы-құрдастары: «Кешегі «халық жауының» баласы, міне, КСРО-ны құлатып, әкесінің де, әкесімен тағдырлас болғандардың да кегін алды!» десіп әзілдеп жүрді. Мен де бір күні: «Әнеке, шыныңызды айтыңызшы, қаулыны бекіткен сәтіңізде қолыңыз қалтырамады ма? Іштей бір өкінішіңіз болмады ма?» – дедім. Ол сәл ойланып: «Жоқ, өкінген жоқпын. Өзі де әрең тұр емес пе еді? Империя дегенің, оның түр-құрылымы қандай болса да, ұзақ билеп-төстей алмайды, империя – халықтың мүддесін ойламайтын система. Қару күшіне сүйенген отаршыл империя тіпті жексұрын. Кеңес өкіметі кешегі одақтас республикалардың жерін отарламаса да, халықтарының санасын отарлады, ал ол – сұмдықтың ең сұрқия түрі!» – деді. «Тәуелсіздікке қолымыз жетті-ау!» – деген менің сөзіме: «Жетуін жетті... Не жоғалтқанымызды білсек те, не тапқанымызды білмейміз. Алдымызда қиыншылық көп, қашан оңаларымызды Құдай білсін. Кеңес өкіметі салған 74 қабатты үйді бұзуды іргетасынан емес, шатырынан бастайық дегенді айттым Горбачевке. Ол міз бақпады, сірә, қолынан билік кеткен соң есеңгіреп қалған да болар. Енді бұл үйдің орнын үйіндісінен арылту қаншаға созылары», – деді. Қарапайым да қайратты, білімдар азамат болған Әнекең хақында айтылар әңгіме-аңыздың көбі әлі алда.
Мен Әнекеңмен 1972 жылдан бастап сырлас болдым. Арамыздан бақиға 63 жасында аттанып кеткен Аға аруағына қызмет етуді парызым деп біліп, 70 жылдығына «Әлем таныған Әнуар. Признанный миром Ануар», ал 80 жылдығына «Біздің Әнуар. Наш Ануар» деп аталған кітап шығардым. Оларда Әнекеңнің мақалалары, біздің естеліктеріміз бар. Сол кітаптарды шығару үшін қаламгердің мұрағатжайымен танысу барысында оның Кеңес Одағы ғана емес, халықаралық деңгейде зор беделді болғанына көзім әбден жетті.